Практикалық база да ескерілді

0

Ыстанбұлдың «Айдын» универ­ситетінің профессоры Шұғайып Қарақаш қазақ ғалымдарымен кез­десуде: «Адамзат тарихында ре­фор­матор мемлекет басшылары көп. Бірақ жазу реформасын жасау тек жүрегінің түгі бар, ісіне, өзі­не сенімді көшбасшының ғана қолы­нан келеді, сондықтан олар санау­лы. Сіздердің елдің Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев адамзат тари­хын­да жазуды ре­фор­­м­ал­аған сон­дай мемлекет басшысының бірі», деген еді. 

Бүгінде сол реформаның ал­ғаш­­қы кезеңі нәтижелі жүзеге асты деу­ге әбден болады: жаңа ұлт­тық жазу­­дың латын графикасы не­гізін­дегі емле ережелері әзірленіп, жұрт­шылыққа ұсынылып отыр. Жаңа емле ережелері қазақ жаз­уын, сол арқылы қазақ тілін ре­фор­малаудың басты тетігі. Бір қара­ған­да оңай көрінгенмен, жазудағы дәстүрді үзбеу, яғни қалыптасқан орфограм­маларды сақтау, кирилшеде жоқ әріптерді латыншамен тиімді таң­ба­лау, бөгде сөзді «қазақшалап» жаз­ғанда тілдің дыбыстық жүйесін дұ­рыс көрсететін стандартты жолда­рын табу, басқаша айтқанда, сөз­дер­дің жазудағы суреті орысграфи­калы бейнеде әбден орынығып ал­ған бүгінгі сана мен жаңа әліпби негі­­зінде қалыптасатын «латынграфикалы болашақ санаға» да бірдей қолай­лы емле ережелерін жа­сау өте күр­делі зияткерлік еңбекті қажет етті.

Ережені жасау процедурасы демо­кратиялық принциппен ерек­шеленді. Әдетте жазу ережелерін әзірлеу тек тілтанушы ғалымдардың айрықша құзыреті <лат. praerogativa> саналады. Мұндай емле ғылы­ми-теориялық базаға табан тірейді. Ал жаңа қазақ емлесінің бұдан басқа ғылыми-практикалық базасы да бар. Егер емленің теориялық базасын Білім және ғылым ми­нистр­лігі Ғылым комитеті Ахмет Бай­тұр­сын­ұлы атындағы Тіл білі­мі инсти­ту­ты жүзеге асырып келсе, ғылы­ми-практикалық базасын осы реформаны жүзеге асыру үшін арнайы құрылған Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жасап шықты. Үлкен еңбек атқарылды. Сөйтіп емлеші мамандар жаңа ережені жасауда ғылыми-теориялық қана емес, практикалық базаға да, яғни әртүрлі әлеуметтік топтың 3000-нан астам өкілі қатысқан сынама-сауалнама, сараптама нәтижелеріне, сол сияқты 16 000-нан астам азаматпен көзбе-көз кездесулер арқылы қалың жұртшылыққа жүргізіл­ген насихат жұмыстары бойынша жинақтал­ған пікірлерге де сүйенді. Осылай­ша жинақталған пікір Латын графикасын көші­ру жөніндегі Ұлттық комис­сия жанындағы Орфогра­фия­лық, Әдістемелік, Термино­ло­гия­лық жұмыс топтарының оты­рыстарында ғалымдар арасында қызу талқыланып, пісіп отырды. 

Емле ережелерінің дәстүрі берік, бұл қазақ жазуының прин­­­­циптері мен базалық нор­ма­­­ла­ры­ның сақталуы арқылы жүзеге асып тұр. Базалық норма дегені­міз – ұлттық тілдің ерекше­ліктері мен заңдылықтарына сәй­кес қалыптасқан нормалар. Сон­дай-ақ емледе жаңашылдық та бар. Бұл шеттілдік сөздердің ем­лесінде айқын көрініс тауып отыр. Шет­тілдік сөздерді ұлттық тіл заң­ды­­лықтарына сәйкес игеріп жазу тілі­міздің сыртқы әсерге қар­сы тұру иммунитетін қайта қал­пына кел­ті­ретін тетік болмақ. Сондықтан жаңа емле ережелерін кеңінен насихаттап, жұртшылыққа түсіндіріп, қолданысқа енгізу аса маңызды, себебі өз тілінің тазалы­ғын сақтау бүгінгі және болашақ қазақ­тілді қоғамның орныққан пси­холо­гиялық дітіне айналып отыр.

Анар ФАЗЫЛЖАН,

филология ғылымдарының кандидаты

Дереккөз: http://egemen.kz/