Қазақша реферат Ә. Молдағұлова М. Мәметова – қазақтың аяулы қыздары
Жоспар:
- Кіріспе
Ерлік салтанаты
- Негізгі бөлім
- Қаласыңдар мәңгілік ел есінде,
Ару қыздар – алаулап от кешкендер!
- М. Мәметова – қазақтың аяулы қызы
- Ә. Молдағұлова – қазағым деген ұрпақ өкілі
III. Қорытынды
Батыр десе батыр еді . . .
Ерлік салтанаты
Аспан жер арасын
Өрт қаптады жалыны жалаңдаған,
Көңірсіді құйқадай адал далам.
Бір-бірінің қанынан ұрттамаса,
Тыншымастай сұстанды Адамға Адм.
Түндер келді жарыңның құшағында
Рахаттың орнына алаңдаған
Жас орнына мөлдіреп жанарда қан
Тамайын деп тамбаған, тама алмаған.
Алмасты лез күрсіну, күңіренумен
Жүректерден шарықтап таралған ән.
Түнде соғар дүлейін жасырғандай,
Күліп-атып қылымсып таң алдаған.
Бейнетімен бақ құшқан кең далаға
Қанды өзендер құйғандай сан арнадан.
Мазасыз әлі қысқа бұл тіршілікте
Болар кейде мейірімді адамнан аң
Сәби көңіл жандардың жанын улап
Бітіспес кек, ызамен арамдаған.
Дөңбекшіді сонда жер қанға бөгіп:
“Не кінәң бар, Адамдар, табар маған?!”
Иә, қара жерді дөңбекшітіп, жазықсыз жандардың жанын жазылмас жарамен қан жылатқан көп қазақ халқының ер жүректілігі мен қанға сіңген қаһармандағын әлем алдында тағы да әйгі еткен екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына да келер жылы 60 жыл толғалы отыр. Ерліктің салтанатты жеңісіне жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, соғыс қантөгісін бастан кешірген талай адамдар соғыс салған азап пен қасіретті күні бүгінге дейін ұмытқан емес және бұл еш уақытта да көмескіленуі мүмкін емес. Адал жарды аяуласынан, ананы жалғызынан айырған бұл сұм соғысты қалай ғана естен шығарарсыз.
Жеңіс салтанаты. Миллиондарды өмір мен үміттен айырған осы соғыстағы жеңіс салтанаты оп-оңай келген жоқ. Отан сүйгіш ұл — қыздардың майдан мен тылдағы жан аямас еңбегінің жемісі еді – бұл.
Иә, Отан қорғауға тек асыл ер – азаматтарымыз ғана емес, қолына қару алып, майдан үшін тағдырын белге буған ардақты апа, әпкелеріміз де болды.
Ана және соғыс. Бір – бірінен жер мен көктей алшақ жатқан осы екі ұғымның бір сәт басын қосып көріңізші. Сіздің көз алдыңызға өртеген үй мен шырылдаған сәби, жүректі ысқылаған қайғымен аралас ыза мен кек оты жанраынан ұшқан ана бейнесі елестер еді. Балғын сәбиіне көкірегін тосып, емірене аймалаған ана мейірімін елестетіңізші!
Не деген бақыттылық!
“Соғыс” деген бір сөзден есеңгіреп,
Зәресі ұшты орнынан атып тұрып.
Мейірім мен шаттық үшін ғана жаратылғандай бал – бұл жанған ана жүзін ашу мен кек торлады. Күле шаттана білген ана ел басына мұнар күн туғанда, қасіретімен Жре үстіндегі жазықсыз тіршілікті қорғауға деген шексіз махаббаты пен бір қайратқа мінгендей жігерленді.
Он сегіз бен жиырманың арасындағы әлі жігіт сүйіп үлгермеген, күні кеше қос тұлымы желбіреп, ертеңгі болашаққа аппақ арман, балауса үмітпен күлімдеп қараған жас қыздар нәзік балтырын сыздатқан солдат етігін киіп, гұл құшуға жаралғандай нәзік саусақтары ауыр автоматты көтеріп, майдан өтіне бара жатты.
Ұлы Отан соғысының от-жалынды жылдарында ер-азаматпен бірге қолына қару алып, майдан шебіне аттанған Әлия мен Мәншүктей қыздарымыз сан жүздеп саналады.
