Қостанайда Ақылбек Шаяхметтің шығармашылық кеші өтті
Оқырманның өз сұранысымен өткен кешке сарышұнақ аяз сақылдап тұрған күні жырсүйер жұрт көп жиналыпты. Мұндайда ақын да ризашылығы мен сырын ішке бүгіп қалмады.
– Қазақ әдебиетіндегі бүгінгі көштің алдына шығып озып кетпей-ақ, артында қалып қоймай, бел ортасында жүргеніме өзімді бақытты санаймын. Ақын еткен туған топырағыма, тағдырыма ризамын. Дәстүрге айналған мерейтойды атап өтетін әр бес жылда туған елім, оқырманым алдында шығармашылық есебімді беріп отырдым. Бірақ ол кештерде менің атыма айтылатын мадақ сөздер мен шапан жабу уақыттың басым бөлігін алып кетуші еді. Өзіме кештің соңында тиетін санаулы минуттарда бірер өлеңімді оқып қалушы едім. Ал осы жолы сөзді өзгеге бермей, өзім тізгін алып, негізінен өлең оқығым, өздеріңізбен сырласқым келді, – деді Ақылбек Қожаұлы.
«Өлең – менің бөбегім, іште жатқан шеменім,
Тамырымнан алады тіршілікке керегін.
Қызуымен дененің, жалынымен өлеңнің,
Жаурап жүрген жұртымды жылытайын деп едім…». Бұл бір ауыз өлең осы кештің тақырыбы ғана емес, Ақылбектің ақындық кредосы да еді. Оның өлеңдері өзге емес өзімізді ойландыруы тиіс, ұлттық мәселелерге қатысты оқырманының көңілін оятам деп шырылдайды, адамдық дарағының әр бұтағы аман болса деп ой тастайды.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов облыс әкімінің ақынға құттықтау сәлемін жеткізе отырып, Ақылбек Шаяхметтің облыстың мәдени және рухани өміріндегі бір бел екенін, оның қосқан үлесін де атап өтті. Ақынның ғалымдығы да өз алдына бір төбе. Оның ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген, тақ-тақ ақын атанған, уақытында діни өлеңдері үшін аты да аталмай қалған Нұржан Наушабаевтың өзін де, өлеңін де «тірілткен» кандидаттық диссертациясын тыңдаған ғұлама Әбіш Кекілбаев ғылыми еңбекке жоғары баға берген екен. Мұны кеште Қостанай зиялы қауымының белді өкілі Кенжебек Укин ақсақал тамсана айтып берді.
Ақылбек өлеңдері өңірдегі орыс тілді оқырманға да жақсы таныс. Бұл орайда, ақын өлеңінің айтарын да, бояуын да бұзбай жеткізетін Әбдірахман Дос секілді сауатты аудармашының еңбегін айта кеткен жөн. Ол өзі аударған Ақылбек өлеңін оқығанда залдың бір дүркіреп басылуы соның айғағы. Қазір көптеген ақын өлеңіне ән жазылады. Бұл дәстүрден Ақылбек те шет қалған жоқ. Оның өлеңіне жазылған әндерді республикадағы белгілі эстрадалық әншілер орындап жүр. Әсіресе «Әдемі» «Қостанай» әндері тыңдаушыларының оң бағасын алып, сахнада жиі айтылады.
Бір қызығы, ақынның кешін оның өзінің немерелері жүргізіп, арасында өлеңін де мәнерлеп оқыды, әнін де айтты. Мұның өзі ата мерейінен бұрын, ақынның жақсы ұрпақ тәрбиелеуінің нәтижесі дер едік. Өйткені Кеңес Одағы жылдары Қостанайда ана тіліміз табалдырықтан қарап қалғанда, «қойшылардың балалары оқитын» Алтынсарин қолымен ашқан жалғыз қазақ мектебіне балаларын берген де Ақылбек, тәуелсіздіктің елең-алаңында облыс орталығынан қазақ мектебін ашуға бел шеше кіріскендердің бірі де, «Дала қоңырауы» газетін шығарып, өңірде тіліміздің, дәстүріміздің, дініміздің, ең басты сананың жаңғыруы үшін, жұрттың ұйқысын ашамын деген де Ақылбек еді. Ал бұрын да, бүгін де өзінің кітаптарын балалары оқи алмайтын ақын, жазушылар жоқ деп айта алмаймыз. Бұл да рухани өмірімізде ақын кеші өтіп жатқан күнгі аяздан кем емес көрініс-ау. Өлеңімен «жаураған жұртын жылытатын» Ақылбек ақынның ісі де өлеңінен алыс кетпепті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
ҚОСТАНАЙ
Дереккөз: http://egemen.kz/