Нәрестелердің шетінеуі екі есеге жуық азайды

0

Еліміздің емханаларында балалар дәрігері қызметін қалпына келтіру мә­се­лесі әлі де көкейкесті күйінде қалып отырғандығына қарамастан, С.Ас­фен­дияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде педиатрия факультеті қайта ашылды. Балаларды қарауға машықтанған медицина мамандарының же­тіспеушілігі қазірге басы ашық күйін­де қала бермек. Дегенмен отандық пе­диатриялық қызмет те өзінің он жыл­дығын артқа тастады. Бұл салада атқа­рылатын жұмыс әлі де шаш етектен.

Ал жоғарыда атап өткендей, 2017 жыл­ғы қыркүйек айында педиатрия фа­культеті қайта ашылып, мемлекеттік тап­сырыс шеңберінде педиатрларды дайын­дауға 150 грант бөлінген-ді. Оның нәтижесі уақыттың еншісінде.

Сондай-ақ отандық медицина бала­лардың туабітті даму ақауын (әрі қарай – ТДА) жатыр ішінен анықтап қана қоймай, жүкті әйелдерді де емдеуге мүмкіндік беретін перинаталдық диагностикалауды жақсартты. Туабітті кеселдерден болатын 1 жасқа дейінгі бала өлімі соңғы 10 жылда 2 есеге жуық азайды. Бұл перинаталдық диаг­нос­тиканың жақсаруына және жедел ара­ласу әдістерінің жетілдірілуіне бай­ла­нысты.

Республикада балалар кардио­хи­рур­гиялық қызметі жолға қойылды. Қазір­гі кезде елімізде туабітті жүрек ақауы бар балаларға арналған 145 кардио­хи­рур­гиялық төсек-орын мен 28 кардиохи­рургиялық реанимациялық төсек-орын ұйымдастырылған. Жыл сайын бала жүрегіне 2 мыңнан астам ашық ота жасалады.

Оған қоса онкологиялық ауруға шал­дыққан балалардың өмірі ұзарды. Дертті балалардың басым бөлігі шын мәнінде сауығуға қол жеткізді. Бұл жетістіктерге республикамызда лейкемияға шалдыққан балаларды емдеуде 20 жылдан бері қол­данылып келе жатқан BFM неміс бағ­дар­ламасы арқылы, яғни химиотерапияны таңдамалы қарқындату, бағдарламалық емдеуді іске асырудың нәтижесінде қол жетті. Қазіргі кезде жіті лимфобластық лейкозға шалдыққан балалардың өмір­шең­дігі жоғары мөлшерлі полихимия тера­пия­ны (ПХТ) қолдану нәтижесінде 78%-ды құрайды. Бұл әлемдік нәтижеге жақын.

Педиатрия және балалар хирур­гиясы ғылыми орталығының басқар­ма төр­айымы Риза Боранбаева: «Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының тірі туу өлшемдерін енгізу арқылы ең төмен салмақта (500 грамнан жоғары) шала туған нәрестелерді аман алып қалуды үй­рен­дік. Осылайша неонатальді хирур­гия және кардиохирургияны барынша тиімді дамытуға мүмкіндік ал­дық. Өйткені аз салмақтағы балаларды сақ­тап қалу машықтары жалпы алған­да дәрігерлердің сауаттылығын көте­руге және басқа патологиямен балалар­ды емдеуде жеке білімдерін қолда­нуға жол ашады. Бірақ шала туған балалар­ды күтуде сенсорлы ауытқулар (керең­дік және ретинопатия) мәселесі пайда болды. Бұл дәрігерлеріміз осы жыл­дарда меңгеруі тиіс жаңа салалар еді. Бүгінде республикалық орталық­тарда ғана емес, сондай-ақ бірқатар облыс­тық орталықтарда да шала туған балалар­дың көру қабілетін сақтау мақсатында ре­ти­нопатия кезінде көздің ішкі тор қабы­ғына лазеркоагуляция отасы, ашық жү­рекке жасалатын оталар сәтті өтуде. Соның ішінде жүрекке 3-4 күрделілік дең­гейінде және 500-ден астам рентгенэн­до­вас­кулярлық жедел араласулар жасалады. Рети­нопатияға шалдыққан шала туған бала­ларға хирургиялық көмек көрсету ке­зінде жақсы нәтижелер алынды: регресс және процестің тұрақтануы 94,7%, ал 4-5 сатыдағы шала туғандар ретинопа­тия­сының белең алуы 5,3% ғана. Бұрын осы балалардың барлығы мүгедек болып қалатын. Елімізде жыл сайын осындай 2 мыңнан астам хирургиялық ота жасалады. Осының арқасында туа біткен ақаулары бар шала туған балалардың тірі қалуы қазіргі уақытта 80%-ды құрап отыр», дейді.

Сәби өлімі мемлекеттің даму деңгейі мен онда жүріп жатқан экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді айқындайтын демографиялық көрсеткіш. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 1000 балаға шаққанда 1 жаста шетінеген балалар саны бойынша және промильде есептеледі.

Мәселен Қазақстанда нәрестелердің шетінеуі 2,6 есе төмендеп, 7,9%-ды құраса, ТМД елдерінде орта есеппен нәрестелер өлімі – 9,3%-ды (Қырғызстан – 19,9%, Тәжікстан – 11,8%, Өзбекстан – 10,7%, Әзербайжан – 9,8%, Ресей – 7,3%) құрайды. Әрине, шын мәнінде бұл бағытта әлі де жетілу керек, өйткені ЭЫДҰ елдерінде көрсеткіш 6,7%-ға тең. Дегенмен, елімізде тұрақты түрде ілгерілеу, даму бар.

