Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу, тәрбие сағаты сценарийі
Мақсаты: Оқушыларға Ауған соғысы жайлы толық мәлімет беру, ардагер ағалармен ашық әңгімелесу, сұхбаттасу;
Өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалардың ерлігін үлгі ету;
Ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу, оқушыларға патриоттық тәрбие беру.
Көрнекілігі: Слайд, видеолар, ардагерлердің суреттері.
Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.
Барысы:
1 — жүргізуші
— Қайырлы күн құрметті де қымбатты қонақтар, ұстаздар мен оқушылар! 8 — 9 — 10 сыныбымен ұйымдастыруымен болып отырған «Ауған, сөнген шоқ, өшкен арман Тек сенен Есте қалған…» атты Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу кешін ашық деп жариялаймыз!
2 — жүргізуші:
Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар!
Өткенін ескермеген өшеді,
Өткенін қастерлеген өседі,- демекші, берер тәлімі мол тарихтың тірі куәгерлері бүгін біздің ортамызда!
1 – жүргізуші:
Жаулардан қарсы келген жасқанбаған
Жасаған ерлігіне мастанбаған.
Ұрпаққа өмір жолың өнеге боп,
Тарихта ардагерлер асқан бағаң – деп батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестеріміз біздің ортамызда. Бүгінгі кешке қатысушы қонақтарымызбен таныстырайық. Бейсенбаев Серік
Ажигулов Зинет ағаларымыз.
2 — жүргізуші
— 1979 жылы желтоқсан айында Кеңес үкіметінің ұйғаруымен Ауғанстан жеріне Кеңес әскерлерін енгізу туралы шешім қабылданды. Соғыс – зұлымдық. Жазықсыз төгілген қан. Тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі – Ауған соғысы.
1 — жүргізуші
Ауған соғысы 1979 жылдың 27 желтоқсанында КСРО қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс. Соңы аяқталмас соғысқа ұласқан бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес оған сырт мемлекеттердің қатысуымен ұзаққа созылды.
Статистикаға сүйенсек:
10 жылға созылған ауған соғысында КСРО бойынша қайтып оралмаған жалпы адам шығыны – 14453 — ке жетті.
Ал Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 924 — і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті.
1000 жауынгерден астам өз жеріне оралып, алған түрлі дене жарақаттарының кесірінен ауырып қаза болды. Атырау қаласынан 534 сарбаз қатысып, оның 1 — і хабарсыз кетті, ал 14 — сол соғыста қаза тапты. Сол оралмаған жауынгерлерімізді орнымыздан тұрып еске алайық:
Еске алу (1 мин үнсіздік)
2 — жүргізуші
Бұл соғыстың абырой әпермейтінін түсінген Кеңес үкіметінің басшылары Ауғанстандағы барлық әскерді екі жылдың ішінде алып шығу туралы бір шешімге келді. 1989 жылдың 15 ақпанында қолбасшы, генерал — лейтенант Б. Громов “Кеңес әскері Ауғанстан жерінен толықтай шығарылды” деп мәлімдеді.
Бүгінгі таңда елімізде 10000 — ға жуық ауған соғысының ардагерлері бар. Олардың 3000 — дайы мүгедектер қатарында.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың ауған соғысы туралы: « Ауған соғысында қыруар қаржы шығындадық, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма?» — деген ойлы сөзі бар.
Бұл соғыс жайлы шындық талай жылдар бойы тұмшаланып келді. Тек еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана шындықтың беті ашылды.
«Ауған соғысы» туралы бейнебаян үзінді көріңіздер
1 — жүргізуші:
Осындай ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз біздің ортамызда.
1 — жүргізуші:
— Сіздердің құрметтеріңізге ән. «Атамекен»
Соғыс жылдарындағы оқиға туралы баяндама «Жылдар сөйлейді». Зерделі 8 сынып
1979 жылы
Кеңес әскерінің шектеулі контингенті Ауғаныстанда 86 адамынан айырылды, оның 7 – еуі қазақстандық еді.
12 желтоқсанда КОКП ОК Саяси бюросы Ауғанстанға 40 — армияны енгізу туралы шешім қабылдады.
