Қазақтың көрнекті ақыны Оразақын Асқар дүниеден озды
Марқұмды шығарып салу мен жерлеу бойынша ақпарат кейінірек белгілі болмақ.
Қазақтың белгілі ақыны Оразақын Асқар 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл хабарды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі растады.
«Оразақын Асқар бір сағат бұрын Алматыда ауыр науқастан қайтыс болды. Ақынның жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз. Марқұмды шығарып салу мен жерлеу бойынша кейінірек ақпарат береміз», — деп жауап берді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай.
Оразақын Асқар 1935 жылы Қытай Халық Республикасының Іле аймағында дүниеге келген. Құлжа қаласында гимназияны бітіріп, Үрімші қаласындағы Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетіне түскен. Қосымша «Шыңжаң газеті» редакциясына қызметке тұрған. 1955 жылы ата-мекені Қазақстанға көшіп келіп, 1961 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп шығады. Біраз жыл Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер, одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, республикалық Кітап палатасында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында аға редактор болған. Жылдар бойы қазақтың қара өлеңін ел ішінен жинап, екі томын бастырды. «Әдеби мұра» бағдарламасына орай, «Әлем балалар әдебиетінің» қазақ тіліндегі елу томдығын шығару жұмысына атсалысты.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ақын, қоғам қайраткері, Оразақын Асқардың дүние салуына орай көңіл айтты.
«Қазақтың маңдайына біткен дара тұлға, көрнекті қаламгер, ұлт жанашыры Оразақын Асқар ағамыз дүниеден озды. Ұлттық әдебиетімізде өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған талантты суреткер, қазақтың біртуар азаматы келмес сапарға аттанды. Қазақ әдебиетінің қаралы күні баршаңызға қайғырып көңіл айтамын. Алла алдыңыздан жарылқасын, аға! Жаныңыз жәнатта болсын», — деп жазды министр көңіл айту хатында.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/