Ресейліктер тілді қалай насихаттап жүр?
Тіл үйрену – ұзақ процесс. Оны тез меңгеру үшін күнделікті жаттығу мен сол тілде сөйлейтін ортаның болуы маңызды. Елизавета Осипова мен Анастасия Решетникова Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде оқығанда екінші шет тілі ретінде қазақ тілін таңдап, алғашқы сабақтан-ақ оған ғашық болған. Осылайша олар қазақ тілін бакалавриатта 4, магистратурада 2 жыл оқыды. Baribar.kz қыздармен әңгімелесіп, қазақ тілін қалай үйренгенін және Қазақстан туралы не білетінін сұрады.
Елизавета Осипова: Қазақша сөйлеу қиын әрі қызық
Қазақша сөздерді алғаш естігенде ерекшелігіне таңғалдым. Грамматиканы оқу да қызық болды, өйткені мен үшін бұл жаңа әрі күрделі нәрсе еді. Қазақ тілінде ойды бірден жеткізу қиын болғанда сөйлемді бөлікке бөліп, сосын оларды біртіндеп қосамын. Тілді әлі үйреніп жүрмін, грамматикалық қателерді, акцентті түзеу үшін біраз тер төгу керек.
Университетті бітірген соң оқытушымыз қазақ тіліне аударылған бірнеше кітап сыйлады. Таңдауға тұрарлық көп әдебиет болды. Сол кезде Альберт Камюдің “Оба” романын алғаным есімде. Үйге келіп, романды ашқанда маған қазақ тілінде оқудың әлі де қиын екенін түсіндім. Бірақ өзім білмейтін ережелерді түртіп, жаңа сөздерді жаттадым. Осы кітаптан соң Антуан де Сент-Экзюперидің “Кішкентай ханзадасын” оқыдым. Бірінші кітапқа қарағанда оны оқу жеңіл болды. Өйткені кітаптың мазмұнымен таныс едім.
Youtube-те блог жүргізу туралы ой 2016 жылы келді. Мемлекеттік емтиханды тапсырып болған соң топтағы балалармен қазақша әндер айтып, вайн түсірдік.
Видеомыз Instagram-да көп қаралып, қазақстандықтардың көңілінен шықты. Осыдан кейін Анастасия екеумізге салмақты, пайдалы жоба жасау туралы идея келді. Осылайша Мәскеудің көрікті жерлері мен көшелерін қазақша таныстыруды жоспарладық.
Осы жоба арқылы тілді тәжірибеде қолданып, шығармашылықпен айналысамыз, оның үстіне Мәскеу туралы өзіміз де біраз нәрсені үйренеміз деген сенімде болдық. Бірақ 2018 жылдың соңына дейін жоба туралы ұмытып кеттік, өйткені әркім өз шаруасынан босамады. Бәлкім, ол кезде біздің уақытымыз келмеген болар?! Ал қазір бізде көптеген күшті идея бар, оның барлығын Youtube арнамыздан көресіздер.
Қазақ тілінен бөлек, француз, ағылшын тілдерін білемін. Қазір серб тілін үйреніп жүрмін. Итальянша, түрікше үйренгім келеді. Бір сөзбен айтқанда, жоспар көп.
Анастасия Решетникова: Абай мен Мұқағали өлеңдерін сүйіп оқимын
Қазақстанда бірнеше рет болдым. Алматыдағы аудармашылар мектебінде оқыдым, қазақ тілінен олимпиадаға қатыстым. Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тәжірибеден өттім. Алматыға қайтадан оралғым келеді. Өйткені қала маған қатты ұнады. Шарын каньоны мен Каспий теңізіне барғым келеді.
Қазақ тілінің бірқатар ерекшелігін байқадым: оның ешқандай тілге ұқсамайтын дыбысталуы мен грамматикасына ғашық болдым. Бұл тіл Еуропа тілдерінен қанатты сөздерімен ерекшеленеді. Еркін сөйлеу үшін қазақша кітаптарды көбірек оқуға тырысамын. Абай Құнанбайұлының, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқимын. Жақында Шоқан Уәлихановтың өмірбаяны туралы кітаппен таныстым.
Қазақтың салт-дәстүріне қатысты да көп нәрсені білдім. Мысалы, шашу, беташар, тұсаукесер, баланы бесікке бөлеу, тағы басқа. Қазақтардың жеті атасын жатқа білетіні туралы естігенде ерекше қызықтым. Қазақтар – өте қонақжай халық. Үйге қонақ келсе, оны төрге шығарып, дастарханға барын қояды.
Дереккөз: Baribar.kz