Токио олимпиадасына іріктеу турнирі қалай өтеді?

0

Спорттық гимнастиканың Қазақстандағы тарихы әріде жатыр. Біздің елде туып-өсіп, Олимпиадада топ жарған Валерий Люкин, Нелли Ким сынды даңқты спортшыларды жанкүйер ұмыта қойған жоқ. Десе де, бұл жеңісті дәстүрдің еліміз тәуелсіздік алған соң ақсап қалғаны рас.

Қазақстан егемендік алғалы бері спорттық гимнастикадағы ел абыройын санаулы спортшылар қорғады. Олимпиада ойындарына қатысқандар қатарында Ернар Ерімбетов пен Степан Горбачевтар бар.  Бүгінде бапкерлік қызметке көшкен Ерімбетовтің ізбасарлары жоқ емес. Әсіресе, өткен жылғы әлем чемпионатынан соң спорттың бұл түрінен де жүлдеге үмітті екенімізге көз жеткізгендей болдық. 

2018 жылы Катар астанасы Дохада өткен әлем чемпионаты біз үшін екі маңызды оқиғамен есте қалды. 

Біріншіден, қазақстандық гимнастар командалық турнирде сынға түсіп, 16-шы орын иеленді. Бұл Токио Олимпиадасына жолдама тарататын басты жарыс – Штутгарттағы әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігін береді. 

Екіншіден, ат снарядындағы жаттығуда бақ сынаған Нариман Курбанов іріктеу кезеңін екінші орында аяқтап, финалда бесінші сатыға тұрақтады. Бұл соңғы жылдары Қазақстан гимнастары көрсеткен ең үздік нәтиже екені сөзсіз. 

2019 жылы гимнастарды қандай дода күтіп тұр? Токио Олимпиадасына жолдама алу мүмкіндігі кімдерде басым? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік. 

2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына іріктеу жарысына ретінде әлем кубогі кезеңдері таңдап алынған. Нақтылай түсетін болсақ, Германияның Котбус (2018, 2019), Австралияның Мельбурн (2019,2020), Әзірбайжанның Баку (2019), Катардың Доха (2019,2020) қалаларында спорттық гимнастикадан әлем кубогі кезеңдері өтеді. 

Алғашқы лицензиялық турнир былтырғы жылдың аяқ тұсында Котбуста өтіп, қазақстандық Милад Карими қол тіреп секіруден үздік бестікке енді. Бұл Миладтың Олимпиадаға апарар жолдағы тырнақалды табыстарының бірі. 

Спорттық гимнастикадан 2019 жылдың алғашқы ресми жарысы Австралияда ұйымдастырылады. 12-18 наурыз аралығында Мельбурнде өтетін әлем кубогі кезеңінде Нариман Курбанов пен Милад Каримидің жүлдеге таласу мүмкіндігі бар. Лицензияға қол жеткізу үшін оларға міндетті түрде жүлделі орыннан көріну қажет.  

Олимпиада ойындарына дейін жалпы есебі 8 әлем кубогі кезеңі өтетінін естеріңізге саламыз. 

Әлем кубогі кезеңдерінен бөлек, Олимпиада жолдамасы Азия чемпионаттарында да сарапқа салынады. 2019 жылдың мамыр айында Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында, 2020 жылы Токиода өтетін сары құрлық додасы да лицензиялық турнирлер санатында. Азия чемпионатының қорытындысы бойынша, көпсайыстан 1-8 орынға енген спортшылардың Олимпиадаға қатысу мүмкіндігі зор. Осы орайда, Милад Каримиден үлкен үміт күтеміз. 

Қазақстанның командалық есепте 2020 жылғы Олимпиада ойындарына қатысуы туралы мәселе Германияда өтетін әлем чемпионатында түбегейлі анықталады. 4-13 қазан аралығында Штутгардта жалауы желбірейтін дода әлем үздіктерінің басын қоспақ. Командалық сында Токио Олимпиадасына жолдама алу үшін біздің командаға 4-12 орын алғандар қатарына ену керек. 

Еске сала кетейік, Катардағы әлем чемпионатында командалық есепте Қазақстан намысын Ілияс Азизов, Ербол Жантықов, Милад Карими, Аким Мусаев және Нариман Курбанов қорғады. 

Алты жаттығу қорытындысы бойынша Қазақстан командасы жалпы есебі 239.291 ұпай жинады. Құрама спортшылары қол тіреп секіруден ең жоғары ұпай алды – 41.532.

«Дохадағы әлем чемпионатына 67 мемлекеттен 293 гимнаст қатысты. Оның ішінде 46 елдің өкілдері толық құраммен келген. Әлемдік дода 2020 жылғы Олимпиада ойындарына алғашқы жолдамаларды таратты. Командалық бәсекеде алғашқы үш орынды иемденген командалар тікелей Токио лицензиясына ие болды.  Ал 4-24 орындағы командалар 2019 жылы Штутгардта өтетін лицензиялық әлем чемпионатына толық құраммен (5-6 спортшы) қатысуға мүмкіндік алды. Біздің команданың алдындағы басты міндет – алғашқы 24 құраманың қатарына ену еді. Біз бұл талапты орындадық. Енді биыл Штутгардта өтетін сында үздік 12 команда қатарына кіруге міндеттіміз», — дейді бас бапкер Александр Ким.

Нариман Курбановтың әлем кубогі кезеңдерінде үздік үштікке еніп, Милад Каримидің бірнеше жаттығу бойынша финалға шыққанын ескерсек, Токио Олимпиадасындағы гимнастар додасынан біздің спортшыларды көреміз деген үміт басым.

Дереккөз: http://egemen.kz/