«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоршаған ортаны қорғауға 800 миллион теңге бөледі
Өңір тұрғындарына жарық пен жылу таратумен айналысатын алпауыт кәсіпорын экологиялық қорғау шараларына жылына орта есеппен 800 миллион теңге қарастырып келеді. Биыл да қоршаған ортаға келтіретін залал көлемін айтарлықтай азайтып, зиянды қалдықтарды барынша аз шығаруға, бұл мақсатқа озық технологияларды кеңінен қолдануға міндеттеніп отыр.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Анна Айтикееваның айтуынша, мекеме жылына зиянды заттардың шамамен 30 мың тоннасын бөліп шығарады. Берілген норма – 48 мың тонна. Яғни, бөлінген қомақты қаражат мақсатты жұмсалып жатыр деген сөз.
Компанияның еншілес құрылымы- № 2 Петропавл жылу электр орталығында экологиялық мониторинг зертханасы жұмыс істейді. Мұнда мамандар түрлі сынақтар жүргізіп, зиянды заттардың ауаға, жерге және суға шамадан тыс шығарылмауын жүйелі қадағалап отырады.
«Сараптама жүргізетін арнайы бекеттер атмосфералық ауаның, судың және топырақтың сынамаларын алып, олардың құрамындағы зиянды қалдықтардың мөлшерін анықтайды. Егер ол рұқсат етілген мөлшерден артық болса, бірден қоршаған ортаны қорғау бөліміне ескерту хат жолданады. Сөйтіп тиісті шаралар қолданылады» дейді Экологиялық мониторинг зертханасының жетекшісі Валентина Кротевич.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ы Петропавлға электр қуатын жіберетін құрылғылардың басым бөлігін алмастырып, жаңаларын орнатты. Олар енді маймен емес, газбен жұмыс істейді. Экологиялық таза өндіріске көшудегі маңызды қадам өзін-өзі ақтап отыр. Бүгінде ЖЭО-дағы 12 қазандықтың барлығына титандық эмульгаторлар, яғни арнайы сүзгілер қойылған. Олар қоршаған ортаны ластайтын күкірт, мазут шайыры мен күйе сынды қалдықтарды өзінде ұстап қалады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/