Іле Алатауы паркіне кіру құны екі есеге арзандады

0

Енді Іле Алатауы паркіне демалуға келгендер 452 теңге емес, 252 теңге ғана төлейтін болды.

Алматы қалалық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Іле Алатауы ұлттық паркі жұмысының заңдылығын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеру барысында ұлттық парк аумағында жүріп-тұру құны негізсіз қымбаттағаны анықталды.

Атап айтқанда, Салық кодексінде экологиялық посттарда өту құны 0,1 АЕК — 252 теңге деп белгіленген. Ал Ұлттық парк басшылығы 2018 жылдың 1 маусымында туристік маршруттарды, соқпақтарды, қарау алаңдарын пайдаланғандарға қосымша 200 теңгеден тариф белгілеу туралы бұйрық шығарған.

Бірақ бұл тариф бойынша бірқатар шектеу бар. Мәселен бұл тариф маусым-қазан айлары аралығында ғана алынады. Әрі келушілердің көпшілігі туристік маршрутқа шықпай, тек қана дәмхана мен демалыс орындарына ғана барған. Алайда Ұлттық парк басшылығы бұл тарифті келушілерден жыл бойы үздіксіз алып отырған.

Сонымен қатар, арнайы прокуратура парк басшылығы тарапынан келушілерге туристік маршрутқа шығу үшін арнайы жағдай жасалмағанын айтты. Осыған байланысты мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының талабымен Ұлттық парктің бұйрығы күшін жойды. Енді Іле Алатауы паркіне демалуға келгендер 452 теңге емес, 252 теңге ғана төлейтін болды.

Ал парк әкімшілігіне сараланған тариф енгізуді қолға алу ұсынылды.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/