Ғылым деңгейі неге төмен?

0

Кейбір статистикалық мә­лі­мет­тер бойынша Қазақстанда 1991 жылы ғылыми-зерттеулермен шұ­ғыл­­­данатындар саны 42 мың адам болса, 2014-2015 жылдары бұл көр­сеткіш 19 мың адамға дейін төмен­деді.

Ал қазіргі статистикалық де­рек­тер «Қазақстанда 8000 ғы­лым­мен шұғылданатын адам бар» дейді, оның 1000-ы – жас буын өкіл­дері. Дүние жүзінде әрбір 1000 адамның біреуі ғалым, ал Қа­зақ­станда 2500-дің біреуі ғана ғалым. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Әрине ға­лымның саны ғылым са­па­­сының негізгі көрсеткіші емес. Ғалымның деңгейі мен оның ғылы­ми жұмыстарының нәтижесі дүние­жүзілік атақты журналдарға шыққан мақалаларымен, сол мақалаларға басқа ғалымдардың сілтеме жасау санымен бағаланады.

Маңызды мәселе – ғылымның пайдасы, басқаша айтқанда оның халыққа, елімізге, шаруа­шы­лы­ғы­мызға әкелетін пайдалы әсері, яғни, енгізетін жағымды жаңалығы. Бұл жөнінде біз әлемде 61-орындамыз, патент алу бойынша біздегі көрсеткіш дүниежүзілік деңгейден 24 есе төмен.

Екінші жағынан ғылым – бизнес емес. Мәселен, өзіңізге ұнаған ғылыми-зерттеу институтына ақша­ңыз­ды бере салып, крандағы сумен жүретін автокөлік ала алмайсыз.

Ғылымнан жаңа әрі жақсы нәти­же алу үшін зерттеушілер қатары көп болуы керек. Сонда бәсекелестік артып, көптің біреуі зерттеуге қызыға кіріссе, алдына қойған мақсатына жету кезінде ғылымда жаңалық жасалуының ықтималдығы артады. Демек, санның сапаға айналуы үшін ғалымдар саны арта түсуі тиіс. Ғылымда «көп ақша беремін, 2-3 жылда жаңалық аш» деп кесімді түрде айтуға болмайды. Беретін өнім­ділігі өте төмен, қаражаты же­тім­­сіз, қатары тым сирек ғалым­дармен ғылымды дамыту мүмкін емес, керісінше, оны құрдымға жіберіп алуымыз бек мүмкін.

Өркениетті елдерде ғалымдар ең жоғарғы зияткерлік топ саналады. Оларға ерекше құрмет көрсетіледі. Соны­мен бірге ғалымның еңбегі де жоғары бағаланады. Жалпы, мемле­кет­тің ғылымға деген көзқарасы оның ІЖӨ-нің ғылымды дамытуға бөлінетін қаражатының пайыздық деңгейімен өлшенеді. Ғылымға ең көп қаражат бөлетін Израиль – 4,6%, Швеция – 4%, Жапония – 3,4%, АҚШ – 2,7%, Германия 2,5%. Ал Ресейде – 1,25% болса, Қазақстанда бар болғаны  0,2%, кейде одан да аз бөліп келеді.

Қазіргі кезде ғылыми қызмет­кер­лердің жалақы мөлшері өте төмен. Ғылымның дәрежесін кө­те­ріп, жастарды ғылымға тарту үшін ғалымның айлық жалақысын ана­ғұр­лым көбейту керек.

Басқалармен салыстырмалы түр­де сараптасақ, біздегі ғылымның да­му­ына жұмсалатын қаржы он­ың дамуына емес, жойылуына ба­ғыт­тал­ған секілді көрінеді. Халық­аралық академиялық кеңестің ұй­ғарымы бойынша мемлекеттің ғылым саласына бөлетін қаржысы ІЖӨ-нің 1,5 пайызынан артық болса ғана ғылым дамиды екен. Осыған қарап-ақ, біздің жағдайымыздың қандай екенін бағамдай беріңіз.