13 желтоқсан Армия генералы С. Ф. Ахромеевтің басшылығымен КСРО Қорғаныс мин — нің жедел тобы Ташкент, Термез қалаларына жіберілді. 40 — армияның қолбасшылығына генерал – лейтенант Ю. В. Тухаринов тағайындалды.
27 желтоқсанда арнайы мақсаттағы «Зейнит» бөлімшесі Тәжі — Бек сарайын шабуылдады. АДР басшысы Х. Амин өлтірілді. Мемлекеттің жаңа басшысы Б. Кармаль болды.
1980 жылы
Кеңес әскерінің шектеулі контингенті бұл жылы 1484 адамынан айырылды, оның 181 қазақстандық еді.
Ақпанның аяғы. Кабулда үкіметке қарсы жаппай қозғалыс өтті. КСРО елшілігі атқыланды, бірнеше кеңестік азаматттар қаза тапты. Оппозицияның қарулы отрядтарын АДР армиясымен бірігіп талқандау туралы Ауғандағы кеңестік әскери қолбасшылығына тиісті нұсқаулар түсті.
Көктем. 40 — армияның қатысуымен Пактия және Газин уәлфяттарында жауынгерлік іс — қимылдар жүргізіліп, І — Панджер операциясы өтті.
1981 жылы
Кеңес әскерінің шектеулі контингенті бұл жылы 1298 адамынан айырылды, оның 97 қазақстандық еді.
Сәуір. 3 – Панджер операциясы сәтті өтті.
Қыркүйек. Кеңестік және ауғандық әскерлер шартты «Мармоль» атауымен қиын операция жүргізді. Балх уәлаятындағы Мазари — Шариф Оңтүстігіне қарай 25 — 30 шақырымда тауда орналасқан көтерілісшілер базасы талқандалды.
1982 жылы
Бұл жылы 1948 кеңестік жауынгерлер мен офицерлер, оның ішінде 168 қазақстандық қаза тапты.
Мамыр. 40 — армияның қолбасшылығына генерал В. Ф.Ермаков тағайындалды. Оның басшылығымен Парван, Каписа, Газни уәлаяттарында жауынгерлік операциялар, сонымен қатар Ауғанстанның Пәкстан, Иранмен шектесетін мемлекеттер шекарасын жабуда ауқымды жұмыстар жүргізілді.
1983 жылы
Кеңес әскерінің шектеулі контингенті бұл жылы 1446 адамынан айырылды, оның 72 қазақстандық еді.
Мамыр — қыркүйек. Қарсыластармен соғыс барысында 22 жауынгерлік операция жүргізілді. 2800 торауыл қойылып, 17 632 қару бірлігі жойылды. 4334 және1772 мың бірлік оқ дәрі қолға түсті. 103 колонна. Дислокация пунктері атқыланып, 38 минаның жарылуы оқиғасы тіркелді.
1984 жылы
Кеңес әскерінің бұл жылы шығыны 2343 адамды құрады, оның 103 — і қазақстандық еді.
Мамыр — қыркүйек. 40 — армия 22 жоспарлы, 19 жоспардан тыс операциялар жүргізді. 2084 торауыл қойылыр, 18184 моджахед өлтіріліп, 3839 жеке қару бірілігі қолға түсіріліді. 80 колонна, 96 дислокация пункті атқыланды, 53 мина жарылысы болды, кеңес әскері 886 адамынан айырылды, оның 111 — і офицерлер болды. 1958 адам жараланып, оның ішінде 70 мың адамы өліп, 3 минааттар, 50 — ден астам мина, ауқымды қару – жарақ, оқ – дәрі қолға түсті.
1985 жылы
Ауғанстанда кеңестік 1868 адам қаза тапты, оның 86 – сы қазақстандық болды.
қазан. Мәскеуде Кеңес әскерін Ауғанстаннан шығару туралы келіссөз қабылданды.
1986 жылы
Ауғанстанда кеңестік 1333 адам қаза тапты, оның 70 — і қазақстандық болды.
Сәуір. Кеңес әскерін қалайда Ауғанстаннан шығару туралы АҚШ — тың №166 Ұлттық қауіпсіздік директивасына қол қойылды.
1987 жылы
3 – қаңтар. Ауғанстан респ. революциялық кеңесі «Ауғанстандағы ұлттық татуласу» Декларациясын қабылдады.
