Репетитор боламын десеңіз…

0

Репетитор боламын десеңіз...

Репетитор — үйде немесе қашықтан жеке сабақ беретін мұғалім. Түрлі пән бойынша жеке және топтық сабақтарды жүргізеді. Біз белгілі репетитор Вэл Щербактың тәжірибесіне сүйеніп, осы кәсіпте қалай табысқа жетуге болатынын әңгімелейміз.

Ата-анаға сиқыршы емес екеніңізді айтыңыз
Үшпен оқитын баланы бірден үздік бағамен оқитын оқушыға айналдыра алмайтыныңызды түсіндіріңіз. Өйткені көп нәрсе мұғалімге байланысты емес. Көбі ақша төлесек болды, білім мен жақсы баға бірден болады деп ойлайды. Сондықтан кейін ешқандай шағым мен түсінбеушілік болмас үшін басында айтып түсіндіргеннің айыбы жоқ.

Оқушы көңіліңізден шықпаса да, сіз оған ұнауыңыз керек
Әйтпесе, олар сізден қашып кетуі мүмкін. Ешқашан оқушыны төмендетпеңіз, керісінше, онымен дос болыңыз. Әзіл араластырып сөйлеңіз, сонда тез тіл табысып кетесіз және ол да қалжыңмен жауап қатады.

Ата-анамен әрдайым байланыста болыңыз
Оқыту бірқалыпты, нәтижесіз деп ойласаңыз да, ата-ананың көзқарасы басқаша болуы мүмкін. Оның үстіне, бала үйде сіз туралы не айтып жатқанын білмейсіз. Сондықтан оларға қоңырау шалыңыз, қарым-қатынаста болыңыз, идеяңызды бөлісіңіз, баланы мақтаңыз немесе кемшіліктерін айтыңыз (бірақ наразылығыңызды өте сыпайы түрде жеткізіңіз). Бір сөзбен айтқанда, ата-ана сізді көрсін, естісін, ақшаның желге ұшып жатпағанына көз жеткізсін.

Сабаққа дайындалып, жоспар құрыңыз
Импровизацияңызға және өзіңіздің педагогикалық талантыңызға сенудің қажеті жоқ. Әр істе тәртіп пен дайындық маңызды. Әсіресе, білім беруде. Бір нәрсені білмеймін немесе сұрақты дұрыс түсінбей қаламын деп уайымдамаңыз. Оқушыға бұл сұрақты анықтау керектігін айтыңыз. Кейін сұрақтың жауабын іздеп, оқушыңызға түсіндіруді де ұмытпаңыз.

Тәртіпсіз оқушымен қоштасыңыз
Егер оқушы себепсіз күле берсе немесе екі минут сайын сағатқа қарап, тапсырмаларды уақытылы орындамаса және тағы басқа жағымсыз әрекет жасаса, ондай оқушыға сабақ беруді тоқтатыңыз. Өзіңізге қысым жасап, қинаудың керегі жоқ. Әйтпесе, оған артық сөйлеп, тіпті, айқайлап жіберуіңіз де ғажап емес. Ал ата-ана мұны түсінбеуі мүмкін. Оларға баланың жеке сабақ алуға әлі дайын еместігін айтып, түсіндіріңіз.

Бала жалыға бастаса, сабақтың уақытын қысқартыңыз
Көп оқушы, әсіресе кішкентай балалар бір сағат сабаққа физикалық тұрғыда шыдай алмауы мүмкін. Егер бала жауапты, тез қабылдайтын болса, бірақ сабақтың соңына қарай есінеп әрі баяулай бастаса – сабақтың уақытын қысқартыңыз. Бұл туралы ата-анаға хабарлаңыз, олар қарсы болмауы мүмкін. Бірақ сіздің алатын ақшаңыз азаюы мүмкін, бірақ сіз үшін ең бастысы – ақша емес, нәтиже емес пе?

Сабақтан соң ақша сұрауды ұмытпаңыз
Егер сабақтан кейін оқушы ақша беруді ұмытса, есіне салудан тартынбаңыз. Келесі жолы береді ғой деп ойламаңыз. Кенет әкелмесе ше? Ол ақшаны ұмытып, жоғалтып немесе түрлі тәтті алуға жұмсап қоюы, ал мұны оның үйіндегілер білмеуі әбден мүмкін ғой.

Сабақтың болатынын алдын ала ескертіңіз
Сабақ кестесінің үнемі бірқалыпты болмайтынына дайын болыңыз. Сондықтан оқушының жағдайына бейімделуді үйреніңіз. Сабаққа кешігіп келуі, кей сабақтарды ескертусіз өткізіп алуы да ғажап емес. Тіпті, ұмытып кетуі де мүмкін. Сол себепті сабақтың болатынын алдын ала ескертуді ұмытпаңыз.

 

дереккөз: baribar.kz