- Майданға жету, қалайда жаумен бетпе-бет келіп, кек алу – біздің бар ой – арманыңымыз осы болатын,- деп еске алады Ленинград қаласын әуе шабуылынан қорғаған зенит зеңбірегі расчетінің командирі Әлима Ақжолова.
- Әлі күнге жүрегімнің түкпірінде сақталып келген бір сырым бар. Ешкімге айтқан емеспін. Есіл – дертім ұшқыш болу еді. Біраз қиындықтардан кейін Хабаровск маңындағы самолет механиктерін дайындайтын курсты бітіріп, сонда қызмет еттім. Батысқа қанша сұрансам да жібермей қойды. Ауылға аз күнге демалысқа келіп, енді қайтар жолда бір қулық істегім келді. “Документі жоқ адамды майданға алдыңғы шепке жібереді” дегенді естігенім бар. Новосибирск қаласына жақындағанда документтерімді құрттым да, қалаға келген соң, әскери комендатураға барып:
- Мен документтерімді жоғалтып алдым, майданға жіберіңіз, — деп тұрып алдым. Сол бойыммен Ленинградтан бір-ақ шықтым. Өтірік айтып, біреулерді алдағаныма осы күнге дейін қысылып, бір адамға айтпаппын. Бірақ, бәрі сол майданға жетсем деген адал ниеттен шыққан еді.
Абайлады сонда Мәншүк жан – жағын,
Көрді өзінің жапа – жалғыз қалғанын.
Көзге жанар, көкірекке кек толып,
Қиналады қимай серік – саңлағын.
Қара көзді жарқ еткізді танадай ,
Төңкерілді ашылып бір қарамай,
Пулеметте ойнап тұрған он саусақ
Қалды қатып бір серпуге жарамай.
Он жылдықты жаңа бітірген өңкей жас қыздар ел басына күн туғанда, ел басына түскен ауыр күндерде әскери мамандықты тез-ақ игеріп, аса қабілеттілік көрсетті. Танкистер Жамал Байсейітова, Құлкен Тоқбергенова, Гүлжамила Талқанбаева, пулеметші Гүлжамила Бейсенбаева, радистер Орынкүл Мысырова, Мәкір Ботақанова, Бикен Садуақасова, мерген Мәлике Тоқтамысова, байланысшы Фазира Теміралиева және басқада қазақстандық қыздардың ерлігі – олардың қандай іске болмасын талант пен қабілетін дәлелдеп берді. Әрине қолына қару алмаса да, майдан алаңының дәл ортасында жүріп, соғыс күндерінің ащы – тұщысын бірге татысқан қыздар да көп. Соғыс тылдарында қыз – келіншектердің көбі әскери дәрігер, медсестра болып істеді. Бұлардан басқа ішкі істер жұмысында газет, баспахана саласында жұмыс істеген көптеген қыздар болды.
Қазақстандық әйелдер тек қана майдан шебінде емес, тылда да аянбай еңбек етіп, ерліктің небір үлгілерін көрсетті. Ежелден халқымызға тән ерлік пен елдіктің ауыр жүгін жауапкершілікпен көтеріп, туған жерден алыста, батыста, шайқасқан ардагер жауынгерлеріміздің сенімді серігі бола білді біздің аяулы қыз — келіншіктеріміз.
Уақыт алға жылжыған сайын кешегі өрім жас, бүгінгі жүздерін әжім шалған аналардың ел басына туған сын шақта қайыспай күрескен қажар – қайратының мән – маңызы тереңдей түсуде. Қиын сәттің алдарына тартқан ауырпалығын мойымай атқарғандарын олардың ешқайсысы да керемет ерлік жасадық деп ойлаған жоқ. Бірақ сол сұрапыл жылдардан нешеме ширек ғасыр өткеннен кейін әйел жауынгердің қай – қайсысы да сол бір кездерін толқи еске алады. Отты күндердің тауқыметін ұрпақтары ешқашан көрмеуін тілей отырса да, бүгінгі жастарымыздың жалынды да Отан сүйгіш болып ер жетуін қалайды олар.
Иә, Ұлы Жеңіс – барша халықтың, “Отан үшін”, “бейбітшілік үшін” деп күрескен әрбір адамзат баласының жеңісі. Сондықтан да кешегі жауынгер, бүгінгі ардақты әже – аталарымыздың жеңіске жетер жолда тындырған ұлан – ғайыр істері біздің жадымызда мәңгілік сақталатын дастандай жалғаса береді.