Қазіргі уақытта әлемдегі эко­но­микалық тұрғыда дамыған ел­дер­дің аса маңызды бәсекелестік артықшылығы – білім, ғылым және жаңа технологиялар. Сондықтан елі­мізде де ғылым дамуының жаңа деңгейіне түбегейлі шығуы қажет. Бұл үшін еліміз жоғарғы мем­­лекеттік деңгейде ғылыми-техно­­логия­лық дамуы стратегия­сын (ҒТДС) жасауы керек. Бұл маңыз­ды құжаттың жобасын ғалым­дар, ғылыми мекемелер, инженер­лер, технологтар және ғылым жана­шыр­ларының қатысуымен егжей-тегжейлі кеңінен талқылағаннан кейін Президент бекітіп, қабылдауы қажет. Осындай ҒТДС әлемнің дамы­ған елдерінің (АҚШ, Жа­по­ния, Қытай, Еуропа елдері және т.б.) бәрінде қабылданған. Оны қабыл­даған елдердің ғылыми-техно­ло­гия­лық дамуының стратегия­сы өзінің ма­ңыздылығы жағынан мем­ле­кет­­тің қауіпсіздік стратегиясымен бір деңгейде тұрады. Әлі күнге дейін Қазақстан Республикасының ғылыми-технологиялық дамуының стра­тегиясы әзірленбеген және қа­был­данбаған. ҒТДС қабылдау қа­жет­­тілігі Қазақстанның әлемнің дамы­ған 30 елінің қатарына кіруін қамтамасыз ететін көптеген бағдар­ла­малық құ­жат­­тармен негізделеді.

Ресей елі мұндай маңызды құ­жат­ты кеңінен талқылап, 2016 жылдың желтоқсан айында қа­был­даған. Оларда ҒТДС қа­был­дау­дың маңыздылығы ди­на­ми­ка­лық және үдемелі ғылыми-тех­но­логиялық даму қажеттілігінің ір­гелі себептеріне ғана емес, сонымен қатар оның экономикалық да­муына елеулі әсер ететін санк­ция­лар­дың күшеюіне байланысты да негізделген.

Қазақстанның ҒТДС әзірлеген кезде, басқа мемлекеттердің тә­жіри­­бесін ескергеніміз жөн және қа­зақ­­стандық ірі ғылыми-зерт­теу институттары, зертхана­ла­ры мен университеттердің жетекші ға­лым­дары осы маңызды стратегиялық құ­­жатты талқылауға қатысып, әл­ем­­нің дамыған елдерінің ғылыми стратегия­ларының нұсқаларымен салыс­тырмалы түрде талдау жүр­гіз­уі тиіс.

Біздің мемлекет ғылым кандидаттары мен ғылым докторларының саны жөнінен алдыңғы орында, ал ғылыми нәтижелерден соңғы орындарда орналасқан. Оның себебі, ғылымда кездейсоқ атағы бар, алайда ғылымға тікелей қатысы жоқ адамдардың қатары көбейіп кеткен. Бірде-бір ғылыми мақала жазбаған ғылыми атақтары бар бәзбіреулер де­путат болып, шенеуніктің шек­пе­нін киіп, ел билеп отыр. Мұндай жалған ғалымдармен елімізде ғы­лым­ның дамымайтыны бесенеден белгілі.

Қазақстанда кейінгі уақытта ин­­но­­вациялық қор, технологиялық парк дегендерді көптеп ашып жатырмыз. Олар қандай жұмыстар істеп жатыр? Қандай жобаларды іске асырады? Оның ашылғанын құп­тауға болады, бірақ жұ­мысынан мемлекетке еш пайда келіп жатқан жоқ. Бұл – басы ашық ақиқат.

Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша 2020 жылы ғы­лым­ға бөлінетін қаражат ІЖӨ-нің 2 пайызы, ал 2050 жылға қарай 3 пайыз болмақ. Бұл – болашақтың жоспары.

Дәл қазіргі уақытта ел экономикасы тұрақты өсу үстінде болса да, ғы­лымға бөлінетін қаржы көлемі ІЖӨ-нің 0,20-0,16 пайызынан аспай тұр. Сол себепті, Қазақстан ғы­лымының жағдайы мәз емес. Ғы­лы­ми мекемелер қазіргі заманғы күр­­делі қондырғыларды сатып алу­­­ға қауқарсыз, мемлекеттік және ака­­де­миялық бағдарламалармен жоба­­ларды жоғары деңгейде қол­дана алмайды, халықаралық қа­тын­­ас­­тарды дамыта алмайды, жа­ла­қы өте аз болғандықтан талант­ты жас­тарды ғылымға тартуға ша­ма­сы жоқ. Сондықтан кейінгі жыл­дары Қазақстаннан дарынды жас­тардың шетелге кетуі белсенді қа­лыпты иеленіп отыр. Онымен бірге қоғамға дендеп енген «сыбай­лас жемқорлық» деген ауру ғылымды да айналып өтпеді. Соның салдарынан ғылымға бөлінетін аз қаражаттың ғылым гранттарына үлестірілуі дау туғызып, ғалымдардың көңіліне сенімсіздік ұялатуда.

