Ешкімнен қаймықпайтын қайсар ұл
Қазіргі кезде ережесіз жекпе-жек өнерінің хас шеберлерінің біріне айналып отырған Қ.Ахметов 1987 жылы Алматы облысындағы Сарқан ауданының Бақалы ауылында дүниеге келгенімен, оның балалық және жастық шағы Алматының іргесіндегі Ащыбұлақ елді мекенінде өтті. Сол жерде жүріп, грек-рим күресімен шұғылданды. Бірқатар халықаралық турнирлерде жүлдегерлер қатарына қосылып, спорт шебері нормативін орындады. Қазақстан ұлттық құрама командасы сапына қабылданып, түрлі бәсекелерде ел намысын қорғады.
– Балуандық өнерде біршама табысқа жеткеніммен, ел чемпионатында топ жару бақыты маған бұйырмады, – деп бастады өз әңгімесін спортшы. – Содан ережесіз жекпе-жекке аңсарым ауды. Оған түрткі болған мына жайт: бірде Боралдай ауылында тұратын досым Алмас Жұпаровтың үйіне қонаққа бардым. Қасымда өзімнің сыныптас досым, грек-рим күресінен спорт шебері Қуат Хамитов бар. Алмастың әкесі әрі жеке бапкері Оңалсын аға «ережесіз жекпе-жектен бақ сынауға қалайсыңдар?» деген тосын ұсыныс жасады. Күш-қуатымыз бойымызға сыймай тұрған біздер бірден келістік. Келесі күні Боралдайдағы «Кристалл» спорт клубына барып, сол жерде жаттығып жүрген ең мықты деген қос спортшымен күш сынастық. Қуат та, мен де айқын жеңіске қол жеткіздік. Аталған клубтың бапкері Алмас Әлізақовқа өнеріміз ұнады. Сол кісінің қол астында бір ай жаттыққаннан кейін Алматыда үздіксіз ұйымдастырылып тұратын «Железная Орда» турниріне қатысуды ұйғардық. Бұл 2012 жылдың орта тұсы еді. Алғашқы кездесуімді «Саладдин» клубының өкіліне қарсы өткіздім. Қарсыласым менен әлдеқайда ірі. Салмағы – 65 кило. Бойы да әжептәуір ұзын. Ал менің салмағым небәрі 57 кило. Бірақ ұйымдастырушылар осылай деп ұйғарғаннан кейін шегінерге жол жоқ еді. Төреші белгі берген бетте екеуміз айқаса кеттік. Оңтайлы тұста оның мойнынан мықтап ұстадым да, қылқындыра бастадым. Қарсыласым тырп ете алмады. Арада бірер секунд өткенде төреші «тоқта» деді. Уысымды босатқан едім, ол сылқ етіп жерге құлады. Сөйтсем, қарсыласым есінен танып қалыпты. Міне, ережесіз жекпе-жек өнеріндегі менің алғашқы қадамым осылай басталды.
Екі-үш жекпе-жектен кейін-ақ Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін «Алаш Прайд» кәсіпқой клубы Қайрат Ахметовті өз қамқорлығына алды. Сол кезден бастап бірқатар халықаралық додаларда дара шыққан Ахметовтің атағы біраз жерге тарады. Ол елімізде және шет мемлекеттерде өткен көптеген турнирде топ жарды. Бір ғажабы, қандасымыз 2010-2017 жылдар аралығында өткізген 16 бәсекенің барлығында басымдық танытты. 15 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Өзінің әр жеңісінен кейін «Қара жорғаны» нақышына келтіріп тұрып билейтін қазақтың қолтоқпақтай жігіті барша көрерменнің көзайымына айналды.
– Әр спортшының өз «фишкасы» болады. Әсіресе айқас алаңына шыққандар сан алуан қимыл-қозғалыс жасап, түрлі әрекеттерге баратынын өздеріңіз де байқап жүрген шығарсыздар. Мен қазақтың биі «Қара жорғаны» таңдадым. Шыны керек, алғашқы кездері билеуге жүрексініп жүрдім. «Көрермендер оны қалай қабылдайды екен?» деген ой мазалады. Бапкерлеріммен ақылдаса келе, осыған тоқталдым. Қазір оған еш өкінбеймін. Менің орындауымдағы «Қара жорға» жанкүйерлердің көңілінен шыққанына сенімдімін.