Ақ шашты ана!
Саптан шықпай нық басып келесің бе?
Сыздап тұр – ау әлі күн оқ тескен жер..
Қаласыңдар мәңгілік ел есінде,
Ару қыздар – алаулап от кешкендер!
Мәншүк Мәметова
Мәншүк Мәметова 1922 жылы Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында туған. Мәншіктің ата – анасы ерте қайтыс болады да, бес жасар баланы оның тәтесі Әмина Мәметова бауырына басады. Мәншүкің балалық шағы Алматыда өтті.Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк Алматыда медициналық институтта оқып, сонмен бір мезгілде Респубика Халық комиссарлар советінің секретариатында қызмет етіп те жүрген.
1942 жылы тамыз айында ол өз еркімен Қызыл армия қатарына алынады да, майданға аттанады. Өз бөлімінде Мәншүк таңдаулы пулеметші атанған.
1944 жылы, наурыздың 1-інде СССР Жоғары Советінің президумының Жарлығымен аға сержант Мәншүк Мәметова Жиенқалиқызына қаза тапқаннан кейін Совет Одағының батыры атағы берілді.
Халқым деп туған еді ..
Отан – анаға ересен қауіп төнді. Совет елінің жеріне неміс фашист басқыншылары қара құзғындай қаптап кірген. Бұл күндері Мәншүк Мәметова әскери комиссариатқа қайта – қайта арыз беріп, өзінің қолына қару алып ер намысын қорғағысы келетінін білдірді. Ақыры, 1942 жылы тамызда жау қалаға ентелей ұмтылған шақта оның қояр да қоймаған өтініші қабылданып, алыстағы ордадан келген қазақ қызы өзге жігіттермен бірге солдат атанды. Мәншүк келіп түскен бөлімде оны писарь етіп қалдырды. Алайда патриот қыз алғы шептің жауынгері болуға бел байлады. Бір айдан соң аға сержант Мәншүк Мәметова 21 –гвардияшы атқыштар дивизиясының атқыштар батальонына жолдама алды
1943 жылы 16 – қазанда Мәншүк Мәметова пулеметші болып істейтін батальон жаудың қарсы атакасын тойтаруға бұйрық алды.
Гитлершілер батальон тұрған жерге артиллерия мен минометтен оқты қарша боратты, жауынгерлер окоп қазып бекінген төбенің баурайында тірі жан қалды деу қиын еді. Бірақ фашисттер атака жасамақ болып көтеріле бергенде, аға сержант Мәметованың пулеметі бебеулеп қоя берді. Оны өзге атыс ұялары қолдады. Гитлершілер жүздеген өліктерін қалдырып, кейін шегінді. Осылайша төбенің баурайында гитлершілердің өршеленген бірнеше атакасы тойтарылған.
Жау өз минометінің оғын тапқыр қыздың тұрағына аударды. Тап қасынан жаралған ауыр мина Мәншүк ұстаған минометті төңкеріп тастады. Қолынан жаралған пулеметші қыз сәл уақытқа есінен танып қалды, бірақ жақындап қалған гитлершілердің желікпелі айқайы есін жиюға мәжбүр еткен. Мәншүк жалма – жан көрші пулеметке жетіп, құлағын ұстады да, жексүрын фашисттердің қолқасына қорғасын құйды. Бұл біздің жақтың бөлімшелерінің ілгері жылжуына жол ашты. Бірақ алыстағы ордадан келген қыз төбенің бауырына бауыр басқан күйінше шейіт болған…
“Максимкасының” құлағына белін жастанған күйі қайран өжет қыз алыс сапарға кете барды…
Әлия Молдағұлова
Әлия Молдағұлова 1924 жылы 20 сәуірде Ақтөбе облысы, Қобда ауданындағы Бұлақ ауылында туылған. Ата – анасы қайтыс болғаннан соң нағашысы Әубәкір Молдағұловтың қолында тәрбиеленеді. Сол отбасымен бір қаладан бір қалаға көшіп жүреді. Ол Ленинградтың №9 санды мектебінде оқып, білім алады. 1942 жылы Әлия өз еркімен армияға барады да, онда мергендер мектебіне жіберіледі. 1943 жылдың тамыз айында майданға алғаш рет кіреді. 2-Прибалтика майданының 22-армиясында 54-атқыштар бригадасында ұрыс қатысады. Псков облысындағы Новосокольники темір жол станциясына таяу жердегі фашистердің тірек пунктін алардағы ұрыс кезінде 1944 жылы 15 — мамырда Әлия ерлікпен қаза табады. 1944 жылы 4 маусымда ефрейтор Әлия Молдағұловаға қаза тапқаннан кейін Совет Одағының батыры атағы беріледі.
