Ақтөбеде мамандандырылған ХҚКО маңында заңсыз әрекеттер әшкереленді

0

Заңсыз іс-әрекетті қоғамдық бірлестік өкілдері әшкерелеген.

Көліктің техникалық байқауын атүсті жасап, жалған құжат даярлау фактісі анықталды. Бұл туралы zakon.kz «Хабар 24» телеарнасы таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Заңсыз іс-әрекетті қоғамдық бірлестік өкілдері әшкерелеген. «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандары бұл істі қатаң бақылауға алды.

Осыдан үш жыл бұрын ашылған мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысы көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл жерде автокөлікке қатысты көптеген құжаттарды лезде рәсімдеуге болады. Бірақ осы маңайда кейбір құжаттарды заңсыз рәсімдеу фактілері анықталды.

Жәмила Барбосынова өзінің алғашқы көлігін мемлекеттік органда тіркеуге келгенде заңсыз әрекетпен бетпе-бет келген. Темір тұлпардың техникалық жай-күйін бағалайтын құжатты осы маңдағы азаматтар «рәсімдеп береміз» деп көмек қолын ұсынған. Астыртын әрекет етуге де тырыспайтын көрінеді.

Жәмила Барбосынова, қоғамдық бірлестік төрағасы:

— Қолыма өзінің телефонын ұстатып, көлігімді суретке түсіріп бер деді. Тұрған орнында суретке түсіріп өзіне қайтарды. 15 минуттан соң техникалық құжат барлық мөрімен бірге дайын болды.

Халыққа қызмет көрсету орталығында күніне жүздеген көлікке құжат рәсімделеді. Олардың кейбірінің техникалық жай-күйі талапқа сай екендігін дөп басып айта алар жан жоқ. Себебі кем дегенде 30 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлға қарамастан, заңды белшеден басқандардың кәсібі дөңгеленіп тұр.

Марал Ғылманов, «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің маманы:

— Іс-шара қорытындысы бойынша материалдар Ақтөбе облыстық көліктік бақылау инспекциясына тиісті шаралар қолдану үшін жолданады.

«Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандары қылмыстық әрекетті әшкерелеп берді. Сондықтан құзырлы орган өкілдеріне тек Халыққа қызмет көрсету орталығы алдында қозғалмалы техникалық байқау ұйымдастырған жандарды анықтау ғана қалды.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/