Парламент Мәжілісінің депута­ты Меруерт Қазбекқызының ай­ту­ын­ша, былтыр «Агроөндіріс ком­плек­­сі түрлерінің дамуы және ауыл шаруашылығының қауіп­сіз­дігі» бағыты бойынша кон­курс­тың екінші кезеңіндегі қара­жат­ты бөлуде өрескел қателіктерге жол беріліп, әділет­сіз­дік­тер орын ал­ған. Ұлттық ғылыми кеңес бірін­ші кезеңде 16-19 балл алған жұмыс­тар­ды өткізіп, 30-дан артық балл жинаған зерттеулерді өткізбеген. Же­тек­шісі ҰҒК мүшесі болған бір жұмыс 20 балл алса да қаржы­лан­­­дыру тізіміне өткен, ал 30-дан артық балы барлардың жұмысы өтпе­ген. Бұдан артық әділетсіздік бола ма?! Келесі мысал: «Ғарыштық зерт­теулер және технологиялар ұлт­тық орталығы» президентінің ке­ң­есшісі Александр Губергтің айтуы бойынша, «Ақпараттық, теле­ком­муникациялық және ғарыштық технологиялар» бағытындағы конкурста мем­лекеттік сараптамадан (экс­пертиза) өт­кенде жоғары балл алған жұмыс­тар өтпей, ке­рі­сінше, төменгі деңгейлі балл алған та­қырыптар өтіп кеткен. Мем­ле­­кет­тік сарап­тамадан жоғары балл алған «Қаз­космос», Фесенков атын­да­ғы астро­физикалық инс­ти­ту­ты, Ионо­сфера институты, Ғарыш­тық техника және телекоммуни­ка­ция­лар институттарының жұмыс­та­­ры кейін қайтарылып, болмашы балл алған басқа жұмыстар қар­жы­лан­ды­рыл­ған.

Парламент Мәжілісінің 2015 жыл­дың қазан айындағы отырысында қозғалған депутаттық сауалнамада 2015-2017 жылдардағы ғылыми-зерттеулерге бөлінген қаржы­лан­ды­ру­дағы кемшіліктер туралы айтыл­ған­дар Есеп комитеті тексергенде анықталғаны белгілі болды. 10 миллиард теңгенің еш пайдасыз шығындалғаны анықталды. Сол жұмыстардың 41-інің жетекшілері ҰҒК мүшелері екен.

Жалпы, Елбасының бастамасымен ғылымды басқарудың жаңа моделі 2011 жылы енгізілген болатын. Қазақстанда ғылымды дамы­ту­дың басым бағыттары анықталған, мемлекеттік ғылыми-техникалық сарап­тама (экспертиза) жүйесі құрыл­ған, қаржыландырудың жаңа жүйесі қабылданған.

Шындығында, Үкімет қаржы­сы­ның әділетті бөлінбеуі бір басқа, сол қаражаттың мерзімінде игерілмей қалғаны тіпті таңғаларлық. Соңғы жылдары 15 ғылыми-зерттеу зертханалары ашылды, оны дамыту үшін қымбат қондырғылар алынды. Солардың біразы толық жұмыс істемей, ғылымға ешқандай үлес қоспай, музейдегі жәдігер секілді тұрғандары да бар.

Мысалы, Е.А.Бөкетов атын­да­ғы Қарағанды мемлекеттік уни­­вер­си­те­тінің ұжымы екі рет не­гіздеме жазып, ЯМР деген қон­дыр­ғы­ны сатып алуға сұраныс беріп еді. ҚарМУ-де онымен жұмыс істейтін профессорлар тобы бар, алайда, қажетті сұраныс ескерілмей қалды. Қазір ол қондырғы басқа бір университетте экспонат ретінде тұр. Себебі қон­дырғымен істеуге машықтанған ма­ман-ғалым жоқ.

Ашылған зертханалардың бе­с­е­уі «ұлттық» деген мәртебені иеленген, яғни еліміздің кез келген ғалымы еркін барып, өзінің зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіншілігі болуы керек еді.

Бұл зертханаларды осынша қара­жат­­пен ашу Елбасымыздың мемле­кет қа­жеттілігінен туындай­тын, қа­­­уіп­­­­сіздігін қамтамасыз ете­тін, ішкі мүмкіндіктерді игеруге не­гіз­­дел­ген, нәтижелері қо­ғам­дық сұ­­ра­ныс­қа ие болатын ғылым ба­ғыт­­­­тарын үнемі дамыту мақ­са­ты­мен негіз­дел­ген еді. Ол зертханалар­ды 8 миллиард теңгеге сатылып алын­ған құ­рал­дар­мен, аспаптармен, қон­дыр­ғы­лармен жабдықтады.

