Дәулетбек Байтұрсынұлы, «ДІНДІ ҚАБЫЛДАУ АРАБТЫҚТЫ ҚАБЫЛДАУ ЕМЕС»
Біз ең әуелі, Алланың, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «мұсылман болыңдар» дегенін, араб болыңдар демегенін жақсы түсініуіміз керек. Қайта біздің халық болып, ұлт болып бөлек-бөлек өмір сүретініміз Алланың қалауы (құжрат сүресінде солай айтылған). Біз бір-бірімізден осылайша парықталамыз. Дінді қабылдау арабтықты қабылдау емес. Ұлы Елшіміз (с.ғ.с) осы қауымнан шыққаны үшін құрмет етеміз, сыйлаймыз. Сондықтан, Хақ дінімізді түсіну, тереңіне үңілу бәрімізге ортақ міндет. Бізге форма жақтағы өзгешеліктерден гөрі, жүректегі өзгеше жаңалық абзал. Қазақтың өз киімі, қалпағы, тақиясы, шекпені, кимешегі, шылауышы, сәукелесі, көйлегі, ерлердің ежелгі сақал-мұрт үлгісі өзіне жарасады. Ұялатындай кемістігіміз жоқ. Кей кезде сүннет ретінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) киген деп, тұтынатындардың жөні басқа. Бірақ «бояушы, бояушы десе сақалын бояпты» кейпіне түспеген жөн. Дәл қазір бояушылықтың әйелдерге дендеп кіріп бара жатқан кезі. Бастағы шаш байқұс біресе қызыл, біресе сарыға өзгеріп әбден мазасы кетті. Жалаңбас жүру арқылы бір күна жасасақ, бояп, көрсетіп нәпсіге жем етіп екі күна жасаймыз.
Сондықтан, өлі түрде арабқа еліктеу әсіре оңшылдыққа, фанаттыққа апарса, жалаңаштанып «мәдениетке» еліктеу, әсіре солшылдыққа кіріптар етеді. Алла біздің формамыздың арабқа ұқсауына сауап бермейді, жүрегіміздің нұрлануына сауап нәсіп етеді. Яғни, мұсылман болу жан әлеміміздегі қайырлы жаңалық. Еліктеу пайдасынан зияны басым бос әурешілік.
e-islam.kz