Дағды әлде дарын

0

Дағды әлде дарын

Мектеп кезінен-ақ кей балалардың өзгелерге ұқсамайтынын аңғаруға болады. Ән, бейнелеу, немесе математика сабағы болсын үнемі басқаларды басып озатын бір оқушы болады. Және озат болу үшін оған артық күш салудың да қажеті жоқ. Ал сыныптастары болса, дәл осындай нәтижеге қолжетізу үшін аянбай тер төгіп, қарқынды еңбектеніп жатады. Міне, дарын мен дағдының арасындағы айырмашылық та осыған ұқсас.

Бұл қалай?
Алдымен, дарын мен дағды ұғымына анықтама беріп алайық. Екеуінің ара-жігін дұрыс айырып алу адамның жеке басының дамуына сауатты бағдар беруге, сонымен қатар, жетістіктің неден құраталытын түсінуге көмектеседі.

Дағды немесе машық — белгілі бір іс-әрекетті көп қайталау арқылы автоматизм күйінде орындауға мүмкіндік беретін қасиет.

Дарын немесе талант — адамда туа біткен, әлеуеті биік қабілеттер.

«Осы екі құбылыстың қайсысы адамның жетістікке жетуіне тиімді мүмкіндік береді?» деген сұраққа бірі: биіктерді тек дарындылық бағындыра алады десе, енді бірі: дағдыны дамыта отрып бәріне қол жеткізуге болады деген ойда. Кімдікі дұрыс? Бұл жайлы ғылым не дейді?

Дарындылықтың құпиясы
Дарындылықты «көктен берілген сый» деп, тылсым құбылысқа балайды. Шын мәнінде бірегейлік атадан балаға қанмен беріледі.

Дарындылықты зерттеу барысында ғалымдар бұрын соңды атлетикамен айналыспаған бір топ адамды жинады. Оларды бір бағдарлама бойынша жаттықтырды. Алайда, тәжірибе барысында олар әр түрлы нәтижеге қол жеткізді. Біреулері жақсы нәтиже көрсетсе, енді біреулер тіпті «орнынан қозғалмады» деуге де болады.

Бір қызығы, биологиялық мәліметтері ұқсас адамдардың нәтижелері де ұқсас болады. Атлетикалық жетістікте олардың генетикасы маңызды рөл атқарды. Яғни, егер ата-анаңыз белгілі бір салада жақсы нәтижеге қол жеткізсе, демек бұл қабілет сізде де болуы ықтимал.

Төзімділіктің статистикалық талдамасы бойынша жақсы нәтиженің 50%-ы генетикаға байланысты екені анықталды. Дарынды атлеттер — туа бітті спортқа генетикалық бейімділігі бар адамдар.

Дэвид Эпштейннің «Спорттық ген» атты кітабы бар. Осы кітапта дарындылықтың спорттағы атқаратын рөлі жайлы, және табыстың қандай жолмен келетіні туралы егжей-тегжейлі жазылған.

Қарқынды еңбек аздық етеді
Жақсы, спортты талқыладық.  Бұл жерде дарындылық қанға тікелей байланысты екенін білдік. Ал, ақыл-ой өрісіне дарындылық қалай әсер етеді?

Мичиган штатының зерттеушілері шахматшылар мен музыканттардың қызметіне талдама жасады. Зерттеушілер тәжірибе мен қызметтегі табыстылықтың арасындағы өзара байланысты іздеді. Нәтижесінде музыкада да шахматта да тәжірибе шеберлік деңгейінің тек үштен бір бөлігіне ғана әсер ететіні анықталды.

Демек, бұл жерде де тек қабілетті шыңдау аздық етеді. Зерттеушілердің жорамалдауынша табысқа жету үшін сол «туа бітті талант» қажет көрінеді.

10 000 сағат теориясы
Алдындағы тәжірибеге қарама-қарсы зерттеу бар, онда «10 000 сағат кез-келген адамнан нағыз маман жасай алады» деген тұжырымға келеді. Зерттеу скрипкашыларға жасалып, олардың шеберлік деңгейі тікелей музыкаға арнаған сағаттарына байланысты екені анықталы. Дарынсыз срипкашылар — 4000 сағат, орташа дарындылар — 8000, ал шебер орындаушылар — 10 000 сағат жаттыққандар.

Осыдан түйетініміз: қарқынды еңбектенудің 10 000 сағаты өз ісінің нағыз шеберін шыңдап шығарады. Бұл Малкольм Гладуэллдың «Outliers: The Story of Success» атты кітабының негізгі идеясы болып табылады. Шындығында, нақты мақсатқа бағытталған, көп жылдарға созылған қарқынды еңбек мидың осы бағытта тиімді қалыптасуына мүмкіндік береді.

Сонымен, қайсысы маңызды?
Зерттеу мәліметтеріне сүйене отырып, біз екеуінің де маңызы зор деген қарапайым қорытындыға келеміз. Негізгі іргетас ретінде адамға дарындылық қажет. Содан кейін, оған қосымша дағдыны да шыңдау нұр үстіне нұр болмақ. Иә, сол 10 000 сағаттық қарқынды жаттығуды пайдалану арқылы.

Қабілеттілікті дамытпасаң дарындылығың толық «ашылмауы» мүмін. Ал бейімділік болмай дағдыны дамыту бұл — бекер әурешілік. Демек жетістікке жету құпиясы: өзіңнің дарындылығың, және оған қоса қабілетіңді қарқынды шыңдай білу.

Егер дарының жоқ болса не істеу керек?
Демек, сіз оны жақсы іздемегенсіз. Себебі дарындылық деген — бір ғаламат қасиет емес. Ол сіз басқаларға қарағанда оңай, әрі шебер жасай алатын іс болуы мүмкін. Өз бойыңыздан дарынды табуға көмектесетін үш сұрақ ұсынамыз:

1. Сіздің жақындарыңыз сіз жайлы не ойлайды?
Кейде адамдар өзінің артықшылығын көрмейді. Есесіне, айналасындағылар оның қабілетін әрдайым байқап жүреді. Олардың сізден қандай қасиет байқайтынын сұрауға ыңғайсызданбаңыз. Мүмкін олардың жауаптарын бұрын соңды естіген боларсыз. Бұл ақпараттың сізге көмегі тиіп қалар.

2. Сізге не оңай беріледі?
Дарынды адамға әлдебір іс-әрекет оңай беріліп, бірден жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Балалық шағыңыздың кейбір сәттерін есіңізге түсіріңізші. Бұл тіпті кішкентай ерекшеліктер болуы да мүмкін. Есіңізге түскендерін бірден қағазға түртіп қойыңыз.

3. Сіз неден рахат табасыз?
Дарындылықтың тағы бір белгісі — атқарған істен рахат алуың. Есіңізге түсіріңізші, сіз қандай іс-әрекеттен жаныңызға жағымды бір «ғаламат» іс атқарғағандай, керемет рахат аласыз.

Дарынсыз адам болмайды — тек өз бойынан бір ерекшелік таба алмаған адам болады. Бұны дәл қазір тексеріп көрсеңіз де болады.

 

дереккөз:bilim-all.kz