Қазақстанда қарсылас шыдатпаған Қ.Ахметов 2015 жылы Сингапурде іргетасы қаланған ONE FC деп аталатын Азия құрлығындағы ең белді ұйыммен келісімшартқа отырды. Бұл ретте де ол өзінің мықтылығын мойындатты. Өзінің алғашқы кездесуінде Бразилияның мықтысы Адриано Мораесті ұпай санымен ұтқан қандасымыз жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуді иеленді.
ONE FС-де діттеген мақсатына қол жеткізгеннен кейін Ахметов әлемдегі ең белді ұйым – UFC-де күш сынасуды көздеді. Алайда, сингапурлық ұйым басшыларының әлі ешкімнен жеңілмеген өжет, батыл әрі сан қырлы осындай спортшыны ешқайда жібергісі жоқ еді. Аңсары Америкаға ауған қазақ спортшысының олар жолын бөгеп, екі жыл бойы жекпе-жекке шығармады. Ұзаққа созылған үзілістен кейін А.Мораеспен қайта шыққан Қ.Ахметов қарсыласына есе жіберіп, алтын белбеуден айырылды. Одан кейін тағы үш кездесу өткізген ол екеуінде жеңіске жетіп, бірінде жеңілістің кермек дәмін татты. Ал ресми деректерге сүйенсек, айтулы спортшы осы күнге дейін өткізген 20 бәсекенің 18-інде басымдық танытты. 11 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Екі кездесуде өз қарсыластарына ұпай санымен есе жіберді.
Қазіргі кезде 31 жастағы Қ.Ахметов үшін UFC-ға жол ашатын тағы бір тамаша мүмкіндік туындап отыр. Ол үшін жақында тұсауы кесілетін Гран-при турнирінде топ жару қажет. Әрине бұл оңай шаруа емес. Себебі ең үздік сегіз спортшының басын қосқалы отырған айтулы жарыста кіл мықтылар ғана өнер көрсетеді. Солардың қатарында қандасымыздың ескі таныстары да бар. Кезінде ол бразилиялық Адриано Мораес пен филиппиндік Джехе Эустахионы бір-бір реттен ұтып, бір мәрте ұтылған. Жарыс жолына шығатын басқа да жігіттер өте қарулы. Ал бұл Гран-придің басты фавориті – Деметриус Джонсон екені даусыз. 32 жастағы АҚШ спортшысы 2012 жылдың күзінде UFС ұйымының чемпиондық белбеуін иеленіп, сол атағын 11 мәрте сәтті қорғады. Бұл – рекордтық көрсеткіш! «Қуатты тышқан» деген бүркеншік есіммен танылған Джонсон барлығы 31 кездесу өткізіп, 27 рет жеңіске жетті. 15 жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтады. Үш рет ұтылып, тағы бір бәсекеде тең есеп тіркелді.
Десек те Қ.Ахметов ешкімнен қаймықпайды. Керісінше, осындай мықтылармен күш сынасуға мүмкіндік берілгеніне ол дән риза. Өзінің бір сөзінде қандасымыздың: «Бұл бір керемет жарыс болатынына еш күмән болмауға тиіс. Әсіресе мен Деметриус Джонсонның
ONE ҒС ұйымына ауысқанын естіп қатты қуандым, тіптен шаттандым десе де болады. Ол ережесіз жекпе-жекте ғана емес, күллі спорт әлемінде түбегейлі мойындалған тұлға. Дәл осындай деңгейі аса жоғары, аты аңызға айналған спортшымен айқасу менің көптен бергі арманым еді», деп ағынан жарылғаны бар.
Алаш жұртының Қайрат Ахметовке деген сенімі зор. Айқас алаңына «Қазақ» деген бүркеншік есіммен шығып жүрген қандасымыз Гран-при турнирінде барын салуға тиіс. Егер осы жоспар жүзеге асса, онда қазақтың қайсар ұлына UFС-ге даңғыл жол ашылады.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/