Бір жасқа дейінгі балалардың шетінеуінде Қазақстанда да перинаталды кезеңдегі жағдай мен дамудың туа бітті қатерлері деп аталатын осы екі эндогенді себеп тізімді бастап тұр. Үшінші орында оқыс жағдайларда балалар көз жұмады. Ал осы мәселенің шешімі денсаулық сақтау қызметіне ғана байланысты емес, бұл жерде білім беру мекемелері, әлеуметтік қорғау, ішкі істер, әкімдіктермен жүйелі қарым-қатынас орнату факторлары да жоғары. Бұл топта балалардың ана сүтінен қақалуы, анасы ұйықтап кетіп баласын абайсызда тұншықтыруы, сәбилерге ауыр заттардың құлауы (теледидар, көрпелер және т.б.) немесе қараусыз қалып, арықтар мен өзендерге батып кетуі салдарынан дені сау балаларды жоғалтып отырмыз. Қазіргі таңдағы ел медицинасындағы, педиатрия саласындағы жағдай осындай.

 Статистка заңдылықтары бойынша егер нәрестелер өлімінің көрсеткіші республика бойынша төмендесе де, кейбір өңірлерде жоғары болуы мүмкін. Көп жағдайда дені сау баланың дүниеге келуі ата-аналардың денсаулығына, жүктілік кезінде талаптарды дұрыс орындауына байланысты. Нәрестелердің өлім-жітімін сөз еткенде ең алдымен негізгі себеп-салдарға назар аудару қажеттігі көрінуде. Мәселен, Атырау облысында нәрестелер өліміне жасалған талдау шетінегендердің 40%-ы шала туудан және 16%-ы жаңа туған балалардың туа бітті аурулардан көз жұмғанын көрсетті. Сондықтан, бала өлімі деңгейін азайтудың негізгі әрекеті – профилактикалық шаралар болып қала бермек.

Бүкіл әлемде профилактикалық іс-шаралардың ең тиімді жолы – халықтың әл-ауқатын арттыру, жастардың саламатты өмір салтын ұстануы, қоршаған ортаны жақсарту болып отыр. Өскелең ұрпақ денсаулығы үшін күрес жасөспірім кезінен бастау алу керек, кейін отбасы құруға дайындықта, жүктілік пен бала туу кезінде өрбігені жөн. Сонда ғана қоғам болып шала туған және туабітті аурумен туған нәрестелер санын азайта аламыз, дейді мамандар.

Гүлнар ӘБДІЛОВА, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы басшысының педиатрия жөніндегі орынбасары:

Соңғы жылдары онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың өмірі ұзарды. Тіпті басым көпшілігі іс жүзінде сауығуға қол жеткізуде. Қазіргі кезде жіті лимфобластық лейкозға шалдыққан балалардың өміршеңдігі жоғары мөлшерлі ПХТ қолдану нәтижесінде 78 пайызға жетті. Әлемдік жетекші орталықтарда осы ауруға шалдыққан балалардың өміршеңдігі 80-85%-ды құрайды.

2012 жылдан бері балаларға гемопоэздік өзектік жасушаға 151 трансплантация жасалынды. ГӨЖ аллогендік трансплантациялау тиімділігі 75,3% және аутологиялық – 71%-ды құрады. Мұндай дертке шалдыққан балаларды мемлекеттік қаражат есебінен диагностикалау және фермент алмастыру иарқылы емдеумен қамтамасыз ету бойынша мәселелер шешімін тапты.

Гүлайым БАЙТАНАТОВА, Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығының жаңа туған нәрестелердің қарқынды терапиясы бөлімшесінің меңгерушісі:

Балалардың денсаулығы тікелей ананың денсаулығына байланысты. Біздің орталыққа ауыр науқастарға ұшыраған аналар жатады. Орталық жылына 3 мыңнан аса әйелді босандырады. Туабітті ақауымен дүниеге келген, хирургиялық көмекті қажет етететін нәрестелерді бірден Педиатрия орталығына жібереміз. Біз бұл орталықпен тығыз қарым-қатынастамыз. Жылдан-жылға тиімді перинаталдық технологиялар пайда болып, медициналық құралдар да жақсарып келеді. Соңғы 10 жылда перинаталды өлім-жітім 30-дан 5,5 промилге, ерте жастағы неонаталды шетінеу 15-тен 3,2 промилге, неонаталды өлім-жітімі 20-дан 3,5 промилге төмендеді.

Гүлмира АЛТЫНБАЕВА, неонатолог-дәрігер:

Біздің Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығында жаңа туған нәрестелерге, оның ішінде ДДСҰ ұйғарымы бойынша 500 грамнан жоғары, шала туған нәрестелерге алғашқы көмек көрсетіледі. Соңғы 10 жылда шала туған нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші едәуір жақсарды. Әрине, мұның барлығы тиімді перинаталды көмек пен күтім және заманауи технологияларды меңгерген мамандардың арқасында жүзеге асып отыр. Сондай-ақ орталықтың неонатологтары нәрестелерді емдеумен қатар, республика аймақтарындағы әріптестеріне «Нәрестелерге алғашқы реанимациялық көмек» тақырыбында шеберлік дәрістерін өткізіп, консультативті-әдістемелік жұмыс атқарып, телемедицина арқылы үнемі кеңес беріп отыр.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/