Қазақстанда он қасқырға бір аңшыдан келеді
АРНАЙЫ ЛИЦЕНЗИЯ
Facebook әлеуметтік желісіне қасқыр атып жүрген суреттерін жиі жариялайтын аңшы Төртуыл Шоқан — Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының тұрғыны. Өзін Азаттыққа «кәнігі аңшымын» деп таныстырған ол «қасқыр атуға арнайы лицензиямен ғана шығатынын» айтады.
– Қасқыр атуға лицензияны әркім ала бермейді. Ол үшін алдымен аңшылық куәлік болу керек және ол тіркелген болуы тиіс. Одан басқа аңшының жылдық жарнасы төленген, қару ұстауға рұқсаты бар және қаруды сақтау шарттары сақталған болуы қажет. Осы құжаттарды жинап, жылына бір рет орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің порталына жібересіз. Сол жерден лицензия беріледі, — дейді ол.
Мұндай шектеулерге қарамастан соңғы жылдары қыс кезінде әлеуметтік желілерде қазақстандық қасқыр соғып алушылардың видеолары мен суреттері көбейіп кетіп жүр. Төртуыл Шоқан мұндай атқыштардың барлығында лицензия бар деп ойламайды.
Осы апта Facebook әлеуметтік желісінде бір топ қазақстандық жігіттің арасында қара түсті қасқыры бар бірнеше арланды атып алғаны бейнеленген видео жарияланған болатын.
— Ол видеода бірнеше адам болғандықтан инспекторлар нақты дәлел таба алмайды және лицензиясы жоқ адамдар атқан қасқырларын жария қылмайды, — дейді Төртуыл Шоқан.
ҚОРҒАУ МЕН ҚОРҒАНУ
Жаппай қасқыр ату науқанына қатысты алаңдап мәселе көтерушілерге 2014 жылы берген бір жауабында орман және аңшылық шаруашылығы комитеті «2015 жылдан бастап арнайы бюджеттік бағдарлама арқылы қасқыр санын ғылыми негізде реттеу жолымен бұл хайуанды құрып кетуден сақтау» жоспарланғанын хабарлаған.
2017 жылы комитет Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Қарағанды облыстарында қасқыр аулауға мораторий жариялап, «қасқыр саны қатты азайып кетті» деп мәлімдеген.
Жергілікті БАҚ былтыр Шығыс Қазақстан сияқты кейбір қысы қатты облыстарда, керісінше, қасқырдың жиі көзге түсіп, малды ауылдарға ашық шаба бастағаны, «шаруа қожалықтарының шығынға ұшырап жатқаны» туралы ақпарат таратқан.
Мұндай қарама-қайшы құбылысты Төртуыл Шоқан өзінше түсіндіреді. Ол қасқыр атушыларды «еріккендер» мен «малын қорғаушылар» деп екіге бөледі.
– Мен он ағайындымын. Солардың басын қосып мал бақтырамын. Арасында өзіміздің де мал бар. Оларды ит-құсқа жегізбес үшін еріксіз қолыңа қару ұстау керек. Қасқыр ату — шығын. Өйткені қазіргі қасқырлар атпен жүріп атқызбайды. Оны тек қар үстінде жүретін моторлы шана арқылы ғана аулайсың. Ондай шана мыңдаған АҚШ доллары тұрады. Сондықтан кез-келген адам шығып қасқыр қуа бермейді — дейді ол.
«ШЕНЕУНІКТЕР ДЕ ЖАППАЙ АҢШЫ БОЛЫП КЕТКЕН»
Төртуыл Шоқанның айтуынша, әр аңшыға қасқыр ату үшін бір жылға берілетін лимит үшеу болса да, нақты санды бақылау қиын. Әр атылған қасқырға мемлекет тарапынан бөлінетін 12 мың теңге ынталандыру сияқты болып та көрінеді.
– Аңшы емес адам жоқ. Жергілікті әкімдіктен де шығады, қаржы полициясынан да шығады, прокуратурадан да шығады. Табиғат қорғаумен айналысатын инспекторлардың өздері де жаппай аңшы болып кеткен. Далада жүргенде бәрін көресің. Совет үкіметінің тұсында белгілі лауазым иелері бір-бірімен танысу үшін бір жерде бас қосып, ішімдік ішетін. Кейін моншаға бару үрдіс болды. Қазір далаға шығып аң атады. Кезіксе арқар, кезікпесе қасқыр қуады, – дейді аңшы.
Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің өкілі Сәкен Ділдахметтің Азаттыққа айтуынша, Қазақстанда 16 мың шамасында қасқыр қалған. Ал осыдан он-ақ жыл бұрын елдегі қасқыр саны 40 мыңға дейін жеткен.
– 2018 жылы Қазақстанда қасқыр ату үшін 1575 лицензия берілген. Жыл сайын қасқырға биологиялық негіздеме жасалады. Мамандар зерттеп, қай өңірден қанша қасқыр аулау керектігі туралы есеп береді. Осы есеп негізінде әр облысқа лимит бекітеміз, — дейді комитет өкілі Сәкен Ділдахмет.
Ресми ақпарат бойынша, Алматы, Шығыс Қазақстан және Атырау — қасқыр атуға ең көп рұқсат берілетін облыстар. Қасқыр атуға жыл он екі ай рұқсат етіледі. Лимит жылдың басында беріледі және көп жағдайда 100 пайыз орындалады. Қасқырдың жұптасу және күшіктеу кезеңдеріне байланысты ешқандай тыйым салынбаған.
Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің өкілі рұқсатсыз қасқыр атқандар әкімшілік жазаға ұшырайтынын ескертеді.
– Қасқырды рұқсатсыз атуға болмайды. [Аң ату] жергілікті инспекторлардың бақылауымен жүзеге асады. Егер рұқсатсыз атқан жағдайда [аңшы] Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 382-бабы бойынша жауапқа тартылады, — дейді Сәкен Ділдахмет.
Аталған бап бойынша айыпты адамға 25 АЕК-тен (63 125 теңге) 100 АЕК-ке (252 500 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салынады.
Қазақстанда қасқырдың сұры түстес тұқымы кең тараған. Кейбір аймақта аракідік қара түсі де кездеседі. Бұдан басқа қасқыр тұқымдас шиебөрілер көп. Ал қызыл қасқыр — Қазақстанның Қызыл кітабына енген жыртқыш аңдардың тізімінде.
Дереккөз: Азаттық