1988 жылы
759 кеңес әскері, оның ішінде 44 қазақстандық қаза тапты.
Желтоқсан. Горбачев БҰҰ — ның Бас ассамблеясының 4 — сесссиясында АҚШ пен Пәкістанға арналған инициатива көтерді. Онда 1989 жылдың 1 қаңтарынан барлық соғысушы жақтар арасындағы ұрыс қимылдарын, оппозиция мен үкімет әскеріне қару – жарақ, техниканы жеткізуді бір уақытта тоқтату ұсынылды.
1989 жылы
Кеңестік әскерінің шығыны 53 адамды құрады. Оның 8 — і қазақстандық болды.
15 ақпан. Түстен кейін Ауғанстан кеңестік шекарашылар тастап шықты. Термез қаласында болған митингіде 40 — армияның қолбасшысы алдарына қойған әскери міндетті толық орындап шыққанын мәлімдеді.
2 — жүргізуші:
КСРО әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққан күнін атап өту қарсаңында «Қазақстан — 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауына қатысты Мәжіліс депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл жастарды ел үшін еңбек етуге шақырады.
«Ең алдымен айтарым, адам баласын жақсылыққа үміттендіріп, жақсылыққа жетелеген лазым. Жамандықтың бір кілті ашылса, адамның да, қоғамның да қалған өмірі күреспен өтеді. Елбасының Жолдауы Қазақстанның әлемдік деңгейдегі беталысы мен бағытын айқындап берді. Президентіміз Жолдауын жастарға арнады. Шын мәнінде, бүгінгі жастар өзгеше. Тәуелсіз елдің төл перзенттері, санасы тәуелсіз, ойы озық, білімі асқақ азаматтар. Жастар жауапкершілікпен қатар, ауыртпашылықты да сезінуі керек,»- дей келе Ауған соғысының ардагері бүгінгі еңбек майданын кешегі ауған соғысына теңеді.
«Мен көрген соғыс» атты бейнебаян үзінді көріңіздер
Ауған соғысының қасіреті кімдердің жүрегін жараламады десеңізші?! Азаматтық борышын атқаруға әскерге кетіп, табытпен оралғандары қаншама? Осындай ағаларымыздың хатынан үзінді тыңдаңыздар. (Күй орындалып тұрады.) Арайлым 10 сынып.
«Жауынгер хаты» (авторы М. Сергеев.)
Бауырым, бұл хатымды аласың ба?
Ауғанның тауларының арасында,
Бораған қорғасын оқ бас көтертпей,
Жатырмыз ессіз — түссіз жар астында.
Қоршаудамыз, барады айдан асып,
Анталаған жаулармен тайталасып,
Іздеп жатқан ел де жоқ артымыздан,
Шер — қайғыңды енді кімге айта аларсың?
Күңіреніп, күрсінеді Ауғанстан,
Жігіттер де шаршады сұм соғыстан.
Түн ортасы басталар қанды қырғын,
Жарылыстан — жарылыс – күл боп ұшқан.
Күні өтеді осылай жастығымның,
Жолдасымның естідім ақтық үнін.
Қансырады, құлады командирім,
Бірақ сырын алдырмай жатты күліп.
Күліп жатты жалғанның барлығына,
Өспей жатып жасыл гүл солды сонда!
Көтергенмен рухын жауынгердің,
Іште қалды — ау өкпесі тағдырына!
Басқа салды, біз көндік, амал қанша?
Тартысамыз дұшпанмен ала алғанша.
Қай бұрышта қалады бас домалап,
Алла білер, жортатын сапар қанша?
Кейде ойлайсың, сұм ажал алып кетсе,
Қопарылып, өртеніп жанып кетсем,
Бауырым, дән риза мен болар едім,
Осы хатым еліме барып жетсе!
Түсімізге енеді ақ қорымдар,
Дегендей ме, сездіріп сақ болыңдар.
Бәрімізде бір арман қоршаудағы;
«Сүйегіміз қалмаса екен жат қолында!»
1 – жүргізуші:
Құрметті қонақтар, ендігі кезекте келешегіміз бен жарқын болашағымыздың жасаушысы, жалындаған жас ұрпақтың арнауын назарларыңызға ұсынамыз.
6 — сынып
1. Өтер жылдап, ауқып тағы алыстап
Тағдыр талай тауқыметін табыстар.
Өздеріңді жырлап өтер ұрпағың
Ауғандағы азап шеккен арыстар
2. Армысыздар, ауғандық жауынгерлер
Жырым бар жараланған, жаныңды емдер.
Өлгендердің жәннәтта болсын жаны,
Тірілерің мың жаса, дәуірлеңдер!
Ерлік қылған ағаларым, аспан асты, жер үсті,
Біз сәндікке кимегенбіз деп шалбар мен бөрікті
Отан ана алдындағы өтеймін деп борышты,
Аттандыңдар, атқардыңдар соғысты.
3. Отан үшін оққа тосып кеудеңді,
Ерлігіңді, өрлігіңді ер көрді.
Бірге аттанған бауырларың жер жастанды, жерленді
Жебейді олар әруағымен сендерді.
Аналардың көл боп аққан көз жасы,
Жетім — жесір тағдырларын ойлашы.
Сол күндерді көрмесін бұл халқымыз,
Елі үшін құрбан болған ер басы.
4. Баласы батыр туғаннан
Денесін сумен жуғаннан
Батыр да халық қазақпыз
Кіндігін түйіп буғаннан
Даламен бірге қайнасып
Көкпенен бірге жайнасып
Көршімен тату, жауына қату
Қарасаң егер байқасып
Тамыры терең кететін
Жайнаған дархан мекенім
Бар ма екен шіркін жалғанда
Қазахияма жететін
5. Осындай елді құраған
Бабадан қалған мұрадан
Жастарға сарқыт ерлігі
Сел болар ақса жырадан
Ел үшін өткен батырлар
Шайырлар менен ақындар
Күш пенен түйсік, ақылды
Бағындыра алған дарындар
Олардың ерлік тәлімі
Халқына айқын мәлімді
Ұғына алса керекті
Қазіргі ұл — қыз хәліңді
6. Атойлап шапқан батырлар
Рухын қайрап ақындар
Ұрпағым аман болсын деп
Қыршынбасын деп жатырдан
Ел үші қиып құр жанды
Ұстанған елміз бір заңды
Биікке қойған қазақпыз
Ар — ұятпенен ұжданды
Жауына күшін көрсетіп
Ізіне ерген ел сеніп
Жастарға бүгін аманат
Жасалған істер белсеніп
Бабалар салған сара жол
Өшпейтін мәңгі дара жол
Ұрпаққа бүгін аманат
Қорғай біл халқым пана бол
1 — жүргізуші: Арал қаласына қатысқан Ауған соғысының ардагерлері:
Екі жүргізуші барлық Ауған соғысының ардагерлерін кезек кезек тізіп айтып шығады
«Ерлік — жан дүниенің ұлы қасиеті» деген екен бір дана қария. Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жауызымен елге аман – сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымызбен кездесіп, бүгінгідей сұхбат жүргізу – біз үшін бір ғанибет. Уақыт пен тарихтың мәңгі жадында қалған оқиғаларды өз басынан өткерген апаларымыз бен ағаларымыздың айтары да, бізге берер тәлімі де мол. Ендеше, сөз кезегі өздеріңізде, құрметті қонақтар!
Ендігі сөз кезегі алып бәйтерек, ауылымыздың мақтанышы болып жүрген ауған соғысының ардагерлеріне беріледі.
Сұхбаттасу
Оқушыларды толғандырып жүрген сұрақтар бар шығар, олай болса кезекті оқушыларға берейік. Оқушылардың сұрағы:
— Сіздермен бірге қазақ жауынгерлері болды ма?
— Сіздің Ауғанстанға аттанғаныңызды тума – туыстарыңыз білді ме?
— Ауған жерінде болғанда ауғандықтардың қандай екенін байқадыңыз?
— Бұл сұм соғысқа аттандыңыз ба?
— Сіз Ауған соғысы туралы фильмдерді көргенде шындыққа жанасатындары бар ма?
— Сіздермен шақырылған жігіттердің қаншасы елге оралмады?
— Соғыстың алдында сіздерге жаттықтыру істерін жүргізді ме? Әлде қару беріп жібере салды ма?
— Сіздерге үкімет тарапынан қандай көмек көрсетіліп отыр?
— Ауғанстанда тұратын қазақтар жайлы білеміз.
— Соғыс кезінде қандастарымызды кездестірдіңіз бе?
— Қазіргі бейбіт заман сарбаздарынан қандай батырлық, ерлік қасиеттерін көріп жүрсіз?
— Өз тәжірибеңізден қазіргі жастар өз елінің патриоты ретінде қандай болу керек деп ойлайсыз?
— «Ерлік, батырлық, жауынгерлік» ұғымдарын жастар арасында қалай насихаттаған дұрыс деп ойлайсыз?
— Сіздер Ауған соғысына барғанда шын өзіңіз ниетіңізбен бардыңыз ба, әлде Кеңес Одағының тапсырмасы болды ма?
1 – жүргізуші:
15 ақпан 1989 жылы 40 — армияның Ауған жерінен генерал Боир Громовтың шығуы еді. Шын мәнінде оқиға басқаша болған. Соғыс бітсе де шекаралар мен негізгі құрамалар қалдырылған. Соңғы шығушы қазақстандық офицер Виктор Харичев басқарған шекарашылар. Олар ешқандай сән – салтанатсыз. Құшаққа алған гүлдерсіз Ауған жеріндегі соғыстың ақырғы нүктесін қойды. Өкінішке орай бұны әркім біле бермейді.
Ауғанстан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 27 жыл өтсе де, сол кездегі жауынгерлер бүгінгі бейбіт өмірдің еңбеккерлері соғыс жарасынан айыға алмай келеді. Бүгін өзімізбен бірге елінің көсегесін көгертуге атсалысып жүрген ауғандық ардагер жауынгерлерді қадірлеп – құрметтеу – біздің борышымыз.
2 — жүргізуші
Мен қазақпын, Ұланымын елімнің,
Мен қазақпын, тірегімін жерімнің.
Ұланымын туын көкке көтерген,
Болашаққа алға бастап жетелер.
Қиындығын қазағымның әрқашан
Қайыспайтын қара нардай көтерер.
1 — жүргізуші:
— Өтер жылдар, айлар тағы алыстап
Тағдыр талай тауқыметін табыстар.
Өздеріңді жырлап өтер ұрпағың
Ауғандағы азап шеккен арыстар — деп ақын жырлағандай, өмір тоқтамайды, ерлік өлмейді, замандарға жалғаса береді. Бұған дәлел бүгінгі ортамызда жүрген ауғандық жауынгерлеріміз, бейбіт өмірдегі жарқын істері, қоғамдық жұмыстарға белсенділіктері, түрлі кәсіпті игерудегі ерен еңбектері ұмтылмақ емес.
2 — жүргізуші
Ерлік — елдің туы. Ер қуаты — қару болса, ел — қуаты батырлары, сақадай сарбаздары мен сардарлары. Халық қашанда қаһарман ұлдарын пана тұтқан. Отан үшін күрес, ерге тиген үлес. Халықтың осы даналығы қайда жүрсек те, қашанда жүрек дәптерінде, сана сахнасында сақтаулы жүрсе, қазақ баласы азаматтық парызын адал ақтауды ұмытпас. Ауған қаһармандарын қадірлеп, құрметтеп, рух жасампаздығымен жаңартайық.
Ән: «Байтақ елім»
1 — жүргізуші
Кешіміздің қорытынды сөзін мектебіміздің директоры береміз.
2 — жүргізуші:
Сонау Ауған жерінде қару асынып мұң арқалаған сын сағаттарда бірін — бірі бауыр дескен азаматтар бүгінгі таңда еліміздің түкпір — түкпірінде еңбек етуде.
Аяулы ағалар, уақыт тауып келгендеріңізге рахмет! Сіздерге ұзақ ғұмыр, денсаулық, жанұяларыңызға бақыт тілейміз! Аспанымыз ашық болсын, бейбіт өмір жасай берсін.
«Ауғанның асуында от кешкендер…»
Қызылорда облысы, Арал қаласы
№2 Облыстық арнайы санаториялық мектеп — интернаты
Оразгулова Дина Айнуровна — қосымша білім беру педагогы, тарих пәнінің мұғалімі
Дереккөз: http://bilimsite.kz/