Халқын сүйген қайсар қыз …
Ленинградтағы 140 (бұрынғы №9) мектеп Большая Охотинскаяда орналасқан. Оның вестюблінде мрамор мемориальды тақта бар. Оған алтын әріптермен былай деп жазылған: “Совет Одағының Батыры, комсомалка Әлия Молдағұлова осында оқыды”. Ал, бұрынғы пионер бөлмесінің қабырғасында Әлияның портреті ілулі тұр. Мектептің қарт мұғалималары Галина Николаевна Ендогурова мен Лейля Сумбатовна Цатурова Әлия жөнінде мақтан тұта ыстық лебіз білдіреді: “Ер жүрек мерген біздің Әлия мектепте оқыған кезде класс старостасы, пионер вожатыйы болды”. Ал, мұғалима Марина Антипова Голубева былай деп еске алады: “Айрықша адал, турашыл, мейірбан, еңбек сүйгіш, әрі батыл қыз”.
Соғыс Әлия Ленинградта жүргенде басталған – ды. Бірде балалар үйіне нағашысы Әубәкір келді. Өздеріне бұл қаладан көшіңдер деп жатқанын айтты.
“Сен де жинал, бізбен бірге барасың” деді Әлияға. Бірақ, Әлия:”Ешқайда да бармаймын, бұл менің туған қалам..” деп жауап берген. Соңғы аз уақытта Әлия есейіп, есі кіріп қалғандай еді. Ол өз құрбы – құрдастарымен бірге өрт сөндірді, көшелерді үйінділерден тазартты, сөйтіп өзін Ленин қаласының қорғаушысы ретінде сезінді. Әйтсе де қаладан көшуге тура келді. 1942 жылы наурызда балалар үйі барлық баланы қоршаудағы қаладан алып шығуға нұсқау алды. Балалар үйі Ярослав облысының, Некрасов ауданындағы Ветекое селосына барып орналасты.
Әлия мұнда Рыбинск авиация техникумына оқуға түсіп, 3 ай оқыды да, әскери комиссариатқа арыз беріп, өзін майданға жіберуін өтінді. Бұлақ ауылының қарапайым қызы осылайша мергендер мектебінің курсанты болды. Қызыл әскер Молдағұлова байқау атысында “өте жақсы” деген баға алды. 1943 жылы, мамыр айында Әлия мектеп командованиесінен өзін майданға жіберуін сұрап рапорт берді.
Міне, майдан. Әлия 54 – атқыштар бригадасының 4 – батальонындағы 3 – ротаға келді. Батальон командирі майор Моисеев онымен туған әкесіндей сөйлесті:
- Жасың нешеде, қызым ?
- Он тоғызда
Батальон командирі ойланып қалды.Сосын былай деді:
- Бүгін демал, ал ертең штаб бастығы майор Винокуров жай – күймен, жер жағдайымен таныстырады. Алғы шепке жетуге асықпа, батальон адырлы, саз батпақты алқапқа орналасқан – ды.
Мерген Молдағұлова, гитлершілер қорғанысының алғы шебіне бағдарлай көз салды, сонымен қатар штаб бастығының бірде – бір сөзін мүлт жібермеуге тырысты.
- Қай жерде тұрып атпақ ойың бар ? – деп сұрады майор.
Әлия батпақтың шетіндегі бұтаны көрсетті.
- Қауіпті жер,- деп Винокуров басын шайқады. Бір атқаныңнан – ақ жау қай жерде тұрғаныңды біліп қояды.
Ертесіне таң атпай тұрып Әлия штаб бастығы көрсеткен жерге еңбектеп жетті. Күні бойы немістер жақтан көз алмаса да ешкімді көре алмады.