Тәуелсіздік ал­ғаннан бері қаз­ақ­­тың талай да­р­ындары қол­дау таппай қыр асып кетті. Мы­са­лы, Қуат Есенов АҚШ-тың Мас­сачусетс тех­но­логиялар ин­сти­тут­ының ғылыми қызметкері, Ка­ли­фор­ниядағы Oracle Corporation ком­паниясының иесі Нұртас Мә­кі­мов, Жапонияның Нагасаки Ұлт­тық медицина орталығының дәрі­гер-генотомы Қаһарман Емен­бе­тов, Уалбай Өмірбаев солар­дың қатарында. Физика-мате­ма­ти­­ка ғылымдарының докторы, АҚШ-тағы университет профессоры, біз бағалаусыз қалдырған бакте­риологиялық қарудың авторы Бақытжан Әлімбековті амери­ка­лықтар алақанына салып отыр. Осы­лайша тізе берсек, шетел асқан қазақ ғалымдары жетерлік. Егер тұрмыстық жағдай жасаса, солар­дың көбі елге қайтып келер еді, қаз­ақ ғылымы түбегейлі даму жолына ба­ғыт алар еді.

Қазір дүние жүзі бойынша ғылым саласында қатаң бәсекелестік орнады. Жалпы, бір мемлекет қанша мықты болса да ғылым мен технологияның барлық бағыты бойынша әлемде жетекші орынға ие бола алмайды. Бір сала бойынша басым болғанымен, ғылымның басқа бағыттарында әлсіз болуы мүмкін. Соған байланысты дарынды ғалымдар, әсіресе талантты жастарға ашық түрде талас жүріп жатыр.

Қазақстанда ғалымдар мен олар­дың ғылыми-зерттеу жұмыстары ара­сында бәсекелестік жоқ. Бір сала­да мықты бір маман болса, оның жұмысын сындарлы түрде са­рап­тап, талдау жасайтын ғалым та­былмайды.

Сондықтан отандық ғалымдар, ғылым мен жоғары технологиялар міндетті түрде әлемдік ғылым мен технологияларға бірігуі тиіс. Қазақстандық ғалымдар ғылым мен жоғары технологиялардың басым бағыттары бойынша халықаралық ұйымдарға, лабораториялық зерттеу­лерге қатысқаны дұрыс. Бұл белгілі бір ғылым мен жоғары технологиялар саласындағы жетістіктерді әл­емдік даму деңгейімен са­лыс­ты­руға және кешеуілдеп қалып қой­мау­ға талпыныс жасауға, сондай-ақ оның алдыңғы қатарында болуға дәнекерлік етеді.

Елбасымыз ғалымдардың алдына отандық ғылыми-ақпараттық өрісті дамыту және әлемдік ғылыми ақпараттық кеңістікке кіру жөнінде нақты міндет қойды. Осы міндетті іске асырудағы негізгі құралдардың бірегейі отандық және шетелдік авторлар зерттеулерінің маңызды ба­ғыт­тарының тақырыптарын көрсе­те­тін, жұмыстарын жариялай­тын ғылыми журналдар шығару.

Осыған сәйкес 2017 жылдан бас­­тап Л.Н.Гумилев атындағы Еу­­ра­зия ұлттық университеті мен Қа­з­ақ­станның «Физика-тех­­ника­лық қо­ғамы» «Физика және функ­цио­нал­дық материал­дар» («Eurasian Journal of Physics and Functional materials») Еура­зия­лық журналын шығара бас­та­ды. Қазіргі таңда бұл журнал Қазақстан, Ресей, Беларусь, Ук­раи­на, Өзбекстан, Қырғызстан, АҚШ, Франция, Жапония, Англия, Финляндия, Қытай, Италия және т.б. елдерді қамтып, әлемнің түр­лі аймақтарының танымал ға­лым­дарынан құралған беделді халық­аралық редакциялық алқаны қалып­тас­тырды.

Журналда жарияланатын мақа­ла­лар авторларының 50%-дан астамы – шетелдік ғалымдар. Мұқият са­рап­­­тамадан өтетін ғылыми мақала­лардың сапасына ерекше наз­ар ауда­рылады. Мысалы, журнал­дың бірінші нөмірінің бірін­ші мақаласы (№1, Т.1, 2018) Д.И. Менделеевтің мер­зімді кестесінде жаңа эле­мент­тер­ді (Z=113-118) ашуға арналған. Журналдың бас редакторы – профессор Қ.А.Кутербеков.

Темірғали КӨКЕТАЙ,

ҚарМУ-дың техникалық физика және экология мәселелері жөніндегі ҒЗИ директоры,

физика-математика ғылымдарының докторы, профессор

ҚАРАҒАНДЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/