Елордада бүлдіршінге күрделі операция жасалды
Астанадағы Ана мен бала орталығының мамандары күрделі операция жасап, бүлдіршінді аман алып қалды.
Бір жастағы балаға анасының бауыр сегменті алмастырылды. Бұл туралы zakon.kz «Хабар 24» арнасы таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Астанадағы Ана мен бала орталығының мамандары күрделі операция жасап, бүлдіршінді аман алып қалды. Қазір екеуінің де жағдайы жақсы. Бірақ орталықта әлі 21 бүлдіршін осындай операцияны қажет етіп, кезекте тұр. Дәрігерлер тиісті ем-дом жасайын десе, кейбір науқастарға қажетті донор тапшы.
1 жастан енді асқан қызын қайта бауырына алған Әйгерімнің қуанышында шек жоқ. Ол өз өмірін қатерге тіге отырып, баласын ауыр дерттен арашалап қалды. Бастысы, операция сәтті өтті. 5 ай бойы дәрігерлердің қарауында болған олар, жуырда ауруханадан шығады.
Әйгерім Төлеутай, донор-ана:
— Павлодардан квота жіберілді, сосын мұнда шақырды. Квотамен түстік. Аллаға шүкір, бәрі жақсы, мен де, баламда да. Үйге шығамыз.
Бұл – Ана мен бала орталығында жасалған осымен 9-операция. 12 сағат бойы 18-ге жуық дәрігер, бүлдіршіннің өмірі үшін күрескен. Айтпақшы, орталық 2013 жылдан бері бауыр сегментін алмастыру операциясын жасап келеді. Абырой болғанда, барлық ем-дом сәтті өткен. Айтпақшы, осындай 1 трансплантацияның құны орта есеппен алғанда 5,5 млн теңге. Бірақ орталықта квота арқылы тегін жасалады. Тек сәйкес донор табылса болғаны.
Арайлым Байжанбаева, «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының хирургі:
— Балалар трансплантологиясында басты мәселенің бірі – донор жетіспеушілігі. Сондай-ақ анестезиологтар мен реаниматолог мамандар тапшы. Және өңірлерде балалардың әрмен қарай күтімін жасайтын гепатологтарға сұраныс жоғары. Тағы бір мәселе, бүлдіршіндер тұрғылықты мекенжайы бойынша имунносупрессивті терапияны үздіксіз қабылдап тұруы керек. Бірақ кейде ем-дом кешіктіріледі.
Иә, донор жетіспеушілігі – өткір тұрған мәселенің бірі. Қазір мұнда 21 бала осындай күрделі операцияға мұқтаж. Біріне донор табылса, енді бірі кезекте тұр. Әйтпесе орталықта жылына 10-15 трансплантация жасауға мүмкіндік бар.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/