Келесі күні судың шолпылы Әлияның құлағы шалды, қараса тегі бұлақтан су алуға келген болар, ойпатта үш гитлерші жүр екен. Оптикалық прищелден сұрғылт жасыл тұлғалар анық көрінеді. Әлия демін ішіне тарта қойды. Атып жіберді. Сол жақтан шеткі фашист тұмсығымен жер сүзе жалп етіпқұлады, қалған екеуі қаша жөнелді. Бірақ мерген қыздың оғынан олар да құтыла алмады.
Қазан айының басына дейін Әлия отыз екі фашисттің көзін құртқан. Ол батальонның қадір – құрметіне бөленді. Оны бригадағылар да мақтан тұтатын. Әлия мергендік винтовкасын автоматқа ауыстыра салып, жұртпен бірге жиі – жиі шабуылға шығып жүрді.
Моисеенканың батальоны 1943 жылы желтоқсан айында жауды Казачиха деревнясынан қуып тастауға бұйрық алды. Совет командованиесі бұл елді мекенді басып алыып, фашисттердің көмекке әскер жіберіп жатқан темір жол линиясын кесіп тастауды ұйғарған – ды. Гитлершілер өздерінің оңтайлы жерде тұрғанын пайдаланып, жанталаса қарсылық көрсеті. Біздің роталарымыздың қарға адым жерге қан төгулеріне тура келді, сонда да болса жауынгерлеріміз қаймықпай қарсы тұрып, бірте – бірте жау бекіністеріне жақындай берді.
Кенет шабуылдап келе жатқан тізбектің алдынан бір тұлға оқшауланып шыға келген. Гитлершілер ер жүрек жауынгерді байқап қалып, оған пулеметтен оқ жаударды. Жауынгер оқ нөсердің толастаған сәтін бағып, сәл бұғып отырып қалды. Толастай бастаған сәтте ұшып тұрды да “Отан үшін” – деп айқай салып, бүкіл батальонды соңынан ерте алға ұмтылды.
Қиян – кескі шайқастан кейін біздің жауынгерлер биіктікті тартып алды. Бағанағы батыл жан бір сәтке транешеяда кідіріп қалған. Оның құп – қу өңінен жарасының жанына батып тұрғаны көрініп тұр. Ал, басындағы құлақшынынан қою қара шашы дударланып шығып кеткен. Бұл ерекше ерлігімен көзге түскен Әлия Молдағұлова еді. Ол осы шайқаста он фашисттің көзін жойды. Жарасы жеңіл екен, тез жазылып кетті. Сондықтан да саптан кетпеді.
Жау айрылып қалған жерін қайтып алмаққа қайта – қайта қайратты шабуылдар жасай берді. 1944 жылы,14 қаңтарда жау солдаттарының үлкен бір тобы біздің траншеяларға өтуге мүмкіндік алды. Қолма – қол кескілес шайқастар басталды. Әлия автоматпен дәлдеп атып сұм фашисттерді құлатумен болды. Кенет ол артынан келген қауіпті сезіп қалды. Жалт бұрылып еді, үлгере алмады. Неміс офицері бұрынырақ атып үлгерді.
Міне, қазақ тарихында өзінің орынын ойып тұрып қалдырған қайран қазақ қызы бұл дүниеден өзіне еш нәрсе алмай қоштасып кете барды…
Қорытынды:
Шығыстың қос жұлдызы!
Қандай керемет естілетін сөз еді! Дәл осы ат немесе атақ қарапайым қазақ қыздарына берілді дегенге кейбіреулер мойынсұнбауы мүмкін. Бірақ бүкіл әлем (оның ішінде қазақ халқының дұшпаны мен достары бар) алдында қазақтың тек жігіттері ғана емес, қыздарының да қайсар жүрегі бар екенін біздің алтынға теңер қыздарымыз дәлелдеп берді. Иә, Әлия мен Мәншүкті қатар атағанымызбен әр қыздың өзіне тән жасаған ерлігі, өзіне тән қайсарлығы мен өжеттігі бар.
Әлия – қазақ халқына ерлік пен сұлулықтың қалай ұштасатынын көрсетсе, Мәншүк — өжеттіктің қыз бойында қалай болатынын дәлелдеп берді. Осы алтын мен күмістей әпкелеріміздің қалдырған қасиеттерін бойына сіңірген талай бойжеткендеріміз болды. Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін Осы Әлия мен Мәншүктей жас өмірін қиған Ләззат Аснованың бойындағы ерлік те осы екі жұлдыздан бастау алатыны сөзсіз.