Мәжіліс сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы конституциялық түзетулерді мақұлдады

0

Заң жобасының мақсаты — сот жүйесін жаңғырту, судья кадрларын сапалық жағынан дамыту және жаңарту, судьялар тәуелсіздігінің кепілдіктерін күшейту және судьяларға құқыққа сыйымсыз ықпалды болғызбау. Заңнамалық құжатта Жоғарғы Сот пен облыстық соттардың жалпы отырыстарының төралқаларын тарату ұсынылады.

Жергілікті соттың судьяларын Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысының құрамына жіберу мәселелерін және Жоғары Сот Кеңесінің, Сот жюриінің, Кадр резерві жөніндегі комиссияның, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамына судьялардың кандидатураларын қарайтын облыстық соттың кеңейтілген жалпы отырысы енгізіледі. Судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау үшін Жоғарғы Сот Кеңесінің жанында Сот жюриі құрылады, ол судьялардан, заңгерлер жұртшылығының өкілдерінен және судьялар қатарынан Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшесінен тұрады.

Бұдан басқа, Жоғарғы Сот Кеңесінің жанында Кадр резерві жөніндегі комиссия да қалыптастырылады. Жоғарғы Соттың жанында облыстық және Жоғарғы соттардың судьяларынан, сондай-ақ отставкадағы судьялардан тұратын Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия құрылады. Облыстық соттың судьясы лауазымына кандидаттар үшін кепілгерлік институты алып тасталады. Солар болған кезде адам судья лауазымына орналаса алмайтын бірқатар шарт алғаш рет заңда белгіленеді. Жоғарғы Сот Кеңесінің шалғай жерлерде орналасқан соттардың тізбесін айқындау жөніндегі өкілеттігі нақтыланады. Өлшемшарттар жүйесін, оның ішінде соттағы, прокуратура органдарындағы, адвокатурадағы жұмысты ескеретін өлшемшарттарды пайдалана отырып, бос судьялық лауазымдарға кандидаттарды іріктеу туралы норма бекітіледі. Судья лауазымына кандидаттар «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесі туралы» Заңда көзделген жағдайларда полиграфологиялық зерттеуге жіберілетін болады.

Сонымен қатар, Мәжіліс бүгінгі отырыста баланың құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы депутаттық заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасының мақсаты балалардың құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыс істеуімен байланысты мәселелерді функцияларды нақтылау есебінен олардың қызметін жетілдіру, сондай-ақ Ұлттық алдын алу тетігі мандатын баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын барлық ұйымдарға қолдану арқылы заңнамалық деңгейде кешенді шешу. Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесін нақтылауға; білім беру саласындағы уәкілетті органға балалардың құқықтарын қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын әзірлеу және бекіту жөніндегі функцияны беруге; өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарын құру және олардың жұмыс істеуі үшін заңнамалық негіздер қалыптастыруға; Қылмыстық кодекске жазалау мерзімдерін ұлғайтып, сондай-ақ белгілі бір лауазымды атқаруға және белгілі бір қызметпен айналысуға өмір бойына тыйым сала отырып, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстарды жеке бөліктер етіп шығаруға және басқа да бірқатар түзету енгізді. Депутаттардың ұсыныстарын қарау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының 6 кодексі мен 6 заңына түзетулер енгізу көзделген.

Сондай-ақ, отырыста Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы елімізге мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы Келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы депутаттар тарапынан қолдау тапты. Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар Н. Сабильянов, Г. Баймаханова, Ж. Ахметбеков, Р.Ким, У.Қайназаров, Т.Сыздықов, К.Абсатиров, В.Косарев, Б. Дүйсенбинов, А. Мурадов, А.Қоңыров, М.Теміржанов, А.Перуашев.

Дереккөз: http://egemen.kz/