Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
2018 жылғы 11 қараша 15:00 68
АСТАНА. ҚазАқпарат — «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі Қазақстанда осы аптада болған кадрлық ауыс-түйістер шолуын ұсынады.
Апта басында Өскемен қалалық Төтенше жағдайлар басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Андрей Андрейко Алматы облысының тумасы төтенше жағдайлар саласында 1995 жылдан бері істейді. 2009-2016 жылдар аралығында Өскемен қалалық ТЖ басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2017 жылдың мамыр айынан осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет басқармасының басшысы болды. I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.
ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы болып Ерболат Ыбрайханов тағайындалды.
Ерболат Мақсұтханұлы 1981 жылы 2 қаңтарда Қызылорда облысында туған. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ды және «Болашақ» бағдарламасымен «University of Nottingham» жоғары оқу орнын экономист-қаржыгер, заңгер, мемлекеттік саясат мамандықтары бойынша тәмәмдаған.
Ерболат Ыбрайханов осыған дейін Әділет министрлігінде экономист, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде басқарма басшысы, сондай-ақ аталған агенттікке қарасты өңіраралық инспекция басшысы, Қарағанды облысы бойынша Антимонополиялық инспекциясының жетекшісі, Алматы қаласы бойынша тұрғын үйді басқару және тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
Сонымен қатар, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үкіметтік байланыс қызметіне жаңа басшы тағайындалды. Мемлекет басшысының өкімімен ол қызметке Тамерлан Телманұлы Жұмағалиев келді.
Сондай-ақ, осы аптада Маңғыстау облысы әкімі аппаратына басшы болып Тәжібаев Нұрлан Төлегенұлы келді.
Нұрлан Тәжібаев 1975 жылы дүниеге келген. 1999 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін саясаттану мамандығы бойынша, 2015 жылы КЕББМ «Алматы Менеджмент университетін» іскерлік әкімшілік магистрі мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1999 жылы «Ақтау қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде бастаған.
2005-2007 жылдары Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылы әкімінің орынбасары, 2007-2009 жылдары Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылының әкімі болған. Ал 2015-2018 жылдар аралығында Мұнайлы ауданының әкімі қызметін атқарды.
Директорлар кеңесінің шешімімен Ерлан Дмитрийұлы Дүрмағамбетов «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды.
Ерлан Дүрмағамбетов 1971 жылы Қарағандыда дүниеге келген. 1994 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік электр техникалық университетін (РФ), 1999 жылы Айова штатының ғылым және техника университетін (АҚШ), 2018 жылы — Крэнфилд университетін (Ұлыбритания) тәмамдаған. Іскерлік әкімшілендіру докторы.
Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Әр жылдары корпоративтік секторда, соның ішінде Oracle Nederland BV өкілдігінде, «Делойт и Туш» ЖШС, «Скала Казахстан» ЖШС жұмыс істеген. 2006-2007 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің «Қаржы жүйелерін ақпараттандыру орталығы» РМК-да басшылық лауазымдарды атқарған. 2007-2010 жылдары ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары болды. 2010 жылдан бастап қазіргі таңға дейін «Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарды.