Әңгіме: Ілияс Есенберлин | Аққу құстар қуанышы
Көгілдір аспан аясында жасыл орманға бөленген көгілдір қала жатыр. Қала қай жағынан қарасаң да бірдей көрінген, сан қырлы гауһар тастай жалт-жұлт етеді. Керемет көрікті. Шығыс-күнгейі мен құбыласына дейін тұтаса созылған, аспанмен тілдескен ақ сәлделі таулары қандай айбарлы, сәнді десеңдерші! Кант бастары күн сәулесімен ойнап, көздің жауын алады. Бұл көшелері, көшені қуалай жүгірген арықтары әлі асфальт пен бетонға құндақталмаған соғыстан кейінгі Алматы. Бұнда әлі алты қабат, жеті қабат үйлер жоқ. Жиырма бес қабатты «Қазақстан» мейманханасы тұрғындардың қиялына да кірмеген. Сонда да қала сандықтан алып шыққан жаннат ішіктей құлпырып тұр. Сонау аспанмен тілдескен алып таулардың қойнауларынан, шатқал, арналарынан қуалай, қаланың шығысы мен батысын ала үш өзен ағады. Шығысындағыны — Кіші Алматы өзені, батысындағыларын — Көктем мен Жаман өзен деп атайды. Шығысындағы Кіші Алматы өзені сонау тау қойнауынан сарқырай шаттана күліп, тынбай ағып, қалаға жетеді де, кіре бере екіге бөлінеді. Бір қолы тасты, құмды Кіші Алматы өзенінің арнасымен төмен қарай құлайды да, судың екінші жартысы Бас арықты беттей жүйткиді. Бас арықтан әр көшенің екі жағын ала, тарам-тарам боп, қала бойын қуалай жөнеледі. Көгал көмкерген, әлі бетон кимеген бұл арықтар, нағыз бір тау етегіндегі тас бұлақтар тәрізді көбік атып секіре, сылқ-сылқ күледі. Сулары көз жасындай мөп-мөлдір, ұрттап қалсаң, тісіңді жарардай сұп-суық. Күндіз-түні сыңғырлап жатқан ағысының жылдамдығы ұшқан құсқа пара-пар бір кереметтер.
Ал осы көгілдір қаланың ақшыл, сұрғылт үйлерін алдыңғы жағынан, бүйірінен қоршай, қатарласа біткен сұңғақ бойлы қарағай, қайыңды, көлеңкелері көшенің тең жартысын алған жуан-жуан емен, қарағашты айтсаңдаршы! Бекіністерін жауға бергісі келмей күзетте тұрған жасыл шинельді алып солдаттар тәрізді. Тек анда-санда оқыс соққан желменен жасыл жапырақтарын ойната сыбдыр-сыбдыр қағады.
Міне, осы қала менің жаным сүйген қалам! Жазғытұрымғы бүрін ашқан алмұрттың, сәл қызғылт тартқан алманың, аппақ гүлдері өзінің қышқылтым, хош иістерімен жанымды рахатқа батырған қалам!
Қала бүгін де, күндегісіндей, сәнді-салтанатты еді. Күн Талғар асуынан сәл жоғары көтерілген. Таңертеңгі сағат тоғыздан асып бара жатқан шақ. Дәл осы мезгілде қаланың кең, әсем орталық көшесімен орта бойлы бір жігіт келе жатыр. Аяғында сарғылт бәтеңке. Үстінде ақ патсайы көйлек пен ақ жолды қоңырқай шевиот костюм. Өткір көзді, дөңгелек жүз, қыр мұрынды, қалың қара шашты. Отыздар шамасында. Ол әлденені ыңырсып, анда-санда жан-жағына, жасыл ағаштарға, көгілдір үйлерге қарап қояды. Бірақ көзін тоқтатпайды. Ойы, көңілі, бәрі бірдей, жанағы ыңырсып айтып келе жатқан әнінде тәрізді. Жігіт әннің ортасына дейін айтып келеді де, кенет дыбыс тізбектерін жоғалтып алғандай, сәл тоқтайды да, қайтадан ыңырси әндете бастайды. Бұл сәтте ол күтпеген кедергіге кездесіп, шегініп барып қайта жүрген адам секілді.
Сен әлде май айында шыққан гүлсің,
Жанымды өртендірген әлде күнсің?..
Жігіт кенет «күнсің, күнсің» деп тоқтай қалады да, ән әуенінің кейбір ноталарын басқаша өзгертіп, ыңырсып қайтадан бастайды.
Ал бұл жігіт қазақтың белгілі композиторы еді. Осыдан екі жыл бұрын қойылған операсы тыңдаушылардан өте жоғары баға алған. Өнеріне жұрт көңіл аударған, кешегі мол дарын…
Композитордың көшеде ән шығарып келе жатуының да себебі бар. Жақында көрші қаладан Алматыға Алмагүл атты әнші қыз ауысқан. Бұл тұс концерт ұйымы мен филармония жеке-жеке мекеме боп бөлінбеген кез. Эстрадалық әншілердің өлендерін, не музыкалық аспаптарда орындалатын репертуарларды филармония дайындайтын шақ. Жас әнші Алмагүл айтуға тиіс бірнеше жаңа өлеңдерді жазуды республикалық филармония басшылары осы әйгілі болып қалған композитор Ержан Есентаевқа тапсырған-ды. Қазір жазып үлгірген бір-екі өлеңін сол әнші қызға тыңдатуға композитордың келе жатқан беті еді. Әнші қыздың даусын сахнадан естігені болмаса, Ержан онымен тіпті таныс та емес-ті. Алмагүлдің музыкалық қабілетін де, тіпті даусының қаншалық күшті, әлсіздігін де жөнді білмейтін. Қызды тек сахнадан көргені бар. Сондықтан «әнім ұнар ма екен?» деген композитордың көңілінде аздаған қаупі де жоқ емес-ті.
Ержан Есентаев Пушкин көшесіндегі Алматының Верный кезінде купецтер клубы болған Жамбыл атындағы республикалық филармонияның үйіне жетіп, екінші қабаттағы бұл мекеменің көркемдік жағын басқаратын кісінің кабинетіне көтерілді.
Ол немістің қызғылт түсті «Блютнер» атты шағын роялі қойылған төрт бұрышты бөлменің есігін ашып, босағада сәл кідірді.
— Амансыздар ма? — деді композитор сол қозғалмай тұрған қалпында.
Кабинетте Алмагүл, Хамзе Сырнаев, Евгений Михайлов, Ханшайым және Хамит Тобықов отыр екен.
— Өзіңіз де амансыз ба? — деді үйдегілер. — Жоғары шығыңыз…
Хамзе Сырнаев. Арықтау келген, аққұба, орта жастан асып бара жатқан, қысық көздеу сыпайы кісі. Осы концерт мекемесінің директоры. Мінез-құлыққа да бай. Жоғары орындар жіберген.
Бұған көркемөнер мекемесін басқару қиынға түсті. Өйткені ол көркемөнерді -искусствоны тек жақсы көргені болмаса, бәлендей терең білмейтін-ді. Әсіресе алғашқы күннен-ақ «дүние тетігі менің өнерім» деп ойлайтын кейбір дарын иелерінің тілін табу жеңілге түспеді. Бірақ Хамзе Сырнаев шыдамдылық көрсетті. Партия жібергеннен кейін, оның сенімін ақтауға тырысты. Білмегенін білгісі келді.
Евгений Михайлов. Орта бойлыдан биіктеу, кен, маңдайлы, дөңес мұрын, көгілдір көзді, сары кісі, қазақ көркемөнерінің бір аяулы қайраткері болатын. Отызыншы жылдары Ленинград консерваториясының композиторлық бөлімін бітіргеннен бері, осы қазақ жерінде қызмет істеп келе жатқан. Қазақ музыкасын өте жақсы көретін. Негізі — халық ән-күйінен құрастырылған бірнеше опера жазған. Сонысына қарай музыкасының ерекшелігін, табиғатына тән үн құрылыстарын — колоритын пайдалана алған бұл композиторды қазақ қауымы бағалай біліп, үнемі қошамет көрсетіп келген. Қазір бұл консерватория профессоры және жақында осы республикалық филармонияның көркемдік жағын басқарушысы тіп бекітілген. Және дұрыс бекітілген. Өйткені қазақтың көркемөнеріне, дарынды жастарына жаны өте ашитын кісі. Хамзе Сырнаевтан Евгений Михайловтың бір артықшылығы, бұл көркемөнер адамы. Директордың білмегенін бұл біледі. Және «мен білемін» деп кеудесін ұрмайды. Кішіпейіл, сонысына қарамай, өзінің үлкен шеберлігі мен білгірлігі арқасында, қандай тентек, өзімшіл артисті болса да, өзінің айтқанына көндіре біледі. Міне осы екі кісі, Сырнаев пен Михайлов домбыраның қос ішегіндей, бірін-бірі толтыра алған. Филармонияда қандай игілікті жұмыс басталмасын, екеуінің даусы бір жерден шығатын. Бұл екеуінің ойы осы жақында алынған әнші Алмагүл қыз жайында да бір жерден табысты. Екеуі де жас әншінің үлкен дарын екенін түсінді. Сондықтан да жеке эстрадалық ансамбль құруды дұрыс көрді. Әрине, ансамбльдің бас кейіпкері, өзге артистердің түп кіндігі осы әнші қыз болуға тиісті. Сол себептен де оған арнап жеке әндер жазу осы Ержан Есентаевқа тапсырылды.
Ханшайым Әсенова. Сазға біткен сары ағаш секілді сымбатты, бұраң бел, бидай өңді, білектей-білектей қос бұрымы балтырына тиіп тұрған, сәнді киінген қарақат көз кербез қыз. Ханшайым Әсенова филармонияның бас әнші — солисттерінің бірі. Биыл ғана консерваторияны бітірген. Келмей жатып концерт мекемесінің жастары бұны комсомол ұйымының секретары етігі сайлаған. Ханшайым сахнадан өлең айтуды қаншалық жақсы көретін болса, қоғам жұмысына да сондай жанын бере істейтін қыз. Әсіресе дарынды жастар дегенде, өте мерейлі. Олардың келешегі дегенде қолынан келгенін аямайды. Білімі жетпейтініне училищеге, не консерваторияға түсуге көмектеседі. Сондай жомарт жанын Ханшайымның аяғысы келмеген адамның бірі Алмагүл еді. Әрине, Алмагүл бұрын сахна көрмеген жас әнші емес-ті. Рас, консерватория бітірмеген. Бірақ ол әжептәуір қалыптасып қалған эстрада әншісі болатын. Сахнадан алғашқы рет естіген кешінде-ақ Ханшайым егер бұны дұрыс тәрбиелесе алысқа баратынын бірден түсінген. Алмагүлдің даусының әдемілігі, тембрі — дыбыс ерекшелігі, ең жоғары ноталарға бара алмағанымен, тынысының кеңдігі, ән айту салты — мәнерлі, бәрі-бәрі бұны таң қалдырған. Енді осы табиғи өрен әншінің тезірек өсуіне көмектеспек болған.Ханшайымның бір қасиеті, өнер адамдарының кейбіреулеріне тән қызғаншақтық, көре алмастық мұнда тіпті жоқ-ты. Еліміздің халық өлеңін айтатын бір қызының жаңадан шығуы ерекше қуантқан. Сондықтан осы Алмагүлге бірден эстрадалық ансамбль құрып беріп, жаңадан репертуар дайындау керек деген Дирекцияның ойына түгелдей қосылған.
Хамит Тобықов. Бұл ана үшеуіне қарағанда тіпті басқа адам еді. Табиғаты да, талғам, түсінігі де аналардан өзгеше. Ой, сана, сезімдері соғыс алдындағы үш-төрт жыл бұрын өткен, бір жағынан патриоттық, екінші жағынан тап тартысының ең соңғы тыныстары ышқына шыққан қара дауылды мезгілдерде қалыптасқан. Сол жылдары қызмет бабында да ескен. Соңынан Ұлы Отан соғысына да қатынасқан. Бірақ жұрттай алдыңғы шепте емес, майданға таяу штабтарда интендант жұмысын атқарған. Бір-екі орден де алған. Сол себептен де ол өзін фашистерді жеңген шын майдангер санайтын. Сондықтан да болуы керек, соғыс кезінде, өздерінін өнерлерімен, керектіліктерімен Алматы секілді тылда қалып жұмыс істеген адамдарға, әсіресе артистерге менсінбей қарайтын. Артистердің өзінін ән-күйімен, халықтың рухын көтеретін өнерімен фашизмді жеңуге сіңірген еңбектерімен санасқысы да келмейтін. Соғысқа бармаған жанның бәрі тылда жасырынып қалған жауындай көрінетін оған. Адамның бір қиналар жері Тобықовтың сана-сезімінің соғыс алдындағы ауыр жылдардың өресінен өсе алмағаны еді. Соғыс біткеннен кейін бұрынғы қызметтерінен төмендетіп, филармониядағы ұлт аспаптары оркестріне бас әкімші — администратор етіп жіберген-ді.
Хамит Тобықов ұзын бойлы, екі ұрты суалған, тар маңдайлы, ұзын мұрын, қоңыр көзді адам еді. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі де біртүрлі қызық болатын. Қара галифе шалбарының екі жақ қалтасына екі қолын бірден салып, ұзын аяқтарын, көкқұтан тәрізді алға қарай лақтыра басатын. Және Тобықов өте секемшіл болатын. Ол өзгелерден гөрі Отан сүйгіш-патриот болып көрінуге өте құмар еді. Рас, кейде оның бұл мінезі адам күлерлік сорақылыққа да барып соғатын.
Әлдеқалай «Музыкалық мезет» пен «Түрік марты» — рондоны жазған Шуберттің неміс, ал Моцарттың австриялық екенін естіген ол оркестрдің репертуарынан бұл екі әйгілі еңбекті шығарып тастауды талап еткен. Сондай-ақ күйсандықта ойнайтын «Аппассионатаның» авторы Бетховеннің де неміс екенін білгенде тіпті өршіп кеткен. Тек «Аппассиокатакы» Владимир Ильич Ленин жақсы көрген дегеннен кейін ғана азырақ саябырлады.
— Жарайды, — деген ол галифесінің қалтасынан қолын алмаған қалпында шалжия тұрып,-Владимир Ильич жақсы көрген болса бұл шаруашылыққа тимей-ақ қояйық. — Музыкалы, әдебиеттік шығармаларды да «шаруашылық» деп атайтын оның ежелгі әдеті еді.- Бірақ «Музыкалық мезет» пен «Түрік маршын» немістердікі деудің қандай қажеті бар? Одан да бұл «шаруашылықты» Шуберттікі демей, Балабаевтікі деген анағұрлым дұрыс. Балабаев өсіп келе жатқан жас композитор. Оның қадірін осылай көтерген жөн. Ал «Түрік Маршын» Есиндікі деу керек.
Жұрт күлерін де, жыларын да білмеген. Көркемөнер қызметкерлерінің сорына қарай Тобықов көркемөнерді білмеумен бірге кейбір орындарға өзінің сенімсіз деген адамдары жайында естіген, не осылай болуы керек қой деген ойларын да жеткізіп тұратын. Бұдан оны принципшіл, совет идеясына шын берілген адам деп түсінетіндер де табылған. Мұның үстіне Тобықов өзінің тайыздығына қарамай, өте мансапқор жан еді. «Егер бұл мекемені мен басқарсам, әрине, жұмысты мына директордан анағұрлым оңды істер едім» деген ұғымы күшті жатқан.
Осындай күйде жүргенде бұрынғы директордың орнына үкімет Хамзе Сырнаевты жіберген. «Ендігі кезек менікі» деп дәмеленіп жүрген Тобықов, кенет өңі қуқылданып, іштен тына қалған.
Сол күннен бастап Хамзе Сырнаев туралы естіген жақсы, жаман қауесет, өсектерінің бәрін жинауға кіріскен филармонияға алынғанына бір ай жетпеген жас әншіге дирекция жаңа эстрада ансамбль құрайын деп жатыр дегенді естігенде құлағы елең ете қалған. «Бұл қалай? Біздің мекемеде баяғыдан бері жұмыс істеп келе жатқан әншілер аз ба? Жеке ансамбль құрып көтергісі келсе, солардың бірін неге көтермейді? Жоқ, мұнда бір гәп бар… Анығына жету керек. Мүмкін, бұл арада біз білмейтін жаңа адамға қызығу тәрізді бір құпия сыр бар шығар? Ал Алмагүл секілді нағыз қып-қызыл піскен алма тәрізді көрген сәттен-ақ дәмін татқың келіп тұра адамға қызықпау мүмкін емес. Әрине, біреудің келіншегіне қызығу үлкен күнә, бірақ моральдық тұрақсыз жандарға ондай жеріктік қылмыс емес…»
Сол күннен бастап Тобықов Алмагүл мен Сырнаевтан көзін бір тайдырған жоқ. Ана екеуінің әлдеқалай басы қосыла қалса, Тобықов сол арада тап болады. Ана екеуінің осы арада кездесетінін иіскеп біле ме, қалай, түсіну қиын… Міне бүгін де бұны әдейілеп ешкім шақырмаса да, Михайловтың кабинетіне өзі келген.
Алмагүл Жақанова. Бұл Тобықов айтқандай, піскен алмадай қып-қызыл келіншек емес еді. Бұған қазақтың «Өзі қайың, өзі тал. Өзі шекер, өзі бал» деген теңеуі дәл келетін тәрізді… Рас, Тобықовтың сөзінің бір жері дұрыс. Алмагүлді көрген адам қызықпай қалмаса керек-ті. Қыпша бел, жаудыраған бота көз, пісте мұрын, оймақ ауыз, қазақ ұғымындағы шын сұлу. Ал мінез, қылығына келсең — іші-бауырыңа кіріп кетуге бар, тірі жанға қатты сөз айтуды білмейтін, «ағатайлап» тұрған бір періште. Түр, келбеті мінез, қылығына сай, табиғат бұған ғажап дауыс бергенін айтсаңдаршы! Алмагүл өлең айтқанда, тыңдаған адам тырп ете алмайтын. Ықшам бойына қарамай, сонау жез таңдай, күміс көмейінде тоқсан бұлбұл қосылып, сайрап тұрғандай. Даусының кеңдігі, әдемілігі соншалық, жұмақтағы қор қыздарының үнін естігендей боласың. Әсіресе, Алмагүл еліміздің халық әндерін айтқанда, әр әннің ырғағын толқындата шырқағанда, даусы шымырлатып бойыңды алып, көңіліңді тулатып, бір рахат дүниесіне енгізеді.
Осы үйдегі жұрттың бүгінгі бас қосуына себепкер — Алмагүл еді. Оған жеке ансамбль құрып, жаңа репертуар жасау қажет болатын.
Ержан Есентаев жұртпен амандасып болып, терезе алдындағы орындыққа отырғаннан кейін өзіне мөлие қарай қалған Алмагүлге көзін аударды. Дәл осы бір сәтте келіншек композиторға керемет сұлу болып көрініп кетті. Бұрын Алмагүлді Ержан бір-ақ рет сахнадан ғана көрген. Онда түрінен гөрі даусына таң қалумен болған. Ал қазір… Бетінде де, ернінде де ешбір бояу жоқ, аппақ жұмыртқадай, тостағандай жаудыраған бота көзінен өзіне бір ыстық жарық шашып, құлпыра қарап, уыздай ұйыған сұлу келіншек отыр… Әнші келіншектің көз қарасынан композитор өзін біреу ішіне от тастап жібергендей сезінді. Сасқанынан өзіне-өзі іштей: «Жарайды, сұлу екенсің. Бірақ ішіңде не жатыр, алдыменен соны көрсет» деді. Композитор неге кенет толқи қалғанын өзі де түсінбеді. «Егер әдемі болса, бұған Алмагүл айыпты ма? Ержанның оның ішкі дүниесін білгісі келетіндей қандай қақысы бар? Алмагүл көрген жердей бұған бір сезім білдіргелі отырған жоқ қой. Қараса, кімге кім қарамайды? Онда не тұр?» Дегенмен көз қарастың да көз қарасы бар ғой, композитор Алмагүлдің сонау бір бейкүнә жаудыраған көзінен өзіне деген бір орасан жылылықты сезді. Бірақ сол жылылық іштегі сезіммен, жан дүниесімен ұштасып жатыр ма, әлде бұл оқыс, өзінен өзі тұтқиыл туған таңсық көңіл серпіні ме? Оны кім білген.
Осындай жағдайда отырған композитордың ойын Евгений Петрович бөліп жіберді…
— Уақытты босқа өткізбейік, Ержан. Кәне жазғандарыңды ойнашы енді…
— Екі ән жаздым, — деді Есентаев рояльдің жанына отырып жатып. — Даусым бәлендей жақсы болмаса да, түсінікті болу үшін өзім айтып берейін.
— Әндеріңіздің сөздері де жазылып үлгерілген бе еді? — деді Ханшайым. — Кім жазды?
— Жоқ, сөзі әлі жазылған жоқ,- деді композитор рояльдың пернеклавиштарын сынағысы келгендей саусақтарымен бір-екі рет аккорд алып басып көріп, — музыкама дәл келетін өзіме таныс бір ақынның өлеңіменен айтып көрейін…
Ержан шығармасын алдыменен күйсандықта өзі бір рет ойнап өтті. Алмагүл күйсандықтың үні шыққан сәттен-ақ музыкаға бар ынтасын салып тыңдай қалды.
Екінші рет Ержан күйсандыққа қосылып өлеңін өзі айтып берді. Композитордың даусы да қоңырқай әдемі екен. Күйсандық пернелерінің қошеметті дыбыстарына қосылып, үй іші керемет бір әдемі салтанатты аяулы үнге толды.
Сен күлгенде, мен де мәз боп күлгенмін,
Сен жыласаң, мені-дағы құшты мұң,
Аяғам жоқ, сәулем, қолдан келгенін,
Аяғам жоқ жүрегімнің ыстығын…
Композитор бұдан әрі ойнаған жоқ. «Қалай екен?» дегендей жұртқа қарады. Алмагүлдің көзіне көзі түсіп кетіп еді, оның шаттана қалған жаудыр көзінде тұнып тұрған мөлдіреген жасты көрді. Ержан әнінің жас сұлуға ұнағанын білді.
— Жақсы! — деді Евгений Петрович.
— Өте жақсы! — деді екі бетінің ұшы арайланып, балбырап кеткен Ханшайым. Барлығы енді Алмагүлге қарады.
— Неге «жүрегімнің ыстығы»делінеді бұл өлеңде? — деді әнші келіншек, әлде неге толқып кетіп,- бұл музыкаға «жүрегімнің жылуы» деген келісімді,- композитор кенет Алмагүлге бір түрлі сүйсіне қарады.
— Бұл өлеңнің екінші түрі бар, — деді ол, — онда жылуы делінген.
— Соны айтып беріңізші.
Ержан айналмалы орындықпен күйсандыққа қарай бұрылды.
— Жоқ, жоқ,- деді Алмагүл, — музыкасын ойнамай-ақ қойыңыз, тек өлең сөзін ғана айтып беріңізші.
«Қызық екен» дегендей композитор иығын бір көтерді де, келіншекке қарай бұрылып, даусы сәл қырылдай, өлең сөзін ақырын тақпақтай бастады.
Сен күлгенде, мен де мәз боп күлгенмін,
Сен жыласаң мен де ішкем қайғы уын.
Аяғам жоқ, сәулем, қолдан келгенін,
Аяғам жоқ жүрегімнің жылуын.
— Міне сіздің әлгіндей әніңізге осындай сөз лайықты, — деді Алмагүл екі көзі бірдей жанып. Ол аяғын сәндене басып күйсандықтың қасына барды. — Ал сіз ойнаңыз, мен қосылып көрейін…
Композитор әлденеге таң қалғандай, әнші келіншекке бір қарады да, күйсандықта ойнай жөнелді. Сол сәтте, пернелердің қоңырқай үніне қосыла, сүйген адамынан жан-тәнін аямағанын қуана жеткізгендей, шаттана шыққан келіншектің ғажайып әдемі даусы қосыла кетті. Үйдегілердің бәрі тына қалды. Тек Тобықов қана қойын дәптеріне бірдемелерді жазып жатты. Келіншек даусы шынында да керемет сазды, сұлу екен. Оның үстіне ән өзінше бір аяулы серігіне арналғандай, шын жүрегімен айтып тұр. Бір сәт ол, әннің биік жері төртінші жолдың бас кезіне келгенде, даусын құз басына қос қанатып әлсін-әлсін сермеп зымырап көтерілген лашын құстан екпіндей жоғарылатып, кенет төмен құлап барып, көк толқынның үстінде жер бауырлай ұшқан ақ шағаладай, кең тыныспен төменгі ноталарда ұзақ ұстай келіп, бір сәт «жүрегімнің жылуын» деген сөзді жұртқа ап-анық жеткізе, кілт тына қалды.
Музыкасын да, сөзін де алғашқы естіген адамның әнді мынандай етіп нәшіне жеткізе айтып бергеніне үйдегілердің бәрі де аң-таң. Және қандай етіп айтып берді десеңдерші!
Аздан кейін ғана барып Ханшайым:
— Тамаша! — деді. — Ән де оңды, орындауы да тамаша шықты.
— Өздерің бізден бұрын жаттығысып алғансыңдар ма? — деді күліп Евгений Петрович.
— Жоқ,- деді әлі таңырқап отырған Ержан. Бұл әнді ол өткен түнде шығарған. Тіпті нотаға да түсіріп үлгірмеген еді. Сондай әнді бір рет естігенінен әнші келіншектің дәл осылай етіп қағып алғанына ол шын таң қалып отырған. Және айтушы өз өлеңінің бұл білмейтін жаңа бір астарларының да бар екенін де бұған ашып берген. Ержан Алмагүлдің құр ғана сұлу және әнші ғана емес, жан сезімі де терең, бұрын-сонды кездестірмеген ерекше туған жан екенін түсінген.
— Әніме өзім ойламаған көрік беріп айттыңыз, — деді толқуын баса алмай отырған Ержан. — Сізге көп рахмет!
— Мұндай тамаша ән шығарған Сізге рахмет! — деді күліп Алмагүл. — Бұл әніңізді мен алдым. Және әр, концертімде айтып жүруге уәде беремін. Ал енді екінші әніңізді ойнанызшы…
— Жоқ, — деді Ержан. — Екінші әнім сіздей адамның айтуына әлі жарамайды. Әлі де өндей түсуім керек.
Алмагүл жымиып күлді.
— Әніңіз менің репертуарыма жазылған болса, оның өңделуіне мен қатыссам қайтеді?..
Композитор не дерін білмей сасып қалды. Ержанның орнына Евгений Петрович жауап берді.
— Дұрыс,— деді ол, — композитор мен әншінің бірігіп жұмыс істеуіне не жетсін. Солай етіңдер. Тек сендерге әндеріңнің сөзін жазатын ақынды қосып алған жөн…
— Және таңдаған ақындарыңмен Алмажанның бүкіл жаңа репертуарының сөздерін жаздыруға шартқа отыруға біз дайын,- деді Сырнаев.
Бағанадан бері «не айтар екен?» деп жұрттың аузына кезек-кезек қарап отырған Тобықов дереу қойын дәптерін алып бірдемені түрте бастады.
Бұл күні Ержан мен Алмагүл үйлеріне бірге қайтты. Екеуі көзге көрінбейтін шынжырмен байлап қойғандай бірінен бірі айрыла алмай, Алматының жасыл төккен сәнді көшелерінде ұзақ жүрді. Бірақ олар екеуінің де күректерін ақ тиіндей ойнатқан кенет пайда болған тәтті сезімдерін сөз еткен жоқ. Бар әңгімелері Ержанның Алмагүлге деп шығарған екінші өлеңі жөнінде болды. Бір сәт осы әннің кенет екеуі қосыла айтқан шумақтарынан екеуінің де жүректерінің жақындай түскенін сезгендей еді олар…
Сол күні түнде бозарып таң атқанша Ержан ұйықтай алмай шықты. Дауылдың келе жатқанын өзге құстан қарлығаш бұрын біледі деген қазақта ұғым бар. Сол құстай композитор Есентаев келе жатқан дауылды сезді ме, және сол дауыл ұясын — үй ішін бұзатындай кенет әбігерлене қалды. Әлсін-әлсін балаларының бөлмесіне барып, тып-тыныш пысылдап ұйықтап жатқан екі ұлының ай сәулесі түсіп тұрған мүбәрәк беттерінен кезек-кезек сүйді. Бүгін сүйін, мейірін қандырмаса, ертең мұндай мүмкіншілік болмайтындай. Сосын кабинетіне келіп жатады, бірақ ұзақ жата алмайды. Қайтадан балаларының бөлмесіне барады. Қайтадан шығады. Ал көрші бөлмедегі жұбайы Жәмиланың есігін ашпайды, тек есіл-дерті балаларының бөлмесі, балалары…
Композитор Ержан Есентаев неге осыншама әбігерленеді? Расыменен, бүгін жүрегінде туған махаббат самалын сондай қауіпті дауылға айналады деп қорқа ма? Демек, махаббат сондай дауылға айналған күнде де, оған қарсы тұру, үй-ішін бұздырмау, құлаттырмау өзінің қолында емес пе? Иә, өз қолында.
Осы түнде Алмагүл де ұйықтай алмай шықты. Асқармен қосылғанына әлі жыл толған жоқ. Бұл жүрек қызуы түгіл, дене қызуының да басылатын мезгілі емес. Соған қарамай, бүгін күйеуінен теріс бұрылып жатты. Міне енді таң да саз бере бастады. Ал Алмагүлдің көзі ілінер емес. Расымен бұның да тыныштығын алып жанын жегідей жеп бара жатқан бәз-баяғы махаббат па? Солай тәрізді. Рас, Алмагүлдің баласы жоқ. «Ал Ержанның екі баласы бар емес пе? Бағана әңгіме арасында өзі айтқан. Әкелерін сол жас нәрестелерден айыру обал болмай ма? Жоқ, жоқ, обал түгіл қылмыс. Бірақ махаббат өзін үшін өзгені айыптайтын тас бауыр күш қой, оны қалай жеңесің?.. Жоқ, жоқ, мені ондай шешімге апарар жүрегімде шын махаббат әлі туған жоқ қой…» Екеуінің бүгінгі қыдырғаны есіне түсе береді. Сол қыдырғандары, сөйлескен сөздері, айтқан әндері есіне түскен сайын жүрегін, бойын бір ыстық сезім билей жөнеледі.
II
Бірлән консерваторияны жана ғана бітірген кезде оның екі кішкентай қызы, қатардағы қызметкер күйеуі болатын. Жұрттай жиһаз-мүліктері де жоқ еді. Рас, қыздарының үлкені Бибіш қайтыс болған дос келіншектен қалған еді. Бірақ нәрестесінен бауырларына салғандықтан өзіне де, күйеуіне де өздерінен туғандай болып кеткен. Екеуі де Бибішті жандарындай жақсы көретін.
Бірләннің алғашқы артистік жолы бірден даңғылға түсіп кеткен жоқ. Әрине, бұның бәрі уақытша дүние ғой. Дарын мен еңбек бар жерде, адамның басына алтын сарай да орнатылған. Аянбай оқып, әншілік өнерді меңгеруге күндіз-түні еңбек еткен Бірләннің де айы оңынан, жұлдызы солынан туар күні таяп келе жатқан-ды.
Бірлән Бекежанова бір кезде Көкше теңіз аталған, шынында теңізге бергісіз ұшы-қиыры жоқ Балқаш көлінің жағасында туған. Сұңғақ бойлы, қара торы келген, бұлбұл үнді әнші әйел асқан сұлу еді. Әйелге әдемі болу абзал. Әсіресе көпшіліктің алдында сахнаға шығатын өнер иесі әйелдерге әдемілік, сүйкімділік жұрттың көңілін базар етерлік үлкен байлық. Ал Бірләннің тоқпақтай етіп желкесіне түйіп қоятын,. қою қолаң шашы үнемі түрін ашып тұратын. Шынына келсек өнер адамын сұлу , ететін оның өнері. Бірләнді де жұртқа сүйкімді еткен соның даусы еді. Бірлән — Алмагүл, Ханшайым тәрізді эстрада әншісі емес, опера әншісі. Ал, бұл әншілік өнердің ең жоғары сатысы саналады. Опера классикасын айту, «Риголетто», «Чио-Чио-сан», «Травиата», «Кармен», «Евгений Онегин», «Біржан-Сара» тәрізді операларда бас роль орындау ең дарынды, ең опера өнерін игерген әншілердің үлесі. Ондай рольдерді орындау бұл әншілердің өздеріне де үлкен сын. Ондай сыннан өту қандай әнші болмасын оның дүниедегі ең бас арманының бірі. Ал Бірлән да бұл сыннан әлі өтпеген әнші еді. Сол сыннан, сол биіктен өтемін деп қанатын жана қаға бастаған. Бірақ оның сол талпынуына әлі де аяғын шырмаған, тілегін құм етер бөгеттер аз емес еді. Соның бірі, тіпті бас бөгеті — күйеуі еді.
Сақан Шағаев. Бұ да сол аспандай көгілдір, көз жасындай ащы сулы алып Балқаштың жағасында өскен. Бірләнмен бір мектепте оқыған. Бұлардың да махаббаты сонау төртінші-бесінші класта оқып жүргендерінде, балалық ойын,- біріне бірі қар лақтыру, бірінің бірі кітап салған сумкаларын алып қашудан басталған. Жастығынан ба Бірлән да Сақанды өзгелерден өзгеше көрген. Тек бертін келе, кәмелетке жетіп, екеуі үйленгеннен кейін мінезді Бірлән бұл қызғаныштың қандай қияпат екенін түсінді.
Сақан ән де салмайтын. Өлең де жазбайтын. Қолынан келмейтін нәрсеге кей жігіттер әуес келетін әдеті, бұнда ондай да мінез болмайтын. Өлең, әнді бәлендей жек көрмегенмен (бұларды жек көру есі бар адамға тіпті мүмкін емес қой) сүйіп қосылған Бірләнін тек өзінікі санағандығы соншалық, ол енді әйелін ән-күйден, Бірләннің жанындай жақсы көрген өнерінен де қызғана бастады. Қызғаншақтық — кең дүниені тар еткізетін кесел. Өз мінезінен өзі құса болған қайғыдан жаман қайғы жоқ. Ол адамды іштей жегідей жейді. Бір кездегі денелі, салмақты жас жігіт, енді күжірейген, қас-қабағы түнерген, ашулы кісіге айналды. Қызмет бабында қанша өскенмен, ол Бірләнға өнер адамы, әнші, қоғамға керек дарын деп қарамады. Сақан оған менің әйелім, меншікті мүлкім деп қарады. Бірләннің кешке таман жұмыста болуын, тек оның жұмысымен ғана байланыстырмады, ал егер Бірлән сахнада ойнап жүрген роліне сәйкес біреумен сүйісе қалса, бұл ызадан жынданып кете жаздайтын. Сақанды осы бір жәйт Бірләнға көркемөнермен шұғылдануға мүмкіндік бергізбеуім керек деген қорытындыға әкелді. Бірақ бұл ойға, өзінің кеш келгенін түсінді. Сөйтсе де ол әйелінің артист болуына көне алмады. Осыдан барып екеуінің жолы екі айрылды. Бірлән екі баласы бола тұра, өз өмірінен, сахнадағы өмірін жақсы көрсе, ал Сақан әйелінің сахнадағы өмірінен өз өмірін жақсы көрді. Ол енді әйеліне: «Сахнаңды таста, өзге жұрттай мына екі баланды тәрбиеле, маған, қыздарына қара, егер бүйте алмасаң үйден кет, қыздарымды өзіме қалдыр» деді. Сонда ғана Бірлән бар жанын, ойын, жүрегін сахнаға арнаған адамға, егер бақытты семья құра алмайтыныңды білсең күйеуге шығу керек емес екенін, әсіресе сені түсінбейтін, сенін өнеріңді бағаламайтын кісімен қосылу күнә екенін ұғынды. Әрине, Бірлән сахнасын тастай алмайды, өйткені оған ән, сахна өз өмірінен қымбат еді. Жаны, арманы, қуанышы, бақыты — бәрі тек көркемөнерде ғана болатын. Міне осындай жағдайда Бірлән «көркемөнер құрбандықсыз болмайды» деген қағиданың қаншалық дұрыс екенін ұқты. Амал жоқ, енді семья қызығын құрбандыққа шалып, Сақаннан айрылуға бел буды. Бірақ оған екі қызын қимады. Қандай ана ішінен шыққан балаларын тастап кете алады, Бірлән да тастай алмады. Ол енді Сақанға «тек қыздарымды өзіме қалдыр» деп жалынды, жалбарынды. Бірақ Сақан оған көнбеді. Әйелінің осал жерін түсініп алып, кей күндері балалар бақшасындағы қыздарын қаланың шетіндегі бір жамағайын қарындасының үйіне апарып тастауды шығарды. Мұндайда Бірлән екі көзінен жасы сорғалап жалынып, жалбарынатын. Ертеңіне күйеуі қыздарын әкеп беретін. Бірлән қос нәрестесін бауырына қысып, айналып-толғанып, бір сәт қуаныш құшағында рахаттанатын. Бірақ екі-үш күннен кейін ескі оқиға қайтадан басталатын. Қысқасы, бірінен бірі рухани тым алыстап кеткен екі идам, араларында пайда болған тұңғиықтан өте алмады. Әсіресе, Сақан лажын тауып өткісі келмеді. Ақырында ол Бірләннің балаларын тастап кете алмайтынына әбден көзі жеткеннен кейін, түнде театрдан қайтқанда, екі көздері төрт болып шешелерін күтіп отырған екі қызын көрсетпек түгіл, үйге кіргізбей қойды. Жанжал шығаруға намыстанған Бірлән бірде дос әйелдерінің үйлеріне барып қонып, бірде көрер таңды көзімен атқызып түні бойы көшеде жүріп шығатын. Сөйтсе де ертеңіне тағы театрына баратын. Түнімен ұйықтамағанына қарамай, көзі кіртие тұрып Чио-Чио-Санның ариясын айтатын. Бақытсыз күйін көркемөнер қуанышымен жеңбек болды.
Міне, осындай, өзіне өте қасіретті күндерінің бірінде Бірлән Сырым Имановпен кездеседі.
Бұл «Риголетто» операсының репетициясының алғашқы басталған күні болатын.
Сырым Иманов. Аққұба, қызыл шырайлы, қою қара шашты, үлкен қоңыр көз, көгілжім тартқан боз қайың тәрізді сымбатты келген жас жігіт, өткен жылы Москвадағы Гнесиндер атындағы көркемөнер институтын бітіріп, содан кейін Италияда жаттығу мерзімінен өтіп, жақында Алматыға келген. Әке, шешесі Орталық Қазақстаннан шыққанмен өзі қазақ жерінін күнгейінде туып-өскен. Мінезге де бай, өнеріне де шебер. Ол Италияда жаттыққандықтан, қазақ әндерін айтуда, ән ырғағын итальянша құбылтуда тамаша жаңалықтар кіргізуге тиісті еді. Лирикалық әдемі тенор даусы бірден жұртты өзіне тартып әкетті. Опера театры бұдан бұрын да Maнарбек, Байғали, Мүсілім секілді тамаша тенор әншілерді білетін. Ал Сырым бұлардан өзгеше болып шықты. Даусының әдемілігі, күштілігіне қарай, әсіресе бельканто деп аталатын әнді итальяндарша орындау мәнерімен орындауы қазақ көркемөнерінде жаңалық қана емес, жақсы жаңалық, кең өріс беретін жаңалық еді. Сырымның ең алғашқы опера сахнасына шыққан күні-ақ жұрт опера өнерінде жаңа жұлдыздың туғанын түсінді. Бұны опера артистері де ұқты. Бұған біреулері қуанды, ал біреулері… Жоқ, әңгімеміздің бұл арасын кеңірек түсіндірерлік. Өйткені, солай ету ете керек-ті.
Жалпы адамға тән жақсылық та, кемшілік те артистерге де тән. Тек бұлардың кейбіреулерінің көңілі, құлқы тар. Өзгелерді көре алмаушылық басым. Өзге ой, өнер адамдарынан гөрі, бұлардың кебінің мінез-құлқында жеке дарашылық — индивидуалистік ерекше орын алады. Ал ондай қасиет түбі өзін өзгеден, ал өзінің өнерін өзгенің өнерінен артық санауға апарады, жолдастарының дарын қасиеттеріне әділеттік көзбен бағалауға мүмкіндік бермейді. Осыдан барып, өзінен асып бара жатқан өзге жолдастарын көре алмастық, қызғаншақтық сезімдер туады.
Сырым қазақ сахнасына келген жаңа жұлдыз екенін операның бар коллективі қошаметтеп қарсы алды. Бірақ, тек бір-екі әнші қабылдамады. Бұлар да жақсы әншілер еді. Бұрын осы театрдың бетке ұстаған жұлдыздары десе де болады. Әсіресе осы әншілердің біреуі өзінен бөтен басқа жарық жұлдыздың көркемөнер төрінде пайда болуын ұнатпады. Ол осы күнге дейін өзінің отырған опера төрін ешкімге бергісі келмеді. Бірақ ол «төрімді бермеймін» дегенінен ештеңе шықпайтынын өзі де жақсы білетін. Және Сырымның бұдан әншілігінің артық екеніне де дауласпаған. Ал ішті өртеп бара жатқан қызғаншақтық тағы қоймады. Жоқ, ол әншінің өзімен емес оның даусымен күресуге шықты. Енді осы әнші — аты Жақыпжан еді, Сырымның жұрт қошеметіне іліккен күннен бастап қасынан шықпады. Жұрт тәрізді бұ да қолын аямай шапалақтап: «Сен нағыз әншісің! Жоқ, асқан әншісің! Мен сенің дарыныңа, әншілік өнеріне бас иемін!» деп сахнадан түскен Сырымның бетінен сүйді. Содан кейін қолтықтап жас әншіні ресторанға апарды. «Сенін әншілік құрметіне» деп әлсін-әлсін тост көтереді. Жас әнші бұның қошеметіне де, достығына да сенді. Алдыменен жаңадан пайда болған ағаны сыйлағаны үшін ішсе, соңынан өзінің шын ұлы әнші екені үшін ішті. Өзін әлсін-әлсін ресторанға әкеп жүрген халыққа әйгілі мынандай аға әншінің «кереметсің!», «ұлысың!» дегеніне, халық құрметіне іліге бастаған жас әншінің сенбеске қақы жоқ еді. Енді ол өзін «Шын ұлы, шын асқан әнші екенмін» деп ойлады.
Міне, Сырым осылай ішімділікке салына бастады. Ал ішімділік пен әншілік, біріне бірі ежелден қарсы жау екенін жас дарын (расында да Сырым үлкен дарын еді) білмеді. Бұл екеуінің бірін-бірі құртпай тынбайтынын түсінбеді. Араққа әуестенген әнші Сырым осылай түбі өзін құртатын қуаныштың құшағына ене берді.
Бірақ, бұның бәрі соңынан болды. Ал Сырымның Бірләнмен «Риголетто» операсының алғашқы репетициясында кездесетін күні бұл қорқыныштың өзі түгіл, көлеңкесі де жоқ еді…
Бірлән Вердидің «Риголетто» операсындағы сарай күлдіргішінің қызы Джильданы орысша ойнауға тиісті еді. Кеше герцог Мантуанскийдің ролін Мәскеуде оқу бітіріп келген жас әнші қазақ жігіті ойнайды деп естіген. Сырымды ол бұрын көрмеген-ді. Өзінің үй әлегімен басы қатып жүріп, бұл әншінің кім екенін де сұрамаған. «Көрерміз кім болса да» деген де қойған. Міне бүгін «Риголеттоға» қатысатын артистердің алғашқы жиналуында отырған-ды. Операны қоюшы режиссер мен бас дирижердің опера қоюда өз тәртіптері болатын. Олар күні бұрын операға қатынасушылардың айтатын партияларын өздеріне бөліп берген. Ең алғашқы репетицияға артистер өз партияларын концертмейстермен жаттап келуге тиісті еді. Бүгінгі репетиция артистердің оркестрге қосылып айтатын жұмысынан басталмақшы еді.
Бірлән бас дирижердің өз партиясын оркестрмен айтуға шақыруын күтіп залда отырған. Бірінші үлкен партиясы, бірінші рет үлкен сахнаға шығуы — Бірлән өте қобалжуда еді. Сол себептен де емтиханнан қорыққан оқушы кезіндегідей іштей күбірлеп, сахнаға бірінші етіп басқа біреуді шақыруларын тілеп отырған.
Бірләннің тілегі орындалып, дәл осы шақта сахнаға театрдың бас дирижері шықты. Бұл Совет Одағының жақсы дирижерлерінің бірі еді.
— Жолдастар, — деді ол дауыстап қара көлеңке залға отырған артистерге қарап. — Бұл жолы операның бас кейіпкерінің бірі герцог Мантуанскийдің ролін театрымызға жақында ғана келген. Гнесиндер институты баулыған Сырым Иманов орындайды. Репетициямызға кіріспестен бұрын, сіздерге мен оны таныстырып өтуді өзімше борыш санадым. Ал опера артисімен танысу деген сөз, тек оның аты-жөні мен түр-келбетімен танысу ғана емес қой. Біз ең алдымен болашақ серігіміздің даусымен, орындау ерекшелігімен танысуға тиістіміз. Сондықтан қазір жас әншіміз Сырым симфониялық оркестріміздің сүйемелдеуімен біздің қояйық деп отырған «Риголетто» операсының үшінші актысындағы герцогтың ариясын орындап береді,- деді де, дирижер пультінің алдына барды. Ол оркестрге «Кәне, бастаңдар!» дегендей дирижер шыбығын көтергенде сахнаға сымбатты келген қара костюмді жігіт шықты. Жігіт залдағыларға қарап сәл басын иді. Сол минутте оркестр ойнай жөнелді. Бес-алты секунд өтпей, оған күміс қоңыраудың таза сылдырына бергісіз, мөлдіреген ашық аспандай таза әдемі дауыс қосылып та кетті….
Сердце красавицы
Склонно к измене…
Әнші сахнаға шыққан сәтте-ақ Бірлән одан көзін алмай қатқан да қалған. Жігіт сахнадан қандай сүйкімді көрінсе, даусы одан да сүйкімді екен. Вердидің құдіретті сұлу музыкасынан онсыз да бойы балқып, жүрегі елжіреп тұрған Бірләнға, осынау тамаша арияны сахнадағы жігіт емес, аспаннан түскен бір періште айтып тұрғандай көрінді. Бұл қазақ театрында қазақ артисінің Италия мәнері — белькантомен ең алғашқы ән айтуы еді. Бірләнға кенет, жігіттің осынау жібектей жұмсақ, күміс қонырау үніндей таза, жаныңа сая болғандай махаббат әні тек өзіне ғана арналып айтылып жатқандай боп естілді. Жас сұлудың жүрегін жігіт енді әнімен ғана емес, құшағымен де қытықтап тұрған секілденді…
Ән әлдеқашан біткен, жігіт те сахнадан кеткен, жұрттың әншіні қошаметтеп ұрған шапалақ дауыстары, да басылған. Тек залда, жоқ бүкіл дүниеде, «осындай жігітпен бір операда ойнайтын қандай мен бақыттымын!» деп қуанышты қиялымен толқыған Бірлән ғана қалған.
Тағы сахнаға бас дирижер шықты. Бірақ бұ да Бірләннің аспанға шарықтап кеткен қиялын бұза алмады. Оның сөйлегені, әнші әйелге біреу түсінде сөйлеп тұрғандай боп естілді. Тек жанындағы операда бірге ойнайтын әйел Бірләнді иығынан сипап:
— Дирижер сахнаға сені шақырып тұр ғой. Бар. Жалғыз операдағы серігің ғана емес, бәріміз де сенің даусыңды естуге құмармыз,- дегенде ғана ол есін жиды.
Дирижер тағы дауыстады.
Герцогтың даусын естідік қой. Енді бас кейіпкер қыз Джильданың да үнін естілік. Бұны біздің бас кейіпкеріміз Сырым да тілеп тұр.
Бірлән кенет бойын жинап алды. Аяғын тық-тық басып сахнаға шықты. Қалай қанаттана қалғанын өзі де білмейді. «Күләш сахнаға шыққанда бір түрлі арқасы ұстап кетеді» деп бұрын талай естіген. Мүмкін, мұның да Ұлы Күләш тәрізді сахнаға шыққанда ұстайтын арқасы бар ма? Әйтеуір, бұрынғы биязы Бірлән емес, біреумен бәсекеге түсіп жеңіп шыққысы келген адамдай, түрінде де, қимылында да үлкен тәуекелшілдік байқалады.
— Қай арияны айтқың келеді?- деді дирижер құлпыра қалған Бірләннің өңіне сүйсіне көз тастап:
— Джильданың екінші актыдағы ариясын.
Тағы да оркестр өзінің ғажайып музыкасын төкті. Тағы да оған оркестрдің ешбір аспабының үні пар келмес керемет сұлу дауыс қосылды.
— Сүйер жүрек сүйе білсін,
Күйер жүрек күйе білсін.
Топан су алса да бар әлемді,
Тек ғашықтар өмір сүрсін…
Жүрегінің қуанышын жасырмай, бүкіл залдағы жұртқа білдіргісі келгендей. Бірләннің жіңішке сазды — колоратурлық сопрано даусы бұл жолы күндегісінен анағұрлым біркелкі, барқыттай жұмсақ, шаттана, еркелей шықты. Италияның ұлы композиторының бұл операда бас кейіпкері герцогтың «Арудың жүрегі, өзгерімпаз келеді» ариясы қандай тамаша әуенді, сәнді келсе бас кейіпкер қыз Джильданың «Сүйер болсаң — сүйе біл» деп басталатын ариясы да әдемілік, жан тербетер сезімдік жағынан одан кем емес еді. Бірінші арияны Сырым қандай құдіретті орындаса, екінші арияны Бірлән одан кем орындамады.
Бұны Бірләннің өзі де сезді. Өлеңнің алғашқы шумағын бітіре бергенінде, кенет Бірләннің көзі көрермендер залының алдыңғы жағына шығып өзіне қарап тұрған Сырымға түсіп кетті. Әйел әнші өзіне таңырқай қарап қалған түн қараңғысындай тұнған көзден бір орасан қуанышты көрді. Жүрегі бұрынғыдан да шаттана түсті. Бірлән композитордың ариясын алғашқы рет ғашық болған қыз емес, дәл өзі ғашық болып қалғандай бір керемет шабытпен орындап шықты.
Қол шапалақтаған артистер көпке дейін тыныштала алмады.
— Тек премьера күні сендер арияларыңды дәл бүгінгідей орындай көріңдер!- деп риза болған жұрттың пікірін қорытқандай болып дирижер Бірлән мен Сырымға кезек-кезек күле қарады.
Театрдан Бірлән мен Сырым бірге шықты. Бұл түнде ай сүттей жарық көше қоңыр салқын мүлгіген тыныштықта еді. Сырымның әзірге орналасқан мейманханасы опера театрының дәл қарсы алдында еді. Бірақ ол орталықтан шеттеу тұратын Бірләнді шығарып салмақ болды. Алғашқы тұтқиыл кездескен адамдар не сөйлеседі, екеуара мәре-сәре әлденелерді айтып, Бірләннің үйіне де жетті. Енді қоштасып айрылысып кетулері керек еді. Көңілдегі бір түйткіл сөздері айтылмай қалғандай, айрылыса алмады. Кейін қайтты. Осылай олар ұзақ жүрді. Осыншама жүргенде бұлар не сөйлесті, не айтты? Бұны олар сөздерімен емес, тек жүректерімен ғана түсініскендей…
Осылай ұзақ жүріп, енді шын айрылатын кездерінде ғана Сырым:
— Бүгінгі кездесуімізді атап өтуіміз керек еді. Егер қарсы болмасаңыз, менің жатқан жеріме барайық, — деді кенет тәуекелге бел буып, әйелге қиыла қарап.
Бірлән қызарып кетті. Бір сәт ренжіп қалғысы да келді. Бірақ ренжи алмады. Жүрегі құрғыр жібермеді.
— Жоқ, рақмет…- деп ол қысыла сөйледі де, жігіт өкпелеп қалмасын дегендей, сәл күлімсіреді, — өзің қайда тұратын едің?
— Мына мейманханада… Екінші қабат, 234 номер.
— Ә… ә…
Бұлар енді бірін-бірі қимай тағы сәл турды. Ақырында қоштасып, екеуі екі жаққа кетті.
Бірлән қарсы көшеден өтіп үйіне келді. Анадайдан-ақ балаларының бөлмесінің шамы сөніп қалғанын, ал күйеуінің бөлмесінің шамы әлі жанып тұрғанын көрді. Жана ғана лепіре қуанған көңілі, кенет су сепкендей басылды. Бүгін де үлкен жанжал шығатынын жүрегі сезді. Бір ретте үйіне бармай кейін қайтып кеткісі де келді. Бірақ кешеден бері қыздарын көрмегені есіне түсті. Оларды өте сағынып қалған еді. Алға басқан аяғы кейін кетіп, үйіне әзер жетті.
Қолы барар-бармас боп, әзер дегенде электр қоңырауын басты.
Бұны күтіп тұрғандай дереу есік ашылды. Ар жағынан кеуде, білектері жұп-жуан, үстінде шолақ торлама майкесі бар күйеуі көрінді. Ол есіктің босағасына шомбалдай қолын тіреп, тұра қалды.
— Кім керек саған? Бар! — деді түнере.
Бірлән алға қарай сәл аттады.
— Ең болмаса балаларымды сүйіп шығайын.
Сақан шоқпардай жұдырығын әйелінің тұмсығына таяды.
— Мынаны сүйгің келмей ме? — деді, сөйтті де күшті қолымен Бірләннің иығынан ұстап теріс бұрылдырды. — Келген жағыңа бар! Бүгін саған бұл үйге кіруге болмайды. Түнеп шығуға маған бөтен әйел келіп отыр!
Жұрт жата бастаған кез еді. Бірлән көршілерінің мазасын алмайын дегендей, үн-түнсіз аяғын әзер басып баспалдақтан төмен түсе берді.
Далаға шығып, келесі кешенің бұрышындағы шағын бауға келіп, солқылдап жылап ұзақ отырды… Өзінің таныстарының үйіне барғысы келмеді. Түн болса салқын. Оның үстіне бағанағыдай емес, қазір аспанды қара бұлт жауып алған. Бірлән «жаңбыр жаумас па екен?» дегендей, басын ақырын көтеріп, көкке қарады. Түнере қалған аспанды көрді. «Мына сорлыны да мен тәрізді қайғы басыпты ғой» деді ол ақырын күбірлеп. Аяғын асыға басып жүре берді. Жаңағы шаршағандықтан, жүдегендіктен дым қалмаған. Алдында бір қуаныш күтіп тұрғандай тіпті жүгіре түседі. Бір жиырма минуттей өткен кезде ол мейманханаға жетті. Бірләннің кідірмей, асыға кірген түріне қарап, есік алдындағы оқалы киім киген қарт швейцар оған еш бөгет істемеді. Тек:
— Кеш қайттыңыз ғой. Жақсы жатып, жайлы тұрыңыз, — деді де қойды.
— Айтқаныңыз келсін, — деді Бірлән қарт швейцардың қасынан өтіп бара жатып, оның сезіп жақсы ырым санап.
Ол сол қалпыменен келіп екінші қабаттағы 234 бөлменің есігін қақты. Ешкім жауап бермеді. Екінші рет қағуға батылы бармады. Жанағы жігері кенет таусылып, екі иығынан су кеткендей босаңси қалды. Енді бұрылып, кейін кетуге ыңғайланғанында ар жақтан біреу келе жатқандай болды.
— Бұл кім? — деді Сырым ұйқылы-ояу дауыспен.
— Менмін ғой… — деді Бірлән даусы әзер шығып.
Бір секунд өтпей есік ашылды. Үстінде пижамасы бар Сырым. Бірләнді көріп сасып қалды.
— Япырым-ай, сіз бе?.. Бірдеме болып қалды ма, неге келдіңіз? — деді ол таңырқай.
Бірлән басын көтеріп алды. Алдында не істерін білмей абыржып тұрған сүйкімді жігітті көріп, кенет көзі қуаныш сәулесімен жарқ етті.
— Ештеңе де болған жоқ, — деді ол. — Өзіңе келдім.
— Онда, кір, — деді жігіт те шаттана.
Осы түні Бірләннің соңғы бес жылының ішіндегі ең шатты, бақытты түні болды. Құмартқан денені аңсаған сұлу Бірлән, осы түні қайғы, қасіретін ұмытты. Ләззат қуанышына мас болып, ол бір түнге көзінен таса етуге шыдамайтын екі қызын да есінен шығарды.
Бір жарым айдан кейін «Риголетто» операсының премьерасы болды. Бірлән мен Сырымды әр актыдан кейін көрермендер ұзақ қол шапалақтап қарсы алды. Опера біткеннен кейін қошаметтеген жұрт оларды әлсін-әлсін шақырып, тіпті сахнадан жібермей қойды.
Шынында да бұл екеуі қазақ көркемөнерінің жаңадан туған жарық жұлдыздары еді. Бұндай табысқа жету үшін бұл екеуі де аянбай еңбек етті. Әсіресе Бірлән. Үй ішіндегі ауыртпалық жанын қандай ауыртса да, ал Сырыммен екеуінің арасында кенет пайда болған ләззәт жүдеу жүрегін қандай шаттандырса да, өзін қайғыға да, қуанышқа да құл етпеуге оның күші жетті. Жаны сүйген өнерін екеуінен де жоғары қоя білді. Үйінен жылап, мейманханадан күліп қайтса да театрдың есігін ашқан сәтте өз басының әурешілігінің бәрін ұмытты. Жан-тәнін, ақыл, ой, жігерін — бәрін жаны сүйген көркем өнеріне берді. Соның арқасында жұмысына бірде-бір кешігіп, не репетициясына келмей қалған уақыты болмады. Ақыры үлкен табысқа жетті. Ән салуына, ойнауына риза болған жұрт: «Біздің көркемөнерімізде, ән әлемімізде жана Күләш туды» деді.
Бірақ «Риголетто» премьерасы Бірләннің «жаңа Күләшін» ғана тудырған жоқ, оның жаңа қайғысын да тудырды.
Бір жарым ай бойы өлердей жақсы көріп қалған Сырыммен кездесіп жүрген Бірлән, бұдан әрі екі ұшты өмір сүргісі келмеді. Не болса да Сақаннан айрылмақ болды. Сақаннан айрылып, тезірек Сырымға қосылуды ғана тіледі. Міне, осы кезде көктен тілегені жерден табылды. Сақан кенет оған: «Мен бөтен қалаға баратын болдым. Қыздарыңды өзіңе қалдырдым» деді.
Жанындай жақсы көрген екі бірдей қызынан айрылуға жылай-жылай лажсыз көнген Бірлән, енді төбесі көкке жеткендей қуанды. Көп кешікпей Сақан екеуі сот арқылы ажырасты. Бірақ сол күні Бірләннің үйіне келем деген Сырым келмеді. Ертеңінде де келмеді. Үш күннен кейін Бірлән Сырымның мас болып Жақыпжанның үйінде жатқанын естіді.
Бірләнге деген жаңа қайғы, міне, осы күннен басталды.
Сырым жұмысқа бір жетіден кейін келді, кенет пайда болған даңқты көтере алмады ма, әлде Жақыпжан мен Ертай (бұ да Сырымды көре алмаған әншінің бірі еді) кезектесіп ішкізген арағын көтере алмай қалды ма, әйтеуір кескінінде тәкәппарлық па, әлде менмендік пе, елеулі өзгеріс байқалады. Әдеттегісіндей жұртпен әкей-үкей бола кететін мінезін көрсетпей, өзін жекелеу ұстап, өзгелерге кіртіңдеу сыңай көрсетті… Жұмыстың аяқ кезінде Бірлән оған күйеуінен айрылғанын айтты.
— Қойшы? Құттықтаймын! — деді ол қуанғандай сыңай аңғартып. — Бүгін өзім келермін, өзгесін сонда сөйлесерміз.
— Жақсы. Күтемін, — деді Бірлән.
Сырым сол күні Бірләннің балалары ұйықтап қалған кезде келді. Аузынан арақ иісі бұрқырап тұр. Бірақ өзі таңертеңгідей емес, көңілді. Премьераның қуанышы әлі басылмай жүр ғой, ішпеген кезінде сөйлесермін деп Бірлән оған бұл түні ештеңе айтпады.
Бірлән түнде кеш ұйықтағанына қарамай, таңертең ерте тұрып, қыздарын оятты. Оларды балалар бақшасына апару керек еді. Өзі жуынып келмек болып шомылатын үйге шықты.
Бірләннің екі қызының екеуі де өзінен айнымаған әдемі биязы мінезді еді. Әсіресе, ес біліп қалған үлкен Бибіш шешесін өте жақсы көретін. Кішісі әкесіне бейімдеу еді. Бірлән жуынып-таранып кіргенінде, үлкені өзі киініп болып, кішісінің киінуіне жәрдемдесіп жатыр екен.
Ол үйге кірген шешесіне бір түрлі томсара қарады да:
— Мама, папам қайтып келген бе, анау үйде жатқан сол ма?
Бірлән Сақан екеуінің арасын білетін қызынан ештеңені жасырғысы келмеді.
— Жоқ, бөтен адам,- деді. Сосын «бұл бөтен адамның мұнда неге жатқанын түсіне берсін» дегендей, Бибішінің маңдайынан сипап.- Папаларың бізді мүлдем тастап кетті ғой,- деді сәл күмілжіп.
Міне осы сәтте, шолжаң, еркелеу келген кішісі, Күләйімі жұлып алғандай Сырым жатқан бөлменің есігін нұсқап:
— Ол біздің жаңа папамыз ба? — деді.
Бірлән не дерін білмей сасып қалды.
— Үні әзер-әзер шығып:
— Жоқ, әлі… — деп келе жатты да, кілт тоқтай қалды.
— Онда сен, бізге жаңа папа ал,- деді ерке Күләйім, — мен папасыз тұра алмаймын!..
Балаға әкенің керек екенін және әкесіз бала өсірудің қиын екенін Бірлән бұрыннан да білетін. Кіші қызының сөзі жарасының аузын тырнап алды. Ол балалар бақшасынан келген соң, ебін тауып Сырыммен сөйлеспекші болды. Бірін-бірі қандай жақсы көріп, махаббат қызығына берілгенмен, екеуінің арасында бұрын «қосылайын деген сөз болмаған. Сырымның «сенсіз менің күнім жоқ», «мәңгілікпін» деп қуанышты кездерінде айтқан сөздеріне қарап, Бірлән күйеуінен айрылса, екеуінің қосылу мәселесі өзінен-өзі шешілетін іс деп ұққан. Бірақ Бірлән бұл күні Сырыммен сөйлесе алмады. Балалар бақшасы бірталай жерде еді, қайтарында автобус дер кезінде болмай, үйіне сәл кешігіңкіреп келсе, Сырым кетіп қалған екен. Тек стол үстінде жатқан «кешке келем» деген бір жапырақ қағазды көрді.
Бұл күні де Бірлән балаларын ертерек ұйықтатуға тырысты. Кешегісінен сәл кешірек уақытта Сырым да келді. Тағы азырақ ішіп алған. Келем деген уақытынан сәл асқаннан-ақ «қашан келеді» деп тыпыршып отырған Бірлән қуанып қалды. Ертеңіне, Бірлән қыздарын балалар бақшасына апарып келгеннен кейін, Сырым екеуі ерлі-зайыпты адамдай ойнап-күліп отырып шай ішті. «Қосылайық» деген сөзді өзі айтуға арланды. «Өзінен-өзі түсінікті ғой, біз қосылған жандар емеспіз бе» дегендей бұл сөзді Сырым да айтпады.
Осылай ләззат, қуаныш құшағында тағы айдан астам мезгіл өтті. Сонда ғана барып Бірлән, өзінін Сырымнан екіқабат болып қалғанын білді…
III
Филармонияның бүгін көркемдік кеңесінің мәжілісі еді. Мәжіліске қатынасушылардың ең соңғысы болып Тобықов кіргенде кеңес төреағасы Сырнаев:
— Тегіс жиналдық қой деймін. Мәжілісімізді аша берсек те болар? — деді отырғандарға қарап.
— Зада келген жоқ, сәл шыдайық, — деді Ханшайым үстіндегі ақ жібек көйлегінің жағасын сәл жөндеп терезеге таяу креслоға отырып жатып.
—Зада ылғи кешігіп жүреді, — деді Тобықов қабағын түйе,- соңғы кезде тәртібіміз тым төмен түсіп кетті. Жұрт жүгенсіз кетіп барады. Маған бұл шаруашылық ұнамайды.
Жұрт ду күлді. Тобықов музыканы да, поэзияны да әкімшілік іс деп білетін.
— Саған ештеңе ұнамайды. Тіпті аспандағы күннен де мін табатын шығарсың? — деді оған күлкі-сықақ артисі Әбілқайыр Айжанов күле қарап.
Тобықов артист сөзін жаратпай кіржің етті.
Нина Багрянцева Әбілқайырға қарап жымың ете қалды.
— Мәз болуын мына екеуінің! — деді сол түнерген қалпында. Тобықов.
Жұрт тағы ду ете қалды.
Әбілқайыр Айжанов. Төртпақ, тапалдау келген қара торы жас жігіт. Күлкі-сықақ артисі, тілі удай ащы. Тек бұның тілі Нина Багрянцеваны ғана аяйтын. Өйткені оған ғашық болатын.
Нина Багрянцева. Кадрлар бөлімінің инспекторы еді. Талдырмаш денелі, көзі Каспий теңізінің суындай көкпеңбек, қою, қысқа шашы сары алтындай сап-сары. Үнемі күлімсірейді де жүреді. Әбілқайырдың өзін жақсы көретінін біледі. Бірақ ұяла ма, қорқа ма, әйтеуір тақа жуи қоймайды.
— Жарайды, мәжілісті басталық, Зада келе жатыр, — деді Михайлов.
— Дұрыс. Уақытты босқа өткізбейік, — деді Хамзе Сырнаев.
Осы кезде үйге әйгілі балерина Зада да кірді.
Зада Әбілова. Бұл толыға бастаған, сымбатты дене бітісі түгел келісімді жан. Ұшқын атып, үнемі ойнақшып тұратын үп-үлкен қара көздері адамға қарағанда өзіне еріксіз тартып тұрады. Балерина әдемі киініп, алтын-күміске малынып жүреді. Сондықтан оның үстіне киген көйлегі де, костюмі де ылғи өзгелердікінен гөрі өз түріне сәйкес келеді.
— Ғафу етіңіздер, сәл кешігіп қалдым білем, — деді Зада даусын соза, ойнақшыған үлкен қарақат көздерімен үйдегілерді заматта бір шолып өтіп.
— Па, шіркін, осы бір көз қарастар-ай! — деді күліп Әбілқайыр, — Айнымаған екі пулемет тәрізді, бір сәтте ештеңе ойламай бейқам отырған екі мың еркек жұртын атып үлгіреді.
— Қорықпай-ақ қой, менің көзім сені атпайды, — деді күліп Зада.
— Атқанмен маған ештеңе де істей алмайды, — деді Әбілқайыр. — Менің жүрегім болат броньмен қоршалған.
Зада күлді.
— Солай дейсің бе? Оны мына Нина айтсын?
Әбілқайыр үндей алмай қалды. Нина қызарып кетіп төмен қарады. Жұрт тағы да күлді. Көбі Әбілқайырдың Нинаны жақсы көретінін білетін.
Зада келісіменен Хамзе көркемдік кеңестің мәжілісін ашты. Ол қысқа түрде республикалық концерт мекемесінің қазіргі жағдайын, творчестволық және қаражат қиындығын, алдағы уақытта дирекция жұмысты қалай жөндемекші болып отырғанын баяндап өтті де: — Тағы не істеуіміз керек, кімнің қандай ойы бар? — деп сөзін бітірді.
Бірінші боп Ханшайым сөйледі.
— Егер үйге фундамент керек болса, коллективке тәртіп керек,- деді ол.- Бізге, тәртібімізді мықтай түсу қажет. Сондай-ақ, өзіміздің тәлім-тәрбие жұмысымызды күшейтумен қатар, халықтың арасында музыкалық үгіт-насихат ісін жүргізбей, біз ештеңе істей алмаймыз. Онсыз көркемөнерді көтеру қиын. Халық түсінбеген, халық қабылдамаған көркемөнер — ол құр әуре. Сол үшін филармония жанынан музыкалық лекторий ұйымдастыру қажет.
— Мен Ханшайым Әсенованың сөзін түгелдей қостаймын,- деді Михайлов,- музыкалық лекторий біздің табысымызға жәрдем. Шынын айтсақ, біз, өз қазанымызда өзіміз қайнап жатқан жұртпыз. Өзге халықтың, алдыңғы қатардағы орыс халқының көмегінсіз хорды, балетті өркендете алмайсың. Сондықтан астанамызға әйгілі үлкен коллективтерді концертке жиі шақыруымыз керек. Біз ондай өскелең, майталман коллективтерден үйренуге міндеттіміз. Сөйтіп өзіміздің творчестволық күшімізді нығайтуға тиістіміз.
— Ондай шаруашылықтан ештеңе шықпайды, — деді кесіп сөйлей түнере қалған Тобықов. — Әйгілі коллективтерді шақырсақ, біздің бар ақшамыз кетеді.
— Дұрыс емес! — деді Зада.
Ол алтын білезіктерін жарқ еткізіп қолын көтеріп сөз сұрады.
— Дұрыс емес, — деді Зада қайтадан. — Бұрыс айтып отырсың, Тобықов жолдас. Қаражат шығармай көркемөнерді өркендетуге болмайды. Егер біздің коллективтеріміз айта қаларлықтай жақсы болса, ақшаның бізге өзі құйылады. Біздің неге ақшамыз жоқ? Себебі: көркемдігі жоғары коллективіміз аз. Неге көрермендер залы бос тұрады? Себебі: халқымыздың көркемдік талғамынан кейін қалып отырмыз. Егер ісіміз оңсын десеңдер, коллективіміздің жұмыстарын дереу қайтадан құруымыз керек. Бұл үшін біздің «ол солай болсын» деуіміз жеткіліксіз. Ол жәрдемді бізге Москва мен Ленинградтың алдынғы қатарлы коллективтері беруге тиісті. — Зада кенет толқи қалды. Оның жайшылықтағы жұмсақ даусы дірілдеп кетті, — жоқ, тек коллективтерді ғана емес, біз білгір хормейстерді, балетмейстерді, музыка шеберлерін де шақыруларымыз керек. Тек орыс искусствосы ғана біздің көркемөнерімізді көтеруге, өсіруге көмек істей алады.
Тобықов қабағын қарс жапқан қалпында:
— Не еді?.. Әлгі шаруа… Былайша айтқанда музыкалық лекторийі бізге жарамайды, — деді ол.
— Неге? — деп сұрады Михайлов таңдана.
— Біріншіден… Дәріс-лекцияны ұйымдастыру үшін, ең алдымен сол дәрісті жүргізетін адам — лектор керек. Ондай адам бізде жоқ. Егер мен қателеспесем, ондай адамды сырттан шақырар болсақ, оған төлеу керек. Біреуді ақшасыз жұмыс істеткізетін біз капиталист емеспіз. Ал ол лекторларға төлейтін бізде басы артық ақша тағы жоқ. — Ол ұшып түрегеліп, галифесінің екі қалтасын бірдей суырып сыртқа шығарды. — Филармонияның қалтасы да дәл мына менің қалтамдай бос. Сонда сендер қаражатты қайдан аласыңдар? Тағы үкіметтен сұрауға мәжбүр боламыз. Ал үкіметке, халыққа ол ақшаның қандай қиындықпен түсетінін білгіміз де келмейді.
— Үкіметке ол қаражаттың қалай түсетінін біз де білеміз, — деді оның сөзін бөліп жіберіп Хамзе Сырнаев салмақты үнмен. — Ал сіз талқылап отырған ісіміз жайында тоқ етер пікіріңізді айтыңыз.
— Қазір айтам тоқ етер пікірімді, — деді Тобықов сол міз бақпай сазарған қалпында. — Біз істемек боп отырған шаруамызға — ұйымдастырмақшы дәріс-лекциямызға, шақырмақшы коллективтерімізге, хормейстер, балетмейстерімізге, бәріне ақша керек. Ал біздің еш артық ақшамыз жоқ, ақша табатын мүмкіншілігіміз де жоқ. Нені алсаң да бүлінген! Ісімізде ешбір тәртіп жоқ.- Ол кенет Сырнаевқа қарады. — Сіз келгелі ісіміз күннен-күнге төмен түсіп барады. Шынын айтсақ, құруға жақынбыз? Сондықтан әлгі айтып отырған шаруашылықтарыңнан ештеңе де шықпайды! — Тобықов бірдемені бітіріп тастағандай, жұртқа «түсіндіңдер ме?» дегендей одырая бір қарап орнына отырды.
Хамзе Сырнаев келген күннен-ақ Тобықовтың өзіне ала көзімен қарайтынын сезіп қалған. Бірақ себебін білмеген. «Өзінің мінезі сондай шығар» деген де қойған. Жалпы бұдан былай қарай оның өзіне деген өрескел қылықтарына көңіл бөлмеуді ұйғарған. Ал Тобықовтың бүгінгі сөйлеуі жай ала көздіктен емес, ар жағында жатқан бөтен бір себептен секілді.
Сырнаевтың ойын Әбілқайыр бөліп жіберді.
— Рұқсат етіңіз, мен де бірер ауыз пікір айтайын,- деді орнынан асықпай түрегеліп. — Жаңағы Тобықов жолдастың сөзіне жауап беруге менің көңілім де соқпай тұр. Ондай бостан-бос малтасын езген сөзге жауап берудің қажеті жоқ болар. Ал менің айтайын дегенім мынау еді. Біріншіден, мен жұрттың айтқанының бәрін қоштаймын,- ол күлімсіреп Тобықовқа қарады, — әрине, Тобықов жолдастан бөтенінің, — Әбілқайыр, Михайлов жаққа бұрылды,- бұрын соғыс кезінде мүмкіншілігіміз болмады, біздің коллективтерімізге жаңадан шыққан жас дарындар тіпті аз қосылды, соны естеріңе салғым келіп еді. Ал бүгін біздің көркемдік жағын басқаратын жолдастар осыны да ойласа екен. Сөз жоқ, іздей қалсақ, біздің халқымыз дарынға бай халық. Қаладан, ауылдан нелер жас Әміре, Құрманбек, Қанабектерді табуға болады.
— Ал Күләшті ше? — деді әлі жібімеген Тобықов.
— Күләшті де іздеудің айыбы жоқ, — еді Әбілқайыр. — Рас, Күләш сынды ерекше туған әншілер жүз жылда бір кездеседі.
— Тобықов жолдастың әйтеуір Күләш апайды білетініне де рақмет, — деді Ханшайым, неге екені белгісіз, Хамзеге қарап кенет қызарып кетіп.
— Бәрібір сен Күләш бола алмайсың! — деді Тобықов Ханшайымның өзін мысқылдағаны жанына батып кетіп, қабағын тұнжырата түйе.
Мәжіліс ұзаққа созылды. Филармонияны көтеру үшін істелетін шаралар белгіленіп, кеңес аяқталуға айналған кезде Хамзе Сырнаев:
— Егер қарсы болмасаңдар, біздің көркемдік кеңеске тағы екі адамды кіргізуді көркемөнер істерінің басқармасынан сұрайық дер едім… Кеңес мүшелерін солар бекітеді ғой,- деді.
— Кімді? Кімді? деді кенет Тобықов сәл алға қарай ұмтыла қимылдап.
Тобықов филармонияның ең үлкен творчестволық коллективінің бас әкімшісі болғандықтан және партбюроның секретары алты айлық оқуға кетіп, уақытша соның орнына қалғандықтан, филармония кеңесінің мәжілісіне қатынасып отыратын. Сондықтан өзін кадрлар мәселесінде партияның көз-құлағы санайтын. Директор мұнсыз ешкімді өсіріп, не кішірейтуге тиісті емес деп ойлайтын. Қазіргі сұрағы да содан туған еді.
Бірінші кіргізбекші адамымыз — композитор Ержан Есентаев. Оның біздің репертуарымызды жаңартуға қаншалық күш салып жүргенін өздерің білесіңдер. Біздің кеңестің мүшесі болуға лайықты тәрізді.
— Жалпы Ержан Есентаев қай коллективтің кеңесі болса да керекті адам,- деді Зада,- ол опера ғана жазып жүрген жоқ, сол театрда жақында пайда болған екі жас дарынға, опера әншілері Бірлән мен Сырымға концерттік репертуар дайындауға шартқа отырыпты.
— Дұрыс, — деді Михайлов.
Сырымның аты аталғанда неге екені белгісіз Ханшайым сәл елегізе қалғандай болған. Кім біледі, жұрт естімеген себебі бар шығар. Ол Задаға бұрылды!
— Сонда Ержекең Сырым мен Бірләнға қосылып айтатын репертуар-жасамақ па? — деді.
— Опера театры Ержанға да, маған да, Бірлән мен Сырымға екі бөлек репертуар жасауға шартқа отырды, — деді Евгений Петрович, — Сырыммен қосылып айтатын дуэт керек болса, оған лайықты өзіңсің — Михайлов Ханшайымға тікелей қарады, — Егер қарсы болмасаң сондай дуэтті екеуіңе мен жазсам ба деп едім.
— Оны Сырымнан сұраңыз, — деді Ханшайым кібіртіктей.
Михайлов сәл күлімсіреді.
— Жарайды, сұрайын. Ал өзін қарсы емессің ғой?!
Ханшайым ақырын күлімсірей «мен қарсы емеспін» дегендей басын изеді.
«Осы арадан бір моральдық әңгіме шығып қала ма» деп қойын дәптерін алып, әрқайсысының аузына бір қарап жалтақтап отырған Тобықов еш нәрсеге түсінген жоқ. Амалсыз қойын дәптерін қалтасына салуға мәжбүр болды. Бірақ оған оны қайтадан алуына тура келді.
— Екінші көркемдік советке кіргізейік дегеніміз біздің жаңадан ансамбль құрған жас әншіміз Алмагүл, — деді Хамзе Сырнаев жаңағы ойын жалғап. — Дарынды әнші. Біздің ең жоғарғы кеңесімізге қатынасып, творчестволық қандай сөздер болып жатқанын естіп отырғаны жақсы болар еді. Бұған қалай қарайсыздар?
— Бұ да дұрыс, — деді Евгений Петрович.
— Еш дұрыстығы жоқ! — деді орнынан түрегеліп Тобықов, — Не істей қойды? Жалпы, мен осы артискаға филармонияның бастықтарының шляпаларын алып бастарын неге шұлғи қалғанын түсінбеймін. Сірә, мен білмейтін бөтен бір сырлары болуы керек. Әйтпесе, Алмагүл тәрізді бізде жас артистер толып жатыр. Оның үстіне біздің кеңестің мүшелері моральдық жағынан маржандай таза болуға тиісті. Ал Алмагүлдің бұл жары да бізге әлі белгісіз. Естеріңізде бар ма, анадағы Есентаевтың өлеңін алатын күніміз? Соңынан барып білдім, сол күні Алмагүл мен композитор Ержан Есентаев жолдас түнгі бірге дейін қыдырыпты.
— Онда не тұр? — деді орнынан ұшып түрегеліп Зада, — жалғыз ол күні емес, Алмагүл мен Ержан күнде біздің үйдің қасындағы бауда қыдырып жүреді. Творчество адамдары…
Тобықов оны бөліп жіберді.
— Әйелінің бөтен адаммен күнде қыдырып жүретінін күйеуі біле ме? — деді ол даусын өзгертпей.
Зада күйіп кетті.
— Сіз немене, енді біздің бірімізбен біріміздің сөйлесуімізге де рұқсат еткізбекшісіз бе?
— Сізге рұқсат, — деді даусын бір өзгертпей Тобықов. — Ал ерлі-зайыпты әйелдің күйеуінің бөтен әйелмен күнде кездесіп ұзақ сөйлесуі жай дүние емес. — Енді ол кенет Задаға түксие қарады. — Сіз совет адамының моральдық кодексін білмейсіз бе? Әлде артистерге бөтен заң бар деп ойлайсыз ба? Егер токарь әйел байын үйіне тастап, токарь жігітпен жұмыстан тыс күнде бақшада кездесетін болса, оны қалай түсіндірер едіңіз?
Жұрт күлерін де, күлмесін де білмей аңырып отырып қалды.
Жоқ, жұрт Тобықовты ақымақ адам деп ойлағанымен, ол ондай ақымақ адам емес-ті. Ар жағында толып жатқан есебі де баршылық еді. Міне бүгін де ол Ержан мен Алмагүлдің күнде жолығып жүргенін сөз етіп отыр. Және,: ашықтан-ашық, ештеңеден қорықпай сөз етіп отыр. Әрине, екі творчество адамының кездесіп жүргенінде бәлендей ештеңе де жоқ, бұны о да жақсы біледі. Бірақ Тобықов әдейі істеп отыр. Көркемдік кеңесте ашық әңгіме болған сөзді, ертең Алмагүлдің күйеуіне де ашық жеткізуге хақы бар. Ешкім де бұны өсек дей алмайды. Сондықтан түбі Ержан мен Алмагүлдің арасы шын сөз бола қалса, мен кезінде ескерткенмін, ал уыздай ұйып отырған совет семьясын бұзуға Сырнаев тікелей жол ашты деуіне де керек. Әрине, бұдан Сырнаевқа бәлендей қылмыс тағу қиын. Оны бұ да біледі. Бірақ осындай уақ істерден қорытынды жасауға болады ғой.
Дегенмен жұрт Ержан мен Алмагүлді кеңеске кіргізуді дұрыс деп тауып, алдағы уақытта жұмысты жөндеу үшін қандай шаралар қолдану керек екенін келісіп, бір қорытындыға келіп тарасты.
Директордың кабинетінде тек Сырнаев пен Ханшайым ғана қалды.
— Өз басыңның шаруасы қалай, Ханшайым? — деді директор.
Ханшайым сәл күмілжіді.
— Қалай десем екен…
Хамзе мен Ханшайым ертеден таныс еді. Сырнаев университеттің филологиялық факультетін бітіріп, мектепте сабақ бере бастаған кезде, Ханшайым көрші орыс мектебінің оныншы класында оқып жүрген. Хамзе әлі үйленбеген-ді. Мектептері жақын болған соң бұлар бір-екі рет ұшырасып та қалған. Кімнің кім екенін біліп танысып та үлгірген.
Хамзенің әлі есінде күздің сол бір түні. Жапырақтары сарғая бастаған ақ қайындар, кәрі емендердің қасында сәндерін жоғалтпай, күздің салқын желімен ойнап, бұтақтары сәл теңселіп сыбдыр қағып тұрған. Әлі жасыл түрін өзгерте қоймаған жуан емендерден тас жолдарға бармақтай-бармақтай дәндері тырсылдап түсіп жатқан. Асфальт үстіне тұтас төселген құрғақ ағаш жапырақтары жүрген адам аяғының астында сылдыр-сылдыр етеді.
Осы тамаша күзде Хамзенің жан сезімі кенет махаббат деп алас ұра қалған. Хамзе мен Ханшайым бір-біріне ашып айтпағанмен, ең алғашқы ұялшақ, шық суындай таза махаббаттары бұлардың жүрек сезімдерін оятқанын білген.
Аспанда быжынаған жұлдыздар жымың қаққан, барқыттай жұмсақ, жып-жылы түн еді Хамзе мен Ханшайым тарам-тарам боп атқылай. ойнап, әндетіп ағып жатқан өзеннің ортасындағы үлкен тастың үстінде қатарласа отырған-ды. Екеуі де дәл осы бір тәтті сәтте үн-түнсіз өзеннің тынбай аққан үнін тыңдауда болатын. Кенет Ханшайым қолын Хамзенің алақанынан ақырын суырып алды да, түрегеліп, өзеннің арғы бетіне секіріп өтті.
— Кәне, маған қарай секір, Хамзе! — деді күліп.
Хамзе. де секірді. Бірақ өз күшін өзі дұрыс есептемеді ме, ол қолын созып күліп тұрған Xаншайымның құшағына кер түсті. Одан әрі бұлардың құшақтары жазылған жоқ, айқаса кетті. Ханшайымның сүюін күтіп — сәл ашылған ернін Хамзенің аңсаған ерні өзі тапты.
Бұлардың осы бір бейкүнә сүйіскендері, ең алғашқы және ең соңғы сүйісулері болды, Көп кешікпей Хамзені әскерге алып кетті. Оның ар жағында Ұлы Отан соғысы басталды. Бірте-бірте Ханшайым Хамзені ұмытуға айналды. Өзінін сондағы бір сүйіскені, енді оған түс секілді көрінді. Он жылдықты бітірісіменен, әкесі соғысқа кетіп, қолында жалғыз қалған шешесін асыраймын деп хорға жұмысқа кірді. Табандылық көрсетіп музыкалық сауатын ашты, даусын өңдеуге кірісті. Сөйтіп жүргенінде шешесі өлді. Шешесінің өлімінің артын ала әкесі жайында да қарақағаз келді. Ханшайым қанша жыласа да өлген адамдар қайтып келмеді. Енді ол өзін-өзі қайтадан қолына алды. Сол тұста ашылған консерваторияға Ханшайым ең алғашқы оқушылардың бірі болып емтихан берді. Ақыры консерваторияны бітіріп, осы филармонияға жұмысқа келді. Мұнда келгелі де екі жылға таяп қалған.
Осыдан бір-екі ай бұрын өздерінің концерттік мекемелеріне Хамзе Сырнаев директор боп бекітілді дегенді естігенде Ханшайым:
— Мені ұмытпады ма екен? — деген өзінен-өзі ойға қалып. Ал Ханшайымның ұмытпағанын Сырнаев филармонияға келген күні-ақ білген. Бірақ дәл бүгінге дейін екеуі оңаша кездесіп сөйлеспеген-ді.
— Сіз келерде мені ұмытқан шығар деп күмәнданған едім,- деді Ханшайым директормен оңаша қалғаннан кейін..
Хамзе жауап қайтарған жоқ, орнынан түрегеліп, терезенің үлбіреген шәйі пердесін ашты. Ар жағынан көгілдір аспан көрінді. Хамзе ақырын күрсінді.
Ханшайым кенет бәрін түсінді. «Бұл мені мәңгілік ұмытқан екен» деді іштей. Бірақ өкінген де, қынжылған да жоқ.
— Сізбен оңаша қалғаным, жан ашыр бөтен адамым болмаған соң ақылдасайын деп едім… Жолымыз екі бөлініп кеткеніменен сіздің маған жамандық ойламайтыныңызды білемін.
— Оған өзіңдей сен. Не жайында ақылдаспақ едің? Айт. Егер менің ақылым керек болса, аямаймын.
— Сырым екеуміз біраздан бері кездесіп жүрміз. Екі-үш күн бұрын ол маған тілек білдірді.
— Дарынды, болашағы мол жас жігіт қой,- деді Хамзе ойланып, сосын Ханшайымға тікелей қарады. — Екеуміз шын сырласа аламыз ғой деймін? Және өз ойымызды әрқайсымыз ашық айтқанымыз жөн болар. Оған өкпелемессің деп сенемін.
— Әрине ғой.
— Онда… әрине, Сырым тамаша әнші… Бірақ сол жігітіңнің адамгершілігі, бір сөзділігі қалай? Өсек болса кешірерсің оны Бірләнды алады деп жүр еді ғой жұрт?
— Егер олай болса, мен сізге Сырым туралы ештеңе демес едім ғой. Ол Бірләнді алмаймын дейді.
— Неге?. .
— Ес біліп қалған біреудің екі баласын маған бала ету қиын дейді.
— Ондай сөзді Сырым бұрын Бірләнмен уәделеспестен бұрын айтқан болса жақсы ғой… Және Бірләннің оның өзінен бір қызы бар деп естіген тәрізді едім.
— Иә, бір қызы бар. Және ол қыз шала-жансар болып туыпты. Содан ба екен баланың дұрыс адам болуы де екіталай көрінеді. Сірә, миында зақымы бар секілді.
— Япырым-ай, Бірләнға қиын екен…
— Сондықтан да мен сізбенен ақылдасқалы келіп отырмын.
— Өзін, жұрт ішеді деп жүр ғой.
— Иә, онысы да бар. Қызының анандай болып тууының өзі де содан болар.
— Осынын бәрін біле тұра өзің қалай ойлайсың?
— Оны менен емес, жүрегімнен неге сұрамайсыз?
— Жүрегімнен дейсің бе? Жоқ, жүрек мұндайда ақылшы емес, саған дұрыс кеңесті тек ақылың беруге тиісті.
— Ал, жүрегім ақылыма көнбесе қайтемін? Хамзе Ханшайымның Сырымды шын жақсы көріп қалғанын түсінді. Бірақ оны шамасы келгенше қорғамақшы болды.
— Жүрегіңді ақылыңа көндір,- деді сәл зілді дауыспен. — Он жеті жасар баяғы жасөспірім кезің емес. Мұндайда ең дұрыс шешімді уақыт айтады. Бірден құлап кетпей, бәрін ақылға сал. Қанша қиын болса да ақылға сал. Өйткені дүниеде өкініштен қиын ештеңе жоқ. Өкінбейтін бол.
Ханшайым үндеген жоқ. Хамзенің айтып отырғанының бәрі дұрыс. Өзі де оны біледі. Бірақ махаббаттың бар қиындығы сонда емес пе, ол кейде тіпті ақылға да сыймайды, ерік бермейді.
* * *
Алмагүлдің күйеуі Асқарды әдейі іздеп келген Тобықов оны үйінен тапты. Ол кеше ғана майдангер ретінде ауылшаруашылық институтының екінші курсына алынған екен. Түнде соны «жуыпты». Көп ішпесе де әйтеуір ішкен көрінеді. Өзі іздеп келген қонаққа қуанып қалды.
— Отырыңыз. Дәм татыңыз.
Тобықов бір рюмкеден соң жан-жағына қарады.
— Үйлерің тып-тыныш қой. Балаларың яслиде ме, бақшада ма, қайда? — деді.
— Бізде бала жоқ. Маған баланың дәл қазір керегі шамалы, институтты бітіруім шарт. Алмагүлдің қысы-жазы гастрольінде чемоданын тасимын деп өткен жылы онсыз да институтқа түсе алмай қалдым…
Тобықов сырт қарағанда тайыз адам болып көрінгенімен сөйлесіп отырған кісінің қандай адам екенін тез ұғатын. Ол Асқардың шу дегеннен былай сөз саптасынан Алмагүл екеуінің арасы тақа берік емесін бірден аңғарып қалды. Енді ол алыстан орағытты.
— Біз секілді жай адамға артиске үйлену қиын,- деді Тобықов жүдей сөйлеп,- күндіз репетиция, кешке спектакль дейді. Әйтеуір, сендердің балаларың жоқ екен. Оның үстіне Алмагүл де құр ғана әнші емес, мінез-құлыққа бай әйел ғой, сені жалғызсыратпайтын шығар.
Сәл қызыңқырап қалған Асқар, өзінің сыр сақтамайтын ақ көңілділігіне салып:
— Ой, Алмагүлдің де жетісіп тұрғаны жоқ. Алматыға келгелі түн ортасына дейін үйде бір отырмайды. Ән үйрендім дей ме, репертуар дайындадым дей ме, қайда жүрерін білмейсің.
Тобықов енді шабуылға шығатын кез келді деп ойлады. Сөйтсе де әлі де алыстан орағыта түсті.
— Алмагүл тәрізді асқан әнші әйелге үйленгеннен кейін, бәріне де шыдау керек. Айтып отырғанын бәрі рас, ол композитор Ержан екеуі күнде біразға дейін репертуар дайындайды. Бұның да өзі біздің көркемдік кеңесте де сөз болды.
Асқар екі көзі от шашып Тобықовқа қадала қалды.
— «Сөз болғаны» қалай?
— Советтік адамның моральі бар ғой. Екеуінің репертуар жасаймыз деп бақшада қыдыруын, не оңаша үйде отырып алуларын бір түрлі ыңғайсыз көрдік. Әрине, мұнда ештеңе де тұрған жоқ, репертуар жасайтын болса репертуар жасай берсін, бірақ, бұған күйеуі қалай қарайды?
Бұдан әрі екеуі де ештеңе ішкен жоқ. Және жөнді сөйлесе алмады. Тобықов кетісімен Алмагүл кешігіп келгенде де Асқар бәлендей сыр бермеді. Жай суық сөйлесті де, өз бөлмесіне кіріп жатып қалды.
Осылай тағы бір он шақты күн өткеннен кейін Асқардың үйіне өзімен бірге оқып жүрген жолдастары қонаққа келмек болған соң, ол Алмагүлге:
— Сенің күнде неге кешігіп келетініңді білемін, онымен дайындайсың ба, әлде бөтен шаруамен шұғылданасың ба, менің шаруам жоқ,- деді.- Ал бүгін үйде бол, менің бірге оқып жүрген жолдастарым келеді, сенімен танысқысы келеді.
Бірақ Алмагүл ол күні үйіне келе алмады. Бұл кезде Ержанмен екеуінің арасы әбден шиеленісіп қалған еді, бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын күйге жеткен.
Ал әйелінің келмегеніне іштей қатты ренжіген Асқар, бұдан әрі Алмагүлмен тұра алмайтынын біліп, сол күні киім-кешегі салынған чемоданын арқалап, жолдастарымен бірге институт жатақханасына бір-ақ тартты.
Күндегі уақыттан сәл кешігіп келген Алмагүл әдетте өзін күтіп отыратын Асқарының жоқ екенін көріп, біраз қоңылтақсып отырды да, орнынан түрегелді. Стол үстінде «мен сенен біржолата кеттім» деген күйеуінің жазып кеткен қағазын көрді. Қағазды қолына біраз ұстап тұрды да, кенет үстіндегі киімін шала шешіп, төсегіне сылқ етіп жатып қалды.
Алмагүл, бірін-бірі шын сүйгенін білмей, араларындағы махаббаттарына әбден көздері жетпей қосыла салудың осылай бітетінін бүгін ғана ойлады. Бірақ қынжылған да жоқ, өкінген де жоқ. Ал Ержан екеуінің арасы мұндай болуға тиісті емес, өйткені бұл оны, ол бұны шын жақсы көреді, оған сөз жоқ.
Алмагүл Асқарды емес, Ержанды ойлап жатып ұйықтап кетті.
IV
Бірлән мен Сырымды опера өнерінің үшінші буыны деуге сыятын. Ал бірінші буынның бас қасиеті қазақтың ұлттық операсын ғана құруда емес, оны бүкіл одақтық сатыға көтеріп аса бір таң қаларлықтай табысқа жеткізген болса, ал екінші буынның ең бір үлкен табысы тек қана қазақтың ұлттық қана операсының ойнаушылары болып қалмай, опера өнерінің европалық, яғни классикалық түрін игере бастауында еді. Бірінші буынның әншілері ауылдан келген, халықтан шыққан, cольфеджионың өзін театр сахнасында меңгерген табиғи дарындар консерваторияны, соңғылары ең болмағанда музыкалық училищені, әйтпесе мамандықтарын өсіретін бір жылдық, екі жылдық музыкалық курстарды бітірген, қорытып айтқанда, оқыған, музыкалық сауатты адамдар еді. Ал Бірлән мен Сырымның буынына келсек, бұл қазақтың өңделген халық әндерінен тәрбиеленген, соларды қазақ халқына жеткізуге дайындалған, бейімделген, музыкалық білімнің ең жоғарғы сатысында тұрған адамдар деуге болатын-ды. Дүние жүзінің опералық стандартының көлеміндегі жандар еді.
Бұл жас ұрпақтардың алғашқы ағаларынан гөрі өздеріне тән операға деген өздерінің тілектері, талғамдары бар. Бұлар негізінен өңделген қазақтың халық әндеріне құрылған «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», тіпті кейбіреулері «Біржан — Сараның» өзінен гөрі «Травиата», «Севиль шаштаразшысы», «Кармен», «Евгений Онегиндерді» сондай-ақ солардың биіктігінде жазылған қазақтың жаңа операларын айтқысы келіп тұратын. Бұл олардың ұлттық көркемөнер шеңберінен шығып, классикалық, дүние жүзілік искусствоның шыңына көтерілуді қалаған рухани тілектерінен туған армандары еді. Оларда мұндай армандардың тууы әрине, қазақтың халық музыкасын жек көргендіктерінен емес, өздерінің дүние жүзілік классикалық музыканы игеруге күштерінің, дарындарының жетіп қалғандықтарынан болатын.
Сондай жана буын артистердің бірі Бірлән мен Сырым еді. Бұлардың концерттерде айтатындары да көбіне қазақтың халық әндері емес, опера ария, ариозолары. Әр буынның өзіне тән, өзінін рухани тілегіне сәйкес келетін талғамы бар. Мұндай талғам әрине, Бірлән мен Сырымда да жеткілікті еді. Опера театрының басшылары осы екеуіне арнап жаңа концерттік репертуар жасауға Ержанды шақырғанда, ең алдымен олардың ойлағандары Бірлән мен Сырымның осы рухани түлектерін, былайша айтқанда рухани шөлдерін қандыратын жаңа заман үніне, ырғағына сәйкес, қазақтың жаңа концерттік ария, ариоза, дуэттерін жаздыру болатын.
Композитор Есентаев театрдың бұл тілектерін қабылдаған. Ол өзінің жазам деген шығармаларын, ең алдымен Бірлән мен Сырым қосылып айтатын дуэттен бастауды дұрыс көрген.
Сол дуэтті Ержан жазған да еді.
Бүгін Бірлән мен Сырым келіп, осы дуэтті тыңдап, қосылып айтып көрмекші еді. Композитор демалыс күні болған соң, бұларды өзінің үйіне шақырған.
Бірлән сұлық жүріп киіне бастады. Бұл кейбір артистка әйелдердей; көшеге шыққанда не қонаққа, театрға барғанда бояу, не көзге түсу үшін ерекше әдемі киінуді білмейтін. Ал алтын жүзік салу, не асыл тасты сырға тағыну әдетінде болмайтын. Сөйте тұрып сұлулықты, әдемілікті жанындай жақсы көретін.
Өзі білетін еркектердің ішінде ең көрікті әйелі бар, әйгілі композитордың үйіне барғалы тұрса да, ол тек түріне лайықты деген киімдерін ғана киді. Енді шығайын деп тұрғанында кенет айнаға қарады. Түрінің бұдан бір жыл бұрынғысындай емес, тым солғын екенін көрді. «Мен барғанмен, ол үйге Сырым келе ме, жоқ па? Келе қалған күнде, оның бұнымен қосылып өлең айтуға көңілі соға ма, соқпай ма? Ал бұл барып, ол келмесе, жұрт не айтады?».
Енді аздан кейін Ержанның үйіне Бірләннің барғысы келмей қалды. Ол ақырын күрсініп, төсегіне отыра кетті. Бірлән осылай қозғалмай ұзақ отырды. Бір барғысы келді, бір барғысы келмеді.
Әнші әйелдің бүйтіп әбігерленуінің үлкен себебі бар еді.
Бірлән Сақаннан айрылғаннан кейін Сырыммен жиі кездесіп жүрсе де, «қосылайық» деген сөзді өзі айтар ма екен деп ұзақ күткен. Бірақ бұл сөзді сүйген жігітінен ести алмаған. Дәл осы тұста Сырым бұның үйіне үнемі қызулау боп келетін. Бірлән қанша өзін берік ұстайын десе де, жанындай жақсы көріп қалған жігіттің көңілін қайтара алмаған, қуаныш құшағын суыта алмаған.
Сөйтіп жүргенінде өзінің екіқабат болып қалғанын білген. Оның үстіне Сырым да, бұрынғыдай емес, қыздарының ұйқыға кетпеген кездерінде келуді шығарған. Енді Бірләнға амал жоқ Сырыммен сөйлесуге тура келген.
Әдеттегідей Бірлән өзін құмарта құшақтаған Сырымға:
— Тақа қатты қыспа, бишараның бір жерін ауыртып аларсың, — деген сыңғырлай күліп.
Сырым құшағын сәл босатқан.
— Бишараң кім?
Бірлән енді Сырымды өзі аймалай құшақтаған.
— Сырым, мен саған айта алмай жүр едім… мен екіқабатпын.
— Қойшы?
Қуанғандықтан болар, қызулығы әлі тарай қоймаған Сырым, Бірләнді қайтадан аш белінен құмарлана қысып, оймақ аузынан ұзақ сүйген.
Тек біраздан кейін:
— Шын жүректен құттықтаймын, — деген. — Тек сенен бір ғана тілегім бар…
— Қандай тілек?..
— Қыз тапсаң Қадиша, ұл тапсаң Әлім қояйық атын?
Қадиша — Сырымның мектепте жүргенде ең алғашқы жақсы көрген қызы еді. Ал Әлім сол мектепте өзімен бірге оқыған ең жан аямас досы болатын.
— Жарайды, — деді Бірлән, балаларының атын неге олай қоясың деп сұрамады одан. Тек енді Бірлән Сырымға қарай қырындай жатты. Бір қолымен оның иығынан сипап. — Одан бөтен ештеңе тілемейсің бе? — деді.
— Ж… жоқ.
— Мен бөтен де өтініші болар деп ойлап едім…
— Қандай өтініш?
— Әкесіз бала өсіру қиын ғой. Ең алдыменен ол баланың әкесінің аты болуы керек…
— Оның несі қиын? Бала менікі емес пе? Менің әкемнің атын қоймайсың ба.
— Ол үшін біз қосылуымыз керек емес пе?
— Біз әлдеқашан қосылған жоқ па едік?
Енді Бірлән күлді.
— Ол солай ғой… Мен «қосылайық» дегенде жұрт тәрізді загске барып, той-думан істеп қосылуды айтамын.
— Ә… — деді Сырым. Ол қайтадан күлді,- қосылу деген ол адамның шын сүюі емес пе, өзгенің бәрі жай ресми формальдық заттар ғой…
Бірләннің жүрегі кенет дір ете қалды. Амал жоқ, енді мәселені оған тікелей қоюға тура келеді.
— Мен сол формалдық заттарды айтамын, — деді.
Ол өз сөзінен өзі жерге кірердей болып қорлана қалды. Жаны кірсіз таза, ары сүттей ақ намысқой, іштей тәкаппар Бірлән, өзін өзі сынағандай, мұндай сөзді біреуге айтамын деп ойлап па еді? Амал қанша, махаббат не істетпеді. Шын жүректен сүймесе, ол Сырымға бұл сөздерді айтар ма еді?.. Әрине, айтпас еді. Тіпті әлдеқалай, бойын билеп кеткен ләззатқа шыдай алмай, егер ол басқа біреуден екіқабат бола қалса, дәл қазіргідей оған тікелей «қосылайық» деуге аузы бармас еді. Жоқ, мінезі жұмсақ сөзі майда Бірлән ондай әйел болмайтын. Бірдемені ұнатса, шын ұнатып, біреуді сүйсе, шын сүйетін. Бұл біреуді уақытша ұнату, мен уақытша өмір сүру дегенді білмейтін. Ол Сырымды да шын сүйген. Бар жан-тәнімен сүйген. Сондықтан да оның «қосылайық» деген сөзін де шын жүректен тілеген. Ол «қосылайық» деп айтады деп мықты сенген. Сырым болса үндемеді. Сырым үндемеген сайын Бірлән өзінен-өзі қысыла түсті. Егер ол «жоқ» дер болса, жүрегі дәл қазір жарылып кетердей көрінді.
Әйтсе де, бірден жауап бермей, Сырым ұзақ жатты. Жоқ, Сырым да Бірләнға бір көргеннен ғашық болған. Өлердей ғашық болған. Алғашқы күндерде Бірләнді көргенше, онымен оңаша кездескенше жаны шығып кете жаздайтын. Бұнысы «Риголеттодағы» герцог Мантуанскийдікіндей опасыздықтан, көрсе қызарлықтан, әйел құмарлықтан тумаған. Бұның бар айыбы тез ғашық болып, тез суитынында еді. Және оның бұнысы да шын жүрегінен шығатын. Жүрегінің құбылмалылығы, мінезінің жұмсақтығымен ұласып, бұған гүлден гүлге қонар көбелектей, тұрақсыздық қасірет берген. Дәл қазір Бірләнға бірден жауап бермеуіне бір себебі осы мінезі еді. Жақында ол бір концертте Ханшайыммен танысқан. Құр ғана танысқан. Бірақ біреуді ұнатса, бірден құлай кететін кеңілі мазасын ала бастаған. Бұдан бөтен Сырымның дәл қазір үндемей қалуының тағы бір себебі бар еді. Ол оның әлі де болса жастығы еді. Өмірдің еш қиындығын көрмеген, еңбектерімен жалғыз балаларын мәпелеп өсірген колхозшы әке-шешелерінің арқасында бар ынтасы тек әншілікке ауған, дарынды жас жиырмадан асып кетсе де әлі де өзін жас санайтын. Тіпті әке боламын деген оның ойына да кіріп шықпайтын. Осындай, жүрек сезімі ерте оянған жас жігіт, Бірләнменен кездескенінде, одан бір басына қиындық түсер деп секем алмаған. Ал Бірләнмен, екі баласы бар әйелмен кездесуі жеңіл дүние емес екенін осыдан он күн бұрын білген. Жоқ, ол күні Сырым бірінші рет құрық көрген дөнендей ыршып түскен.
Үйлеріне үнемі бұлар жатпай, кешке таман келе бастаған бөтен адамға Бірләннің екі қызы бірдей үйреніп қалған-ды. Сырым кейде екеуіне конфет әкеліп береді, Бірләнмен әңгімелесіп отырғандарында кейде маңдайларынан сипайды, стол астына кіріп кеткен ойыншықтарын көтереді, кейде тіпті сүп-сүйкімді кішісі — Күләйімнің бетінен сүйеді. Нәсілі жұмсақ Сырым оларға кәдімгідей жылы қарады. Ақылы кіріп қалған қыздардың үлкені Бибіш, Сырымның өздерінің әкесі емес, бөтен адам екенін жүрегімен сезіп, буған тақа жуи қоймағанмен, ал кішісі, әлі ақыл кірмеген, Сырымның бұнымен ойнағанына, кейде алдына алғанына мәз болған Күләйім Сырымға әлдеқалай:
— Папа! — деп қалды.
Сырымның жүрегі кенет дір етті. Бұл оның «папа» деген сөзді бірінші рет естуі еді. Және қанша ойнағанмен, бөтен адамның баласынан естіді. Сырымды бұл сөз қуантудың орнына қатты ренжітіп тастады. Егер Бірләнмен қосылса, оның папа болатынын ескерткен тәрізденді… Және бір балаға емес, екі балаға бірдей. Демек, жаны сол күні қандай шошынғанмен ол Бірләнға бәлендей сыр бермеді. Күләйіммен қайтадан ойнай бастаған. Сүйген жігіті мен қызының былай ойнап жүргенін сырттарынан қарап тұрған және Күләйімнің «папа» деген сөзіне Сырымның «қызым!» демей үндемей тұрып қалғанын көрген Бірләннің де көңілі кенет жүдегендей болған. Сөйткен Сырым бүгін Бірләннің екіқабат екенін естіп іштей абыржи түскен. Әлі өзін жас санаған Сырымға бірден үш баланың әкесі болу жеңілге тимеген. Қазір оның үндей алмай жатқан себебінің де бірі осында еді.
Сырымға өзінің қойған мәселесін қазір шешуге қиын екенін түсінген Бірлән, жақсы көрген жігітін бұдан әрі қинағысы келмеді. «Мені қанша сүйгенмен, мүмкін біреудің балаларын өз баласы еткісі келмейтін шығар», деді ол ішінен, «тым жас қой, бірден әке бола қалу оңай емес болар бұған. Мені шын жақсы көрсе түбі алысқа кетпес. Ал жақсы көрмесе, біздің арамыздағы қуаныш құр махаббатқа ойнау боп шықса, бұның қазір маған «жоқ» дегені соңынан барып айтар сөзінен анағұрлым қиын тиер, ойлансын, әбден қабырғасымен біржолата шешсін».
Өзіне қанша қиын болғанымен, Бірләннің сүйген жігітіне өз ойын айтуға қайраты жетті.
— Қазір саған менің сұрағыма жауап беру қиын болса, жауап бермей-ақ қой, — деді ақырын күрсініп, — қабырғаңмен кеңес, мен еш жаққа кетіп жатқан жоқпын ғой…
Жігіт тағы жауап берген жоқ. Тек Бірләннің өзін бір ауыр жағдайдан құтқарғанына риза болғандай, оны құшақтап екі бетінен кезек-кезек сүйді.
Міне сол күннен бастап, екеуінің арасында бір терең сай пайда болғандай еді. Сол терең сай күннен-күнге ұлғайып ақыр аяғында кісі құлап кетердей тұңғиыққа айналған-ды. Ал қайсысының сол тұңғиықтан секіріп өтуге күші жетер? Қайсысы секіріп етіп, екіншісінің жанына келіп, екеуінің бірге жүрер жолын табары белгісіз еді. Әйтсе де осы түнгі сөзден кейін де Сырым біразға дейін Бірләннің үйіне келіп жүрді. Бірлән де екеуінің осы бір кездегі қуанышы түбі ұзақ болмайтынын сезді ме, әйтеуір ол келген сайын ең ақырғы рет жарқырап сөнген от тәрізді, Сырымнан ешбір жомарттығын аямады. Бірақ неғұрлым Бірләннің іші шыға бастаған сайын, неғұрлым Сырым келуін сиретті. Ал Бірләннің декретке шыққан күнінен бастап, тіпті келмей қойды. Ол құр келмей ғана қойған жоқ, Бірләнді сол күннен бастап үлкен қайғыға душар еткізді.
Сол өзінің декретте жүрген күндерінің біреуінде, бір жақтан келе жатып Бірлән кинотеатрдан бірге шыққан Сырыммен Ханшайымды көрген. Екеуінің де кездері күлім-күлім етеді, біріне-бірі бірдемені айтып ақ жарқын пішінмен күледі. Бақытты адамдардың жүздері Бірләнға аян. Өзі де бақытты болып көрген. Сырым сол сәтте театрдан шыққан жұрттан шеттеу келе жатқан Бірләнді байқамаған. Ал бұларды көрген Бірләннің ішіне от тастап жібергендей, жүрек, бауыр еті кенет өртене қалған. Аздан кейін бұны көкті торлаған күзгі бұлт тәрізді бір қалың қайғы басқан. Жоқ, Бірлән Сырым мен Ханшайымның бақыттылығына қайғырған жоқ, өзінің бақытсыздығына қайғырған. Ол Сырым мен Ханшайымды тағы да бір-екі рет сырттарынан көріп қалған. Көрген сайын гүл-гүл жанған екі жастың біріне-бірі тең екенін, біріне-бірінің лайықты екеніне көзі жете түскен. Және неғұрлым Сырым мен Ханшайымның бір-біріне лайық екенін түсінген сайын өзінің Сырымның жанында Ханшайым тәрізді енді жүре алмайтынын ұққан. Оған ең ауыр қайғы, жүрегіне ең ауыр жара осы Сырымды мүлдем жоғалту қаупі болды. Қандай өзін берік ұстауға тырысса да, осы бір қасірет жанын жегідей жеді. Өзінің екіқабаттығын есіне алып, Сырымды қанша ойламайын десе де болмайды, енді Сырым оған шын ауыр қайғыға айналады.
Сөйтіп жүргенде Бірлән аман-есен босанды. Қыз тапты. Қызының атын әкесі Сырым сұрағандай Қадиша қойды. Уәделері бойынша оған Сырымның фамилиясын берді. Бірақ әкесінің үнемі ішіп жүргендігінен бе, әлде соңғы айлардағы Бірләнді басқа қасірет жеңді ме, қызы шала-жансар болып туды. Екі айдан кейін баланың шала-жансарлығы аз болғандай, анасы оның талма ауру екенін білді. Енді қайғының үстіне қайғы қосылды. Бұрын өз басының бақытсыздыққа ұшырағанына, махаббаттың опасыз болғанына жүдесе, енді іштен шыққан нәрестесінің тумай жатып мынандай жазылмас дертке душар болғанына қан құсты. Бірақ қайғысы қандай ауыр болса да, Бірлән шыдады. Жоқ, оны осы бір ауыр қасіретке шыдаттырған сол қасіреттен жол тауып шығуға жетелеген жаны сүйген өнері — әні еді, Бірлән көркемөнерді құр ғана сүйіп қоймайтын, оны жанынан да жақсы көретін, ол үшін бар өмірін де, тіпті өзін де құрбан етуге бар еді.
Бірләннің осы бір тұңғиыққа тірелген, жаны жай таба алмай, далада қалған жалғыз қаздай, азапты кезінде, композитор Ержан оның айтуына арнап жазған әндерін жіберген. Ән болғанда қандай! Бірінен бірі өткен сазды, кейде қайғылы, кейде қуанышты туындылар. Әрбір жақсы ән Бірләнға бұрын да нағыз мейрам болатын. Өмірден, опасыздықтан түнерген, іштен шыққан баласының бақытсыздығынан жанын қоярға жер таба алмай жүрген қасіретті әйелге осы бір әндер қараңғы үйге жарық әкелгеннен кем болған жоқ. Ең алғашқы өлеңді күйсандықтың жанында отырып ыңырсып айтқанынан-ақ Бірлән кілт өзгерді. Құдіретті искусство! Баға жетпес ән мен күй! Тастай жауынгердің жүрегін қорғасындай балқытқан құдіретті көркемөнер! Қайғыдан саз балшықтай иленген ана жүрегін көк құрыштай жігерге толтырған баға жетпес ән-күйі Сен емес пе ен отыз ұлдың ортасындағы жалғыз Зәурешінен айрылған кәрі әкеге, сүйген жарынан айрылған сұлу қызға, құстай жүйрік тұлпарынан айрылған сері жігітке киын сағаттарында демеу берген! Сүйеніш берген! Өмірдегі ең бір өте ауыр кезінде сол құдіретті ән Бірләнға да серік болды. Құлағалы бара жатқан жас жанды қолтығынан ұстап тұрғызды! Құлатпады!
Ержанның алғашқы өлеңі-ақ оның үміті сөнуге айналған көңіліне кенет жігер берді, күш берді! Композитордың әрбір өлеңі, оның езілуге айналған жанын қайтадан тірілтті! Қайтадан Бірләнді санға қосты! Оған мен секілді жаны ашыр серігің тұрғанда өмірден түңілме, қайтадан қатарға тұр деді.
Бірлән композитор жіберген әрбір әнін, күйсандығына қосылып, өзі үйрене бастады, айта бастады. Әр өлеңді үйренген сайын, айтқан сайын, көңілі сергіп, өзін қоршаған қасіреттен құтылуға жол іздеді. Сол қолын тапты! Ол жол тағы бәз-баяғы жаны сүйген көркемөнер, ән-күй болып шықты.
Бірләннің міне осындай қайтадан өзін-өзі таба бастаған кезінде, кенет композитор Ержан жаңадан жазған дуэтінің Бірлән айтатын партиясын жіберген. Келесі жексенбіде Сырыммен қосылдырып айтқыздырып құнды-құнсыздығын білу үшін өзінің үйіне шақырған!
Композитор жіберген қағазда «Сырыммен қосылып айтасың» деген сөзді оқығанда Бірләннің жүрегі кенет дір ете қалған. Сырыммен қосылып өлең айту — бұл оның дүниедегі ең үлкен арманының бірі емес пе еді. Сол арманы ертең орындалмақ па? Жоқ, жоқ махаббат деген шын қымбат асыл тас екен, оны оп-оңай лақтырып тастай алмайды екенсің. Бірлән Сырымның аты шығып еді, оны әлі ұмытпағанын, жоқ, тіпті оны әлі де жақсы көретінін білді.
Бірләннің киініп болып, кенет қобалжи қалуы да осыдан еді.
Әнші әйел ұзақ отырды. Ержанның үйіне баруға әлі де уақыт жеткілікті еді. Кенет бұны тағы да қайғылы ой басты. Өзі күзде алты айға жетіп қалған Қадишасын, әйгілі профессордың ақылы бойынша осындай кәріп балаларды емдейтін Ленинградтағы ауруханаға беріп қайтқан. Онда барғаннан кейін баланы тапсырған күні, Бірләнда Қадишасын біржолата ауруханаға қалдырып бара жатқандай сезім пайда болған. Әркімдерден ептеп сұрап көргенінде, мұндай аурудан жазылудың тіпті мүмкіншілігінің жоқтығын түсінген. Ол кезде баласын қайтып алуды да ойлаған. Баланы қабылдаған профессор оған «Әдейілеп алып келдіңіз ғой, шыдамдық істеңіз. Балаңызды жазып береміз деп үзілді-кесілді уәде беру қиын, әйткенмен, қызыңыз тым жас қой; мүмкін ем қонар, мұндай жаста жазылып кеткен бірен-саран нәрестелер де болған. Үмітсіз шайтан деген үміттеніңіз… Ал балаңызды тіпті қимасаңыз қайтып алатын уақытыңыз әлі болар, әзірге тимеңіз» дегеннен кейін әзер-әзер көнген. Бірақ анасын тани бастаған кішкентай бөбегінің бетінен ақырғы рет сүйіп, енді кеткелі есікке қарай аяғын басқанда, Қадишасы анасынан мүлде айрылатынын сезгендей көзінде пайда болған бір орасан қайғымен телміре қарап, кенет шыр ете қалған. Баланың сондағы көз қарасы, сондағы даусы Бірләннің жүрегіне мәңгі өшпес басылған таңбадай, Қадишасының шыр ете қалғаны есіне түсіп кетсе, бұл еңіреп жылап қоя беретін. Бірлән осындай күйде Алматыға жеткенше жылаумен болған. Кеше де күні бойы өзінің айтатын дуэтін жаттықтап, әбден шаршап, төсегіне енді жата берген кезде кенет Қадишасы есіне түскен. Содан түні бойы ұйықтай алмай шыққан. Бүгін бұның орасан жүдеп қалғанының себебі де осыдан еді. Қадишадан бөтен Бірләннің қайғысы енді жоқ секілді еді. Бибіші биыл мектепке барған, ол бүгін кішкентай сіңлісі Күләйімін ертіп, туған күнін мерекелеуге шақырған көршілес тұратын өзімен бірге оқитын дос қызы Наташаның үйіне кеткем. Шешелері қайтқанша сонда болмақшы еді.
Расында да Қадишасының қайғысы өзге қайғысының бәрін ұмыттырғандай еді. Тіпті Сырымға деген махаббатын да, өкпе, ренжуін де бәрін кейін шегіндірген. Өзі де оны енді бұрынғыдай көп ойламауға тырысқан. Міне осындай күйінде Ержанның мына бір жапырақ қағазы тұнып жатқан көлді дауыл ұрып толқындатқандай, кенет ақыл, ойын, жан сезімін бұлқан-талқан ете қалды. Сырымды көрсе, онымен қосылып, ән айта қалса ән сөздері де дәл бір екеуінің жүрек сырларына арналып жазылғандай еді, өзінің қайтадан азапқа түсетінін ұғып, Бірлән бір рет композитордың үйіне барғысы да келмеді. Бірақ сол сәтте, ол орнынан атып тұрды. Сағатына қарап еді уақыт таяп қалған екен. «Жоқ, барамын! Барамын!» деді ол нағыз біреу оған барма деп тұрғандай, өзіне өзі жігер беріп: Әрине, Бірлән Ержанның үйіне баруға тиісті. Осыдан үш күн бұрын театрға кіріп шыққанда, композитордың жаңа операсын бітіргенін білген. Әйелдің бас роліне өзін белгілегенін де естіген. Ал .жігіттің бас ролін кім ойнайтыны әлі белгісіз, оған лайықты Сырым осы кезде араққа тым салынып кеткен көрінеді деген кейбіреулер. Опера алғашқы қойыларда театр басшылары композитордың ойымен қатты санасады. Әрине, жігіттің бас ролін Сырымның ойнағанын Бірлән жақсы көреді. Жүрегі соңы тілейді. Егер ретін тапса, Сырым сол бұрынғы Сырым болса, композиторға операсының бас ролін Сырымға бергізуді сұрау да ойы бар еді Бірләннің. Бірақ ол кеше «Сырым егер бүйтіп іше берсе даусынан айрылуы мүмкін» деген сөзді де естіп қалған. Бұл Бірләнді тағы шошытып тастаған. Демек, қайткенмен де Ержанның үйіне бару керек, қиын ба, оңай ма, Сырымды да көргені жөн оның.
Ержан алты бөлмелі «особняк» деп аталатын, шағын қоралы, бау-бақшалы, қызыл шатырлы, әдемілеп салынған бір қабатты үйде тұратын. Бірлән келіп, қораға кіріп электр қонырауын басқанда, көк костюмді, ақ көйлекті Ержанның өзі шықты сыртқа.
— Жоғарылат, Бірлән,- деді композитор амандасып болғаннан кейін. — Бірден кабинетке кір…
Бұл: үйде Бірлән бұрын да болған. Үйге кірген шақта-ақ Ержанның егіз қозыдай Ерғазы, Нұрғазы деген алты жасар балалары есік алдында шулай жүгіріп кеп, қарсы алатын. Мойнынан асылған. егіз баланың Бірлән кезек-кезек беттерінен сүйіп, әкелген конфеттерін беретін: Бұл уақытта сұңғақ бойлы, ашаң өңді, үнемі көзінен мұңы кетпейтін Ержанның әйелі Жәмила бұларға күлімсіреп қарап тұратын. Бүгін ондай шудың бірі де жоқ, үй іші тып-тыныш.
— Жәмила балаларымен кеше дачаға кетіп еді, әлі келген жоқ, — деді Ержан есігін жауып жатып.- Көп кешікпей келіп те қалар. Оған дейін жұмыспен шұғылдана тұрайық…
Бірләнға Ержанның кабинетіңде біреу бар секілді көрінді. «Сырым, шығар, деді ол өзіне өзі, сол келуге тиісті еді ғой». Сырыммен кездесіп жүрген бұрынғы кездеріндегідей кенет жүрегі ойнап кетті. Ол аяғын баяу басып Ержанмен бірге оның кабинетіне кірді. …Жоқ, мұндағы адам Сырым емес екен.
Төрт бұрышты, кең едендеріне кілем төселген үлкен терезелі Ержанның кабинетінде,-бұрыштағы ашық күйсандықтың пернесін бір саусағымен ақырын басып орта бойлы біреу тұр. Бұлардың кіргенін сезіп, әлгі адам кейін бұрылды. Бірлән таныды. Бұл опера театрының: теноры Жүсіп Еренов екен.
Жүсіп Еренов. Бұл қалың қабақты, көп күлмейтін қара торы реңді, қырықтан асып бара жатқан кісі еді. Өрісі кең, әжептәуір даусы бар, бірақ артистігі және музыканы қабылдауы шамалы болатын. Соның арқасында кейде оркестрге ере алмай, не асып кетіп дирижерлердің әбден зықысын шығаратын. «Япырм-ай, музыкаға кішкене құлақ қойсайшы, арияңның төртінші тактынан бастап оркестр бір бөлек, сен бір бөлек кеттің ғой» деп кей дирижер күйіп-пісіп қалатын. Бірақ оған Жүсіп міз бақпайтын. Сол түюлі қабағын ашпаған қалпында дирижерге қысқа ғана «қайтадан баста» дейтін. Бастамасқа дирижердің амалы жоқ. Жүсіп театрдың бас артистерінің бірі, республикалық атағы бар. Жүсіптің тілегімен оркестр бір арияны он рет ойнайтын, он бес рет ойнайтын, әйтеуір, жұртты әбден шаршатып барып Жүсіп те өзінің дегеніне жететін. Оркестр мен бұның даусы бірден шығатын болатын. Дирижер демін алып, маңдай терін сүртетін. Ал әбден жаттығып алған Жүсіп, енді оркестрден қалмайтынын, оны шатыстырмайтынын білетін. Бірақ Жүсіп бұныменен тоқтамайтын, енді ол екінші ариясын жаттығуға кірісетін. Оркестрдің дирижердің шаршадық, не уақытымыз бітті дегеніне қарамайтын. Өзінің нысанаға алған белестерінен өткенде ғана, әбден қара тер болған оркестр адамдарын сонда ғана босататын. Ертең Ереновпен репетиция болады деген күні оркестрде ойнаушылар бірін-бірі қалжыңдай құттықтап: «Ертең Өрен Ереновпен репетиция істейміз, жолдастар, таңертеңгі, түскі, кешкі тамақтарыңды ала келіңдер» деп күлетін. Жүсіптің өзінің дегенін істей алатын қайсарлық мінезіне қарай, басқалар оны Жүсіп демейтін, Өрен дейтін. Өрен Еренов дейтін. Бұған ол бәлендей мән бермейтін. Қысқасы, Жүсіп Еренов, оркестр адамдарының айтуынша Өрен Еренов, кейбір артистердің дарындарының арқасында алатын белесті, өзінің еңбегімен, қайсарлығымен алатын.
Осы бір түксиген, көп сөйлемейтін, жұртпен ашынажай бола қоймайтын ашулы қабақты артисті Бірлән де бәлендей ұната қоймайтын.
— Бүгін Сырым екеуіңнің дуэтіңді тыңдамайтын болдық, — деді Ержан үшеуі де жұмсақ креслоларға жайғасып отырып болған соң,- Сырым келе алмаймын деп хат жазып жіберіпті… Содан кейін, сені босқа әурелемейін деп мына Жүсіпті шақырдым…
Бірлән мұңая езу тартты.
— Сонда біздің дуэтімізді мен осы кісімен айтады деп ұйғарғаныңыз ба?
— Жоқ. Неге? Дуэт Сырым екеуіңе арналып жазылған. Екеуің айтасың. Сырымның бүгін қолы тимегенмен, бөтен де күн бар ғой. Мен Жүсіпті бөтен шаруамен шақырдым. Естіген шығарсың «Асау Ертіс» атты мен жаңа опера жазғам. Театр басшылары соның кейіпкері жас құрылысшы Дәрібайды мына Жүсіп ойнайтын етіпті.
Бірлән Ержанды бөліп жіберді.
— Сырым қайда?
Ержан кенет жүдей сөйледі.
— Ол операдан шығып, филармонияға кетіпті.
— Неге?
— Неге екенін әзім де білмеймін. Үш күннен бері Сырым қолыма түспей-ақ қойды.
— Жоқ, Сырым операдан өзі кеткен жоқ. Оны шығарып жіберді. Тым көп ішетін болып кетті. Репетиция түгіл бір-екі спектакльге де келмей қалды,- деді кенет тұнжырай сөйлеп Жүсіп,- мұндай тәртіпсіздікке қанша шыдауға болады? Жақсы, әлі оны ана филармония басшылары алыпты. Көркемөнер басқармасына филармонияның ана бір директоры «өзіміз тәрбиелейміз, арақ ішуін қойғызамыз» деп уәдесін беріпті. Оның айтқаны қолынан келсе жарады.
Сырымның опера театрынан кеткені, нағыз бір осы Жүсіптің істегеніндей, бұрынғыдан да оны тақа ұната қоймайтын Бірлән, әлгі сөздерінен кейін Жүсіпті тіпті жек көріп қалды. Бірақ Сырымның опера театрынан кеткені қабырғасына қатты батып тұрса да сыр бергісі келмеді. Сөйтсе де ар жағынан түйіліп келіп қалған ызасын Жүсіптен алғысы келгендей:
— Сонда Сырымның орнына, бас рольді мына кісі ойнайды ғой, сірә? — деді даусына Жүсіпті менсінбегендей саз беріп,- Сырым кеткенмен Жақыпжан бар емес не еді?
— Иә, Жақыпжан бар… — деді Ержан кенет шаршап кеткендей самарқау сөйлеп. — Театр көркемдігі жағын басқаратын жігіттер ең алдыменен соны айтып еді, жаман тенор емес қой. Мен көнбедім. Сырымды араққа үйретіп жаман жолға салғандардың бірі сол қу көрінеді.
— Және оны Ханшайыммен таныстырған да сол Жақыпжан десіп жүр ғой жұрт, — деді Бірләнға нағыз бір жақсы хабар естірткісі келгендей, сөзін тасқа басқандай етіп ап-анық етіп сөйлеп Жүсіп.
Сырым мен Бірләннің арасындағы трагедиядан бейхабар, Ержан:
— Егер оларды Жақыпжан таныстырған болса, оны айыпқа санауға болмайды, — деді Ержан, — Сырым тәрізді жеңілтек жігітке Ханшайым тәрізді ұстамды адам керек. Егер Сырымды адам ету қажет болса, тек сол Ханшайымның қолынан келеді.
Бірлән не есітіп, не қойғанын түсінер емес. Жүрегі өртеніп, іші-бауыры удай ашып әкетіп барады.
Дәл осы сәтте электр қоңырауы дыбысы естілді, Ержан түрегеліп сыртқа қарай беттеді. Әлден уақытта күлген, жүгірген балалар даусы шықты. Жәмилалар келген екен. Ержанның егіз ұлдары үйге кіре құшақтай Бірләнға еркелеп бірдемені айтып жатыр. Бірақ Бірлән ештеңе түсінер емес, ойын, жанын енді Сырым мен Ханшайым деген сөз билеп әкетіп барады…
— Мен сендерді шақырғанда,- деді әлден уақытта Ержан, Бірләннің өзіне қарап үн-түнсіз отырғанын көріп,- операның бас кейіпкерлерінің қандай адамдар олардың музыкалық шешімдері композитордың ойынша қандай болмақ, соны айтпақ едім. Бүгін оған енді мүмкіншілік болмас, Жәмила мен балаларың келіп қалды, одан да шай ішіп, ет жеп, жай әңгімелеселік…
Кенет Жүсіп орнынан түрегелді, ол Бірләнға дәл сахнадағыдай басын иіп:
— Сіз мені бұл рольді атқара алмайды, сізге серік бола алмайды деп қам жемеңіз,-деді шын ойымен — Бұл рольді: менің өмір бойы күткен рөлім. Мен қолым; нан келгенімді аямаймын, барымды саламын. Қараңыз да тұрыңыз бұл рольде мен Сырымнан да, Жақыпжаннан да артық соқпасам кем соқпаймын!
Бірлән сәл езу тартты.
— Оған сөз бар ма!
Жүсіп әйел үніндегі кекесінді сезбеді. Мүмкін сезген де болар, бірақ ренжігендей, не намыстанғандай белгі көрсетпеді.
Бірлән бұл түні де ұйықтай алмай ұзақ жатты. Бұрынғы қайғысына тағы қайғы қосылды. Өзіне енді Сырымның жоқ екенін түсінсе де, оның арақ ішіп операдан шығарылғаны оған қатты батты. Тек Бірлән Сырымды тағдыр бұл кеселден құтқара гөр деді. Сырымның қайтадан санға қосылып, Ханшайымның шын бақытты адам болуын тіледі, Бірлән өзінің осындай тілекке келуінен, кенет Сырымға деген махаббатының сөне бастағанын түсінді.
Тек таң атар алдында ғана ұйықтап кетті. Онда да өзін-өзі әзер көндірді, өйткені ертең қатынасатын операсы бар еді. Рас, ондағы рөлі кішкентай болатын. Бірақ кішкентай болса да сол рольде Бірлән өте көңілді, шаттыққа бөленген жас қызды ойнауы керек. Актердің даңқы рольдің үлкен-кішілігімен ғана байқалмайды.
V
Атып келе жатқа таң сәулесі шомылдырған ақ бас Алатау шыңдары көгілдір аспан аясында бір орындарында тапжылмай қалып тұрған тәрізді. Тау кеудесінен төмен қарай, жап-жасыл Тянь-Шань шыршасы, одан сәл төмендеу қалың терек, қарағай, емен құлаған. Кей тұстарында көгілжім сәнді ақ қайыңдар да көрінеді. Бұлардан да төменде алма, өрік, алмұрт ағаштары ұйыса келіп, жасыл даламен жалғаса кетеді. Жасыл дала, толқынды жасыл теңіз тәрізді. Тек әр жерде желмен ойнай шайқалып тұрған ойдым-ойдым қызғалдақтар, сарғалдақтар, лала гүлдер ғана жер бетін жапқан теңіз толқындары емес; өсімдіктердің сан бояулы кілемдері екенін аңғартады. Ал тау бөктеріндегі сонау қарлы құздардың құшағынан жүйткіген долы тасқынды тау өзендері көбік атып, бұлқына түсіп тынбай гүріл қағады…
Осындай өзен-декорацияның жағасына оркестр құрамы орналасқан. Жаға, етек өңірлеріне оқа ұстаған қара көне барқыт бешпет пен оюлы кең балақ шалбар, бастарына үсті сондай қара көк барқыт құндыз бөрік киген жігіттер мен ақ жібек қос етекті көйлекті, оқалы қызыл барқыт камзолды, үкілі тақия, бөрікті қыз-келіншектер отыр.
Сахна пердесі жоғары көтеріліп, осы бір керемет сурет көрінгенде, жұрт ду қол шапалақтады.
— Қымбатты жолдастар, — деді шу басылғанда, қара костюмді, ақ көйлекті конферансье Әбілқайыр. Ол жайшылықтағы қалжың құмар, тілі удай ащы жігіт емес, салмақты, жұртқа ой салар кісі. — Бүгінгі біздің концертімізге келулеріне қарағанда, бұл залда кілең жақсы адамдар, өзіміздің досымыз отыр деп ұғамыз, Сондықтан бүгінгі біздің жаңа программамызға, өздеріңіздің достық, адал пікірлеріңізді айтатындарыңызға ешбір күмәніміз жоқ. Енді концертімізді бастаймыз.
Сахнаға сұрғылт өңді, қою, ұзын шашты, үстіне арты қарлығаштың құйрығындай ұзынша келген көмірдей қара фрак киген жас жігіт шықты. Бұл оркестр дирижері еді. Ол люпитр үстінде жатқан ұзынша ақ шыбықты қолына алды. Сәл жоғары ұстап тұрды да, кенет төмен сілтеп қалды.
Сол сәтте көрермендер залы халық аспаптарының жұмсақ, әдемі дыбысына толды. Күңгірлеген домбыра үніне кәдімгі адамның даусындай ап-анық етіп қобыз қосыла сөйледі. Залды дыбыс тасқыны алып кеткендей болды. Осы үн-дыбыс құдіреті бірте-бірте өсіп, екпіндей, қарқындай адамның бүкіл қиял, ақыл, ойын билеп, кенет залдың әшекейлі қабырғалары, алтын бояулы төбесі, жұрт отырған барқыт креслолар жоғалып, тек жан сезімі үндерінен құрылған қиялдың көркемдік дүниесі орнағандай болды.
Көрермендердің көз алдына сонау көкторғын аспанды, қау-жусандары желмен ойнаған, ұшы-қиыры жоқ қазақтың даласы, Сарыарқасы елестеді.
Ал Сырым осы күй арқылы Сарыарқаның көз жетпес жасыл шалғынды алқаптарын, көгілдір белестерін, қалың көк шөптің арасынан секіре аққан мөп-мөлдір тас бұлақтарын, сағымдары жүгірген көкжиектерін көрді. Сырым керемет күй үндерінен осы ұлы далада өмір сүрген, қуанған, қайғырған, айқастарда жауын жеңген, кейде өзі жеңілген туған халқының теңіздей ырық бермес күшін, ана алақанындай жұмсақ жақсылығын, күн сәулесіндей мәңгі сөнбес махаббатын ұқты, шалқып кеткен қиялына қанат етті.
Әбілқайыр концертті ойдағыдай жүргізді. Өткір тіл керек кезінде, алмастай өткір сөз таба алды. Көрермендерді күлдіретін жерінде күлдірді, ойға салатын жерде ойға салды.
Ол енді бір мезет жұрттың тынышталуын сұрап алды да:
— Құрметті көрермендер, қазір сіздердің алдарыңызда оркестрдің сүйемелдеуімен біздің жас дарындарымыздың бірі, тамаша әншіміз Ханшайым Әсенова қазақтың халық әні «Дударайды» айтып береді,— деді.
Сірә, көрермендерге Ханшайым онша көп таныс болмауы керек, жұрт самарқаулау қол соқты.
Сол сәтте сұңғақ бойлы, ақ құба келген, жаудыр көз, малына киінген, үкілі бөрікті, сахнаға бір түрлі жасқана Ханшайым шықты. Ол көрермендерге басын сал ие сәлем берді де дирижердің сол жақ алдынан барып тұрды. Сырым кенет сәл алға қарай ұмтылып, қыздан көзін алмай тына қалды.
Бұл өлең Қорғалжың көлінің жағасында, Ақмола даласында туған. Мәриям деген орыс қызы қазақтың Дүйсен деген жігітіне ғашық болып айтқан өлеңі. Орыс пен қазақ халқының достығын суреттейтін бұл өлеңді екінің бірі білетін. Әні де, сөзі де қанша жақсы болғанмен де, жұртқа әбден етене таныс өлеңді айтып көрермендерді тақа толқыта қою да қиын еді. Оның үстіне Ханшайымның көкірегінен шыққандай қоңырқай жұмсақ даусы Бірлән мен Алмагүлдің даусындай ерекше бітпеген-ді. Бірақ Ханшайым олардан кем әнші емес еді. Әннің әр нотасын жүрегіменен, шын жан-тәнімен сезе білетін. Сол сезгіштігі арқылы әнді нақышына келтіре, тыңдаушыға жеткізе айта алатын. Ал бұл жолы қалай болмақ?
Дегенмен Ханшайым тыңдаушылардың жүрек пернесін баса білді. Ғашық қыздың әнін, нағыз Дударға ғашық болғандай, жұрттың жанын тебірентіп бір орасаң жұмсақ, жігітті сағынып, өте қобалжыған үнменен айтып берді.
Кейде адам даусы жүрекке электр тоғындай әсер ететін кезі болады. Ханшайымның әні Сырымға сондай әсер етті. Жоқ, жалғыз ғана Сырымға емес, барлық тыңдаушылардың да Ханшайым көңілдерінен шыға білді.
Бүкіл зал ұзақ қол шапалақтады.
Келесі антрактыда Ханшайым әдеттегі киімін киіп, фойеге шықты. Міне осы арада Жақыпжан оны өзінің жолдасыменен таныстырды.
— Ханшайым, — деді ол, өзінің әнші қызбен бұрыннан таныстығын пайдаланып еркін сөйлеп. — Барлық өкпе, бауыр, жүрегіммен сеңі құттықтаймын! Дударайды тамаша айттың,- сөйдеді де, жанындағы жолдасын көрсетіп. — Сені көріп, қолыңды алғанша жанымды шығарып жібере жаздады. Таныс болып қой, опера театрының көгінде жаңадан шыққан жұлдызымыз Сырым Иманов.
Сырымның Бірләнмен бірге герцог Мантуанский рөлін ойнаған «Риголетто» операсына Ханшайым да барған. Әншінің даусына, герцог арияларын орындауына бұ да шын риза болған. Қазақтан Европа музыкасын мұндай тамаша ұға білетін Сырым, Бірлән секілді жастардың шыққанына шың жүректен қуанған.
— Өте жақсы, — деді Ханшайым ұзын саусақты аппақ қолын созып. — Ханшайым Әсенова. Сізді сыртыңыздан мен де танимын. Премьераңызда болғам. Ол аппақ тістерін. көрсете әзілдей күлді. — Бірақ сізді қазір кім танымайды?
Жігіт әзілге әзіл қайтарды.
— Көптің танығанынан, сіздің танығаныңызға мен қуаныштымын.
— Қойыңызшы! Ондай қадірім жоқ секілді еді. — Өзіңіз байқамай келгенсіз ғой.
—Сіз байқап қалдыңыз ба?
— Байқамасқа қоймадыңыз ғой. «Дударайды» сіздей етіп адамның жан-тәнін елжіретіп орындағанды бірінші рет естідім.
Ханшайымның жүрегі жылып кетті.
— Кекетесіз ғой! Мұндай сөзді айтпасаңыз керек-ті.
— Жоқ, шыным.
— Онда, рақмет! — Қыз екеуіне бірдей қолын берді. — Ал әзірге қош болып тұрыңыздар.
— Ханшайым, расыменен бізді тастап кетпексің бе? — деді наз еткендей күліп Жақыпжан.
— Өзім де қимай тұрмын, — деді тағы да күліп Ханшайым. — Амалым жоқ, таңертең ерте тұрып баратын шаруам бар еді.
— Онда рұқсат етіңіз, мен шығарып салайын, — деді кенет Сырым — Таныспай жатып, қоштасқанымыз дұрыс болмас.
Қыз жігіттің бетіне жалт қарады.
— Алыста тұрамын, шаршап қаларсыз?
— Сізбен қатар жүргенде мені шаршайды деп ойламаңыз.
Қыз Сырымның бетіне тағы қарады. Кенет әлденеге қуана қалғандай күлді.
— Онда, жүріңіз!
«Мынаның бәлесін-ай!» деген Ханшайыммен қатарласа кетіп бара жатқан Сырымның соңынан қызғана қарап Жақыпжан қала берді. Дәл осы сәтте ол шын қызғануда еді. «Бәрі бұған оңай, көрдің бе бұл арада да менен асып түсті».
Ханшайым үйім алыс деп жай айтқан. Тақа алыс емес, бұның да үйі қаланың ортасында болатын. Және таңертең ерте тұрып қайда баратынын кім білсін, театрдан шыққандарына бір сағаттан асып кетсе де, Сырыммен әлі қыдырып жүр. Бұлар гүлдер алаңының жанынан өтіп бара жатқандарында, Ханшайым кенет тоқтай қалды.
— Мен осы араны жақсы көремін, — деді ол. — Азырақ орындықта отыра тұрайық.
Олар гүл алаңының шет жағындағы орындыққа кеп отырды. Сәл көмескілеу жанған электр шамдар жарығымен әлі тола қоймаған ай сәулесі түсіп тұрған канна гүлдері нағыз бір бұта үстінде ұйып қалған күңгірт түсті алақандай-алақандай қан тәрізді. Сонау алыстағы Үндістаннан алып келген осы бір гүл Алматы жерінде өз жеріндей жайнай өскен. Ерте түскен күзгі шық басқан Тянь-Шань қызғалдақтары, ауырлап кеткендей бастарын көтере алмай төмен салбырай қалған. Темекі туыс гүлі мен петунияның хош иісі мұрынды жарады. Бұлар отырған жердің дәл оң жағында, жазғұтырым отырғызылған гүлдерден жасалған Лениннің үлкен суреті көрінеді. Қала әлі ұйықтамаған, жақын көшелерден өткен трамвайдың тарсылы мен автобустардың сырылдары тұншыға естіледі.
Сырым әлдене есіне түскендей ақырын жымиды.
— Неге күлдіңіз? — деді Ханшайым.
— Жай, әшейін, есіме қайдағы жоқ бірдеме түсіп кетті. — Содан кейін жан-жағына қарады. — Қандай әдемі гүлдер!
— Біздің гүл алаңымыз совет жерінің ең бай гүл алаңдарының бірі саналады.
— Бұл қаланың жалғыз гүлдері ғана емес, қыздары да гүл секілді әдемі келеді екен, — деді Сырым. Сөйдеді де әбден жауыр болған өзінің сөзінен өзі ұялғандай төмен қарады.
— Қыздарды, әдетте гүлдерге ақындар теңейді ғой, — деді күліп Ханшайым. — Мүмкін, Сырым, сіз құр әнші емес, ақын да шығарсыз?
— Әркім өмірінде ең болмаса бір рет ақын болуы керек қой. Бүгін менің кезегім келген секілді.
Онда маған арнап бір өлең шығарыңызшы.
— Жоқ, сізге арнап бір гүлді табайын. Дәл өзіңізге ұқсас ат қояйын.
— Жарайды, тауып көріңіз.
— Роза? Жоқ, бұны жұрттың бәрі біледі. Лалагүл? Бұ да көне ат Нарғызгүл?
— Жоқ, ол тым сұлу және кербез. Мен жай, әшейін дала сарғалдағымын.
— Сарғалдақ? Неге қызғалдақ емес?
Ханшайым күлді.
— Жиырмадан асқаннан кейін қандай қыз өзін қызғалдақ санар? — Ол кенет қол сағатына қарады. — Түу, түн ортасы болып қалыпты, енді маған ұсат етіңіз.
Ханшайым тұрмақшы болды. Жігіт «сәл шыдаңыз» дегендей қолынан ұстады. Қыз қолын алмады.
— Тағы да кездесеміз бе? — деді Сырым.
— Мүмкін.
— Қашан?
— Білмеймін.
— Ертең кездессек қайтеді?
— Сөйтсек, сөйтейік.
— Қай жерде, қай сағатта?
— Осы арада, сағат кешкі онда.
Сырым Ханшайым уәдесінен танып кетердей одан артық ештеңе сұрамады. Тек:
— Үйіне дейін шығарып салайын ба? — деп сұрады.
Ханшайым күлді.
— Мен үйімнің жанында тұрмын, — ол бұрыштағы төрт қабат үйді көрсетті.
Ханшайым қолын беріп, қоштасты да, кілт бұрылып, аяғын тық-тық басып, артына қарамастан үйіне қарай жүре берді.
Сырым, кетіп бара жатқан Ханшайымның соңынан күлімсіреп сәл қарап тұрды да, бұ да әзі жатқан мейманханасына қарай бұрылды.
Ертеңіне де, одан кейін де Сырым мен Ханшайым сан кездесті, бірімен бірі жақындай түсті. Тек Ханшайым бір-ақ нәрсеге риза емес еді. Сырым бұған келгенде мас болмаса да, үнемі қызу күйде келетін. Бұл жағдай қызға бірден жігітке құлай кетуіне себеп болды. Бірақ бұдан, жақсы көріп қалған Сырымнан Ханшайымның көңілі суымады. Сөйтіп жүргенде опера театрының директоры, Сырымды коллектив болып арақ ішкізбес үшін күресудің орнына, бір-екі спектакльді өткізуге бөгет болдың деп бірден жұмыстан шығарды. «Арағыңды қойған соң келесің, сонда ғана мен сені рөліңді ойнауға рұқсат етемін» деді. Мұндай қаталдық директордың опера коллективін тәртіпте ұстаудағы әдісі еді. Міне осы кезде Ханшайымның өтініші бойынша Хамзе Сырнаев Сырымды филармонияға алды. «Арақ ішуін қойғызамыз» деп уәдесін берді. Өйткені жақсы көрген жігітіне ішімдікті қойдыратынына Ханшайым да ете сенімді еді.
Сырым филармонияға ауысқаннан кейін сахнаға ең алдымен оркестрмен шығуды тіледі. Михайлов пен Сырнаев екеуі оның бұл өтінішін дұрыс деп тапты.
Міне бүгін, бір айдан бері сол оркестрмен дайындаған Сырымның алғашқы концерті еді.
Жауапты концерт болатын күні директордан бета жұрттың бәрі сол концерті дұрыс өткізумен ғана шұғылданатын. Бүгін олай болмай шықты.
|
Сырнаев, Михайлов және конферансье Әбілқайыр бүгінгі кештің тәртібін тағы бір қарап шықпақшы болып ыңғайлана бергендерінде үстеріне қолына домбыра ұстаған Тобықов кіріп келді. Бұжырлау беті сұп-сұр боп кеткен. Тобықовтың ашулы кіргенін көрген Әбілқайыр, әдейі оны ашуландыра түсейін дегендей күлді.
— Сынықтан бөтеннің бәрі жұғады деген, — деді ол, — қараңдаршы, Тобықов жолдастың өзі қолына домбыра алыпты. Домбыраға қосылып ән айтатын, әлде күй тартатын артист болмақсың ба? Қай таңдағаның сенікі. Тек мамандық комиссиясынан етуің керек.
— Сенің-ақ жағың талмайды екен! — деді Тобықов сұқсыр көзімен Әбілқайырға бір қарап, қолындағы домбырасын директорға созды.- Қараңыз, Сырнаев жолдас, бізде ішек түгіл перне де жоқ. Оркестрдің бүгінгі күші құрығалы тұр.
— «Құрығалы тұрың» қалай? Кеше ғана репетиция істеп жатқан жоқ па едіңдер? Перне жоқ болса, домбыраны қалай тартып келдіңдер?
— Ескі ішекпен. Ал бүгін жауапты концерт. Оркестрге жаңа перне керек.
— Жаңа перне сұрау оңай,- деді Сырнаев сабырлы үнмен.
Дәл осы уақытта орта бойлы, көзінде көзілдірігі бар, мосқалдау тағы бір кісі кірді.
Бұл оқудан қайтқан филармония парткомінің секретары Қайырғали Жоламанов еді.
Үйдегілер қуанып қалды. Тек Тобықов қана оған салқын қол берді де қойды.
— Әйтеуір аман-есен келдің бе?
— Жұмыс деген бастан асып жатыр.
— Қазір сенің жәрдемің керек-ақ.
Дәл осы сәтте директордың есігі тарс ашылды. Үйге қараторы, толық денелі сымбатты әйел енді. Қолында алтын сырмен боялған әйел туфлиі бар. Бұл қазақ әндерінің айтулы шебері, белгілі әнші Күнжан Болатова еді. Ашудан көзі от шашып, түрі күреңденіп кеткен.
— Мынау не? — деді ол туфлилерді Сырнаевтың столының үстіне қойып. — Директор жолдас, мүмкін сіз түсіндірерсіз, бұл не?
— Бұл туфли.
— Ә, бұл туфли екен ғой! Мен бұны ескі баллон ба деп ойлап едім. Жоқ, сіз жұртқа әйгілі әнші Күнжан Болатова осы ескі баллондармен сахнаға шыға алады — деп ойлайсыз ба?
Күнжан бір-екі айдан бері машина жүргізуді үйреніп жүрген. Сондықтан шоферлардан естіген машина терминдерін сөзінің арасына қыстыруға әуес еді.
— Туфли әдемі, —деді Әбілқайыр столдың үстіндегі туфлидің біреуін қолына алып, айналдырып қарап, — тек бұны киетін аяқ әдемі болсын.
— Жетеді! — деді Күнжан даусын қатты шығарып, — қыстырылмайтын жерге қыстырылмай жайыңа отыр сен! — деді де Хамзеге қарады.— Біліп қойыңның, директор жолдас, мен мұндай баллондармен эстрадаға шықпаймын! Есітіп тұрсыз ба?
Ол сол ашулы қалпымен есікке қарай жөнелді.
— Сәл тоқтай тұрыңыз, Күнеке! — деді парторг:. Қайырғали Жоламанов күлімсірей. — Бүйтіп тарс-тұрс ашулануға болмайды ғой. Біз де көрейік бұл туфлиді. — Ол стол үстіңдегі туфлилерді айналдырып қарап шықты да, Михайловқа берді, — әрине, мұндай туфлимен сахнаға шығуға болмайды.
— Әсіресе Күнекең секілді әдемі әйелге, — деді Михайлов күлімсіреп.
— Сөз жоқ, жаңа туфли алу керек, — деді Қайырғали тағы күлімсірей, — Күнекеңнің талабы дұрыс, тек сол талабын ашуланбай айтуды Күнекең әлі үйренген жоқ.
Күнжан кенет қызарып кетті, парторгке қарады, туфлилерді стол үстінен ала қойды. Тобықов сағатына қарады.
— Директор жолдас, мен тұрғалы жиырма минут болды, ішекті не істейміз? — деді.
— Егер оркестр инспекторында ішек жоқ болса директор сізге оны жиырма минут түгіл жиырма сағатта да тауып бере алмайды, — деді Сырнаев өзін-өзі әзер ұстап, — инспекторыңыздан сұрадыңыз ба?
— Жоқ, сұрағам жоқ.
— Сұрамасаңыз, сұраңыз. Егер онда да жоқ болса, бүгін бірдеме етіп ескі ішектермен концертті еткізу керек.
— Ол тіпті мүмкін емес.
— Неге?
— Ескінің аты ескі, концерт жүріп жатқанда домбыраның біреуінің болмаса біреуінің ішегі үзіліп кетсе…
— Қорықпай-ақ қойыңыз, — деді Михайлов. — бір домбыраның шегінің үзілуінен концерт тоқтатылмайды.
— Жауапты концерт, жауапты концерт деп жүрген өздерің емессіздер ме, — деді Тобықов. — Егер домбыраның ішегі үзіліп жатса, не қылған жауапты концерт!
— Домбыраның ішегі үзілуі, ол әлі дүниенің құруы емес, — деді,Сырнаев.
Дәл осы кезде телефон шылдыр ете қалды.
— Иә, Сырнаев тыңдап тұрған, — Хамзе сылбырлау сөйлеп жауап берді, — сәлеметсіз бе, Махмұт жолдас? Иә, иә! Олай қарау тіпті дұрыс емес, — Сырнаевтың даусы сөйлеген сайын ширыға түсті, — игілікті жұмысты бастамай жатып, тоқтат деулеріңіз үлкен қателікке aпарып соғады. Жақсы, тиісті жерде сөйлесерсіз.
Хамзе сәл ренжіп қалған пішінмен телефонның тұтқасын орнына қойды, сөйтті де Михайловқа қарады, − Махмұт қой.
— Не қылмайсың дейді?
… — Сол әнеукүнгі пікірін қайталайды. Бұл жолы басқарма коллегиясының атынан сөйлеп отыр. Мен көнбейміз дедім. Олай болса жоғарғы жақта сөйлесерміз дейді.
Михайлов сәл қозғалды.
— Сөйлессек, сөйлесейік.
— Ал жоғарғы жақсыз тіл табуға болмайды ма? — деді Қайырғали.
— Болмағаны, ғой. — Хамзе терезеге қарады. Бұл әңгіме Мынадан шыққан.
Халық аспаптарының жұмысы ерте кезден, отызыншы жылдардан басталған. Тәжірибе алатын уақыты жеткілікті болғандықтан бұл оркестр шын шебер, жақсы коллективке айнала алған. Ал хор, қосылып елең айту ірі-одан көп төмен тұрған. Филармонияда хор коллективтері бірнеше рет ұйымдастырылған-ды, бірақ ұстаған ізденіс жолдары, не басқаратын жақсы маман адамдары болмай, үнемі тарап кете берген. Тарихи дәстүрі жоқ қазақ хорын құру, шынында да қиынға түскен. Қайтсек те хор коллективін туғызамыз деген кейбір белсенділер құр дауыстарын қосып айтатын жай хордан, капеллаға дейін байқап көрген. Тіпті кей мамандар; қазақ әнінің ұлттық ерекшелігін еске алмай Европаның көп дауысты хорына жайдақы еліктеген. Бұнымен қатар хордың өркендеуіне қазақ композиторының өздері де бәлендей мән бермей келген. Бұдан бөтен тағы бір себебі: қазақ әндерінің айтылу салты, әлі күнге көп дауысты — полифониялық өркендеу сатысына жетпеген еді. Ал жұртты құр дауысқа бөліп хор коллективін жасауды басқалардың алдыңғы қатардағы хорларын көрген жұрт қабылдамаған, тіпті кейде күлкі де ететін.
Ал нағыз хор ұйымдастыруға қазақтың қыз-жігіттерінің күші жеткілікті еді. Әнші халықта қандай дауыс керек болса, сондай дауыс табылатын. Кең даласында ән шырқап үйренген қыздары мен жігіттері ешбір дауыстарын консерваторияларда өңдемей-ақ ең жоғарғы ноталарды ала білетін.
Хамзе филармонияға келгеннен кейін, өзіне міндеттелген жұмысты, партияның сенімін ақтауға шын көңілмен кіріскен. Сол жаңа жұмысының бірі — қазақ хорын құру болатын. Бұл жөнінде Михайловпен және басқа мамандармен ақылдасқанында, Евгений Петрович:
— Хор капелласын құру керек,- деген,- хор мәдениетін өркендететін сан қырлы түрін табу керек. Бізге бұл жағынан ең келешегі мол да, тиімдісі де хор а-капелла.
Михайловтың сөзін Зада, Күнжан, Ержан, Әбілқайыр, Ханшайым бәрі тегіс мақұлдаған.
Сөйтіп қазақ хорын орыс а-капелласы тәрізді етіп құрмақ боп келіскен бұлар.
Михайловты өте құрметтейтін, мұндайда өзіне тән бір пікір айтпай қалмайтын Әбілқайыр, әлгідей шешімге келгеннен кейін:
— Евгений Петрович, — деген Михайловқа қарап, — осы хорға арнап сіз қазақтың бір-екі әнін полифониялық тұрғыдан өңдеп беруіңіз керек…
— Оған мен қарсы емеспін, — деген Михайлов, — сонда қандай әндерді?
— Мысалы «Қараторғайды», — Әбілқайыр ойланбастан өзінің жақсы көретін әнін айтқан.
— «Баянжан да» жаман болмас еді,— деген Ханшайым, — полифониялық өңдеуге өзі сұранып тұр.
— «Хорлан» қайсысынан кем? — деді Ержан, — «Баянжанды» қыздар жақсы көрсе, «Хорланды» бүкіл халық сүйеді.
— «Хорланды» сен өзің өңдеуің керек, — деді Михайлов Ержанға.
Ержан басын изеді.
— Жақсы.
Хор филармонияда бұрыннан болатын. Композиторлар өздерінің өлеңдерін өңдеп тапсырысымен, биыл ғана консерваторияны бітіріп келген хормейстер жас жігіт Садықов бірден репетицияға кіріскен.
Осыдан үш күн бұрын, ең алғашқы рет қайтадан а-капелла етіп құрылған осы хордың концертін көркемөнер істері басқармасы тыңдаған. Бұл тыңдауға бірталай белгілі көркемөнер қайраткері, әншілер, композиторлар, партиялық, советтік қызметкерлер қатысқан. Міне осы концертке көркемөнер басшыларының бірі Махмұт Есенжолов келген.
Махмұт Есенжолов. Бұл сөйлей білетін, қырықтар шамасындағы адам еді. Қошқар мұрын, үлкен қой көзді, орта бойлы, сырт адамға сыпайы көріне алатын және ішіндегісін өте жасыра білетін жан. Көркемөнер сыншысы ретінде әсіресе, ән-күй жайында көптеген мақалалар жазған. Бұл мақалалары ой, ақыл жағынан бәлендей терең болмағанмен, көп шығып жүргендіктен Махмұтты жұрт үлкен сыншы санайтын.
Оның үстіне Есенжоловтың екі қасиеті болатын, бірі әйелдерге ұнауға шебер еді (мүмкін бұған қызмет бабы да көмектесетін шығар). Екіншіден, Махмұт кіммен қалай сөйлесуді білетін. Өзінен қызметі төменгі, бағынышты адамдарға, шайнап тастайтын азу тісін көрсете алатын, ал өзінен жоғары, өзі бағынышты, не өзінің тағдырына себі тиетін мықтылардың алдында шляпасын қолына алып, шұлғып тұруды да ұмытпайтын.
Хорды тыңдауға және оның жаңа репертуарын қабылдауға, көркем істер басқармасынан осы Махмұт келген.
А-капелла етіліп жаңадан жұмыс істей бастаған хор әрине, жаңа репертуарын, көп дауысты — полифониялық репертуарын орындауда кемшіліксіз болған жоқ. Кейбір жерде әлі де жаратылысын түгел ұға алмағандық, кей өлеңдерді орындауда дауыстардың да біркелкі шықпай, сәл дыбыс үндерінің гармониялығын бұзған шақтары да кездескен. Дегенмен, бағытының дұрыс екенін, түбі жақсы а-капелла бола алатынын көрсеткен. Тіпті кей өлеңдерді соншалық шебер орындаған. Ондай жерде дыбыс үндестігінің бірдей, сан тынысты шыққандығы соншалық тыңдаушыларға хордың ар жағында күйсандық қойылып, а-капелла әнін соның сүйемелдеуімен орындап тұрғандай көрінген. Ал шынында сахнада еш күйсандық жоқ еді. Хормейстер Садықов шу дегеннен-ақ а-капелланың ең бас қасиетін сақтай, хорды енді күйсандықсыз орындауды талап еткен. Аздаған кедір-бұдыры болса да а-капелла өз міндетін атқарып шыққандай еді.
Хорды тыңдауға келген адамдардан көпшілігі а-капелла дегеннің не екенін түсінетін артист, — композитор тәрізді творчествоның уәкілдері болғаңдықтан, қазақтың алғашқы а-капелласының табысын ду қолшапалақтап қарсы алған.
Тек Махмұт ондай ықылас көрсеткен жоқ. «Баянжан» тәрізді жылдам орындалатын өлеңді тыңдағанда әлденеден қымсынғандай төмен қараған. Ал «Хорланға» келгенде, қынжылғандай пішін көрсетіп, тіпті қалтасынан қол дәптерін алып бірдемелерді түртіп те қойған. Талқылау басталып, бір-екі адам. хордың бүгінгі табысын атап көрсетіп, кемшіліктерін де адам сенердей етіп талдап, мінбеден түскен кездерінде кенет Махмұт мінбеге шыққан.
— Жүз адамнан тұратын хор жасау — бұл айта қаларлық табыс, — Махмұт қосу белгісін қойғандай, қолындағы блокнотымен ауаны тікелей және көлденеңдете сызып өтті, — ол үшін сіздерге рақмет! Бірақ біз сіздерге хор ұйымдастырыңдар дегенімізде, қазақтың халық әндерімен ойларыңа келгендеріңді істе деген сияқты емес едік. Сөз жоқ, жаңа хор кей әндерді ойдағыдай орындап шықты, хорды табыссыз деуге болмайды. Тіпті кейбір орындаушылары маған да ұнады. Сөйтсе де хор біздің күткенімізден алыс жатыр. Біздің сенімімізді ақтамадыңыздар. Естеріңізде болсын, шаштаразға басты алуды емес, шашты алу тапсырылады. Біз де сіздерге хор жасауды тапсырғанбыз. Қазақтың халық әнін бүлдіруді тапсырған жоқпыз.
— Дұрыс айтасыз! — деді жұрттың ең алдында отырған Тобықов.
— Ал енді сөзімізді дәлелдеу үшін жеке өлеңдердің орындалуына келейік,- деп Махмұт сөзін жалғап,- мысалға «Хорланды» алайық. Бұл Сарыарқаның самалындай жұмсақ, лирикалық, қиял үндес ән, хордың орындауында, қасіретті, қайғылы болып шыққан. Мұндай полифониялық өңдеу, ол өлеңнің табиғатына қарсы дүние. Керісінше, жеңіл, көңілді сазды «Баянжандағы» альттер, баритондар, бастар, біреуді төмпештеп жатқандай болса, контрапункттегі меццо-сопрандар олардың екпіндерімен демдері таусылуға жақын қалғандай,- өлең айтпайды, ыңқылдайды. Тіпті адам күлерліктей өрескел… Әнді бұлай полифониялық өңдеу қазақтың халық әндерінің рухына сәйкес келмейді. Оның табиғи тігісін бұзады. Жоқ, бізге мұндай а-капелла керегі жоқ. Одан да төрт дауысты, жұртшылығымызға түсінікті кәдімгі жай хорды жасау керек!
— Дұрыс! — деді Тобықов тағы да, — сондай тәртіпке келтіру керек бұл шаруашылықты.
— Бұл дұрыс емес! — деді Михайлов сәл қызара дауыстап.
— Сәл шыдаңыз, Евгений Петрович,- деді Хамзе мінбеге беттеп. Мінбеге шыққаннан кейін залға қарап сәл тұрды да, сөзін бастады.- Ескі сүрлеумен жүру қатаң да болса жеңіл. Жаңадан жол салу, әрине, оңайға түспейді. Әр дауыстың өзінің алатын белесі, қамалы болады. Менің ойымша біз қазақ хорының жаңа жолын тапқан тәріздіміз. Бұл жол бізді орыстың хор а-капелласына апарады. Ол бізді бақытты, кең жазыққа шығармайды деп кім айта алады? Одан кім біздің әніміздің ұлттық рухы бұзылды дей алады? Бұны айтатын адамдар, қазақ мәдениетін бұрынғы ұлттық шеңберінде ғана қалдырғысы келетіндер… Біз орыс халқының достық қолтығынан ұстауымыз керек. Және ешбір күдіксіз мықтап ұстауымыз керек. Сонда ғана біз өзіміздің мәдениетімізді алға қарай жүргізе аламыз. Жаңа Махмұт жолдас бізден а-капелладан бас тартуды талап етті. Оның бұнысы қазақ мәдениетін ескіге қарай итермелеу.
— Сіз солай ойлайсыз ба?! — деді кекеткендей үнменен Махмұт.
— Солай ойлаймын! — деді Хамзе, — және сіздің пікіріңізге қосылмаймын!
Әбілқайыр күлді.
— Екі түйе сүйкенсе шыбын өледі, — деді ол. — Екі бастық келіспесе іс тоқтайды…
— Осы орынсыз қалжыңды қашан қоясың? — деді кенет қабағын түйіп Тобықов. — Басшы адамдарды түйеге теңеуге қалай аузың барады? Күлетін жеріңді білсейші.
— Тобықов қалжыңнан қорқады.
— Отыр, Тобық-бай!
— Несіне шамдана қалдың? Сен түйе емессің ғой!
— Күлкі-сықақ артисі өзін эстрадада көрсетуі керек. Ал бұл арада жаңа хордың ісі талқыланып жатыр. Мұндай шаруашылықты коммунистер бар ұят, арын ортаға сап талқылауға келісті.
Хамзеден кейін, бірнеше творчество адамдары сөйлейді. Бәрі жабылып Махмұттың сөзін дұрыс емес екенін, хор а-капелласының қазақша түрін өркендету керек деп тапа. Талас осымен біткен тәрізді еді.
Енді міне Есенжолов өз пікірін бүкіл коллегия қуаттағанын айтып телефон соғып отыр.
«Жарайды, деді Хамзе ішінен, біздің әңгімеміз жоғарғы жақта сөз болатын болса, онысын да көреміз. Ал әзірше бүгінгі концертпен шұғылданған жөн болар».
Сөйткенше болған жоқ телефон тағы шылдыр етті.
— Жақсы, — деді Хамзе телефонның тұтқасын орнына қойып, сөйтті де Михайловқа қарады. — Мені Есешколов жолдас шақырып жатыр. Тез босата қоймас. Кешкі концерттің дайындығын өзіңіз тағы бір тексеріп шығарсыз.
—Жарайды.
Осы кезде қолында бір топ шақыру билеті бар, үйге Нина Багряндева кірді. Бірдемеге қуаныштыдай көзі күлім-күлім етеді. Жұртпен амандасып болды да:
— Сіздерді ертеңгі тойға шақырамыз, — деді қолындағы билетті таратып беріп жатып.
— Қайдағы той? — деді Хамзе билетті алып жатып.
— Ханшайым мен Сырымның қосылу тойы.
— Ә-ә,- деді Михайлов, — өте жақсы қосақ!.. Дұрыс болған. Тойға барамыз.
Хамзе билетті оқып шықты. Түрінде сәл бір түсінбестік, әлде таңырқағандық пайда болғандай, ол Сырымның сөз айтқанын Ханшайымның өзінен естіген, бірақ дәл мұндай тығыз той бола қалады деп ойламаған. Ханшайымның сабырлы, салмақты, талғампаз мінезі оған аян еді. Ал Сырым болса өткен күзде ғана операдан шығарылған және не үшін шығарылғаны да белгілі ғой. Сондықтан да ол сәл абыржып:
— Бұлар шын қосылмақшы ма? — деді күдіктенген адамдай, — қашан шешіп жүр.
— Осыдан бір жеті бұрын, — деді Нина күлімсіреп. — Тойды Сырымның концертінен кейін өткізбек болғанбыз.
Осыдан бір жеті бұрын Ханшайым мен Сырым оркестрмен өткізген репетицияларынан кейін филармониядан бірге шыққан. Көктемнің, Алматының тамаша көктемінің бір әдемі кеші еді. Қарағай, емендер әбден жапырақтанып, алма, өрік ағаштары гүл атқан. Осы бір кезде Сырым арақ ішуін мүлдем қойып, оркестрмен репетициясын өте жақсы жүргізіп жүрген. Бұған Ханшайым да, өзі де қуанышты еді. Қазір екеуі жұпар аңқыған сирень бауының арасымен келе жатқан. Ханшайым өзінің жастық шағының өтіп бара жатқанын жақсы білетін. Өзіңдей қыздардың бәрі үй болып, бала сүйгелі әлдеқашан. Ал бұл… Осы сезім бе, әлде адамның қанын жаңадан тулататын көктем себеп болды ма, бұл бүгін күндегісінен бөтен тілекте еді. Оның үстіне жұмсақ мінезді, қыз қызығарлық пішінді Сырымды шын жақсы көріп қалған. Осы уақытқа дейін оның айтқанына көнбей келсе, онысы жақсы көрген адамның ішімдікке әуесқойлығымен байланысты еді. Егер Сырым бұнысын қоймаса, түбі екеуінің арасы қиындалып, махаббаттары опасыз болатынын, ақылды Ханшайым көптен бері түсініп жүрген. Сондықтан, сол махаббаттың қызығын әбден базарлап алмай тұрып, ең алдыменен Сырымның арағын қойдыруға бел буған. Оған да тікелей: егер ішуіңді қойсаң және оған көзім жетсе, мен мәңгі сендік боламын» деген. Сырым да Ханшайымды өте сүйіп қалған, оның тілегін шын орындағысы келген.
Сыбайлас болып жүрген бұрынғы операдағы жолдастарымен де кездесуін тоқтатқан. Бұның бүйтуіне басқа да себебі бар еді. Екі айдан бері Жақыпжан ауруханада жатқан.
Сөз бергеннен кейін жігітінің былай өзгергеніне шын қуанышты Ханшайым оның арақты енді салынып ішпейтініне көзі жеткендей еді. Сондықтан да Ханшайым, көктем шыққалы жөнді жолықпай жүрген Сырыммен бүгінгі кештей әдемі бір сәтте оңаша кездесуге қарсы болмаған.
Қатарласа жүріп келе жатқан Ханшайым мен Сырым, бір кезде аппақ гүлге оранған тапалдау келген бір алма ағашының жанына кеп сәл кідірген. Күн әлгіде ғана батып кеткен, ымырт түсе бастаған. Осынау бір қаракөлеңкеленіп бара жатқан тынық кеште Сырымға, аппақ гүлді алма ағашының жанында тұрған ақ жібек көйлекті аққұба қыздың өзі де бір хош иісті үлкен аппақ гүлге ұқсап кеткен. Сырым қызға сүйсіне қарады. Дәл осы кезде Ханшайым алма ағашының бір бұтағын ұстап сілкіп қалды. Бұтақтың гүлдері қыздың жайған алақанына төгілді. Ханшайым алақанын жұмғанда, қолын жоғары көтеріп гүлдерді шашып жіберді. Аппақ гүлдердің кейбіреулері Сырымның шашына, иығына түсті.
Жігіт қуана күлді.
— Тағы да шашшы! Мені гүлге оранған аяз атаға айналдыршы, — деді ол.
Қыз тағы да шашты!
— Тағы да шашты!
Тағы да шашты. Енді гүлдін кейбіреулері қыздың ақ көйлегін көріп тұрған төсінің үстіне түсті.
— Мынау гүл менікі, өзіме берші! — деді жігіт бір қолымен қыздың төсін гүлімен бірге ұстай, екінші қолымен аш белінен құшақтай өзіне тарта.
Қыздың бүкіл тұла бойы балқып кетті.
— Алсаң ал, — деуге ғана шамасы келді.
Қаракөлеңке кеште, еріндерін еріндерімен тауып, олар ұзақ сүйісті.
Содан кейін ғана жігіт:
— Жүрші, сенің үйіңе барайық, — деді.
— Жоқ, — деді қыз көйлегінің кеудесін түзеп жатып. — Ең алдыменен екеуміз қосылайық, тойымызды істейік. Содан кейін.
Біріне бірі құмартқан, екеуі екі үйде тұрған қыз бен жігіт, бұдан әрі шыдай алмады. Үш күннен кейін қайта кездесіп бір жеті еткен соң қосылу тойларын істемек болды. Нина Багрянцеваның айтқаны өткен осы жеті еді.
Сырнаев дағарадай кабинеттегі жұмсақ креслоға отырысымен, Махмұт Есенжолов, зілдей столының ар жағынан Хамзеге қарай сәл еңкейді де, сөзін бірден бастап кетті.
— Сырнаев жолдас, — деді ол, — мен сізді өткен жолдағы маған қарсы сөйлеген сөзіңіз үшін ұрысқалы шақырып отырғам жоқ. Әркімнің қалай сөйлеуі өз еркінде. Тілін ұзын болған соң оны оп-оңай аузына сыйғызып отыра алмайсың? — Махмұт өз сөзінен өзі көңілденіп сәл күлді. — Жоқ, ол үшін емес. Мен сізбен оңашада бетпе-бет кездесіп, коммунист ретінде өз пікірімді ғана емес, жалпы көркемөнер істері басқармасының пікірін ашық айтайын деп едім. Айтсам… Тоқ етері, Сырнаев жолдас, сіздің қазақ көркемөнерін өркендетуге алған бетіңіз бізге тіпті ұнамайды.
— Неге?
— Сіздің әлі тәжірибеңіз жоқ, сондықтан көп нәрсені білмейсіз. Сізден бұрын да біз а-капелла хорын ұйымдастырмақ болғанбыз. Бірақ одан ештеңе шықпаған. Өйткені а-капелла бізге жат дүние. Ол біздің мәдениетімізге судай сіңіп, тастай батып кете алмайды. Себебі: ғасырлар бойы қанымызға сіңбеген мәдениет, тарихи дәстүрімізге қайшы жатыр. Бізге көркемөнеріміздің анайылық, ұлттық қадірін сақтайтын төрт дауысты кәдімгі бәрімізге таныс хор керек.
— Егер біз орыс музыкасының ең үлгілі, келешегі бар түрін алсақ, одан тек біздің ән-күйіміз жақсара түседі,- деді Хамзе. — Ал…
Бірақ Махмұт оны бөліп жіберді.
— Онда біздің ән-күйіміз орыс музыкасына айналады, қазақ ән-күйі деген құр аты қалады, айтылу мәнері, құлаққа естілуі бәрі орысша болады. Егер сау денеге керек емес дәрі ексең, ол дәрі тіпті қымбат, жақсы-ақ болсын, одан бәрібір сол сау дене бұзылады, әлсізденеді. Бізге ондай ем керегі жоқ. Сіз ғой өзіңіздің халқыңызға, оның талғамына, атамзаманнан жаны сүйген көркемөнеріне қарсы емессіз ғой, солай емес пе? Егер солай болса, хорды орыс хорының а-капелла түрінде құрам деуіңіз дұрыс емес. Ал орыс халқының өзі де бұл а-капелланы Европа елінен алған. Бірақ ұлы орыс халқы бүкіл хор өнерін тек осы а-капеллаға аударып жіберген жоқ қой. Оның а-капелла дәстүріндегі профессор Свешников хоры болса, халық дәстүріндегі Пятницкий атындағы, тағы сол секілді толып жатқан хор коллективі бар. Ал сіз біздің жалғыз хорымызды а-капеллаға аудармақсыз.
— Онда, біздің а-капелла хорымыздан бөлек, басқа халық дәстүріндегі хорларды да ұйымдастыру керек.
— Оған біздің қазір күшіміз жоқ. Және күшіміз болған күнде де дәл қазір а-капелла бізге керегі жоқ. Оған ұйымдастыра қалсаңыз, өзіңіздің де көзіңіз жетеді. А-капеллаңызға, қараңыз да тұрыңыз, әлі ешкім де келмейді.
— Ол мүмкін. Жаңа нәрсенің бірден жұртқа ұнай қалуы қиын. Бірақ оның келешегі барын ұмытпаңыз. Және а-капелланы тыңдауды біз жұртқа үйретуіміз керек. Сондықтан тыңдаушыларды ұйымдастыра білу біздің міндетіміз.
— Қысқасы, сіз өз пікіріңізде қаласыз ғой. Менің міндетім сізді ескерту. Көнбейді екенсіз, өз обалыңыз өзіңізге.
— Бұл немене, қорқыту ма?
Махмұт қанша қатты сөйлегенімен Хамземен тақа ұрысқысы және алысқа барғысы келмеді. «Кім біледі бұның қандай адам екенін» деді ол ішінен, «орынсыз қызығамын деп жүріп қолыңды күйдіріп алып жүрмесін кім білсін». Ол енді даусын сәл бәсеңдетті.
— Қорықпайтыныңды өзім де көріп отырмын,- деді бұл кідіріп, күлімсіреген боп… -— Бірақ, біз, мазмұны социалистік, үлгісі ұлттық көркемөнер жасайтынымызды ұмытпаңыз. А-капеллаға көшумен біз хорымыздың дұрысын айтсақ, әніміздің ұлттық бейнесін жоғалтамыз.
— Ал егер ол ұлттық бейне бізді бүгінгі күні қанағаттандырмайтын болса қайтеміз?
— Онда да оны лақтырып тастау дұрыс емес, көркейту, өңдеу керек.
— Мен сізді түсінбеймін, — деді Хамзе.
Махмұт кенет Хамзенің сөзін бөліп жіберді.
— Рахмет! — деді ол ренжіп қалғанын жасырман. — Осымен әңгімемізді бітірейік.
Хамзе далаға шығып сәл кідірді. Күн бесіннен асып бара жатыр екен. Кенет оның есіне бүгінгі концерт түсті. Үйге бару керек, киіну керек және концертке жұрттан бұрын келу керек. Хамзе үйіне қарай асыға аяңдады.
Филармонияның төрт жүз адамдық залы лық толды. Билет жетпей, далада қалғандардың өзі бір тайпа. Жұрттың мұншама жиналуына құр ғана концерт, мекемесінің көрікті жарнама, құлақтандырулары ғана себеп болған жоқ, «Риголетто» операсында жарқ етіп көрініп, бір маусымнан кейін жоғалып кеткен тамаша әншінің сахнаға қайта шығуының өзі де үлкен әсер етті. Сырымның әнін осы жаңа жылдың маусымында тыңдауға көп жұрт құмар еді. Өткен маусымда герцог Мантуанский рөлін ойнап шыққан жас әншінің даусы туралы сан түрлі мақтаған, мадақтаған лақап тарап кеткен. Ел құлағы елу дегендей, онымен қатар «ішіп кетіпті» деген суық хабар тараулы еді. Сөйткен әнші кенет концерт береді дегенде жұрттың құлағы елең ете қалды. Опера театрының сахнасында даусын естіп жақсы көріп қалған көрермендер, әншіні қайтадан тыңдауға асықты. Досы да, қасы да келді. Солардың ішінде осыдан үш күн бұрын ауруханадан шыққан Жақыпжан да бар еді.
Перде көтерілгенде-ақ сәлделі Алатаудың етегінде отырған оркестрдің құрамын көргенде, көрермендер әдеттегісіндей ұзақ қол шапалақтаумен қарсы алды. Концертті бұл жолы да Әбілқайыр басқарады екен, ол сахнаға шығып:
— Құрметті көрермеңдер, — деді, — дирижер Садықовтың басқаруымен оркестрдің концертін бастаймыз. Бүгінгі концертіміздің бір ерекшелігі осы концертке, оркестр қостауымен жас, дарынды, болашағынан үлкен үміт күтіп отырған Сырым Иманов қатынасады.
Жұрт тағы рол шапалақтады.
— Сырым Иманов! — деді Әбілқайыр бір түрлі қуанышты үнменен.
Сахнаға үстінде ақ көйлегі, қара костюмі, қара банты бар, бөріктей қою қара шашын сәл толқындата тараған, үлкен қоңыр көздері сәл күлімдей Сырым шықты. Жұртқа басын изеп амандасты. Жұрт тағы қол шапалақтады. Жұрт сәл саябырланған кезінде Әбілқайыр қайтадан сөзін жалғады. — Ақан серінің әні «Мақпал». Сүйемелдейтін оркестр, — деді де, оркестрдің арасымен сахнадан шығып кетті.
Дирижер сәкісіндегі Садықов қолындағы кішкентай шыбығын көтеріп тұрды да, бір сәт сілтеп қалды. Сол кезде аз уақыт залды оркестрдің қоңырқай, майда даусы толтыра түсті де, кенет оған жібектей жұмсақ, сылдыраған күміс үніндей таза, бірден адамның жан сезімін билеп әкететін Сырымның әдемі даусы қосыла кетті.
Үйірі қысырақтың мақпал қара,
Шашыңды күндіз жу да, түнде тара.
Алыстан ат терлетіп келгенімде
Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара.
Ақан серінің бұл әні, жібек жіппен тоқылған торғын тәрізді жұмсақ, ерекше әдемі еді. Бұл ән кімнің орындауында болса да, адамның жан сезімін бар ғажайып сұлулықпен оятып, көңілін жай тапқызбай қоймайтын. Ал Сырымның сұлу даусының орындауында, залда отырған жұртқа осы бір «Мақпал» деп аталған ән тек Сырым үшін ғана шығарылғандай көрінді. Сырымның орындауындағы бұл әнді енді Сырымнан бөтен ешкім орындамаса екен, бұны үнемі тек Сырымның айтуында ғана естісек екен деген арман өзінен өзі туды. Сырым тыңдаушыларының жан жүйесін босата білді. «Үйірі қысырақтың мақпал қара» дейтін жол басталып, жерден көтерілген аққу тәрізді жоғары өрлейтін кезінде, адамның жүрегін кеудесінен суырып, келесі жолдың төмендейтін «бермен қара» дейтін тұсына жеткенде сол жүректі қайтадан орнына қойған тәрізденді. Сырым бұл өңді өзі қолаң шашын он күн өріп, бір күн тарайтын Арқаның сонау бір сұлу қызына ғашық болғандай, қиялдана, қанаттана, көңілі көк аспанды сүйгендей әрбір үніменен сұлулық кестесін тоқығандай, керемет бір тәтті үмітпен бітірді.
Жұрт Сырымды сахнадан жібермей қойды. Амал жоқ ол «Мақпалды» үш рет қайталады. Сөйтсе де осы бір барқыттай жұмсақ әнді, сол барқыттай жанға майда тиген Сырымның әдемі даусының орындауында тыңдаған жұрт, тыңдаған үстіне тыңдай бергісі келеді. Залда отырған көрермендерге дүниеден тек осы бір әннен бөтен ешбір қуаныш, адамды тебірентетін басқа құдіретті үн жоқ тәрізді.
Көрермендер Сырымды тағы да сахнаға шақырмақшы еді, бірақ Әбілқайыр жұртқа қолын көтерді де:
— Біржан сал, «Жамбас сипар»,- деді.
Дегенге біз қартайдық, біз қартайдық,
Белгісі қартайғанның серттен тайдық,
Кәніки соныменен шыққан мүйіз,
Қасында сұлулардың көп жантайдық.
Арқаның ән алыбы — Біржан! Ақан сері екеуі өнер дүниесінде, басына бұлт қонар қатар тұрған қос терегі тәрізді. Егер бағалайтын ел болса, бұл екеуінің басына емес, әрбір өлеңдерінің шыққан жеріне мәрмәр тастан ескерткіш қояр еді.
Сырым бұл өлеңді тіпті басқаша, өзінше айтты. Ол сол «Жамбас сипардағы» сал Біржанның, әнші Біржанның, ақын Біржанның етіп кеткен өмірінің өкінішін, жұртқа дәл өзіндей етіп жеткізе алды. Залда отырған көрермендердің ішінде «алты қырдың астынан даусы естілген» сал Біржанды көрген, оның даусын естіген бір де бір адам жоқ-ты. Бірақ Сырымның орындауында, олар сол Біржанның өзін көргендей, жанында отырып дәл өзін естігендей сезінді. Ақын мен әншінің шеберлігі, сол дүниеге келтірген жыр-өлеңімен, айтқан әнімен тыңдаушыны сендіре білуінде, тыңдаушының жүрегін тебіренте білуінде. Сырым өзінің «Жамбас сипарымен», сал Біржанның сол қартаймастан бұрынғы өмірінің қызықты болғанын, сол қызықты өмірдің өтіп кеткеніне өкінген ұлы әншінің өкінішінің қара судай түнерген қайғылы емес, әлі де құс қанатты қиялды, жарық сәулелі екеніне сендірді, тыңдаушыларының жанын үн шындығымен, шындықтың сұлу дыбыстарымен жүректерді толқытып, тербетті, тебірентті.
Бұл жолы да жұрт Сырымды сахнадан шығармай қойды. Міне осы тұста Сырымның тағдырын кілт өзгерткен, әншілік өнеріне орасан қатты ықпалы тиген бір оқиға болды. Шақырумен шыққан сайын, ол өзін жұрттың шын жақсы көретінін, әндерінің қатты ұнағанын әбден түсінген. Оған шын жүрегімен қуанған. Және бүгінгі кешке Жақыпжанның келгенін де білетін. Ол үшінші қатарда отырған. Ал Сырымның бүгінгі табысына бір адам қуанбаса тек Жақыпжан қуанбаса керек-ті. Сырым опера театрынан кеткенменен, ол әлі де Сырымның өзінен көш артық екенін түсінген. Сондықтан Жақыпжан жұрттай дүрліге қол шапалақтамаған. Алдында отырған үлкен денелі кісінің қалқасын тасаланып, сахнадағы Сырымның көзіне түспеуге тырысқан. Ал Сырым болса, «менің бүгінгі жеңісіме ол қалай қарайды екен?» дегендей көрермендер залынан көзімен Жақыпжанды іздей бастаған. Үшінші шақыруға шыққан Сырым Жақыпжанды көре алмағанмен бір сәт көзі бірінші қатарда Михайловпен қатар отырған Ханшайымды көрді. Көзіне көзі түсіп кетіп еді, Ханшайымның шын бақытты екенін түсінді. Көзінде соншалық қуаныш, мақтаныш, Сырым шыдай алмай басқа жаққа көзін аударып әкетті. Сол сәтте оның жүрегі бұлқан-талқан бола қалды. Сырым екінші қатарда отырған Бірләнді көрді. Өзіне қарап қатып қалған. Тостағандай жаудыр көзінде мөлтілдеп төгіліп кетуге таяп тұрған мөлдір жас. Түрі адам аямай қарай алмас, мұңға толы…
Сырымның Бірләннің өзіне қараған қайғылы көзіндегі мөлтілдеген жасты бұдан әрі көруге дәті жетпеді, кілт бұрылып сахнадан шығып кетті. Өзінің антрактыда дем алатын бөлмесіне келді де, есігін жауып алды. Кім қақса да ашпады. Ойын, жүрегін өкініш пе, біреуді аяу ма, әлде ыза, өкпе ме, не билеп кеткенін өзі де білмеді, әйтеуір жанын жегідей жеп бара жатқан бір ауыр сезім жүрегін өртеп әкетіп барады. Ол осылай он минуттей отырды. Кенет біреу есікті өте қаттырақ қақты. Бұрын да қаққан, бірақ Сырым көңіл бөлмеген. Сырым үн-түнсіз барып есікті ашты. Жақыпжан екен. Ол сұлық тұрған Сырымды айқара құшақтады.
— Бүгінгі табысыңды шын жүректен құттықтаймын! — деді, оның екі бетінен кезек-кезек сүйіп, — керемет қуаныш! — Сөйдеді де, қалтасынан бір шыны арағын шығарып, анадай жерге графиннің қасында тұрған екі стаканға — өзіне жартылай, Сырымға толтыра құйды. — Мынаны сенің ұлы әкімшілік құрметіне алып қоялық! Мұндай табыстан кейін ішпесең болмайды! Жүрегіңді орнықтыруың керек!
Жұрттың өзін осыншама құрметтеп, қарсы алуынан, Ханшайымның бақытты жүзінен, жаңа ғана дарынын сала айтып шыққан әнінің жанын толқытқан әсерінен тулап кеткен жүрегін, ал Бірләннің жасқа толған мұңлы кезінен өртеніп бара жатқан жанып қоярға жер таппай өзінен өзі әбігерленіп тұрған Сырым, сөзге де келген жоқ, алдындағы стаканды алды да, бірден түбіне шейін қағып салды. Содан кейін ғана барып:
— Түу, мынауың мұздай ғой, — деді.
— Оқасы жоқ, арақ өз суығын өзі жылыта алады, — деді Жақыпжан: — қазір бір жиырма минуттай оркестр ойнайды. Кезек содан кейін сенікі. Әзірге дем ал. Мен кеттім, концерттен кейін кездесерміз. — Жақыпжан асыға шығып кетті.
Сырым үндеген жоқ. Сәл қақырынды. Тамағына бірдеме тұрып қалғандай сезінді. «Тым қызулы тұрғанымда бекер іштім-ау» дегендей ойына бір өкініш келді де, дереу тарап кетті.
Оркестр Глинканың «Вальс-фантазиясын» орындағаннан кейін сахнаға Сырым шықты. Жұрт тағы да қол шапалақтады. Сырым өзінің екінші бөлімін халық әнінен бастап, содан кейін бүгінгі қазақ композиторларының өлеңдеріне көшуге тиісті еді.
— Халық әні «Жаманға жолдас болма», — деді конферансье. — Орындаушы әнші Сырым Иманов.
Сырым әдейі сәл ғана шығып залға қарады. Ханшайым өзінің орнында отыр. Бірләнді көре алмады. Ішкен арақтікі ме, әлде Бірләннің орнында болмағандығынан ба, Сырымның жүрегі орныға бастады.
Оркестр ойнап, Сырым қосылып та кетті.
Жабыны жауға мінбе жалды екен деп,
Жаманға жолдас болма малды екен деп,
Баласын қазанаттың бақпай қойма,
Жем түсіп аяғынан қалды екен деп.
Бұ да қазақ әндерінің ескі маржандарының бірі еді. Көп айтылмайтын. Сырым бұл әнді жақсы көретін. Осы өлеңнің алғашқы шумағының екінші жолындағы «Жаманға жолдас болма» деген сөздің «болма» деген жерін айта бергенде, ол ортадағы есіктен залға кіріп келе жатқан Бірләнді көрді. Арақ бойына жаңа тарай түсті ме, өлеңді алғашқы бастаған шағындай емес, бір түрлі даусы кеңіп, өзінің әдеттегі қалпына таяй берді. Ал осыдан бір минут бұрын, ең алғашқы нотаны алғанда, даусының кібіртіктеп сәл қыбырлап шыққанын Сырым өзі де сезген. Жоқ, қазір ондай емес, даусы көкке көтерілген сайын, қанатын кеңінен жайып еркіндей ұшқан қоңыр қаздай, біртіндеп жоғары көтеріле түсті. Осы кезде залға Бірлән кірді. Сырым қуанып қалды. Өйтуінің себебі бар еді. Бірлән осы әнді өте жақсы көретін. Өзі де оны жақсы айтатын. Әсіресе, Сырым театрдан шығарылған кезде Бірлән осы әннің сөзі үлгілі сөз деп әлсін-әлсін айтатын. Бірақ Сырымның айтқанын өте сүйетін. Әннің ырғағын Сырым секілді келтіруге тырысатын. Бірләннің осы мінезі ойына келді ме, Сырым даусын бұрынғысынан да көтере түсті. Әнді бағалай білетін адамның тыңдағаны әншіге қандай ғанибет дүние, жігіт өлеңді барынша оңды айтып, бір кезде жақсы көрген Бірләнін тағы бір қуантқысы келді. Бірақ осынау бір ақ ниет, мақтанның қандай қасіретке апарып соғатынын білмеді. Ол әннің қайырмасының біртіндеп толқындай түсіп, ең жоғарғы нотаға жететін жеріне келгенде бірден жоғары алды. Бірлән «бұдан әрі ән әуенін қалай көтере алады» дегендей әлденеден сескеніп тура қалды. Сырым даусы сол жоғарғы нотадан көтеріле беріп, одан биік нотаға жеткен кезде, оны алуға даусы жетпей, қырылдады да қалды. Жоқ, тіпті үні шықпай қалды. Күре тамыры білеудей боп ісініп, қанша ышқынса да, үні шықпады. Оркестр өз бетімен әнді соза түсіп, бір кезде бұ да кілт тоқтады. Жұрт та демін ішіне тартып тына қалды. Сырым аузын бір ашып, бір жұмып, сәл тұрды да, өзінің даусының жоғарғы нота аламын деп үзілгенін білді. Ханшайым не айтарын білмей боп-боз боп, орнынан тұра алмады.
Ал залдағы жұрт үрпиісе түрегелген кезде, қасында отырған Жақыпжаннан Тобықов:
— Сырымға не болды? — деп сұрады.
— Орысша бұның атын «голос осел», қазақша «даусы жоғалды» дейді,- деді Жақыпжан бір түрлі көңілді үнменен. — Даусы оның біржолата жоғалды ма, әлде жоғалмады ма оны келешек көрсетеді…
Тобықов Сырымның халін тақа терең түсінбесе де, оның бір пәлеге ұшырағанын білді…
— Қалай, сонда Ханшайым екеуінің ертең тойы болмайды ма? — деп сұрады тағы залдан шыққалы есікке қарай аяңдай берген Жақыпжаннан.
Ханшайым мен Сырымның қосылу тойының болатынын Жақыпжан естімеген еді. Сөйтсе де ол Тобықовтың сұрағынан жағдайды бірден түсінді. Бірақ:
— Қайдағы той! — деп қолын сермей салды да, залдан шыға жөнелді.
VI
Ержанның «Асау Ертіс» операсы бүгінгі күн өміріне, жаңа заман адамдарының еңбектегі ерліктеріне, өндіріс төңірегіндегі мақсаттарынан туған ерекшеліктеріне, мінез-құлықтарынан өрбіген рухани таластарына арналған-ды. Композитор жаңа адам бейнесін жасау үшін қазақтың халық әнінің сарынынан кетіп, заманымызға сәйкес жаңа музыка, жаңа ырғақтар табуға тырысқанды. Сондықтан да болар, опера музыкасының көп жері, бұрынғы құлақ үйренген музыка ритмі, сазы, әуеніндей емес, тосын, кейде тіпті жат боп естілетін.
Ерлікті, табысты, қуанышты арқау еткен жаңа музыка, өзінің жаңа түріменен ғана емес, жаңа ырғақтарымен де, жаңа ритмикалық желістерімен де орындауға қиын еді.
Әсіресе мұндай музыканы өзіне етене жақын ету классикалық музыка рухында тәрбиеленген Бірләнге өте қиынға түсті.
Сөз жоқ, бұл да жаңа опера, әншінің шабытын, аз дегенде артистің көңіл-күйінің тыныш болуын тілейтін еді.
Ал қара басының қайғысы жанына қара тастай батқан Бірләнға, көңілі ренжуде, қасіретте жүргенінде, ерлік, не қуаныш арияларын орындау тіпті қиынға түскен. Дегенмен Бірлән бір репетициядан қалып көрген жоқ. Күйінген жанына бір мезет осы репетициядан тыныштық іздеді. Өйткені ол музыканы жақсы көретін, одан шаршаған миына қуат, қасіретті жүрегіне қуаныш ала білетін. Тек көркемөнерге деген осындай махаббатының арқасында Бірлән өзін өзі күйреуден сақтай алған. Әйтпесе оның басына түскен ауыртпалық, өмір, махаббат қиянаты кімді болса жермен-жексен етіп жіберер ауыр жүк еді.
Әсіресе Бірләнға, ауру баласын алыстағы қалаға апарып тастап, жаны күйзеліп жүрген шағында, өмірінде шын жақсы көрген жігітінің опасыздығы ерекше батқан. Бірақ Бірлән бұған қарап, Сырымның даусынан айрылғанына қуанбады. «Мені тастап Ханшайымды тапқан екенсің ғой, саған сол керек» деп табаламады. Сырымның даусының бұрынғы қалпына келуі екі талай екенін білгенде, шын құса болды, өзі сондай бақытсыздыққа ұшырағандай күйінді. Енді өз басынын Сырымды жоғалтқанына ғана қапаланған жоқ, көркемөнердің сондай әншіні жоғалтқанына қапаланды. Халқының бір керемет әншісін жоғалтқанына қабырғасы қайысты, жаны ауырды.
Бірлән осындай күйде жүргенінде, «Асау Ертістің» премьерасы болды.
Опера музыкасының халық үйренбеген жаңалығынан ба, әлде либретто оқиғаларының біркелкі жасандылығынан ба, көрермендер әйгілі композитордың бұл шығармасын орташа қабылдады.
Композитордың өзі де, бас рольдің бірін ойнаған Бірлән да, операның осылай бітетінін білгендей, бәлендей қайғырған жоқ, сәтсіздікке шыдай білді.
Тек екінші бас рольді ойнаған Жүсіп қана қуанышты еді. Бұл оның үлкен артист атанғанымен де, ойнаған ең алғашқы күшті рөлі еді. Және осы рольді бұдан артық орындаймын деген онда үлкен қиял да болмаған-ды. Бұл операдағы Дәрібай, өзі секілді қанатсыз жан еді. Ол рольді орындауға Жүсіптен бөтен адам керек те емес-ті. Дәрібай -Жүсіп еді. Сондықтан да Жүсіп Дәрібайды біркелкі дұрыс орындап шықты. Адам өзінен өзі қандай аса алмаса, Жүсіп те Дәрібайдан аса алмаған. Сондықтан да өзін өзі ойнаған Жүсіптің шыққан биігі, жеткен жағасы осы рөлі еді.
Атақты кім жақсы көрмеген. Адамзатқа тән қасиет композитор Ержановқа да тән еді. Бірақ ол өзінің ұстамдылығымен, салмақты мінезімен даңққа деген осалдығын іштей жасыра білетін. Шынында да, біреулердің табиғи осалдығы махаббат, дәреже, не сәндік, байлық болса, Ержанның осалдығы өзінің шығарғаны өзгелердікінен артық тұруында болатын. Бұл оның менмендігінен емес, туындыға деген ішкі сезімінен, оны шығаруды жақсы көруінен туған осалдық еді. Және жаман осалдық деуге жатпайтын. Басы жұмыр пенденің, әсіресе өнер адамының мұндай осалдығын кінәлауға болмайтын, өйткені оның өнері көпшілікке, қауымға арналған. Өнер адамы еңбегінің жақсылық, жамандық критериі сол көпшіліктің қабылдау, қабылдамауында жатса, сол көпшілік, сол қауым, оның өнерін жоғары бағалап, қол шапалақтап, басына көтеріп мадақтаса, оған кім қуанбас, Ержан да қуанатын. Сондықтан да мұндай адамның даңқ, атақ құмар болуын сөкет қылық деп қарау күнә болар еді. Тек адам сол атаққа жетуге қалай тырысады, қандай жолмен жеткісі келеді, міне мәселенің шын түйіні. Ал Ержан болса, музыканы өлердей жақсы көретін. Сол жақсы көрген музыкасы үшін өмір сүріп жүрмін деп ойлайтын. Шынында да солай еді. Және Ержан атақ, даңқтың оңай келмейтінін де жақсы біледі. Тек еңбегі арқылы, жұрт сүйсінер еңбегі арқылы ғана, бұл шың басындағы қазынаға — атақ, даңққа қолы жететіні «Аянбай жұмысыңды істей бер. Өзгесінің бәрі өзі келеді» деген қағидаға бас иген-ді. Аянбай еңбек ететін.
Ал Ержан Алмагүлмен «Асау Ертіс» операсын бітірген тұста танысқан. Қандай адам өзінің ұзақ уақыт жанын салып істеген еңбегі біткен шақта қуанбайды. Ержан да қуанған және операсының өзіне даңқ әкелетініне күні бұрын сенген. Бұл Ержанға жаңа шабыт берген. Ол тағы жаңа опера жазбақ болған. Оның либреттосын ойлай бастаған. Осындай кезде Ержан Алмагүлдің концертін көрген. Аз күн өткеннен кейін осы әнші қыздың айтуына арнап жаңа әндер жазуға шақыру алған. Концертте көрген қызы, оның даусы, ән салу мәнері Ержанға бірден ұнаған. Қиялы көкте қалықтап шабыттанып жүрген композитордың бұл әнші қызға деген әндерінің, бірден сәтті шығуы да осыдан еді.
Көркемөнер — композитордың ән, күйі, суретші, мүсіншінің сурет, скульптуралары өзінен өзі бостан-бос тумайды. Бұлардың да негізінде көзі көрген, не құлағы естіген шындық жатады. Сол шындықты дарын иесі қалай қабылдады, қайғырды ма, сүйсінді ме, әлде қуанды ма, міне осыдан көркемөнер дүниесі туады. Сол туындының қандай болып шығуы — ол тек суреткердің дарыны ғана шешеді. Ал ол шындық суреткерді толқытпаса, ренжітпесе, қуандырмаса, онда суреткер ештеңе тудыра алмайды, өзін өзі қинап бірдеме істеген күнде де, онысы адамды ойға салар, толқытар дүние боп шықпайды. Өйткені көркемөнер адамның тек жан сезімінің толқуынан, суреткердің жүрегінің ұруынан туады.
Ержан осындай қанаттанып жүрген кезінде Алмагүлдің айтуына арнап ең алғашқы екі әнін жазған. Ол әнші келіншекті сонау өлеңін айтқызған күні көргенде, Алмагүлдің сүп-сүйкімді түріне, әсіресе әнді бірден қағып әкететін керемет әншілік қабілетіне таң қалған. Жас баладай қуанған. Осы таң қалу, осы қуаныш, оны сол күні-ақ Алмагүлге қызығуға, сүйсінуге апарып соққан. Осы сезім әнші жас әйелмен кездескен сайын күшейе түскен. Ақыры апарып оны махаббатқа, Алмагүлсіз өмір сүре алмайтын күйге жеткізген. Нағыз сұлу махаббат, опалы махаббат тек екі адам бірін-бірі шын сүйсе ғана туады. Ал Алмагүлдің де бұны шын сүйетіні даусыз еді. Бірақ ол нар тәуекел шешім ала алмай жүргенінде, әйеліне еш кінәрат тақпай, күйеуі Асқар үйінен кетіп қалды. Оның бұл қылығы Алмагүлдің жүрегін ауыртып, көңіл отын бәлендей өшірген жоқ. Керісінше, композиторға деген ойын деміктіре түсті. Енді ол Ержанды сағынып күтетін болды. Осы сағыну әрі-беріден кейін ғашықтық құсаға айналды. Егерде жұмыс бабымен, не бөтен бір жағдаймен Ержан кездесетін жеріне кешігіп қалса, Алмагүл жанын қоярға жер таппады. Сүйгенімен жолыққанша асықты. Асығатыны соншалық, уәделескен жеріне Алмагүл мезгілінен бұрын баратын болды. Мұны көрген Ержан, отыз бестен асып кеткеніне де, сабырлы мінезіне де қарамай өзі де ерте келді. Сөйтсе де бұлар екеуіне де бірдей қымбат, қосылу мәселесін қозғамады. Қуана жолығып, шаттана сөйлесуден әрі бармады. Дегенмен әңгімені Ержан бастауы керек еді. Алмагүл болса басы бос, ол Ержанның не дерін күтуде еді. Ал Есентаев Алмагүлді қанша жақсы көргенмен он жыл отаса, түрге де, мінезге де ешкімнен кем емес, көңілін қосылғалы қалдырып көрмеген, мейіздей тәтті егіз ұл тауып берген жұбайы Жәмиланы қимады, тастап кетпек түгіл, оның көзіне шөп салуға әлі жетпеді. Осылай Ержан екі оттың арасында қалды. Сөйтсе де, күннен-күнге Алмагүл оны өзіне тарта түсті. Бұл енді Алмагүлді көрмеген күні, дүние өзінен өзі тарылып кеткендей, жауар бұлттай түнеріп, қабағын ашпайтын болды. Міне осындай халде жүрген Ержанға бір тұтқиыл оқиға, Алмагүл екеуінің арасындағы өте алмай жүрген орды кенет секіріп етуге жол ашты.
Осы биылғы көктемнің басы еді. Ағаштар жаңа бүрін жарып, көгере бастаған. Арық бойы мен үй іргелерінде көгал шөп қылтиып шығып қалған Алматының қалың бау-бақшасына құстар келіп, бұлбұл, қараторғайлардың сайрағандары да ауқын-ауқын естіліп тұрған.
Бүгінгі кеш бір түрлі тымырсық еді. Аспанды қалың бұлт қаптап алған. Сірә, жаңбыр жауатын тәрізді. Ержан мен Алмагүл әңгімелесе жүріп бір қалың ағаштың аллеясымен келе жатты. Көктемгі қою бұлт үстінен түнерген қалың ағаш ішінде қараңғылық қоюлана түскен. Ержан мен Алмагүл осы баудың ортасындағы аллеяның бітер жеріндегі көшеге шығып үлгіргенше, кенет жерді жара күн күркіреді. Бұл жаздың хабаршысы, көктем келгелі күннің алғашқы күркіреуі еді. Ағаш біткен қорқып кеткендей, жапырақтары сыбдырлап шайқалып, селк-селк еткендей болды. Сол сәтте кенет жаңбыр шелектеп құя жөнелді.
Алмагүл Ержанды қолынан ұстай алып, анандай жердегі қалың жапырақты кәрі еменнің жанына қарай жүгірді.
— Күннің күркірегенінен жаман қорқамын, — деді ол шын шошып кеткен пішінмен. — Азырақ тасалай тұрайық…
Ал жаңбыр әлі құйып тұр. Оның суық тамшылары қалың жапырақтардан өтіп, астында тұрған келіншек пен жігітке түсе бастады. Ержан пенжегін шешіп Алмагүлдің үстіне жапты.
— Жамыл, Алмаш, әйтпесе тіпті су боласың.
— Егер бірге жамылмасаңыз, пенжегіңізді өзіңіз алыңыз!
Ержан амалсыз жас әйелмен қатарласа, оған тым жақын тұрып пенжектің бір өңірімен басын жапты. Бір қолымен пенжектің өзі жақ шетін ұстады да, екінші қолымен Алмагүлдің иығынан асыра пенжектің арғы етегін қымтай ұстады. Әнші әйел енді оның құшағында қалды. Етіне еті тиіп тұрған Алмагүлдің ыстық денесі кенет Ержанның бойын балқытып жіберді. Бұдан әрі екеуі де шыдай алмай бір-біріне жабыса қалды.
Сол бір жауынды түн, бұлардың сыртта кездесуінің ең ақырғы түні болды. Ертеңіне Ержан Алмагүлдің үйіне келді. Сол күннен бастап бұларға махаббаттың балдай тәтті, оттай ыстық кездері басталды.
Күйеуінің өзіне, балаларына мүлдем өзгергенін Жәмила да ұқты. Бірақ сабырлы мінезіне салып, тек іштен тынып, уақиғаның аяғын күтті.
Жәмиланы дәл осы кезде көрген адам, оны танымай қалуы да мүмкін еді. Бидай өңді ашаң жүзі қуқылданып, бұрыннан да мұңлы көзі серігінен айрылған аққудай қасіреттене қалған. Сөйтсе де ол тіс жарып Ержанға ештеңе деген жоқ, басқаларға да сырын ашпады.
Жәмила Бекова. Бидай өңді, мұңлы көзді, тарта білсең ғана сөйлейтін домбыраның ішегіндей тұйық мінезді ойға жомарт қыз Жәмила, ауылдан келіп университетке түскенде он сегізде еді. Көзі оның неге мұңлы? Өзге қыздардай емес, күлкіге неге сараң? Жәмиланың жүрегіне терең ұялаған мұңның да сыры бар еді. Жәмила алты балалы әке-шешесінің ең үлкені еді. Әсіресе ең кенже інісі Ережепті қолынан тастамайтын. Бұл он екіге шыққанға Ережеп екіде еді. Шешесі қатты сырқаттанып ауруханаға түскенде, Ережеп өз қолында өлген. Бір ай өтпей, Ережептен екі жас үлкен сіңлісі, тағы бір айдан кейін алты жасар ортаншы інісі өлді. Үшеуі де жегіден қайтыс болған.
Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан ауыр кезең. Әкесі де, жаны ашыр туыстары да майданға кеткен. Өлім мен жоқшылық қатар келіп, ақылы ерте кірген Жәмиланың көзінде үнемі тұнып тұратын ауыр мұң табы пайда болған.
Жәмила университеттің екінші курсында оқып жүргенде театрда Ержанмен кездескен. Екеуінің орны қатар келген екен. Консерваторияны жаңа бітірген Ержанның осы кездің өзінде-ақ аты шыға бастаған. Жанында отырған осы бір ашаң өңді, мұңлы ойлы көзді қыз Ержанға өте ұнаған. Қызбен өзі танысқан. Олар сол күні тағы кездеспек болған. Тағы да кездескен, тағы да. Бір көргеннен бұлар бір-біріне ғашық болып қалмағанмен, осы жиі кездесу ақырында үлкен махаббатқа айналған.
Олар сол жылы қосылған. Келесі жылы Жәмила егіз ұл тапқан. Екі бөлмелі үй алып Ержан мен Жәмила бақытты өмір сүре бастаған. Әне-міне дегенше көздері шешелеріне ұқсаған үлкен көз, сүп-сүйкімді Ерғазы мен Нұрғазы да апыл-тапыл жүріп қалды. Тағы бірер жылда Жәмила да университетін бітіріп, орта мектепке мұғалім болып барды. Ал Ержан бұл кезде әйгілі композиторға айналды. Бұларға үкімет бау-бақшалы жеке үй берді. Сөйткенше болған жоқ, егіз ұлдарының да мектепке баратын уақыттары таяп қалды. Ерғазы мен Нұрғазы шешелеріндей емес, өте шат көңілді болып өсті. Енді Ержанның алты бөлмелі бау-бақшалы үйі у-шуға, музыкаға, қуанышқа бөленді. Тек Жәмиланың сабырлы, тұйық, ұяң мінезі өзгермеді, әлі де алдынан шығатын бір қайғыны күткендей, оның көзіндегі қасірет тарамады.
Жәмила Ержанды семья басы деп танып, өзін оған бағынышты санады. Күйеуін үнемі сыйлап, киімін дер кезінде өтектеп, асын дер кезінде дайындап, әрқашанда Ержанның қас-қабағына қараумен болды. Рас, ақырғы жылдары Ержан өзінің түнде жұмыс істейтінін сылтау етіп, Жәмиладан бөлек, кабинетінде жататын болған. Әрине, Жәмила оған бәлендей мән берген жоқ. Ол сүйіп қосылған күйеуінің бөлек жатуы — өзінен суына бастағанның белгісі екенін білмеді. Жәмила кейде Ержанға қарсы шығып та қалатын. Бірақ бұнысы көбіне егіздің кішісі Нұрғазы жайында туатын. Нұрғазы Ерғазыдан алты сағат кіші болатын. Үлкені Ерғазы Жәмила тәрізді салмақты, ұяң еді. Ал кішісі Нұрғазы әкесі тәрізді, сәл өзімшілдеу, өзінің дегені болмаса оңай көне қоймайтын еркешоралау еді. Бұл шешесінен гөрі әкесіне жақын-ды. Осылай өскен Ерғазы мен Нұрғазы, баланың аты бала ғой, кейде бірдемеге келіспей, жанжалдасып та қалатын. Мұндайда Ержан мен Жәмила екеуі де өздерінің жақсы көретін балаларының жағына шыға келетін. Онда да жәй әшейін қалжыңдаса:
— Нұрғазы, сен әкеңе арқа сүйеп, өзіңнен үлкен ағаңа тиіспе, — деп күлімсірейтін Жәмила. — Байқа, біз екеуміз әкең жоқта жабылып, сені сабап алармыз.
— Оларың бола қояр ма екен? — деп күлетін Ержан,- сендер екеу болсаңдар да, Нұрғазыға күштерің жете қояр ма екен?
Әкесінің өзін мақтағанға мәз болып, Нұрғазы күшін көрсеткісі келгендей, шешесі мен ағасына тап-тап беретін.
Баланың бұл қылығын бәрі қызық көріп күлетін. Жәмиланың күйеуіне қарсы келгендегісінің бары осы.
Ал Ержан Алмагүлмен танысқаннан кейін кілт өзгерді. Бұның алдында әйелімен жай ғана үй-ішінің шаруасы, балалары туралы сөйлесіп, көбіне күйсандықтың қасынан шықпайтын. Енді кенет кешке таман ұзақ уақыт үйге келмей серуендеп жүруді шығарды. Ал үйге келсе, көзі күлімдеп тіпті бөлек, шаттанған, қуанышқа толған тек махаббат әндерін шығаратын болды. Бұрынғыдай Нұрғазымен де көп ойнамайды, әлденеге өзінен өзі мәз. Шынында да Ержан осы бір тұста өте қуанышты еді. Ержан тек ләззатына ғана шифа тапқан жоқ, өзін білетін, рухани өміріне серік тапқан. Ал Жәмила болса, бұған тек ерім деп қана қарайтын. Оның жақсы композитор, жақсы адам екенін білгенменен, бұның жазғанына жаны құрбан боларлықтай тебіреніп, Ержанның творчествосы үшін өмір сүруге болады демейтін. Бірінші қатарда оған ұлы дарын иесі Ержан емес, жақсы күйеу, жақсы адам Ержан тұратын. Менің жанымды, творчествомды түсінбейді деп ойлаған Ержанның Жәмиладан суына бастауына себеп болған кәдіктің бірі осы. Ержан маған тек төсекте, үйде ғана серік болатын жар емес, дарынымды түсінетін, оны бағалай білетін, тіпті керек болса сол дарыныма қанат беретін, қиялымды тебіренте алатын, өзім сияқты дарын иесі адам керек деген. Міне осындай адамды Алмагүлден таптым деп ойлаған. Алмагүлмен бір болса, Ержанға одан артық, тілек жоқ тәрізденген. Бірақ Жәмиламен айырылуына тағы бір қайшылық, тағы бір бөгет туған. Ол — Жәмила құр жары ғана емес қой, ол екі баласының анасы екендігінде еді. Ал бала бауыр еттен. Оны тастап кету -өзінің бауырының бір бөлігін жұлып алып, лақтырып жіберумен тең емес пе? Әрине ғой. Әсіресе Нұрғазы тәрізді өзін көрсе екі қолын жоғары көтеріп, мені құшақта деп елпілдеп тұрған баланы қиып кете алар ма? Әрине, қиып кете алмаса керек-ті. Онда, мүмкін Алмагүлді қияр? Үйлі, күйлі адамға бұл екеуінің жағдайында, анда-санда кездесіп жүргендері жөн емес пе? Бірақ мұндай опасыздық Алмагүл екеуінің махаббатына да, Жәмила екеуінің ерлі-зайыптылық борыштарына жағылған кір ғой және Ержан да өйтіп жүре алмайды ғой, өз ұятын өзінен ұрлауға бұның ары шыдамайтыны хақ. Қайткенмен бір жағына шығуы керек. Ержанға бір қиыны Алмагүлден айырыла алмайтынын тағы біледі. Шын махаббат әрқашанда осылай келсе керек-ті. Басы әңкі-тәңкі болған Ержан ақырында, егер Алмагүл көнсе кішісі Нұрғазыны өзіне алмақ боп шешті.
Ал Жәмила болса, күйеуінің бұрынғы Ержаны емес екенін әлде қашан ұққан. Мұндайда жан ашырлардың аяқ астынан табылатын әдеті ғой. Осындай жан ашырлардың кейбіреулері Ержанның Алмагүлмен жақын екенін жеткізіп те үлгерген. Ал Жәмила болса, бір сәт күйеуінің өзіндей өнер адамымен қосылғаны жөн шығар деп те ойлаған. «Мен болсам университет бітірсем де, ауыл әйелімін (университет бітіріп те ауыл әйелі қатарында қалуға болатынын ол білетін). Ержанның рухани және дарын талғамдарына жауап бере алмайтыным да шын ғой» деген ол, сөйтсе де қыздайынан қосылған жарын қимаған. Күресетін жолын тағы таба алмаған. Сөйтіп, жүргенде ол әлдеқалай бірдеме іздеп жүріп бір күні, күйеуінің тартпасынан жақында Чехословакия курорты — «Карлови Вариға» баратын екі жолдама қағазды көрген. Абыржып тұрып қалған. Кенет өзінің есіне бір оқиға түскен. Осыдан алты жыл бұрын Ерғазы мен Нұрғазылары үшке шыққан кездерінде, екеуі ақылдасып «балаларымыз өздерінің ана тілін үйренсін» деп, егіз ұлдарын Жәмиланың төркініне бір жазға апарып тастаған. Өздері Көкшетауға курортқа кеткен. Он күн өтпей Ержан балаларымды сағындым, Алматыға қайтайық дей бастаған. Бурабайдың мөлдір көлі де, Оқжетпестің шыршалы биігі де оны ұстап тұра алмаған. Демалыс күндерінің жартысы да бітпей бұлар Алматыға қайтып келген. Сөйткен Ержан міне, қайдағы жоқ әнші әйелмен бір айға кетіп барады. Жәмиланы қойшы, бұдан да сұлу, жас, өнерлі әйел табылып тұрғанда оған «кетпе» деу қиын шығар. Ал бір күн көрмесе тұра алмайтын балаларын қалай бір айға тастап кетпек? Алмагүл екеуінің махаббаттары сондай күшті болғаны ма? Иә, күшті болғаны ғой, әйтпесе Ержанды Жәмила білмейді ме, біледі ғой, ол Нұрғазысын бір әйелге еріп оп-оңай тастап кетпесе керек еді.
Ержан мен Алмагүлдің екеуінің арасының тым жақын екенін Жәмила енді түсінді. Түсініп еді, күйеуін бұдан әрі ұстаудың керек емес екенін ұқты. Бұнда күйеуіне деген өкпе, наз, ыза, ашу бәрі де бар еді. Сөйтсе де, күйеуінен айырылатынын түсінгенде, өзін біреу ашық жарасына тұз құйып жібергендей сезінді. Оңаша үйде даусын шығарып жылап та алды. Бірақ Жәмила қайғысын да, өкпесін де ақылға жеңгізе алды. Болар іске болаттай болуға бел буды. Не істесе де, Ержан өзі шешсін деді. Жәмила жолдама қағаздағы күйеуінің Алмагүлмен «Карлови Вариға» Ержан операсының премьерасы етісіменен жүруге тиісті екенін өз көзімен көрген, енді үн-түнсіз сол күнді күтті. Сол кезде Ержан да бір белгі беріп қалар деп ойлады. Өйткені күйеуінің мінезі өзіне белгілі, қандай іс істесе де ашық істейді, ал мұндай опасыздықты ол жасырып, адал жарын азапқа салып қоймайды.
Міне сол күткен Ержан операсының премьерасы да болды. Жәмила бұл операға барған жоқ. Не бетіменен барады? Және сол күні Нұрғазысы суық ұстап қалып, оны Ерғазының жалғыз өзіне қалдырып кетуге жүрексінді. Ал премьерадан кейін Ержан үйге қайтпады.
Ертеңіне Жәмила Ерғазыны мектепке жіберіп, сырқаттанып қалған Нұрғазысына дәрі беріп, жанында отырғанда, сонда ғана Ержан үйіне келді. Ауырып жатқан Нұрғазының жанына келіп отырды.
— Қай жері ауырады? — деп сұрады ол.
— Жай, әшейін азырақ суық тиіп қалған ғой. Ертең-ақ тұрып кетер.
Ержан баласының шашынан сипап сәл үнсіз отырды.
— Мен курортқа жүріп бара жатырмын, — деді ол аздан кейін.
— Білемін.
— Және, жалғыз емеспін.
— Оны да білемін.
— Білсең — Ержан тағы сәл кідірді. — Білсең, менің өз киімдерімді тегіс шамаданға салып бер. Мүмкін бұл үйге қайтып оралмаспын.
— Бәрі де салынған. Екі чемоданың әне тұр.
Бала бәрін де естіп жатыр. Әкесі мен шешесіне «осы сендер не сөйлеп кеттіңдер» дегендей кезек-кезек қарауда.
— Онда қош, өзге мәселелерді келген соң сөйлесерміз. — Ержан еңкейіп баласының бетінен сүйді де, қабырғаға сүйеліп қойылған екі үлкен чемодандарды алып есікке қарай жүре берді. Сірә, машинасы далада күтіп тұрған болуы керек.
Дәл осы кезде Нұрғазы орнынан атып тұрды да, бақырып жылап әкесінің жанына жетіп барды.
— Папа, папа, қайда барасың? Мені де ала кет! — деді әкесіне жабысып.
Ержан чемоданын жерге қойып, баласының маңдайынан сипады.
— Алысқа барамын, қалқам, — деді. — Саған баруға болмайды. — Содан кейін Жәмилаға қарады,- қайтып келген соң мүмкін Нұрғазыны өзіме алармын.
— Құдай айырмаған егізді, сен айырып не қыласың, өзім де өсіре аламын, — деді мұңая, баласын өзіне тартып құшақтап. Кенет Жәмиланың даусы дір ете қалды. — Одан да өзіңді күт, қайда жүрсең де балаларыңа қорғансың ғой.
Ержан толқып кетті. Жәмила ылғи осылай. Өзгелердің жалынып, жалбарынып, не күш көрсетіп істей алмайтын ісін бұл үнемі осылай, өзінін биязы мінезімен, ақылды және жұмсақ сөзіменен оп-оңай жөнге келтіре алады. Бойын бір жылылық билеп кеткен Ержан, дәл осы минутта чемодандарын орындарына қойып, тіпті еш жаққа кеткісі де келмей қалды. Бірақ бір секунд өтпей, өзін күтіп, жас баладай терезеден телміріп қарап отырған Алмагүл көз алдына елестеп кетіп еді, бұл ойынан тез қайтты. Жәмила жібермей қоятындай әйелімен құр басын изеп қоштасты да тез шығып кетті.
Ал Жәмила қанша қиналып тұрса да, қазақтың ежелгі қайғыға да, қасіретке де көнімпаз әйелдерінің сабырлы әдетіне салып үндемей қала берді. Ол күйеуіне шын жүректен оң сапар тіледі. Өйткені, Жәмила Ержанды өте жақсы көреді.
Алмагүл мен Ержанның бірге «Карлови Варийға» жүріп кеткендері жұртқа ертеңінде-ақ естілген. Біреулер сенген, біреулер сенбеген.
Тегі Ержан мен Алмагүлдің бірге жүріп кеткеніне бір адам қуанса ол — Тобықов еді. Тобықов ең алдымемен кәсіпшілер одағына барып, екеуіне бір курортқа жолдаманы алған Ержан Есентаев екенін білді. Оған енді айқын болды. Содан кейін Махмұт Есенжоловқа келді.
— Мұндай шаруаны босқа тастамау керек, — деді.
— Қандай шаруаны? — деді Махмұт түсінбей.
— Жақанова мен Есентаевтың ерлі-зайыпты адамдай курортқа бірге кетіп қалғанын айтамын.
— Ә-ә. Мүмкін екеуі қосылғалы жүрген шығар? Бірін-бірі жақсы көретін болар?
— Жақсы көретін болар? Ондай шаруа — тек осы артистерге ғана жазылып қойылған ба? Мүмкін, мен де біреуді жақсы көретін шығармын. Сонда мен де семьямды тастауым керек пе? Советтік мораль деген қайда! Жоқ, бұл шаруаны тыю керек!
— Тыйғаның қалай? Жұрт бірін-бірі жақсы көрмесін дейсің бе? Ол тіпті мүмкін емес қой!
— Мүмкін емесіңіз қалай! Екеуін бірдей жұмыстан шығарыңыз да жіберіңіз, көрейін олар бірін-бірі қалай жақсы көргендерін!
— Сонда Алмагүлдің орнына өлеңді сен айтып, Ержанның орнына музыканы мен жазамын ба? Олардың өз басының бостандығы өздеріне жатады, ал дарындары халықтікі.
— Артиспін, композитормын деп сонда олар ойларына келгендерін істей берулері керек пе! Анау бытшыт болған семьяға, Ержанның жылап қалған әйелі мен балаларының көз жасына кім жауап береді.
— Оған, әрине, Ержан жауап береді.
— Міне, міне, мен соны айтам!
— Және жауап бергенде, әркім ең алдыменен өзінің арының, санасының, ұятының алдында жауап береді. Содан кейін қоғамның моралына жатпайтын күнәлары болса, қоғам алдында жауап береді. Бұл істі ақырында совет соты қарайды. Ержан мен әйелінің айырылуы заңды деп тапса айырады. Балаларына ер жеткенше алимент төлетеді.
— Жоқ, мен ондай жазаны айтып отырғам жоқ.
— Енді қандай жазаны айтасың?
— Мен осы шаруашылықтың бәріне жауапты адамға қолданатын шаруаны айтып отырмын.
— Ондай адам кім?
— Хамзе Сырнаев.
— Ол қалай жауапты болады?
— Қалай жауапты болмайды? Өзімізде сондай әнші жоқтай, басқа қалада жүрген Алмагүлді алып келіп, үкіметтің қыруар ақшасын шығарып ансамбль құрып, жұрттың бәрінен артық етіп көрсеткен кім? Әрине Хамзе Сырнаев! Алмагүлге өлең жазады деп әдейі Ержан Есентаевты таныстырған кім? Тағы сол Хамзе Сырнаев! Ақырында не шықты? Хамзе Сырнаев Алмагүл мен Ержанның жақындасуларына тікелей мүмкіндік жасағаннан кейін олар қосылады. Осылай Хамзе Сырнаев совет семьясын бұзады. Бұл да айып па?
Өзінің айтқанына көне қоймайтын Хамзе Сырнаевты Махмұттың да жақсы көрмейтінін Тобықов білетін. Сондықтан да Сырнаевты айыптап отыр. Бірақ Хамзе мен Махмұттың арасындағы талас көркемөнерге деген көзқарастан туған талас екеніне оның дәл қазір шаруасы жоқ. Бар пәлені Хамзеге аударып, осы жерден оны сүріндірмек. Және қатты сүріндірмек. Ал Махмұт Тобықовтың бұл айтып отырғандары Хамзеге жала жабу екенін бірден түсінген. Сондықтан:
— Сенің бұл сөздеріңнен ештеңе де шықпайды,- деді Махмұт. − Ақылдары бар, дендері сау екі адамның бірін-бірі жақсы көруінде директордың еш жазығы жоқ.
— Сонда филармонияның әнші әйелдері Алмагүл тәрізді бүліне берсін дейсіз бе? -деді Тобықов. − Байдан шықсын, бөтеннің семьясын бұзсын — оған ешкім жауапты болмасын. Мұндай жағдайда филармонияға директор, басшы ұстап не керек? Оның тәрбиеші рөлі қайда?
— Бір оқиғадан бүркуі коллективке тән дерлік қорытынды істеуге болмайды.
— Бір ғана оқиға деп кім айтты сізге?
— Тағы бірдемелер бар ма?
— Неге болмасын. Іздесең табылады. Тек іздей білу керек.
Бұдан артық бұл екеуі сөйлескен жоқ. Әлденені ойланып Махмұт өз кабинетінде қалды. Артистердің моральдық тазалығы үшін күресуді сылтау етіп, филармониядан Хамзеге сөз келер күнәларды іздеп таппақ боп Тобықов кетті. Сол күні ол Жәмиланың үйіне келді.
Ержан мен Алмагүл Чехословакияға жүріп кеткеннің ертеңіне қыздарын ертіп Жәмиланың үйіне (енді бұл үйді осылай атаған жөн болар) Бірлән келген.
Кеше ол Ленинградтан хабар алған. Емдеуші дәрігер ауру қызы жайында хат жазған екен. «Бірінші қолданған еміміз жөнді нәтиже бермеді, басқа ем қолданып жатырмыз» депті. Тумай жатып бишара баланың мұндай жазылмайтын сырқатқа іліккені анасына бұрынғысынан да қатты батып кеткен. Содан не істерін білмей қыздарын ертіп Жәмиланың үйіне барып қайтпақшы болды. Бірлән Жәмиламен көптен таныс болатын. Екеуінің мінезі де ұқсас, екеуі де кішкентайларынан қиындықпен өскен. Тек бүгінге дейін тағдырлары ғана өзгеше еді. Бірлән болса, махаббаты сәтсіздікке ұшырап, қалың қайғыға кездескен. Ал Жәмила, сол алғашқы ерге шыққан күннен бастап осы уақытқа дейін ешбір жамандыққа ұшырамай, ерімен тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан.
Қыздарымен Бірлән келгенде Жәмиланың балалары да сабағынан қайтып, үйде үшеуі боп, түскі астарын ішкелі отыр екен. Бірләннің келгеніне қуанып қалды. Төрт баланы тамақтарын беріп «ойнаңдар» деп екінші бөлмеге шығарып жіберді де, Жәмила шай қойып болып, диван үстінде отырған Бірләннің жанына келді. Жәмиланың өзіне бірдеме айтқысы келіп, айта алмай отырғанын Бірлән бірден сезді. Енді сөзді өзі бастады.
— Бүгін, Жәмила, тым жүдеусің ғой, бірдеңеге ренжулісің бе, қалай, — деді жайшылықтағы даусын көтермей сөйлейтін әдетімен,- әлде күйеуіңнің операсын көрермендердің салқын қабылдағанына жүдеп отырсың ба? Сенің күйеуіңнен үнемі асыл дүние күтуге ешкімнің де қақы жоқ. Оның жазғаны бүгінгі күнге арналған жаңа музыка. — Кенет Бірлән жан-жағына қарады. — Өзі қайда? Қыдырып кетті ме?- деді.
Жәмила ақырын ғана күрсінді.
— Жүріп кетті…
— Қайда?
— Чехословакияға…
— О жаққа неге кетті? Творчестволық командировкамен бе?
— Жоқ, курортқа кетті. Және жалғыз кеткен жоқ…
— «Жалғыз кетпегенін» қалай? Кіммен кетті?
— Алмагүлмен…
Одан артық Бірлән ештеңе сұраған жоқ. Алмагүл мен Ержанның арасы жақын дегенді бұрын да естіген. Артистердің арасындағы көп өсектердің бірі шығар деген де қойған. Сенбеген. Сөйтсе… Енді оған бәрі де айқын болды.
— Және, — деді Жәмила тағы күрсініп — мүлдем кетті.
Бірлән тағы үндемеді. Қабағы кенет жабылып кетті. Ол осылай ұзақ отырды. Әлден уақытта барып:
— Мұндайда ақыл беру де қиын,- деді Бірлән. — Қайсымыз жетісіп жүрміз. Айтатын жалғыз ақылым — өзіңе өзің берік бол. Опасыздық істеген күйеуің! Иә, жақсы көрген адамыңның бүйтуі… — Бірлән сәл кідіріп қалды да, қайтадан сөйледі, — бір қиыны, ондай адамның қатесін қисаң да, опасыздығын қия алмайсың.
Жәмила тағы ауыр күрсінді.
— Мені қойшы… Қайғырармын, қорланармын, жылармын, әйтеуір шыдармын. Қасымда балаларым бар ғой. Өзіне қиын болып жүрмесе…
Жәмиланың «өзіне қиын болып жүрмесе» деген сөзді Ержанды аяғандай, қия алмағандай боп айтқанынан, Бірлән оны әлі де жақсы көретінін білді. Кенет Бірлән ашулана қалды.
—Өзіне қиын боларын білсе, ол неге тастап кетті? Ең болмаса балаларын аяуы керек еді ғой.
— Бар әңгіме сонда болып тұр ғой. Ол балаларын тым жақсы көретін еді. Әсіресе кішісін…
— Онда балаларын қалай қиды?
— Еркек — әйел емес қой. Олар махаббатымен күресе алмайды.
Бірлән тағы үндемей ұзақ отырды. Тағы әлден уақытта барып:
— Онда Ержанды өзіңе қайтып келеді дей бер, — деді ол. — Өз басымыздан өтті ғой. Әсіре қызыл тез оңар. Алмагүлмен екеуі тым тез табысқан екен. Ұзаққа бармас.
— Жоқ,— деді Жәмила Бұл жолы даусы бекемдеу шықты. — Жаңа айттың ғой, қатесін қисаң да, опасыздығын қимайсың деп. Мен де Алмагүлге үйленген қатесін қиярмын, ал өзіме істеген опасыздығын қия алмаспын!
— Тегі, Алмагүлге үйленуі мен саған өзгеруі бір опасыздық емес пе?
— Жоқ бір емес, — деді Жәмила тағы бекемдеу сөйлеп. — Егер мен де Алмагүлдей әйел болсам, онда бір сәрі… Ал мен Алмагүл емеспін ғой. Рас, мен Алмагүлдей асқан әнші және сұлу емеспін. Бірақ менің жүрегім сұлу еді ғой. Ол бишара өмір бойы сол Ержан деп соққан. Оған, Ержанға опасыздық істемек түгіл, ондай қиянат түсіме де кіріп шыққан емес. Сөйткен адамға, өзіне бағынышты, өзін тәңірі санаған ақ ниет адамға, опасыздық істеу, ол қателесу емес, кешірілмес күнә. Ондай күнәні мен кешпеймін. Кір матаны бүлдіру бар да, кірсіз таза матаны бүлдіру бар. Екеуі екі дүние. Менің жүрегім оған, сол кірсіз ақ матадан таза еді. Ол сол таза жүрегіме қара бояу жақты. Бұны кешу менің қолымнан келмейді. Ол қосылам десе де, енді мен қосыла алмаймын.
Бірлән осынау сынық өңді, мұңлы көзді әйелдің жүрегінің қандай мықты екенін енді білді. Оған Бірлән бір сәт сүйсіне қарады. Және ол өзіне іштей: «Маған да осы Жәмиладай болу керек қой» деді.
Бірлән мен Жәмиланың осы әңгімелерінен үш күн өткеннен кейін, бұл үйге Тобықов келді. Бұрынды-соңғы таныс емес адамның үйіне келіп әлденелерді оспақтап сұрай бастағаны Жәмилаға бірден ұнамады. Шу дегеннен Тобықов:
— Маған біздің партия ұйымы анығын біліп кел деп тапсырып еді, — деді. — Ержан мен біздің артисткамыз Алмагүл Жақанова, ерлі-зайыпты адамдай Чехословакияға бірге кеткен сияқты. Арыз сөздеріне қарағанда, Ержан үй-ішін, сіздерді ренжітіп тастап кеткен көрінеді. Сол рас па?
— Арызды кім жазды екен?
— Бір жаны ашыр адам болар.
— Сол жаны ашыр адамнан сұраңыз, — деді Жәмила. — Бізді ешкім де ренжіткен жоқ. Менің күйеуім сіздердің әнші әйелдеріңізбен кетсе, билеттері бір рейске сәйкес келген шығар.
— Жоқ, мен тексердім, бір рейске әдейі кестіріпті. Және жолдаманы да Ержан екеуіне бірге өзі төлеп алыпты.
— Тексерген болсаңыз, онда менен несін сұрап отырсыз, — деді Жәмила қабағын сәл шытып. — Әлде өзіңізге сенбейсіз бе? Өзіңізге өзіңіз сенбейтін болсаңыз маған қалай сенбексіз?
Жәмиладан еш нәрсе біле алмай Тобықов далаға шықты.
— Бұл жұрт не болып кеткен? — деді ол өзіне-өзі ренжи, — еркегіне әйелің бөтен біреумен қыдырады десең әйелін тәртіпке шақырудың орнына, чемоданын алып үйінен тұра қашады. (Ол Алмагүлдің күйеуі Асқар туралы айтқандағысы). Ал әйеліне еркегің басқа әйелмен курортқа кетіп қалыпты десең, күйеуінің үстінен арыз берудің орнына, оған шаң жұқтырғысы келмейді. Жұрт бүйте берсе, әбден бұзылып бітеді ғой. Жоқ, бір шарасын қолдану керек. Және ол шараны мықтап қолдану керек.
VII
Кішкентай кезінде Ханшайым үйіне келген бір қонақтың айтқан қағидасын естіген:
— Бұл жалғанда не қымбат? — деген ол әңгімесін тыңдап отырған аға-жеңгелеріне. — Үш нәрсе қымбат: махаббат, достық, сенім. Әсіресе сенім…
— Неге? — деген жас жеңгелерінің бірі.
— Махаббат қымбат, — деген білгір қонағы, — бірақ біреуді сен жақсы көресің бе, ол сені жақсы көре ме — оны айыруға болады. Өйткені, махаббат әрқашанда өзін тез ашады. Достық та сондай, кімнің дос екенін, қас екенін айыру оңай, ал біреудің саған сенгенін, сенің біреуге сенгеніңді анықтау үшін уақыт керек. Оның қымбаттылығы әсіресе адамның өзіне өзі сенуінде Өзіне өзі: сенген адам қиындықты да, уақытты да жеңе алады.
Ал өзінің қарт әжесі Ханшайым бой жете бастаған кезінде:
— Қалқам, сен біреуді жақсы көруің де мүмкін, біреуді дос санауың да ғажап емес, ал бәз-баяғы біреуге қатты сенуің де орынды. Бірақ, осының бәріне адамға ең алдымен сабырлылық пен тұрақтылық керек. Біреуді жақсы көреді екенсің, заматта күйіп-жанба, отқа қызыққан көбелек қанатын күйдіреді. Ләззатыңды да, өзіңді өзің ұстай біл. Ал шын жақсы көреді, екенсің — тұрақты бол. Махаббатта тұрақсыз болу — ол үлкен күнә. Досты да таңдай біл. Шын дос болады екенсің — ұстамды бол, оның қатесін, кемшілігін кешіре біл. Біреудің білместігін білмеген адам шын дос бола алмайды. Ал біреуге сенеді екенсің, артын күт. Сенімді ақтау — өте қиын сын, бұл екінің бірінің қолынан келмейді. Әсіресе сенің өзіне сенген адамның сенімін ақтау — бұл адамның ең ұлы қасиеті, — деген.
Осылай кішкентайынан сабырлылыққа тәрбиеленген Ханшайым, өзін шын жақсы көрген, өзіне мәңгілік жар болады деп сенген Сырымның махаббатын да, сенімін де ақтауды өзіне ант еткен. Сондықтан да ол, Сырымның бойына біткен ең ұлы қасиеті даусы десек, сол даусынан айырылып бір мезетте мүсәпір болып қалғанына қарамай, қосылмақ тойларының белгіленген күнің өзгерткен жоқ-ты.
Сырым дауыссыз қалған күні, бұлар Ханшайымның жалғыз бөлмелі жеке үйіне алғашқы рет бірге келген.
Даусының шықпай қалғанына, заматта үнжырғасы түсіп кеткен Сырым сөйлеп көрейін деп еді, тамағынан шыққан құр қырылды естіп, ол бір жапырақ қағазға өзінің ойын жазып Ханшайымға ұсынды. «Өзің көріп тұрсың ғой, менің қандай күйге ұшырағанымды? Мүмкін өмір бойы даусым шықпай қалар, сені бақытсыз еткім келмейді. Ертеңгі қосылу тойымызды істемегеніміз жөн болар» деген ол қағазда.
— Менің сенің даусыңа емес, өзіне шықтым ғой, — деген Ханшайым әдеттегісіндей Сырымның мойнынан құшақтап, көздеріне көздерін қадай, еріндеріне еріндерін тақап, — мәңгілікпін деген уәдеме сен. Тойымызды өткіземіз. Ал даусың туралы қорықпа, әлі-ақ жөнделіп кетеді.
Той ертеңіне Іле өзенінің жағасында болған. Көктем келген кезде Алматы коллективтерінің қаланың сыртына бірлесіп шығып, көктемнің шыққанын мейрамдап қайтатын әдеттері болатын. Концерт мекемесі де жылда осы «маевкаға» баратын. Ханшайымның жалғыз бөлмелі пәтеріне жұрт жөнді сыймайтын болған соң ол той өткізуге ресторан, кафені алу көп қаражат керек еткеннен кейін, Нина бұл тойды қаланың сыртында өткізуді ұсынған. Жұрт рахаттанып таза ауада дем алып қайтсын. Ал тойға керек тағамды, арақ-шарапты, дүкендерден, базардан арзан бағамен алып, өзіміз дайындаймыз. Сөйтсек той тақа қымбатқа түспейді деген. Бұған кәсіпшілер одағының жергілікті комитетінің председателі Әбілқайыр да қосылған.
Тойға барамыз дегендер, тапқандары жеке жеңіл машиналармен ал қалғандары, концерт ұйымының, өзге театрлардан сұрап алған автобустарымен төрт үлкен машина боп таңертеңгі сағат жетіде Іле өзеніне қарай бет алды.
Хамзе Ханшайым мен Сырымды директордың көгілдір түсті жап-жаңа «Мерседес» жеңіл машинасымен алып жүрді.
Машиналар қаладан шыға берген кезде, сонау шығыстағы алыс көк жиектен қызғылт шапағын шаша күн де көрінген. Хамзенің «Мерседесі» көшті бастап Іле шоссесімен ағызып келе жатты. Көктемгі дала көк шөпке оранған. Көз жетпейтін жасыл мұхит. Сәл жел соқса, машинаға жусан мен жаңа көтеріле бастаған жоңышқа иісі келеді. Бүркіт пе, қара құс па, белгісіз, әйтеуір бір үлкен құс кереге қанаттарын жайып, көгілдір аспанда, көз ұшында қалықтайды.
Машина алға қарай ағызған сайын, дала да өзгере түседі. Міне, бастары жаңа сабақтанып келе жатқан көз жетпейтін егінжай. Көтеріліп қалған балауса көк шалғын мен жоңышқа. Жүзім бұталары тартылған сыммен қаз-қатар тізілген бау-бақша. Бұларды бір сәт, жолдың екі жағын бірдей алған, солдаттардай қаз-қатар тізілген қарағай, терек, қарағаштар көрсетпей жібереді.
Тек бейнелері қанша өзгергенмен дала сол дала қалпында қалған.
— Өзім Арқада туып, өскендіктен бе, даланы жанымдай жақсы көремін! — деді Хамзе артына бұрылып, машина көк шалғынды бір жазыққа шыққанда, қандай көз жетпейтін кеңдік! Қаншама өмір сұлулық бар бұл кең далада, Ханшайым, Сырым?!
Ханшайым сәл күлді.
— Сізге директор емес, ақын болып туу керек еді!
Хамзе ақын болмағанымен, ақын жанды адам еді. Ол көркемдікті тани да, бағалай да білетін. Және оған қуана да алатын. Бұны республикалық концерт мекемесіне директор етіп бекіткенде партия ұйымдары Хамзенің осы қасиетін де еске алған тәрізді.
Ал дала бір көріністен екінші көрініске еніп, тойға жайылған кілемдей әлсін-әлсін өзгере түсті. Қаланы шығыс күнгей жағынан алып тағадай боп қоршаған ақ басты биік таулар біртіндеп кейін қала берді. Неғұрлым алыстаған сайын бұл таулар, айқындана түсіп, бұрынғыдан да биіктене, құдіретті бір алып тәңірлердей көрінеді. Шұбатылған машиналар Іленің жағасына таяды.
— Әне, ана тұста, жиде тоғайы бар. Солай қарай жүр,- деді Хамзе машина айдаушыға Іленің оң қол жағасын нұсқап, сол сөзді айтты да, тағы кейін бұрылды. — Сендер жиде ағашының тоғайын көргендерің бар ма? — деді.
Сырыммен екеуі үшін Ханшайым жауап қайырды…
— Жоқ…
— Көрмесеңдер, қазір көресіңдер, — деді Хамзе, — бұл бір тамаша дүние! Әсіресе күзді күні, жиделері піскен кезде…
Машина айдаушы Хамзе көрсеткен тұсқа кеп тоқтады. Біртіндеп өзге машиналар да тоқтап жатыр. Жұрт тегіс түсті. Іле өзенін жағалай қалың жиде тоғайы көрінді.
Хамзе айтқан күзсіз де, бұл керемет сұлу дүние екен. Ағаштары тапал, жиде орманы, ақшыл жапырақтары, нағыз бір күмістен, жібектен тоқылған қалың пердедей тұтасып, күн көзімен ойнап, тұнып тұр. Жаңа ғана бүршіктене бастаған жиде дәнінің иісі, әлі піспей-ақ жатып, ешбір иіске ұқсамайтын, сәл қышқылтымдау секілді. Жұпар аңқып тұр.
Жастар жүк машиналармен алып келген қазан, ошақ, отын, дастарқан, ыдыс-аяқ, қой, бөтен тағам, арақ-шараптарын түсіріп, ретке келтіргенше, қолы бостары жиде тоғайын аралап кетті.
Үстінде май айына арналып тігілген әдемі көгілдір костюмі, мойнында қызыл галстугы, аяғында қара лакты бәтеңкесі бар Әбілқайыр, алтын шашты, сондай сарғылт жібек көйлекті Нина екеуі тоғайдың сол жағына қарай беттеді.
Бұлар сол араға таяй бергендерінде дәл аяқтарының астынан, үлкен бұтаның түбінен бір қырғауыл пыр етіп ұша жөнелді. Оның қызғылт, қоңырқай, жасылдау құйрық қанаттарының жүндері сәскеге таяу көтеріліп қалған күн нұрымен шағылысып жалт-жұлт етті.
Алғашқыда қорқып кетіп, Әбілқайырдың қолынан ұстай алған Нина ұшып бара жатқан құсқа қарап тұрып:
— Қарашы, қандай сұлу құс, —деді.
— Дәл өзің секілді! — деді Әбілқайыр кенет тұтана қалған көзін Нинадан алмай.
Нина сәл қызарып кетті.
— Мен сондай әдемімін бе? — деді Нина күлімсірей.
— Қиялдай әдемісің!
Бұлар біріне-бірі қарап, қарсы тұрған. Бетінен оттай жанған көзін алмай өзіне қадала қалған Әбілқайырдан Нина тағы қысылып кетті. Екі беті дуылдап төмен қарады.
— Қиялдай әдемісің! — деді Әбілқайыр сөзін қайталап. — Өзгені білмеймін, өзіме су перісіндей сұлу көрінесің.
Нинаның даусы әзер шықты.
— Неге олай көрінемін?..
— Нина, — деді кенет Әбілқайыр, оның қолын ұстап,- өзенсіз тау болмайды, қайғысыз адам болмайды дейді біздің жұрт. Менің қайғым өзіңсің. Мен сені көптен бері жақсы көремін.
Нина қолын тартып алған жоқ. Екі беті бұрынғысынан да дуылдай қызарып, Әбілқайырды әлі де сөйлей түссін дегендей қозғалмай күтіп тұр.
— Көптен сені сүйемін, Нина, жауабын бер, — деді Әбілқайыр. Қыз сөйлей түс дегендей тағы да үндемеді. Тек Әбілқайырдың алақанынан ақырын қолын сырғытып суырып алып, құлап кетпейін дегендей қасындағы жиде ағашының бұтағынан ұстады. Нина үндемеген сайын, Әбілқайыр әбігерлене түсті, жауабын бер, — деді ол тағы да жалынғандай. — Сенің жалғыз ғана сөзін, маған қанат береді. Келешегіме сендіреді. Сен не десең де, саған деген менің махаббатым жүрегімде мәңгі қалады. Сені жақсы көру маған бақыт. Жаныма қайғы салса да бақыт.
Әлден уақытта Нина басын көтерді.
— Қандай қызға болса да, сендей жақсы жігіттің өзін сүйгені қуаныш шығар, — деді ол да қызарып кетіп, — мені жақсы көргеніңе рақмет. Бұдан артық саған, Әбілқайыр, ештеңе айта алмаймын. Жүрекке бұйрық бере алмайсың ғой.
— Әлде басқа біреуді сүйесің бе? — деді Әбілқайыр бөтен сөз таба алмай.
— Жоқ, ешкімді де жақсы көріп қалған жоқпын, — деді Нина, — сірә, әлі кезегім келмеген секілді. Бүгінгі сөзді ұмытайық. Бұрынғы дос қалпымызда қалайық.
— Бұл ең ақырғы жауабың ба?
— Иә, ең ақырғы.
Нина ұстап тұрған бұтағын қоя берді. Бұтақ жапырақтарын ойната, сәл селкілдей барып тынышталды. Күн сәске болып қалған еді. Бүкіл әлем күн сәулесіне бөленіп жарқырай түсті.
Үш қазанға асылған екі қойдың еті түсіріліп, дастарқанға келген кезде, той әбден қызып, түс ауа бастаған-ды. Ханшайым мен Сырымды құттықтап Хамзе, Евгений Петрович, Зада, Қайырғали, Күнжан, тағы басқалар да сөйлеп өткен де еді. Жұрт сыйлық тарту-таралғысын да беріп болған. Дастарқан үсті толған тағам, ұзынды-қысқалы шынылы арақ, шараптар. Қызып алған жұрт гу-гу етеді. Сөйлеген жұрттың бәрінің жаңа қосылған екі әншіге бақыт, қуаныш тілейтіндері, олардың шын жүректен айтқан сөздерінен белгілі болып жатыр. Әріптес серіктерінің ықыластарына риза болған Ханшайым мен Сырым, әр тост айтылған кезде түрегеліп, тост сөзі біткенше орындарына отырмай сөйлеп тұрған кісіге құрмет көрсетеді. Ханшайым тост сөзі біткен кезде сөйлеген кісіге «рақмет» деп басын изейді де қолындағы рюмкесімен соғыстырып алдына қояды. Ал Сырым болса, сөйлеген кісіге «рақмет» деп сыбырлай сөйлеп, басын изейді де, Ханшайыммен соғыстырған рюмкесін бірден ішіп қояды. Алғашқы бірер рюмкені Сырым ішкенде өзінің тойы ғой, қуанышы үшін ішіп отыр ғой деп ештеңе демеп еді, ал ол көбірек ішкен сайын Ханшайым қысыла түсті. Жұрт көзінше той үстінде бүгін ғана қосылған күйеуіне «ішпе» дей алмады. Ал Сырым, жас қосағының қандай күйде отырғанын түсінбеді. Арақ бойын алып, тамағының ауырғаны басылған сайын Сырым қыза түсті. Бір сәт ол өлең де айтпақ болды. Бірақ даусы болар-болмас шықты. Қанша ышқынса да, құр үні қыр-қыр етті. Ал Сырым қазір мас еді. Мұны көрген Хамзе ертең Алмагүлдің ансамблінің ең бірінші концерті болатынын сылтау етіп, тойды тезірек таратты.
Даусы шықпай қалған күйеуінің дәл бүгін мынадай масқара еткеніне Ханшайым жылардай боп қорланды. Өз тойына өзі жер үстіменен келіп, жер астыменен қайтқандай болды.
Жұрттың бәрі Ханшайымның халін түсінді, бірақ олар Сырымның мас болып қалғанын білмеген сыңай көрсетіп, ойын-күлкілерін, Ханшайымға деген жылы сөздерін тыймады.
Тек Тобықов қана:
— Мұндай шаруашылықта арақ ішпеу керек қой,- деді көзі кіртиіп мас болып отырған Сырымға қарап, әдеттегісіндей ақыл айтып.
Үш күнен кейін Ханшайым Сырымды құлақ, мұрын, тамақты қарайтын дәрігерге алып барды. Тәжірибелі, белгілі дәрігер әншінің көмейін толып жатқан аспаптарымен ұзақ тексерді.
— Шамадан тыс қатты дауыстаймын деп бір тыныс тамыры үзіліп кеткен бе, қалай? — деді ол Ханшайымды оңаша шығарып алып. — Даусы өлең айтуға жарамайтын боп қалды ма деген қауіпім бар. Емдеп көрерміз, мүмкін әдеттегідей жазылып та кетер. Тек әзірге тым ыстық, суық ас ішпесін. Және арақ-шараптан сақтансын.
«Даусынан айрылып, қор болып жүрмесе жарар еді». Қатар келе жатқан күйеуіне Ханшайым бір үлкен махаббатпен мөлдірей қарады. Бірақ ол қауіптің Сырымға бөтен жақтан келетінін білмеген.
Ал үш күннен кейін Алмагүлдің ең алғашқы жеке концерті болды.
Өз ансамблі. Өз атындағы ансамбль. Мұндай дәрежеге жетем деп ойлап па еді Алмагүл? Ол өзін сахнаға қайта шығуын талап еткен ду қол шапалақтаудың арасында, қара көк мақпалдың аясында отырған, қазақтың жасыл барқыттан тігілген ұлттық киіміндегі ансамблінің төрт жігіті мен (домбырашы, сырнайшы, сыбызғышы, дауылпазшы) жасыл камзолды, ақ жібек көйлекті, жасыл сәукелелі қобызшы келіншекке сүйсіне қарады, Алмагүл жаңа ғана осы оркестрдің сүйемелдеуімен Ақан серінің тамаша әнінің бірі «Қара торғайды» айтып шыққан. Бұл әнді Алмагүлдің жақсы айтқандығы соншалық, көрермендер оны сахнадан жібермей қойған. Ән мен әншінің үйлесе қалғандығы соншалық, ұлы композитор Ақан сері осы әнін тек Алмагүлге арнап шығарғандай еді.
Әннің алғашқы шумағын нағыз бір қара торғай қанатын қағып аспанда қалықтап келе жатқандай кең, дыбысы сұлу, ерекше даусымен толқыта шырқай келіп, қайырмасында жерге қона алмаған қара торғайдай шырылдап тұрып алған. Даусының сұлулығы, өлең сөздерін тыңдаушыға жеткізе айту мәнері және әннің дыбыс шумақтарын өзінше, құлаққа әсерлі, жүрекке жылы етіп, шырқауы тыңдаушылардың жүректерін толқытып, көңілдерін ұлан-асыр кеңіткен. Олардың Алмагүлді әлсін-әлсін шақыруларының да себебі осында еді.
Алмагүлдің орындаған әр әнін жұрт үлкен қошаметпен қарсы алған. Әлсін-әлсін қайтадан орындауын тілеген. Ал әнші келіншек «Қара торғайға» келгенде тіпті қанаттанып кеткен. Әжесі, анасы айтқан ән. Ырғағы да, тыныс, дыбыс ерекшеліктері де ана сүтімен, бесікте жатқанда сол ананың ыңылдаған әлдиімен келген. Аяғын апыл-тапыл баспай жатып қанына сіңген. Бұл әнді жұрттың жанын тебірентіп, қиялын қанаттандырып, өте шебер айтуының да себебі осыдан еді.
Тыңдаушылар «Қара торғайды» тағы сұрап, алақандарын қызғанша ұрып жатқандарында, талдырмаш келген қазақ қызы — конферансье сахнаға шықты да:
— Қазір Алмагүл Жақанова қазақтың әйгілі композиторы Ержан Есентаевтың «Алатаудағы қыз» атты жаңа әнін орындайды, — деді.
Жұрт «бұл қандай ән?» дегендей сәл таңырқай елең ете қалды.
Сол сәтте оркестр ойнады. Аздан кейін оркестрге қосыла, күмістей сылдырлаған Алмагүлдің даусы шықты.
Алмагүл бұл әнді бір ерекше сезіммен орындады. Даусы да салтанатты, сәнді шықты. Әннің өзі де әдемі еді. Сірә, композитор бұл әнге өзінің жүрек отының бәрін аямаған тәрізді. Әннің сұлулығы, тазалығы, оңай бола тура, жаныңа сая берер жылылығы сондай еді, өлеңнің үшінші шумағы басталғанда залдағы кейбір ән құмар тыңдаушылар ыңырсып Алмагүлге қосылып та кетті.
Бұл әнді Алмагүл керемет бір ойын, қиялын, жанын толқытқан шабытпен бітірді.
Әнді де, әнші жас әйелді де жұрт түрегеліп ұзақ қол шапалақтап, қошеметпен қарсы алды. Жұрт сахнаға әнші халықтың, тағы бір асқан әнші қызы келгенін білді.
Алмагүлдің бұл жолы табысы орасан еді. Алмагүлдің жұртқа ұнағандығы соншалық, Евгений Петрович, Ханшайым, Сырымдармен қатар отырған Тобықовтың өзі залдан шығып бара жатып:
— Мэндай дауысты, әлгі не симфониялық оркестр тәрізді шаруашылықпен шығару керек, — деді.
Ханшайым күлді.
— Алмагүлдің даусының сазы өте әдемі және эстрада актрисасына лайықты күшті, — деді Тобықовқа емес, Михайловка бұрылып. − Ал симфониялық оркестрмен бірге шығаруға жарамайды. Жоғарғы ноталарда оркестр оның даусын жауып кетеді ғой.
— Дұрыс айтасың, Ханшайым, — деді Михайлов. —Мен де саған қосыламын. Дегенмен Алмагүл керемет әнші. Көрдің бе, «Қара торғай» мен «Алатау қызын» қалай орындағанын?
— Оған сөз бар ма!- деді Ханшайым шын жүректен. — Біздің сахнамызға бір тамаша әнші келді!
Алмагүлдің жеңісіне Хамзе де жұртпен бірдей қуанған. Тек өзгелерден гөрі оның жеңілдеу, тым тез өзгере қалатын мінезімен таныс болғандықтан Хамзе: «Атақ бірден келді және тым жас келді ғой. Оны көтере алса жарар еді» деді ішінен.
«Алмагүл!», «Алмагүл» деп жұрттың бәрі шулап жүргеннен кейін, Алмагүлдің концертіне Жәмила да келген.
Ханшайымдай музыкалық білімі болмағандықтан, даусының қандай сатысының күшті, күшсіз екенін талғап жатпай, әншінің даусы да, түрі де бұған қатты ұнаған. Тек сол концерттен бір түрлі қобалжи қайтқан. «Алатау қызын» Алмагүл екінші рет орындағаннан кейін жұрт тағы да ду қол шапалақтаған. Бірақ бұл жолы құр ғана орындаушы емес, сахнаға әнді шығарған композиторды да шақырған. Жұрт: «Авторын!», «Әннің авторын!» деп отырып алған. Қасында отырған күйеуі сахнаға көтерілуге мәжбүр болған. Ержан сахнаға шыққан сәттен-ақ Жәмила күйеуінің рақметін айтып Алмагүлдің қолын алып сүйгенін, оған қуана қарағанын, бәрін көрген. Соңынан Алмагүл мен күйеуі қатар тұрып залдағы жұртқа бас иіп қошамет көрсеткенде, кенет «япыр-ай, бір-біріне қалай жарасымды еді!» деп таңдана қалған. Соңынан үйге жалғыз қайтып келе жатып, амалсыз ол өзін Алмагүлмен салыстырған. Түр, келбеті Алмагүлден төмен болмаса да, әніменен, жас түрімен жұлдыздай боп сахнада жарқырап тұрған Алмагүлге жете алмайтынын түсінген. Сол сәттен-ақ көңіліндегі қобалжу өсе түскен. Сондықтан да өзінің бақыты, қуанышы үшін күресуден гөрі, Алмагүлден жеңілуге күні бұрын мойын ұсынған-ды. Және Ержанды өте жақсы көрген Жәмила, оны екі оттың ортасына салып, жанын ауыртқысы келмеген. Міне, сол себептен де ешбір жанжал шығармай құр жылап қала берген.
Дегенмен Жәмила Ержан курорттан қайтқанда чемодандарын көтеріп үйіне келеді деп те ойлаған (әрине Жәмила оны үйге кіргізбейді — ол басқа шаруа). Бірақ Ержан курорттан қайтқанмен, үйіне келмеді. Алмагүлдікіне барып түсті.
Әйткенмен Ержан елемегенді, жұрт көрмегенді, Тобықов көрді. Және Хамзеге сөз келетін жағынан көрді. Коллективінде моральдық тәртіпсіздік бар, соған шара қолданбай отыр демекші болды. Ержан мен Алмагүлдің қылықтарына Сырнаевтың тікелей жауапкершілігі болмаса да, әйтеуір директордың төңірегінде сөз жүре беретін деді. Біз ескертіп едік, айтып едік, еш шара қолданбай отыр демекші болды. Сондықтан әңгімені Хамзенің өзі бастауды ұйғарды. Ол Сырнаевтың кабинетіне келді. Амандасып, жұмыс жайында ананы-мынаны айтып болды да, Тобықов, бірден өзінің ойлап келген әңгімесіне кірісті.
— Сұмдық! — деді ол, — коллективен моральдық тәртібі бұзылып барады. Жер-көкке сыйғызбай бәрің мақтаған Алмагүлдің түрі анау. Екі баласы мен мейіздей әйелін тастатып, Ержанға шығып алды. Еш нәрсе көрмегендей боп біз отырмыз. Ержан секілділерді ауыздықтау керек қой.
— Ауыздықтағанда оған не істейсің? — деді Хамзе, — ол өзі солай шешіпті ғой. Және… — директор «ол біздің коллективтің мүшесі емес» демекші болып келе жатыр еді, Тобықов сөзін бөліп жіберді.
— «Не істейсің? Ол өзі солай шешіпті ғой» дегеніңіз қандай сөз? Жұртқа ойына не келсе соны істетіп отыруымыз керек пе? Мүмкін менің де он қатын алғым келетін шығар, бірақ советтік мораль, тәртіп деген бар ғой. — Хамзе Тобықовтың «мен де он қатын алғым келетін шығар» деген сөзіне күліп жіберді. Бірақ сол минутте: «Мүмкін, Тобықовтың бұл өзі шыны болар? Сөзі мен ісі қабыспай жататын адамдар аз ба?»
Алмагүл Ержанға екі баласы мен, Тобықов айтқандай «мейіздей» әйелін тастатып, күйеуге шықпақшы болып жүр дегенді Хамзе осыдан бір ай бұрын естіген-ді. Ал кеше Ержанның Алмагүлдің үйінде екенін де бұған Қайырғали айтқан. Хамзе бұған не істей алады? Ержан мен Жәмиләнің айырылуы, айырылмауы, не Ержан мен Алмагүлдің қосылуы, қосылмауы қорытып келгенде олардың өз шаруасы, сот шаруасы. Бірақ Хамзе бұл мәселенің қай жағында болады? Ержан мен Алмагүлге «бұл қылықтарын дұрыс емес» деп өзінің қарсылығын білдіре ме? Әлде біріңді-бірің жақсы көреді екенсіңдер, жүректерін қосылуды қалайды екен, өздеріңді өздерің алдамаңдар, қинамаңдар, қосылыңдар» деп Ержан мен Алмагүлді жақтап шыға келе ме? Әрине, Ержан мен Алмагүл бұдан ақыл сұрап жатқан жоқ. Ондай ақылды Хамзе де бере алмайды. Ал Хамзенің беретін жауабы өзінің ар-ұятының алдында. Іштей қай жағында болады? Бірақ бұның өзі де оған қиынға түскен.
Хамзе де адам, «Барлық адамға тән қылық — маған да тән» деп Карл Маркс айтқандай, өзге адамдарда кездесетін жақсы, жаман қасиеттер бұнда да болатын. Бұл да кейде біреуді жақсы, біреуді жек көретін. Тіпті кейбір әйелдер бұған да ерекше ұнайтын, бірақ ол өзінің өмірлік жолдасы — әйелі мен екі ұл, бір қызын тастап кетуді тіпті ойламайтын. Өз басының семьялық өмірін, партиялық өмірім деп қарап, оған кір келтірмеуге, сөзге қалдырмауға тырысатын.
Хамзе өз басына түскен осындай сыннан жақында ғана аман өткендей еді. Жас кезінде шын жақсы көрген Ханшайымды ол мүлдем ұмытпаған-ды. Бірақ басынан өткен соғыс жылдары оның күн шыққандағы алтын арайдай ашық бейнесін көмескілендіріп, алыстатып үлгерген еді.
Керуен сияқты жылдар тоқтамай көшеді,
Арқалап ауыр жүктерін өлгендердің,
Алдымен аттары, сонан өздері өшеді,
Бір кезде сенің жақсы көргендерің,-
деп ақын айтқандай, Хамзе де Ханшайымды ұмытуға айналған-ды.
Ержан мен Алмагүлдің қылықтарын бірден ақтап, не қаралап шыға келмеуінің де бір себебі осы махаббат мәселесінің өз басында бар осындай қиындықтарынан еді. Әйтсе де, екі баласын, ешкімнен кем емес әйелін тастатып уыздай ұйып отырған семьяны бұзып, Алмагүлдің Ержанға шықпақшы болып жүргенін Хамзе қоштамаған. Дарынды әнші әйелдің бұл қылығын шынтуайтқа келгенде, біреудің бақытсыздығынан өзінің бақытын құру деп түсінген. Және мұндай өзін-өзі ұстай алмаушылық өзгелерге үлгі болмауын да есептен тастамаған. Сондықтан ол Тобықовқа:
— Жай жолдастық ағалық ретінде сөйлеспесек, Ержанға біз ресми ықпал жүргізе алмаймыз, — деді. — Ол біздің коллективтің мүшесі емес. Ал Алмагүл біздің адам, онымен сөйлесу керек болар… — Хамзе Алмагүлмен сөйлесуді бұрыннан да ойлап жүрген. — Ақылымызды айтып көрелік, мүмкін, ойланар.
— Мен түсінбеймін, — деді Тобықов кіржиіп. — Күйеуін тастап, басқаның семьясын бұзғалы тұрған адаммен соншама мәймөңкелесудің қандай қажеті бар? Біздің коллективке үлгі болмас үшін Алмагүлді жұмыстан шығару керек, біржолата қуу керек.
— Өйтуге болмайды, — деді Хамзе, — Алмагүлдің асқан дарыны, әсем даусы — біздікі, халықтікі, бәріміздікі.
— Тек менікі емес! — деді Тобықов.
— Жарайды, — деді Хамзе, — Алмагүлмен сөйлесіп көрейін.
— Тезірек сөйлесіңіз! — деді Тобықов, — Бөтендерге қырсығы тимей тұрғанда сөйлесіңіз!
Ақылға салатын істі осыншама елпілдетіп бара жатқан Тобықовқа Хамзе ренжи қарады. Бірақ ештеңе деген жоқ. «Ақымақ адамға айтқан сөз, айдалаға атқан оқпен тең. Бірақ Тобықов ақымақ деп кім айтар? — Негізінде тілегінің бәрі дұрыс. Ештеңе дей алмайсың…» Хамзе электр қоңырауының тетігін басты. Бөлмеге орта жасқа келіп қалған, көгілдір көз сыпайы әйел — хатшысы кірді.
— Осы Алмагүл жұмысқа шықты ма? — деп сұрады ол хатшысынан.
— Жоқ әлі, — деді анау. — Шығатын уақыты өтіп кетті, бірақ әлі шыққан жоқ. Евгений Петрович «қашан шығады екен, біл» дегеннен кейін телефон соғып едім, «қашан шыққым келеді сонда шығамын» деп жауап берді. Ал, оның концертін сұраған коллективтер өте көп, тіпті облыстардан да телеграммалар келіп жатыр.
Хамзе әлденені ойланып қалды.
— Жақсы, — деді ол аздан кейін, — Алмагүлді ертеңгі сағат онға маған шақырыңызшы.
— Сіздің қабылдауыңызды күтіп ауыз үйде опера театрының әншісі Бірлән мен Ержан Есентаевичтің әйелі Жәмила отыр,- деді.
— Басталды! — деді Тобықов.
— Не басталды? — деді ол Тобықовқа қарап.
— Оны, қазір өзіңіз де көресіз. Арыз айту басталды.
Хамзе, Бірлән мен Сырымның арасындағы оқиғадан да хабардар еді. Ержанның әйелінің неге келгені айтпай-ақ белгілі. «Иә, концерт мекемесінің белгілі екі әншісі, екі әйелді бұрынғы адамдарынан айырып отыр, Бұл коллективке жақсы атақ әпермейді» сөйтсе де Хамзе хатшысынан:
— Не жайында келіп отыр екен олар? — деп сұрады.
— Оларын сұрағам жоқ, өздері де жаңа келді. Және біздің бас әкімші жігітке (администраторға) барып шыққан тәрізді…
Хамзе Тобықовқа қарады:
— Мүмкін олардың менде құпия әңгімесі бар шығар?
Тобықов кеткісі келмеді.
— Партиядан жасыратын қандай әңгіме болуы керек? Қайырғали қалалық комитеттің мәжілісіне кеткен. Олардың арызымен бәрібір партбюро да таныс болу керек қой, менің қалғаным дұрыс.
— Жарайды, — Хамзе хатшысына қарады, — кірсін.
Хатшы әйел шығып кетті. Аздан кейін үйге Бірлән мен Жәмила кірді. Екеуінің де өңдерінің солғындығы болмаса, арыз айтуға келген бәлендей ашулы, не ренжулі адамдар тәрізді емес. Сұңғақ бойлы келген екі әйел, бір ретте Хамзеге, бір-біріне ұқсастау көрінді. «Бұлар бір жақтың қыздары болды ма екен, әлде тағдыр, қайғы-қасіреттері екеуін біріне-бірін жақын көрсетіп тұр ма екен?» деді ол ішінен екі әйелдің өзіне Алмагүл мен Ханшайымның үстінен арыздарын айтуға келді деп сенген Хамзе.
Бірақ олай болмай шықты.
— Ғафу етіңіз, Хамзе Сырнаевич,- деді Бірлән директормен амандасып болғаннан кейін, оның алдындағы креслоға Жәмила екеуі отырып жатып. Бұлармен амандасуға орнынан түрегеліп қарсы жүргендерінде, екі терезенің ортасындағы көлеңкеде тұрып қалған Тобықовты олар байқамады.
— Бүрсігүні біздің театрда Образцовтың қуыршақ тарының гастролі басталады екен,-деді Бірлән. — Қала кассаларында бір де бір билет жоқ. Бәрі сатылып кетіпті. Ал мына Жәмила екеумізде төрт бала бар. Сол қуыршақ театрының нағыз көрермендері. Жаңа сіздің бас әкімшіңізге кіріп шығып едік, ол «ештеңе жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп отыр. Содан кейін амалсыз сізге келіп отырмыз.
Бұлардың айтып отырғандары, әйтеуір жауабы қиын жүрек мәселесі болмағанына Хамзе қуанып кетті.
— Қанша билет керек еді? Өздерің келмей-ақ телефон соға салғандарыңда болатын еді ғой,- деді Хамзе дереу телефонның тұтқасын алып жатып.
— Төрт билет. Және театрдың барлық спектакльдеріне, — деді Бірлән, — Жәмила екеуміз көк базардан келе жатыр едік. Телефон соғып әуре болып жатқанша, кеңсеңіз жолымызда болған соң өзіміздің кіріп шыққанымызды жөн көрдік.
Телефон санын айтып Хамзе бас әкімшісімен байланысты да, оған Бірлән мен Жәмилаға директордың сақтатып қалдырған билеттерінен сұрағанын беруді бұйырды.
Дәл осы сәтте өзінің көзге түспей тұрған қара көлеңкелеу жерінен қоңыр костюмді Тобықов сәл алға аттады.
— Осындай уақ мәселеге өздерің жүрмей-ақ балаларыңның әкелеріне бұйырмайсыңдар ма? — деді ол. — Ерекеңнің қолынан төрт билет емес, жүз билет алу келеді ғой.
Хамзе Тобықовтың бұл сұрақты әйелдерден әдейі сөз тартпақ боп бергенін түсінді.
— Ойбай-ау, бұл үйде тағы біреу бар ма еді? — деді күтпеген жерден дауыс шыққан жаққа қарап, сәл сасып қалған Бірлән.
Екі әйел енді Тобықовты көрді.
— Түу, құр біреу ғана емес, пілдей біреу ғой, — деді тағы Бірлән, ақырын күліп жіберіп.
Жәмила Тобықовты таныды. Бірақ сол сәтте, онымен сөйлескісі келмейтінін көрсетіп, теріс бұрылып кетті. Әйелдер Хамзеге «рақметтерін» айтып шығып кетті. Тобықов олардың іздерінен қарап аңырайып сәл тұрды да:
— Байларынан айрылып жатқанда, балаларына билет іздеп жүрген мұндай еріккен қатындарды көрсем, көзім шықсын! — деді шын ренжіп.
Хамзе ақырын езу тартты.
— Иә, сіздің көрмей жүрген, және көре алмай жүрген заттарыңыз көп болуы керек,-деді ол «көре алмай жүрген» деген сөзге басқа да мағына беріп.
Тобықов Хамзенің астарлап айтқан сөзін түсінді. Бірақ әдетіне салып ештеңе демеді. Астарлы сөзді ұқпаған пішін көрсетті де қойды. Тек театр дәлізіне шыққаннан кейін төс қалтасынан қойын дәптерін алды да, «Бәлен күні бәлен сағатта директорға Алмагүлдің моральдық қылықтарын жойдыруды ескерттім» деп жазды да, екі қолын галифесінің қалтасына салып, көкқұтан тәрізді ұзын аяқтарын алға қарай соза лақтырып, оркестрдің репетиция істейтін бөлмесіне қарай жүрді.
Алмагүл концерт мекемесінің бастығы ертең келсін дегеніне қарамай, үш күннен кейін келді. Курорттан қайтқаны көрініп тұр, ақшыл жүзі күнге күйіп қызара күрең тартып, жүріс-тұрысы да дем алып қалғанын аңғартады. Курорт күндерін рахаттана өткізгенін білдіріп, танадай үлкен көздер қуаныш отын шашып, жалт-жұлт етеді.
Хамзе амандасып болғаннан кейін әнші әйелдің үш күннен бері неге келмегенін сұрады.
— Ауырғам да жоқ, шаршағам да жоқ, — деді Алмагүл аяғының үстіне аяғын қойып. — Сіздерге өкпеледім, сосын үйретейін деп келмедім.
— Түсінбедім, — деді Хамзе.
— Келе жатқанымды хабарлап, сіздерге Адлерден телеграмма бергем. Ана домалақ Яшадан бөтен ешкім қарсы алуға шықпады.
Хамзе кенет жас әйелге ұрысқысы да, не оған ақыл айтқысы да келмей, көңілсіздене қалды. «Жас қой, әнеугі мақтауды, айқай-шуды көтере алмай да қалған тәрізді. Даңқ деген де бір ауыр жүк, оны көтеретін де бар, көтере алмайтын да бар. Сөйтсе де бұған менмендік тым ерте келген екен».
Хамзе сөздің бетін басқа жаққа бұрғысы келді.
— Жарайды, біздің жіберген қатеміз екінші жолы есте болар, — деді ол бірден келген жеңіске мәз болып лепіре қалған жас әнші әйелді, үстінен суық су құйып жібергендей қатты сөйлеуден қашып. — Ал сені мен басқа іс туралы шақыртып ем…
Алмау сезіктене қалды.
— Не жайында?
Хамзе сөзін бастай алмай сәл кідірді.
— Осында жұрт әр түрлі өсек айтып жүр,- деді әлден уақытта. — Әрине, кімге кім қосылады, қалай қосылады — ол әр адамның өз ісі. Бірақ біз коллективтік қоғамбыз ғой, біздің коллектив мүшесінің өз бақытын іздегенде басқалардың бақытын да ұмытпағаны Керек. Ержан болса, сөз жоқ, жақсы композитор, халық сыйлайды. Ол кімге болса да жар бола алатын кісі. Бірақ оның әйелі, екі баласы бар ғой. Жарайды, әйелін былай қоя тұрайық, одан неге айырылмақшы — ол Ержанның тікелей өз шаруасы. Ал екі баланың қандай жазығы бар?.. Осыны сендер ойладыңдар ма? Жоқ, өзің ойладың ба?
— Нені?
— Анау әлі қанаттанып үлгірмеген екі балаға обал болар деп, мысалы?
— Бұл сұрақты сіз маған емес, Ержанға беруіңіз керек секілді. Балалар соныкі емес пе, обал десе маған қосылмай-ақ қойсын!..
— Ержанға бұл сұрақты беретін адам табылар. Ал өзің қалай ойлайсың? Сонау әкесіз қалып бара жатқан балалардың алдында өзіңді жауапты емеспін деп санайсың ба?
Алмагүл бозғылттана түсті.
— Әркім өз бақыты үшін күреседі. Біздің бар айыбымыз — бірімізді біріміз жақсы көргендігіміз.
— Ал Ержан балаларын жақсы көрмейді деп ойлайсың ба?
— Неге? Балаларын жақсы көретінін мен де білем.
— Онда, оған неге ойлан демейсің?
— Сіз бұныменен не айтпақшысыз?
— Мен біздің коллективтің мүшесі, керемет әнші қызымыз Алмагүл Жақанова тек өз басының ғана қызығын емес, басқалардың да қызығын, бақытын ойлағаны жақсы болар еді демекпін.
— Сонда сіз маған Ержанмен қосылма демексіз бе?
— Жоқ, үйдемек емеспін. Ержан екеуің біріңді бірің шын сүйген болсаңдар, ондай сөзді айтуға менің хақым жоқ. Ал ойланыңдар, әсіресе өзіңе ойлан деуге хақым бар.
— Өйткені мен, жаңа өзіңіз айтқандай осы сіздің коллективіңіздің мүшесімін ғой? Және сізге бағынышты адаммын ғой, солай емес пе?
— Кей жағдайда солай десек те болады.
Алмагүл түрегелді. Ол өзін-өзі әзер ұстай сөйледі.
— Директор жолдас, енді сіз менің сөзімді тыңдаңыз,- деді ол, шиедей қып-қызыл еріндері дір-дір етіп, кенет бозара түсіп,- сіз директор болсаңыз менің жұмысыма, сіздерге бағынышты уақытыма директорсыз. Ал менің жүрегіме, махаббатыма директор емессіз ғой. Сондықтан бұл жағын қалай шешуді менің өзіме беріңіз!
Алмагүл Хамземен қол беріп қоштаспай, аяғын тық-тық басып шығып кетті.
Хамзе не дерін білмей, үн-түнсіз отырып қалды. Ол жаңағы ашуланып шығып кеткен жас әйел кешегі кішіпейіл, жұрттың бәрін «ағатайлап» жүретін жұмсақ мінезді асқан әнші Алмагүл емес, басына құрт қонған даңқты, асыл махаббатты көтере алмай қалған басқа Алмагүл екенін енді анық ұқты.
Хамзе осындай күйде отырғанында әнші әйел мен директордың сөзінің нәтижесін сыртта күтіп тұрған Тобықов кірді.
— Не деді? — деді ол Хамзеге таяй беріп.
Хамзе кенет атып түрегелді. Ашу қысып кетті.
— Атаңның басы деді! — деді ол, сөйдеді де, столын пәрменінше ұрып қалды. — Осындай жұмысқа келген мен ақымақ!
Тобықов былқ еткен жоқ. Ол ыржиып күлді.
— Оны мен баяғыда білгем.
VIII
Арада тағы да бес-алты жыл өтті. Опера театрында бұрынғы «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Амангелдінің» өзін былай қойғанда, соңғы уақытта қойылған «Абай», «Біржан сал», «Дударай», «Даиси», «Чио-Чио-сан», «Евгений Онегиннің» өздері театрдың өткен күніне айналды. Қазақ көркемөнеріне жаңа композиторлар, жаңа әншілер, бөтен саладағы жаңа аттар келді. Жаңа балеттер құрылды. Қазақ концерт көлемінде әйгілі Құрманғазы оркестрін былай қойғанда, а-капелла хоры да майталман коллективке айналып, жаңа музыкалық, би ансамбльдері құрылды. Республиканың экономикасының өсуімен байланысты, қазақтың әдебиет, көркемөнер, кино, дидар көріністі өнері де өркендей түсті. Осы тұста жаңа опералар театр сахнасына қойылды. Демек, айта қаларлықтай сәттісі бола қоймады. Көркемөнер жазғытұрым егіп, күзді күні орып алатын бидай, арпа емес. Кейде жақсы нәрсенің пайда болуына ондаған жылдар өтеді. Негізінде қандай өнер болмасын, адамның атыменен байланысты. Дарын тумай көркемөнер тумайды. Ал бұл кез аузыңды толтырып айтатын халықтың алтын қазынасына жатқызатын туынды берген көркемөнер қайраткерлерінің шықпаған кезі еді. Дарынды деген композитор Ержан Есентаевтың өзі де бұл тұста мақтарлық ештеңе бере алмаған. Ол «Асау Ертіс» операсынан кейін ештеңе жазбаған. Әйгілі композитордың бүйтіп творчестволық тоқырауының ең негізгі себебі тағы композитордың рухани өмірімен байланысты еді.
Ол курорттан келгеннен кейін Жәмиламен біржолата айырылған. Үйін, дүние-мүлкін бір сабақ жібін алмай, Жәмила мен балаларына қалдырған. Ал өзі Алмагүл репертуарына арналған эстрада әндерін жазуға кіріскен. Оның бұл әндері біркелкі сәтті шыққан. Әрине, бұл опера емес. Сөйтсе де «Асау Ертістің» құлауын аз да болса осы жаңа әндерімен жапқан. Әндері Алмагүлге де абырой берген. Бірден жұлдыздай жарқырап шыққан Алмагүлдің атағын бұрынғысынан да асыра түскен.
Осындай күйде жүрген Ержан бір күні балаларын көруге бұрынғы үйіне келген. Балаларын тілеген уақытта көріп тұруға Жәмила рұқсат еткен. Бұл келгенде егіз ұлы бірдей сабақ дайындап отыр екен. Жәмила бір шаруамен көрші үйге кетіп қапты. Үйге кіріп келе жатқан әкелерін көрді де, екеуі бірдей орындарынан тұрып, есік алдына таяп Ержанға:
— Ассалаумағалейком,- деп қолдарын беріп амандасқан. Нағыз бір үлкен кісі тәрізді екеуі де амандасып болғаннан кейін қайтадан орындарына барып отырып, сабақтарына кіріскен. Одан әрі әкелеріне еш көңіл аудармаған. Тек кішкентайы Нұрғазысы ғана анда-санда ұрланып, «не істеп отырсың» дегендей көзінің астымен қарап қойып, қайтадан сабағын оқи берді. Ержан аң-таң. Бұрын, осыдан екі ай бұрын, осы Нұрғазысы әкесін анадай жерден көргеннен-ақ шашы жалбырап, кішкентай танауы елпілдеп, жүгіріп кеп мойнына асыла кететін. Әкесі көтеріп екі бетінен кезек-кезек сүйіп жерге түсіретін. Содан кейін Нұрғазы жоғалып табылған күшіктей, біресе оң жағынан, біресе сол жағынан шығып, бүгінгі көрген-білгенін айтып әбден мәз болатын. Содан, Ержан үйге кіргенше, қасынан қалмайтын. Әкесі бұнымен біраз ойнап, тамаққа отырғанда ғана көшеге шығып кететін. Сөйтетін Нұрғазысының түрі мынау. Бұрынғы қылығының бірі де жоқ. Ержан бұған әке емес, бір таныс адам тәрізді. Әкесі шыдай алмады.
— Қалқам-ау, мен сенімен ойнауға келдім ғой, — деді Ержан Нұрғазыға.
Бала үндемеді, бұртиып, қабағы салбырап кетті. Ержан қасына кеп баланы орындығынан көтеріп ап құшақтап, дәл бұрынғысындай екі бетінен кезек-кезек сүйді. Ержанның бір кезде осылай сүйетіні баланың есіне түсіп кетті ме, кенет Нұрғазы әкесінің мойнынан құшақтап ап жылап қоя берді. Ержанның да көңілі босап кетті. Көзіне мөлдіреп келіп қалған жасын әзер тоқтатты. Бала әкесін шын сағынып қалған екен, жылауын тоқтатқанымен, оның мойнын құшағынан босатпады.
Екеуінің осылай жүрген қалыптарында көрші үйден Жәмила келді. Әкесі мен баласының құшақтаса қалғанын көріп, Ержанмен жүдеу амандасты да:
— Бекер баланың көңілін бұзасың, — деді. — Енді түні бойы жөндеп ұйықтай алмай шығады.
Аздан кейін Нұрғазы Ержанның құшағынан босанып, қайтадан сабағына отырды. Тағы да жат адамдай. Ал Ерғазы сол томсырайған қалпынан өзгермеді, ең болмаса бір рет әкесіне қараған жоқ. Сабағынан басын алар емес.
Кешегі ерлі-зайыптылар, бүгін бейтаныс адамдардай, әр нәрсені бір әңгіме етіп отырды да, әрі-беріден кейін Ержан орнынан түрегелді. Ол кетіп бара жатқанда ғана Жәмила:
— Қайтесің балалардың көңілін бөліп, сабақтарын бітіргенше келмей-ақ қойғаның дұрыс болар… — деді.
— Сағынып қалған соң келдім ғой,- деді Ержан бөтен сөз аузына түспей, шынын айтып.
— Оқасы жоқ, үйренесің.
…Алмагүлдің бала көтермейтінін дәрігерден білгеннен бастап Ержанның қылығы да өзгере бастаған. Бұрынғыдай емес, Ерғазы мен Нұрғазысын көбірек ойлайтын болған. Бұрын ақылсыздау болды ма, әлде махаббат жүрегінен ешкімге орын қалдырмады ма, егіз баласын да бүгінгідей сағынбайтын. Және сағынатын бос уақыты да көп болмайтын. Дарынының шабыттанып тұрған кезі, эстрадаға ән жазудан қолы босамайтын. Ал Алмагүлдің бала таба алмайтынына әбден көзі жеткен сайын, оны «осы мен балаларымнан бекер айырылдым-ау» деген өкініш билей бастаған. Енді ол өзінің балажан екенін де білген. Ал балажан адамға өзі тастап кеткен балаларын ойлаудан үлкен азап жоқ. Ержан да қазір осындай күйде еді. Және балаларын ойлаған сайын оларды сағына түсті. Сағынудың аяғы күйзелу, шаршауға апарып соғып, ақырында Ержан творчестволық дағдарысқа ұшырады.
Өнер адамының творчествосы — оның екінші «мені» және жай «мені» емес, оның іштегі мазмұны. Бұл «менің» жоғалтқан адам, бар мазмұнынан айырылған, құр сыртқы пішіні ғана қалған қуыс қурай. Ал өзінің барлық мазмұнынан айырылған өнер адамы, ол күні жетпей қаусаған адаммен, жоқ, өлген адаммен бірдей.
Ержанның мұндай творчестволық дағдарысқа ұрынуына тағы бір себеп бар. Ол — Алмагүл. Бірден жарқырап шыққан Алмагүл өзінің дарынына сенген. Бір шыққан шыңынан түспестей көрген. Ал «дарын бес процент, қалғаны еңбек» деп Эдисон айтқандай, қандай дарын болмасын, еңбексіз, әсіресе күнделік еңбексіз, қажымай жұмыс істеусіз, еңбекпен өзінің дарынын өркендете түсусіз, ол бір ақпай жатқан суға тең. Қанша мөлдір болмасын, қанша терең болмасын, бәрібір оны шылау басады, борсиды. Бірден келген даңққа мастанған, «болдым, жеттім» деген Алмагүл іздену, жаңа сатыға көтеретін жолдар табу, тіпті әр әншіге керек күнделіктегі жұмыс дегенді ұмытты. Ержанның жасаған репертуары оның алғашқы шарықтаған үш жылына ғана жетті. Ал творчестволық дағдарысқа ұшырай бастаған Ержанның бұған арнап жазған жаңа өлеңдері композитордың өзін өзі қайталауы болып шықты. Демек, эстрада артисін жұрт алдындағы биікте ұстап тұратын екі құдайы бар. Бірі — оның шеберлігі, екіншісі — өзгеріп отыратын жаңа репертуары. Халық әнін қанша жөндеп, өңдеп айтқанымен ол халық әні болып қала береді. Ал тыңдаушылар Алмагүлден жаңа өлеңдер, жаңа әндер талап етті. Ол Алмагүлде болмай шықты. Амал жоқ, енді әйгілі әнші әйел, өзге әншілердің айтып жүрген жақсы әндерін өзінің репертуарына енгізді. Бұдан әнші өзінің стилін, өлеңді қанша мәнерлеп айтқаныменен, Алмагүл өзінің творчестволық «менің» жоюға айналды. Бұл жағдайда бұрын әнші әйелдің шың басына қалай жылдам шығуына көмектессе, енді ол сол Алмагүлге шыққан шыңынан төмен қарай құлдырауына демеу болды.
Бірақ Алмагүлді шын жақсы көріп қосылған композитор одан суудан аулақ еді. Мүмкін, тіпті суымас та еді, оған Алмагүлдің өзі дәнекер болды.
Ержан Алмагүлге ән жазуды қойғанмен, оның көкке бір шығып алған атағы әлі жерге түсе қоймаған. Газет беттерінде Алмагүлдің төңірегіндегі у-шу көп бәсеңдемеген. «Қазақ халқының бұлбұлы», «Ұлы даланың дарынды қызы», «Алатаудың гауһары» тәрізді шашпау етіп тағылған сөздер әлі де газет-журнал беттерінде кездесіп тұратын. Журналдар Алмагүлдің бояулы суреттерін өздерінің ең бірінші беттеріне басып, радио күнде таң атқаннан күн батқанға дейін Алмагүлдің орындауында совет халықтарының әнін бірнеше рет беретін. Бұл жас әнші әйелдің гастрольге келуін Ленинград, Киев, Баку, Хабаровскілер сұрап, телеграммаларды әлі де жаудыруда еді. Міне, осы кезде, Москваның бір пысық композиторы орыстың бір екі ескі халық өлеңін Алмагүлдің орындауына арнап, фокстротша жылдам айтатын етіп, жаңа түрге айналдырып өңдеген-ді. Назды, әдемі орыс өлеңі енді мазмұнсыз, ойнақы жолдарға айналды.
Алмагүл бұл өлеңнің өз даусына сәйкес келмейтінін біле тұрса да, даңқ құмарлығы жеңіп, осы тұста осындай әнге бас ұра бастаған жастардың мадақтауын тілеп, өзінің орындауына алды.
Алмагүл бөтен қалаға барған бір концертінде осы өлеңді микрофон алдында айтып берген. Ертеңіне осы бір мазмұнсыз, бірақ ойнақы, орындауға жеңіл әнді трамвайдағы, кафедегі жұрт айтып шықты. Кешке ресторандардағы джаздардың бас нөмері болды. Енді бұл музыканың факстрот желісті үніне беріліп, ұзын пенжак киген, ұзын шашты жігіттер мен қысқа «мини» юбкалы, киноактриса боламын деп бола алмай қалған қыздар қиқаң-қиқаң биледі.
Осы өлеңді Алмагүл ең алғашқы рет радиодан айтқанында, Сырнаев, Михайлов, Есентаев директордың кабинетінде отыр еді.
Михайловтың түрі қуқылдана қалды.
— Бұл не? Түсінбеймін, біздің Алмагүлге не боп кеткен?- деп ол Ержанға қарады, сөйтті де бір жері жаман ауырып тұрғандай. − Алмажанды қалай мұндай халтураға жіберіп алдық?- деді ренжи, қабағы түйіліп кетіп.
Ержан ақырын күрсінді.
— Маған айтқан жоқ еді. Сірә Москваға барғанда үйреніп келген ғой, — деді Ержан. Өзі творчестволық дағдарыста жүргенімен әлі де жақсы мен жаманды айыра алатын күйде еді бұл. — Сөз жоқ, мынау нағыз халтура! Барған соң сөйлесемін!
— Сөйлес! — деді Сырнаев. — Тезірек сөйлес! Мына өлеңі Алмагүлдің жаман жолға түсуінің басы тәрізді. Қазір тоқтатпасақ, жақсы әншімізден айырылып қалуымыз сөзсіз.
Сол күні кешке таман Ержан Алмагүлмен сөйлесті. Сөзді Алмагүлдің өзі бастады.
— Бүгін радиодан мені тыңдадың ба? — деді ол екеуі шай ішкелі отырғандарында.
— Тыңдадым.
— Қалай екен?
— Жаман! Өте жаман! Сен мұндай әнді айтуға тиісті емессің! Өзіңнің дауысыңды да, атыңды да жоғалтып аласың!
— Бекер! Бекер! — деді кенет ашулана қалып Алмагүл. — Бұл өлең жаман болса, жұрт бірден қағып алмас еді. Расыменен, естімедің бе, мен таңертең айтқан өлеңді жұрт кешке үйреніп үлгірді. Жаңа автобуста келе жатып, артымда отырған қыз бен жігіт, біріне-бірі айтып отырғанын өз құлағыммен естідім. Жаман өлеңді жұрт бірден қағып алмайды. Мұндай тез, халық бірден айтып кеткен өлең менің әншілік өмірімде екі-ақ рет болды. Бірі сенің «Алатау қызың», оны да осы бүгінгідей түнде концертте орындағанымда, таңертең бүкіл Алматы айтып шыққан. Есіңде ме? Содан кейін, міне осы өлең… Әлі көрерсің бұл өлең менің атымды бұрынғымнан да артық шығарады.
— Жоқ, бұл өлең сенің атынды құртады.
Алмагүл ашудан кенет қиқарлана қалды.
— Өзің мұндай өлең шығара алмайтын болған соң, қызғанғаныңнан айтып отырсың!
Ержан өте ақырын сөйледі.
— Мен сені шын әнші екен деп жүрсем, өзің қоңыраудың шылдырлағанына мәз болып жүрген құр қуыс қуыршақ екенсің ғой…
Ержан ашуланып, есікті тарс жауып шығып кеткен. Алмагүл не дерін білмей, сәл селтиіп тұрып қалған да, күйеуінің қатты айтқан сөзіне шыдай алмай бөлмедегі төсегіне барып солқылдап жылап, етпетінен түскен.
Бұл қосылғалы екеуінің алғашқы ұрсысуы еді. Ертеңіне әлгі әнді радио тағы берді. Үшінші күні бұл әнді басқа әнші айтты. Енді ән бүкіл қаланың әсіресе жастардың қызығып айтатын әніне айналды. Бірақ қандай музыка мода болып көп айтылмасын, тегі халықтың, композитордың шын жүрегінен, толғауынан шықпаса, ұзақ өмір сүре алмайды, бір айға жетпей бұл ән де өлді. Бірақ Алмагүл басқа бір композиторға тағы да осындай мазмұнсыз, желөкпе бір ән шығартып алып, тағы да радиодан өзінің орындауында бергіздірді. Сөз жоқ, Алмагүлдің даусының әдемілігі, мұндай бір күндік әндерді айтқанда өзіне тән әнді құйтырқыландыра білетін жеңіл әдістерімен жұртты бір елең еткізіп тастайтын. Ал Алмагүл бұның жеңіл табыс екенін түсінбеді, жұрт қол шапалақтаса болғаны, әнді жақсы екен деп түсінді. Ал жұрт әнге емес. Алмагүлге қол шапалақтайтынын ұқпады.
Кешегі «Мақпалды», «Ақбақайды», «Қара торғайды» тамылжытып айтатын Алмагүлдің, бүгін мынандай жеңіл, құр дыбыс ерекшеліктерінен құрылған, құр құйтұрқы, бір күндік әндерге бас игені тоқырап жүрген Ержанды таң қалдырды. Ол енді «құдай бұған дауыс пен өзгеге қандай өлеңді болса да тыңдата алатын дарын берген екен, ал әннің жақсы, жаманын айыра білдіретін, терең әншілдік талғам бермеген екен» деп шын ойланды. Ондайлардың табылатыны композиторларға белгілі еді. Өзі творчество адамы болғандықтан, осы бір творчестволық талаптан туған сезім әйеліне деген көз қарасын өзгерте бастаған. Бұл әлі Алмагүлді жек көру емес-ті. Қар астынан қылтиып шығып келе жатқан шөптердің бастары тәрізді көңілде пайда болған ренжудің, өкпелеудің ең алғашқы салқыны еді. Қайткенмен әйелін бұл теріс жолдан құтқармақ болды.
— Түсінсейші, — деді ол Алмагүлге жалынғандай боп тағы бір күні, — сенің бұл айтып жүргендерің ресторан джаздарының, не батыс елінің шоу-музыкасына еліктеген, анау скверде орындықтарда топталып отырып алып қырылдап-барылдап айтатын жастар өлеңдерінің бір түрі, тіпті туысы. Саған мұндай өлеңдерден қашу керек.
— Несіне қашамын? — деді Алмагүл, — қазір жұрт бұрынғыдай созылған, не қайғы, мұңға бөленген әндерді сүймейді. Ал жастар қазақтың халық әндерін тіпті айтпайды. Олар осы күнгі мен орындап жүргендей, мейлі шоу де, мейлі моу де, ырғағы жеңіл, ритмикасы шапшаң, тыңдай қалсаң, бүкіл денеңді қозғалтып, жүрегіңді тырнап жатқан жаңа әндерді жақсы көреді. Соларды айтуға құмар. Ал менің жаңа әндерім сол жастардың тілегімен ұштасып жатыр. Және мұндай жеңіл өлеңдерді айтуды өзім де жақсы көремін. Сондықтан сен маған ондай әндерді қой деме. Оның орнына өзің маған жәрдемдес, репертуарыма сондай әндер жазып бер.
— Мейлің, — деген Ержан, — көріп тұрмын, бекіре балық басын жарға ұрмай тоқтамайды деген. Сен де сондай күйге жеткеніңді түсінерсің!
Ержан қанша сөйлесе де екеуі творчестволық тіл таба алмаған. Бұрын Алмагүлдің әнін, даусын тыңдауға құмар Ержан, енді әйелі екінші бөлмеде жаңа әндеріне жаттыға бастаса, дереу құлағын қос қолымен жаба қоятын болды. Осы бірін-бірі түсінбестік енді араларын суыттыра бастады. Өйткені екеуі де творчествоның, көркемөнердің адамы еді. Ал ондай адамдарға, нәзік сезім адамдарына, мұндай өзара түсінбестік әрқашанда жан сезімі мен тән сезімінің арасын алыстата түсетін-ді.
Ержан осындай күйде, бұрынғы күндерін аңсап, егіз баласын сағынып, творчестволық дағдарыста жүргенінде бір күні ол «Жәмила күйеуге шығатын болыпты» деген хабарды естіді. Бұл хабар оған біреу төбесінен қос қолдап ұрып жібергендей, өте қатты тиді. Бір сәт өзінің екі баласының басқа біреуді «әкелеп» жүргенін көз алдына елестеткенінде, жүрегі қызғаныштан жарылып кете жаздады. Ол дереу бұл хабардың анығын білгісі келді. Қандай шешімге тоқтаса да, сосын барып қимылдамақ болды. Әрине, шынын Жәмиланың өзінен сұрауға бетінің ары бармады, ұялды. Ол әрі ойлап, бері ойлап, Бірләнді тапты, «Бір адам білсе, мұны Бірлән біледі. Жәмила екеуі сырлас, дос еді».
Әнші Бірләннің, ақылды Бірләннің, бар қызығы өнері мен қыздары еді. Бірлән секілді үлкен дарынның өз басының қуанышынан қайғысының асып жатуы өкінішті-ақ дүние болатын. Түрге де бай, өнерге де бай, мінезге де бай, кімге болса да серік бола алатын әйелдің отызға жетпей жатып екі бірдей жақсы көрген кісісінен айырылып қалуы әрине, үлкен трагедия. Рас, мұндай күйге ұшыраған әйелдердің кейбіреулері өздерінің тән сезімін, нәпсі сезімін тұншықтыра біледі. Бірақ Бірлән тәрізді жан сезімінің, өнер сезімінің адамына сен де өзге әйелдердей өн бойыңды, жүрегіңді шарпыған махаббат отын сөндіре біл деу қиын еді. Жоқ өйдеу тіпті обал болар еді. Мұндай адамға табиғатың тілеп тұрған қуанышты ұмыт деу шын қиянат екені сөзсіз. Ал Бірлән болса, махаббат қуанышын, ләззат қуанышын тек жай өмірінде ғана емес, екінші өмірі — сахнада да паш еткен адам. Және оның табиғатының өзі де, басына қандай қайғы төнсе де, жас әйел екенін, әлі де ләззат қызығын күтетін әйел екенін Бірләнға ұмыттырмаған. Бірақ табиғаты оны қанша күйіп-жандырғанмен, Бірлән өзін-өзі тежей білді. Бірлән аққу құсқа ұқсайтын. Дүниеден серік іздесе, ол өзінің аққуын іздейтін. Және мәңгілік болсын дейтін. Міне, Бірлән сондай адамын тапқан. Бірақ бұл Бірлән іздеген аққуы емес еді. Амал қанша, жүрек шіркін адаспаса, бақытсыздық қайдан келер еді. Бірлән де қателескен. Осыдан үш жыл бұрын жақын республиканың біреуіне Махмұт опера театрының жазғы маусымдағы гастролін басқарып барған. Театрдың спектакльден бір бос күні кешке таман ол Бірләннің мейманханадағы нөмеріне келген. Денелі, сымбатты Махмұт бұл кезде қырыққа жаңа келген шағы. Еркек қырықта қылыштың жүзіндей дейді қазақ бұның да қылшылдап тұрған тұсы. Бірлән бұның әйелінің барын біледі. Бірақ адам адасайын десе, ақылын сезімге билетеді. Жайшылықта берік Бірлән бұл жолы бақырды алтыннан айыра алмады. Оның Сырымнан айырылғанына үш жылдан асып кеткен. Содан бері жұмыстан, мектепке барып қалған екі қызы мен Ленинградтағы ауру сәбиінің қамдарынан мұқалуға айналған жас әйелдің гастрольде қайғы, қасірет, жүдеуден бөтен өмір бар екені есіне түскен. Сол күні ол Махмұттың дегеніне көнген. Әнші әйел бірақ Махмұтты Сырымдай сүйе алмады. Бірақ бұдан әрі екеуінің арасындағы байланыстың ұзаққа созылуына Бірләннің тұрақты мінезі себеп болды. Осылай бұлардың арасындағы байланыс ұзаққа созыла берді. Және бұл байланыс созылған сайын екеуі де бір-біріне әбден үйренді. Егер ұзақ жолыға алмайтындай жағдай туса, бірін-бірі аңсап қалатын болды. Жасырын кездесудің өзіне тән ыстығы және анда-санда кездесіп жүргендіктен бұларды етене, үйреншікті етпей, үнемі бірін-бірі сағындырып тұратын жүрек сезімдері ақырында Бірлән мен Махмұтты өздерін шын бақытты санаттырды. Ал, Сақан мен Сырымнан ауыр қайғыға ұрынған Бірләнға, осынау жанын жылытқан байланыс енді шын махаббатқа айналды.
Міне, Бірләннің осындай көңілі әбден орнығып, бар тілегі енді тек жұмысы мен он үш-он төртке келіп қалған екі қызын қалай адам етемін деп жүргенде кенет Ленинградтан алтыға шыққан Қадишасының қайтыс болғанын хабарлаған телеграмма алған. Өткен жылы Бірлән өзі Ленинградқа барып қайтқан (жылда бір рет қызын көріп қайту бұған әдетке айналған-ды). Бәлендей жазылмағанымен, Қадишасы бұған бұрынғысынан тәуір көрінген. Бұрын ол Бірләнді көргенде тосырайып, тез жуымай, тұрып алатын. Және әрі-беріден кейін, құшақтап, бетінен сүйіп, бауырына қысқан анасының кенет бұлқан-талқан боп бұлқынып, құшағынан шыға қаша жөнелетін. Ал бұл жолы тіпті олай болмаған. Бала Бірләнді көрген жерден сәл бадырая қарап тұрып, кенет «мама!» деп айқайлап жіберіп, шешесіне қарсы жүгірген. Бірлән көзінен жасы атып кетіп, келе мойнына асыла түскен Қадишасын баурына қысып, екі бетінен кезек-кезек сүйіп, мәз болып қалған. Осылай құшақтарын жазбай, беттерін жас жуып екеуі біраз тұрған. Қызының туғаннан бері бұны «мама» деген және алғашқы танығаны. Ауруынан жазылмас деп күдерін үзе бастаған ана Қадишасының сау баладай мынадай қылық көрсеткеніне қалай қуанбасын. Бірлән жүрегі жарылардай боп қуанған.
Сөйткен Қадишасы өлді деген хабар алды. Келесі күні Бірлән Ленинградқа самолетпен ұшып кетті. Бірақ Москваға жеткен жерде кенет аспанды бұлт торлап, қалың жауын басталды. Самолет ұша алмай Бірлән бұл арада тағы екі күн кідірді.
Ленинградка жеткенше Қадишаны жерлеп те қойған екен. Қайғылы ана томпиған, кішкентай жас қабірдің қасында солқ-солқ жылап ұзақ отырған. Қолдан келер не амал бар, Бірлән қызының жас қабірінің басына құшақ-құшақ гүл қойып, келесі күні самолетке мінген. Егер бала жазылмай, өмір бойы азапта өтетін болса, оның тірідей көзге күйік болып жүргенінен осылай дүние салғанын бір жағдайда табиғаттың дұрыс шешімі деуге де болар еді, бірақ ананың аты ана, ол Қадишасын өлімге қимады. Алматыға келгеннен кейін де көп уақыт қайғыдан айырыла алмай жүрді. Бірақ өлгеннің артынан өлу жоқ, әнші әйел басынан өткен бұрынғы ауыр күндерінде де өзіне серік болған, жанындай жақсы көрген сахнасына қайтадан оралған. Енді көңілін торлаған қасіреттен тез құтылмақшы боп, күндіз-түні күйсандығының қасынан шықпаған. Алдындағы маусымда ойнайтын рольдерінің репетициясына кіріскен. Ол кезде Махмұт та екі айға созылған демалысынан қайтты.
Қандай даусы әдемі керемет опера әншісі болмасын, халық ойдағыдай қабылдау үшін әнші ойнаған роліндегі опера кейіпкерінің шын бейнесін жасай алуы керек. Егер сол бейне сәтті шықпаса, бұл әнші көрермендердің қошаметіне бөленбейді. Ал сәтті шығу операда негізінде дауыспен байланысты болғанмен де, одан бөтен қасиеттер керек. Әншінің сол ойнап жүрген роліне сәйкес келетін жасы, түр келбеті, бейнені аша білетін артистік шеберлігі, жұртты тарта алатын, тек өзіне ғана тән толып жатқан ерекше қасиеттері болуға тиісті. Осының бәрін әнші бойына жинай алға, оны көрермендерге жеткізе білсе, сонда ғана артист өзінің Евгений Онегинін, Татьянасын, Қыз Жібегін, Тарғынын жасай алады. Ол үшін композиторлар жаңа Әлиялар, жаңа Мәншүктер, жаңа Қыз Жібектер дүниеге келетін тамаша опералар жазулары қажет. Сонда ғана Бірлән тәрізді дарынды әнші-артисткалар бұрын-соңды қазақ сахнасында болмаған өзінің кейіпкерлерін тудырады. Сөйтіп, халықтың сүйіспеншілігіне, құрметіне ілігеді. Тыңнан музыкалық бейне жасамай, даусың қанша жақсы болса да ұлы актриса бола алмайтынын Бірлән де білетін.
Міне, Бірлән осындай арман шеңберінде жүрген күндердің бірінде «Біздің үйге келіп кет» деген Ержан Есентаевтан шақыру қағаз алды.
Бірлән келгенде Ержан да, Алмагүл де үйлерінде екен. Бірлән осыдан бір жеті бұрын Мәдениет сарайында шетел қонақтарына арналған концертте болған. Осы концертке Бірләннің өзі де қатынасуға тиісті еді, бірақ суық тиіп тамағы ауырып, бара алмай қалған.
Бірлән сол күні тыңдалған концерттің өте жақсы өтетініне сенетін. Тек, әттең, бұл концертке өзі мен Сырым қатыспайды, сол жағы ғана аздап көңілін жүдеткендей еді. Өзінікі белгілі, ал Сырым ше? Бірлән қабағын шытып кенет жүдей қалған. «Расымен сахнадан мүлдем кеткені ме? Қандай дауыс, қандай керемет әнші еді? Осындайда өзінің құйқылжи төгілетін сұлу даусыменен халқымыздың қандай әнші ел екенін бір танытар еді». Сырымның бүгін неге есіне түсіп отырғанын өзі де білмейді. Мынандай қадірлі меймандарға көрсететін Сырымдай дәл бүгінгі қазақта әнші жоқтығынан ба? Әлде әлде… бағана Ханшайымға жолыққанда Сырымның жағдайының қиын екенін білгенінен бе?
Концерт шынында да жақсы өтті. Бірлән мен Сырым болмаса да қазақтың жаңа шыққан әншілері, хор, оркестр коллективтері, өздерінің шеберліктерімен жұртты таң қалдырды.
Бірләнға жалғыз-ақ Алмагүлдің өлеңдері ұнамады. Рас, оның даусы секіре аққан күміс бұлақтай сыңғырлап тұр, бірақ айтқан әндері не қазақтікі, не орыстікі болмай, шетелдің поп-музыкасына еліктеген ритм-желістеріменен құлаққа жат тиіп, тыңдап отырған жұрттың көңілін аудара алмайды. Қошаметтеу де тақа күшті болмады. Ал бұдан бес-алты жыл бұрын Алмагүл сахнаға шыққанда, құрметтеген көрермендердің қол шапалақтауынан театрдың қабырғасы құлап кететіндей болатын.
Бірлән осы концерттен Алмагүлді ойлап жүдеп қайтқан. «Егер Алмагүл өзінің қалай төмендеп бара жатқанын ойламаса, Сырымнан айрылғандай, қазақ көркемөнері тағы бір жақсы әншісін жоғалтады-ау деген шешімге келген ол. Көрер көзге әйелін мұндай күйге қалай жеткізіп алды деп Ержанға да қатты ренжіген. «Мейлі, ән француздікі, қазақтікі болсын, ең алдыменен ол ұлттық ән болуы керек. Өйткені ән, жыр, өлең халықтың рухани өмірінің нәтижесі ғой. Ән жыр, өлең халықтың жүрегін, жанын көрсетуге тиісті. Бұны көрсете алмаған ән-күй, жыр — ол ешкімді толқытпайды, қызықтыра алмайды. Расыменен балаға да аян осы қағиданы Ержан мен Алмагүл түсінбейді ме, какафонияға жақын, құр дыбыстардың айқай, шуына құрылған әндерді жұрт қабылдамайтыны хақ емес пе» деп ол өзінен-өзі күйіп-жанған. Реті келсе ерлі-зайыпты екеуімен де сөйлеспек болған.
Алмагүл Бірләнді қуана қарсы алды. Үстінде бадана гүлді кимоно, шашын жапон әйелдерінше жылтырата тарап, тоқпақтай етіп желкесіне түйіп тастаған, аяғында француздың өкшесі біздей сүйір қара лак туфлиі. Алмагүл баяғы жарқын мінезіне салып, Бірләннің асты-үстіне түсіп барады. Атақ-даңқ қонғалы мұндай кішіпейілділіктен Алмагүл көптен мүлдем арылған-ды. Бірлән оның қылығын түсіне алмады.
— Әнеукүнгі концертте болдың ба, Бірлән? — деді Алмагүл сөзді өзі бастап.
— Болдым.
— Қалай, ұнады ма? Менің «Боз торғайым» қандай екен?
— Қандай екен десем екен? Шынымды айтайын ба, әлде…
— Шыныңды айт, шыныңды айт! Ондай ән сендей талғамды әншіге ұнамауы мүмкін емес. Мен қолымнан келгенімді аяғам жоқ…
Бірлән Алмагүлдің бетіне қарады. Оның өзін неге соншама құрметпен қарсы алғанын енді түсінгендей. Отызға таяп қалса да әлі, жас баладай. Мақтауды күтіп екі көзі жаудырай Бірләнға қарап, тынып қалған. «Бала, бала, кім алдай білсе, соның дегеніне көне кететін нағыз бала» деді ішінен Бірлән, оған күлімсірей көз тастап, «батыстың поп-музыкасына еліктеген, ал классикалық жақсы музыкаға ауыздарының дәмін жоғалтып алған жастардың қол шапалақтағанына мәз болған бала»… Кенет Бірлән Алмагүлді аяп кетті. «Міне, атаққа, данққа табыну» деді ол тағы да ішінен, бұрын «Мақпалды», «Алатау қызын» айтып жүрген кездерінде, Алмагүлде мұндай қылық тіпті жоқ-ты. Бар тілегі тек өлеңді жақсы айту болатын. Өзгесінің бәрі өзі келетінін білетін. Ал қазір бір кезде шыққан биігінен түскісі келмей, өзінің еңбегінен өзі қорқып бишара болып қалғаны мынау. Әрине, бірден даңққа іліккен Алмагүлге, бүгінгі күні өзін жамандаған сөз есту — өліммен тең. Өйткені бұл тек мақтауға ғана үйренген. Тек мақтауды ғана тілейді. Өз творчествосын сын көзімен қарауды ұмытқан. Осының бәрін көре тұра Ержан қалай көніп жүр?»
Көркемөнерді шын сүйген адам әрқашанда оның алдында өзінің ар-ұятын таза ұстауға тырысады. Бірлән да сондай адамның бірі еді, Алмагүлді қанша аяса да шындықты айтуды ұйғарды.
— Қолымнан келгенді аяған жоқпын дейсің ғой, Алмагүлжан,- деді ол өзі бұдан азғантай ғана үлкен болса да, кішкентай баласын өкпелетіп алмайын деген анадай барынша жұмсақ сөйлеп,- сенің қолыңнан келетін бір зат бар. Ол — әнеугүнгі концертте айтқан әндердей әндерді тіпті айтпау.
— Неге? — Алмагүлдің ренжи қалған даусы қатты шығып кетті.
— Біріншіден, мұндай әндер сенің әрі сазды, әрі жұмсақ, әрі күміс қоныраудай сылдырлаған таза даусыңа тіпті келмейді. Бүйте берсең ең алдымен дауысыңнан, сосын абыройыңнан айырыласың. Екіншіден, талғамын жоғалтқан кейбір көше жастарын қызықтырмаса, шын музыканы сүйетін, классикалық және халық музыкасын ардақтайтын жұртқа тіпті ұнамайды. Құлаққа да жат, ритмикасы да жанды тебірентуден гөрі, үркітетін жексұрын. Бұл не істеуге білмей еріккен, өмірден әбден жеріген батыс жастарының идеясын паш ететін музыка, ол бізге жат, көше, ресторан, кафедегі музыка. Онда да батыста. Ондай музыкаға сен секілді халық әндерін тамылжытып айтатын әншіге тіпті бас ұруға болмайды.
— Айтпадым ба саған,- деді күйсандығының қасында бағанадан бері бір түрлі солғын отырған Ержан, — кімнен сұрасаң да жұрт саған осылай дейді деп, ал сен…
— Бекер! Бекер!- деді кенет шатынай қалып Алмагүл, — мұндай музыканы өздерің жаза алмаған соң, өздерің айта алмаған соң, қызғаншақтық істейсіңдер! Өткен жылы Англияда болғанымда менің бар әнімнен жұрт осындай әндерімді ерекше қарсы алған.
— Сонда… кеше ғана сенің әніне қол шапалақтаған халқың бүгін сенің жаңа өлеңдеріңді неге қабылдамайды? Бұны сен неден дейсің? — деді Бірлән.
— Түсінбейді! — деді Алмагүл.
Бірлән Алмагүлдің әжесіне өкпелеген жас баладай торсия қалғанын көріп, күліп жібере жаздады. «Дегенмен бала! Бала! Есейіп кеткен бала!» Жоқ, Алмагүлдің бұл құлай бастауы поп-музыканы соншалық жақсы көргенінен емес, әнші әйелдің ізденуді, өзін өзі үлкен мақсаттарға меңзеуді ұмытып, атақ-баққа бос еліктеген творчестволық дағдарысынан туған күйреудің басы еді. Алмагүлге ойлану керек еді, не болып бара жатқанына қарауы керек еді, бірақ оған менмендігі жол бермеді.
Көркемөнерде кім де кім өзінің өсу жолын — ізденуін, аянбай еңбек етуін ұмытса, осындай күйге ұшырайтыны сөзсіз жәйт. Алмагүл де сондай күйде болатын. Ал Бірлән мен Ержан Алмагүлдің бұл құлауының басталуы батыстың поп-музыка тәрізді модасына еліктеуден туған деп ойлаған. Сондықтан оның «халық түсінбейді» деген сөзіне шын шамданған.
— Бизені, Вердиді, Чайковскийді, Ақан сері, Біржан салды, Төлебаевтарды түсінген халық, сенің күшіктерше қыңсылап, қаншық итше шәуілдеген әніңді түсінбейді деген сөзіңе кім сенер? Халық түсінеді, бәріне де түсінеді. Бірақ тыңдағысы келмейді!
— Тыңдау керек! Тыңдатам!
Бірлән енді Алмагүлге таңдана қарады. Оның ауруын түсінгендей болды.
— Байқа! — деді Бірлән әлі де сабырлы үнмен. — Теңізді өртеймін деген кішкентай сары шымшықтай болып жүрме! Крыловтың сондай мысалын оқығаның бар ма еді?
Алмагүлге көптен бері мұндай ауыр сөзді ешкім де айтқан емес. Керемет әнші аталғалы, бұл не істесе де, бәрі дұрыс бола беретін. Енді міне! Егер дәл осындай сөзді Бірләннан бөтен біреу айтса, Алмагүл оны қорлар жауап табар еді. Ал Бірлән Алмагүлден кем әнші емес, атағы да, абыройы да бар. Және тез қызбалығы болмаса, нәсілі жұмсақ мінезді Алмагүл, өзіндей үлкен әнші әйелмен сөз таластырып жатқысы келмеді. Кенет ол киіне бастады. Алмагүлдің радиода жедел репетициясы бар болып шықты.
— Жарайды, басқа кезде таласармыз, — деп ол үйден шығып кетті.
Ержан мен Бірлән оңаша қалды. Бұларға екеуден-екеуі қалуы бәлендей ыңғайлы көрінбегенмен, амал қанша, сыр бермеуге тырысты.
— Үнемі осылай, —деді Ержан әйелі шығып кеткеннен кейін,- жұмыс істегісі келмейді. Өз атын өзі жойғалы жүр…
Алмагүл мен Ержан творчество ісінде тату емес екенін Бірлән енді түсінді. Бірақ енді ол Алмагүл жайында сөйлескісі келмеді.
— Жалғыз Алмагүл ме өз атын жоғарылатқысы келіп жүрген? Өзіңді қайда қоясың,-деді. — «Асау Ертістен» кейін бір де бір опера жазған жоқсың… Жұрт сені творчестволық мүмкіндігі сарқылды деп жүр.
— Олай деуге олардың қақысы бар. Рас «Асау Ертістен» кейін мен еш опера жазғам жоқ, бірақ эстрадаға отызға жуық жаңа ән бердім. Кейбіреулерін тыңдаушылар жақсы қабылдады.
— Иә, ондай әндерді сен Алмагүлге үйленген алғашқы жылдарыңда жаздың. Шынын айтсақ әйелің үшін жаздың. Ал қазір не істеп жүрсің? «Алатау қызы» авторының осы ақырғы екі-үш жылда опера түгіл жұрттың айтуына жарайтын жақсы бір ән, не болмаса басқа бір шығарма берді дегенін естігем жоқ. Ал сендей дарынды композитордың үндемей қалуы халықтың соры, әсіресе біз секілді сенің дарыныңа ғашық әншілердің соры…
Өзін шын бағалай білген Бірләнға Ержан іштей өте риза болып қалды. Енді ол жүдей сөйледі.
— Рас, соңғы екі-үш жылда мен жөнді ештеңе бере алмай жүрмін. Оған толып жатқан себеп бар. Жаңа өзің естідің ғой Алмагүлдің сөзін. Бірімізді біріміз түсінбестік жағдай маған да оңай тиіп жүрген жоқ… Оның үстіне анау екі бала күннен-күнге менің ойымды ала береді. Кейде соларды бекер тастап кеттім бе деген ойға да келемін. Ал егер мен естіген өсек рас болса, қайғыдан біржолата жерге кіретін шығармын.
— Ол қандай өсек?- деді Бірлән дегенмен Ержанның неге қобалжып отырғанын білгісі келіп.
Ержан шын қинала сөйледі.
— Бүгін естідім. Жәмила күйеуге шыққалы жатыр дегенді. Ал бұл хабар рас болса… — Ержан сөзін аяқтай алмай тоқтай қалды.
Бірлән бір ретте оған: «Күйеуге шықса несі бар? Жас адам және оған сен несіне күйінесің? Күйінерің бар, неге тастап кеттің?..» демекші болды. Ержанның Жәмиланы тастағанына бұ да қарсы еді. Бірақ оның жүдеу түрін көріп, райынан бірден қайтты.
— Бекер қиналасың, — деді Бірлән Ержанға. — Ер жете бастаған екі баласы тұрғанда, оларға өгей әке тауып беретін Жәмила ондай жеңіл әйел емес. Оны өзің де білесің… Сен естіген өсекті мен де естігем, кеше Жәмиланың өзінен сұрағам, сөз айтып жүрген әйелі өлген бір бойдақ кісі бар екен. Жаман да кісі көрінбейді. Бірақ Жәмила оған: «Күйеуге шықпаймын. Қазақта мендей жасынан жесір, өз босағасын өзі бағып қалатын әйелдер аз болған ба, құдайға шүкір егіз ұлым есіп келеді, біреуге оларды кіріптар еткенше, байсыз-ақ өтемін» депті.
Ержан күлімсірей қалды.
— Бәсе, мен білетін Жәмила солай десе керек-ті!
Ержанның қуанғаны көзінен көрініп тұр. Ол бұдан кейін үндемей сәл отырды да, жаңағы үзіліп қалған әңгімесін қайтадан бастады.
— Әйткенмен опера жазуға қайта отырмақпын,- деді ол,- жақында бір ақын-драматург өзінің либреттосын әкеп берді. Маған өте ұнады. Либретто адамның қайғы-қасіретіне, қуанышына, ішкі сезіміне құрылған. Нағыз операға лайық дүние. Тек бір жері ғана әзір маған жат көрінді…
—Ол қандай жері?
— Операның бас кейіпкері, отыз бестен асып кеткен жесір, сұлу әйелдің жақсы көрген кісісі, опасыздық істеп, өзінің тәжірибелілігін пайдаланып, оның он жетідегі қызының басын айналдырып алады. Соған үйленеді.
Бірлән бірден қарсы шықты.
— Бұл өмірде болмайтын оқиға.
— Өмірде болмағанмен, көркем өнерде болады. Өмір шындығы бар да, көркемдік шындық бар емес пе.
— Бірақ сол көркемдік шындықты ойнайтын біз емеспіз бе? Ал, бізге өмірде болмайтын шындықты ойнау қиын. Өйткені көркемдік шындық көбіне кейіпкердің қиялынан, ақылынан туады. Сахна адамына қиял, ақыл жасаған көркемдік шындықтың кейіпкерін ойнаудан көрі, өмір шындығы тудырған кейіпкерді ойнау жеңіл тиеді. Және сондай кейіпкерлер оның арманы. Сахна адамдары сондай жағдайда ғана өзін көрермендерге көрсете алады. Өзі жасаған бейнеге жұртты нандыра алады. Ал композиторға өмір шындығынан туған кейіпкерді жасау, менімше, жеңіл тиеді. Және ондай кейіпкерлер сендерді шабыттандыруға тиісті. Жоқ, Ержан, шамаң келсе, либреттоның бұл жерін басқа бір нанымды оқиғамен ауыстыр.
— Жарайды, либреттоны жазған ақын-драматургпен ақылдасып көрерміз. Ал енді сенен бір өтінішім бар. Осы операның бас әйел кейіпкерін өзің ойнасаң деймін. Сенің мүмкіншілігіңді, даусыңның да, музыкалық қасиеттеріңнің ерекшеліктерін де жақсы білемін ғой. Операмды жазуға көп көмегің тиер еді. Бұған қалай қарайсың?
Бірлән шын қуанып кетті.
— Қалай қарайсың дейсің бе? Мен бұған қалай қарауға тиістімін? — Ол күлді, — әрине, жан-тәніммен ұната қараймын, — ол тағы қуана күлді. − Қандай артист өзіне арнап роль жазылса, ойнамаймын дейді? Ойнаймын! Менің де өзімнің Қыз Жібегімді, Татьянамды жасайтын кезім жетті. Тек, Ержан, сенен бір үлкен өтінішім бар.
— Ол қандай өтініш?
— Егер қарсы болмасаң, операңдағы еркектің бас рөлін Сырымға арнап жазсаң қайтеді?..
— Ол мүмкін емес, — деді Ержан аздан кейін тұнжырап, — рас, оның даусы керемет дауыс еді… Бірақ жұрт оны көркемөнерде өлген адам деп жүр ғой.
— Жоқ өлген емес, — деді Бірлән кенет қызара түсіп,- көркемөнер өлген адамды тірілте алмайды, бірақ адасқан жанды қайта әкелуге құдіретінің жететінін өзің де білесің… Жаңа өзің айттың ғой оның даусы керемет дауыс еді деп. Егер өзіне арнап музыка жазылып жатқанын білсе, Сырым мүмкін өлмеске тырысар. Кеселін жеңіп шығуға күші жетер!
Ержан үндемей ерсілі-қарсылы жүре бастады. Ал Бірлән ойында жоқ жерден Сырымды тағы есіне түсіруімен, оны әлі де ұмыта алмағанын, әлі де жақсы көретінін ашып алды.
IX
Лор профессорының айтқанын орындап, емделіп Сырым бір айдай жүрген. Тамағының қырылы басылып, ақырын сөйлеуге де жарап қалған. Қарт профессор «осылай тағы бір-екі ай емдесем, сөйлеуге де, өлең айтуға да жарап қаларсың. Ал ішімдіктің арқасында, мөлшерден тыс айқайлаудан, тыныс тамырының үзілуі дауысыңның, Регистріне зияны тиді, әлде тимеді ме, бұны кем дегенде бір жылдан кейін білуге болады» деген. Ол бір жылға дейін Сырымға өлең айтуға рұқсат етпеген. Үзілген тамырың әбден сауықпай, қатты дауыстап өлең айтатын болсаң, қайтадан үзіліп кетуі мүмкін» деген.
— Менің бар байлығым даусым, егер оған қауіпті болса бір жылға шыдаймын ғой, амал қанша? — деген Сырым. — Бірақ мен қалай күн көрем?
— Оған сен бәлендей қынжылма. Бір жылға сені біз уақытша пенсияға шығарамыз. Білемін, сен секілді өнерлі жас адамға бұның өзі де ауыр, бірақ амал қанша, шыдау керек. Сен ойнаған операда мен де болғам. Даусың сирек кездесетін дауыс. Оны жалғыз өзің үшін емес, біз үшін де сақтауға борыштысың. Бір жыл деген не? Бір күнгідей болмайды, өтеді де кетеді. Ал сен күтінсең дауысыңды жоғалтпайсың.
Сырым ауыр күрсінген.
— Амал қанша, жарайды, — деген. Дәл осы сәтте профессорды бөтен бір ауыр жағдайдағы ауру жанында ақылдаспақ боп көрші дәрігер шақырып, Сырым сол күні профессормен қалай күтіну керек екенін дұрыстап сөйлесе алмаған.
— Маған үш күннен кейін келерсің, — деген дәрігер шығып бара жатып.
Емдесе даусының бұрынғы күшіне келетініне қуанып, қорқып қалған Сырым үйіне келе жатқанда, әдейі аңдып тұрғандай, ойламаған жерден Жақыпжан кездесіп қалған.
Амандасып болғаннан кейін:
— Сен де қызық екенсің, — деген ол, — әншіге даусы шықпай қалу деген қасірет пе екен? Өзіміз бюллетень алып, аз күн үйде жату үшін, кейде дауысымызды әдейі ауыртып алатынбыз… Артынан бір-екі рюмка ішіп жіберіп қайтадан орнына келтіре қоятынбыз.
— Ал менің даусым сол күнгі ішкен арақтан жойылды.
— Сөз болғаныңа болайын. Менің даусым неге жойылмайды? Құдайға шүкір, бір адамнан кем ішпеймін… Арақ, керісінше, адамның даусын ашады. Бұл жағынан маған сен. Сенің даусын ол күні арақтан емес, өзіңнің жайшылықтағы көтеретін нотаңнан жоғары алып, содан болды.
— Дауысымның жетер жерін байқай алмай қалғанымның өзі сол арақтан емес пе…
— Ол мүмкін. Оның жарасы жеңіл. «Сынаны сынамен шығар» деген орыстың мақалы дәл осындай жағдайда айтылған. Ал егер бірер рюмка…
Қысқасы екеуі сол күні Панфилов паркінде біраз сырласып жүріп, ақырында сол парктегі ресторанға кipген. Арақтан адамның даусы ашылады деген Жақыпжанның сөзі Сырымның есінде қалған. Және бұның солай екеніне де күдіктенбеген. Бұрын, студент кезінде әлдеқалай бірер рюмке ішсе, даусының құлпырып шыға келетіні өзіне де мәлім еді.
Сөйтіп Жақыпжан екеуі сол күні үш рюмкеден коньяк ішкен. Бұдан әріге жолдасының өзі де бармаған.
— Жетеді, — деген ол, — әр нәрсенің реті бар.
Бұдан әрі Сырымға ішкізуге Жақыпжанның қалтасында ақшасы жоқ еді.
Бір ғажабы, Сырым ертеңіне тамағының кешегісінен жаман емес екенін байқады. Даусы да сәл жөнделе түскендей ме, қалай… «Сірә, бұл коньяктан болуы керек. Енді бұдан былай, ақ арақ емес, коньяк ішкен дұрыс шығар…».
Профессорға көрініп емделіп жүрген тиісті үш айының ішінде Сырым бір жағы профессордан сескенді ме, әлде шын жазылғысы келді ме, әйтеуір ішуден шамасы келгенше өзін ұстап жүрді. Іше қалса, сол үш рюмка коньяктан аспады. Ал ем бітіп бір жылға уақытша пенсияға шыққаннан кейін де, алдыңғы кезде, сол үш рюмкадан артық ішпеді. Тек бертін келе, бұл арақтың зияны жоқ екен деп, бұрынғы әдетіне салып, ішу мөлшерін күннен-күнге көбейтіп алды. Күйеуінің іше бастағанынан шошыған Ханшайым, қойдырам деп Сырымға жалынып-жалбарынып та бақты, бірақ оның бәрінен де Сырым сескенбеді, өйткені, оның бойын, ақылын, сана-сезімін бәрін ішімдік жеңіп өзіне бағындырып алған еді. Сырым ішуін тоқтатпады. Ақырында Ханшайым енді жұрттың бетіне қарай алмайтын күйге жетті. Қорланудан өліп кете жаздады. Ал ажырасып кетуге тағы қимады: Сырымды қуып жіберсем, бұдан да артық ішіп кетер, не ағаштың түбінде мас болып өліп қалар деді. Жоқ, Ханшайым, оны құр ғана қимайтын, шын сүйіп қосылғандықтан, Сырымды әлі де жақсы көретін. Оның араққа салынуын — бұл бір кесел деп тапқан. Және сол кеселмен күреспек болған. Қайткенмен де оны жазуды өзіне борыш санаған.
Ертеңіне күйеуінің неге кенет тыныштала қалғанынан сезіктеніп, Ханшайым қасына барған. Көргеннен шошып кеткен. Біреу тақымына қыл бұраумен бұрап жатқандай, тістеніп алып, беті көгілдір тартып, сіресіп қалыпты. Үстіне жабылған простыняның бір шетін тістеп-тістеп әбден жыртып тастапты.
— Не болды саған? — деп үрейленген Ханшайым, күйеуіне аяқ жағынан жақындай беріп, күп-күрең боп ісініп, жалаңаш жатқан аяғына әлдеқалай қолы тиіп кетті. Сырым біреу қанжар сұғып алғандай бақырып қоя берді.
Ханшайым сасып қалды.
Көзінен жасы парлап ағып Сырым әзер сөйлейді.
— Екі аяғым, біреу сүйегінен етін айырып жатқандай ауырып әкетіп барады. Қара санымнан төменгі жеріме титтей бірдеме тиіп кетсе, пышақ сұғып алғандай ауырады… Аяғымды баса алмаймын. Ауырғандығы соншалық, есімнен танып құлап түстім. Қалай жерге басыммен түспегенімді өзім де білмеймін…
Ханшайым дереу «Жедел жәрдемге» телефон соқты. Екі сағаттан кейін оны қаланың сыртындағы республикалық клиникалық ауруханаға алып кетті.
Басқаның ауырғанын өзі ауырғандай көретін емхананың бас дәрігері, ақ пейіл, білгір Ерәліден бастап, маман дәрігерлер жандарын сала қарап, Сырымның кеселін, арақ-шараптан адамның қан тамырлары қабынып кететін, орыс тілінде «полиневрит» деп аталатын кесел деп тапты. Бұл дерттің ең қиындығы ауырған адамның аяқ-қолынын қан тамырлары, біреу әдейі денесінен аршып алып, жалаңаштап қойғандай, зар қақсата ауыртады. Кішкентай бірдеңе тиіп кетсе, тіпті ауру мүшелерінің үстіне шыбын қонса болғаны, сол жерің біреу пышақпен осып жібергендей ауырады. Егер бұл ауруды дер кезінде емдетпесе, асқынып кетсе, қан жүрмей өле бастаған аяқ-қол еттерін емдеудің жалғыз жолы ғана қалады. Ол жол — аурудың аяқ-қолын дер кезінде кесіп тастау. Өйтпесе, дене құр ғана өліп қоймайды, бүкіл қабынған қан тамырлардың, жүйелердің зардабы бұғанадағы жұлынға шығып, адам ақылынан айрылады, мәңгі есалаң болып қалады.
Сырымның кеселі осындай қауіпті кесел болып шықты. Әйтеуір, білгір дәрігерлер оны бір кәдіктен аман алып қалды. Әлі кеселмен күресуге дәрмені бар жас денеге берілген дәрі-дәрмек қонып, істеген шаралардың арқасында Сырым айыға бастады.
Алпыс күннен кейін дәрігерлер Сырымды емханадан шығармақшы болды.
— Бұдан артық бізде істейтін ем жоқ,- деді бас дәрігер Сырыммен қоштасқалы, коридорда қағаздарын күтіп отырған әнші жігіт пенен оның әйелі Ханшайымға келіп. — Ал мұндай кеселден құлан-таза жазылып кетуің енді сенің өз қолыңда. Ең алдымен арақ-шарап ішуді тоқтатуың керек. Егер тағы ішетін болсаң, ауруың бұрынғы қалпына келеді. Бұл кеселден ең сәтті құтылдым деген күннің өзінде, аяқ-қолыңды беріп құтыласың.
Сырым үйге келген соң екі айдай ішкен жоқ, әжептәуір жөнделіп қалды. Енді ақырындап өлең айтып көріп еді, даусы әлі жөнделмеген екен. Дәрігерге баруға қаймықты. Қарт дәрігер тағы ұрсады екен деп жүрегі дауаламады.
Ханшайым шамасы келгенше Сырымды жалғыз қалдырмайтын болды. Соның арқасында ол арақ, шарап ішпей, өзін өзі күтіп, күндіз кітап оқып, кешке таман қыдырып, біркелкі тыныш өмір сүре бастады. Сырым енді кеселінен мүлдем айығып келе жатқанын сезді. Ал адамның бір жаман әдеті (кейде бұл жақсы да қасиет) басынан өткен қиындықты тез ұмытуы ғой. Сырым да осыдан төрт-бес ай бұрын қандай жағдайда болғанын есінен шығарып алды. Бір күні, паркте қыдырып жүріп, ескі бір жолдасымен кездесіп тағы бір-екі рюмка арақ ішті. Бірақ үйге көңілсіз қайтты. Әлгі жолдасынан өзінен әншілігі де, жалпы артистік дарыны да, дауысы да көп төмен бірге оқыған бір жігіттің қазір үлкен қалада, үлкен театрдың бірінде бас рольде ойнап жүргенін естіді. Ал бұл болса…
Күйеуінің бір-екі рюмка болса да, коньяк ішіп келгенін Ханшайым бірден сезді. Оның ылғи осылай бір-екі рюмкадан бастап, соңынан өзін тоқтата алмай қалатынына тәнті әйелі тағы қатты ашуланды.
— Әнеугүні бас дәрігердің не айтқаны есіңде жоқ па? — деді ол, жылардай боп, — бар пәле саған ылғи осы бір-екі рюмкадан басталатынын білмейсің бе, неге іштің?
Сырым ауыр күрсінді.
— Арақ ішпегенде маған енді не қалды?
— «Не қалғаның» қалай? — деді Ханшайым сәл бәсеңдеу сөйлеп,- ішпесең жазыласың. Әлі театрда өлең айтасың… — Ханшайым сөзін бітіріп үлгірген жоқ, осы кезде үйлеріне Ержан мен Бірлән кірді. Ескі достарын көріп Сырым шын қуанды. Бұлар ұзақ әңгімелесті. Ержан өзінің жаңа опера жазуға кіріскенін, оның бас ролін Сырым ойнауға тиісті екенін айтты. Өзін енді мәңгі біттім деп жүрген Сырым ескі достары Ержан мен Бірләннің осыншама сенім көрсеткеніне дән риза боп толқып кетті:
— Япырым-ай, ол мүмкін бе?! — дей берді.
— Мүмкін! Мүмкін! — деді үйдегілер.
Сырымның көзінен жас шығып кетті.
— Міне антым, міне қолым! — деді ол Ержанға қолын беріп. — Даусым қайта келіп, сенің операңның бас кейіпкерінің рөлін орындасам, дүниеде арманым жоқ! Сол үшін өмір бойы арақ ішпеуге сертімді беремін! Қолымнан келгенше, сендердің маған көрсеткен сенімдеріңді ақтауға ант етемін!
Осы күннен бастап Сырым шын өзгерді.
Дүниеде өмірден тәтті ештеңе де жоқ. Атақ, бақ та, махаббат, ләззат та, дәреже, еңбек те бәрі де сол өмірді өмір ету үшін жаралған. Ханшайым да солай ойлайтын. Ол өмірді шын жақсы көретін. Сырымға да сол өмірді бұрынғысынан да қуанышты етемін деп қосылған. Сөйткен өмір не боп шықты? Міне бірнеше жылға айналды, қуаныштың орнына, махаббаттың орнына, тағы да өгей анадай түксиген жалғыздық. Сырымның тек жар деген аты. Әрине, Ханшайым басқа әйел болса, одан баяғыда ат құйрығын үзер еді. Ал Ханшайым өйте алмады. Кешегі сүйіп қосылған жары мынадай хәлге жеткенінде оны тастап кететін әйел бұл емес-ті. Осындай күйдегі Ханшайым екі оттың ортасында еді. Бір жағында — өтіп бара жатқан өмір. Екінші жағында — өзіне өзі тілеп алған сырқатты ері. Түбі Ханшайым қайсысын қаламақ? Өмірдің диалектикалық, шындық заңы бойынша қанша тұрақты болса да, адамды өмір қызығы, өз басының қуанышы жеңу керек. Ханшайымның ерлігі, сол өмір заңына өзімді жеңгізбеймін деп қарсы күресуінде еді. Дегенмен о да адам ғой, оның да ән құмар жанының толып жатқан тілегі бар ғой. Сол тілектің ең бастысы, сонау балғын жасөспірім кезінде, ең алғашқы Ләззаттың шымылдығын ашқан, жан сүймеген ақ бетін ыстық ернімнен өпкен Хамзеге деген қайтадан оянған махаббаты еді. Бұл сезімде Ханшайымның қуанышы да, азабы да жатқан. Сүйе тұрып, сүймеген болу, күйе тұрып, күймедім деу — бұдан артық адамға азап бар ма? Қандай адам бұл азапқа шыдай алар? Ханшайым шыдады. Шыдауына бас себеп тағы сол Хамзенің өзі еді. Хамзенің өзіне деген жүрегінің қалай соғатынын Ханшайым көптен сезген. Соған қарамай, Хамзе өз сезімін өзі жасыра білді, жанына батқан іңкәр сырын Ханшайымға ашпады. Ал Хамзенің бүйтуіне, бітеу жара боп жүре беруіне тек өзінің бала-шағасы ғана емес, бәз-баяғы Сырым, бақытсыз Сырым себеп болған. Бұны да Ханшайым білетін. Сол үшін де ол Хамзе туралы көп ойлайды. Өзі секілді, оның да ұстамдылығына таң қалады…
Хамзе мен Ханшайымның бір-біріне деген ықыласын көптен аңдыған Тобықов ақыры сезіп қалған еді.
«Бәсе, осылай болуы керек еді ғой,- деген ол өзіне-өзі,- Хамзенің Сырымға неге жаны ашып жүр десем, әйелі үшін екен ғой. Бұныңды да біліп қойдық. Енді тек қолға түсулері қалды».
Ол сол күннен-ақ Хамзе мен Ханшайымды аңди бастаған. Бірақ біреуге ор қазба, өзің түсесің дегендей, жұртқа жаппақ боп жүрген махаббат бәлесінен, көп кешікпей өзі құлап түскен.
Осыдан бір жыл бұрын директордың кабинетінде концерт мекемесінің күрделі мәселесі қаралмақшы боп көркемдік кеңес жиналған. Кабинетте Хамзе, Михайлов, Зада, Күнжан, Ержан, Алмагүл, Ханшайым, Тобықов, Әбілқайыр тағы басқа кеңес мүшелері отырған.
Директор мәжілісті жаңа ғана аша берген кезде, есікті шалқасынан тастап, үйге қараторы дембелше, екі жасар баланы қолынан жетектеген бір әйел кіріп келген.
Бұл бұрын осы филармонияда сыртқа шығатын артистер бригадасының әкімшісі болып жұмыс істеген Жалтанова деген әйел сиді. Осыдан екі жарым жыл бұрын бір облыстық филармонияға ауысқан-ды. Өркөкірек, мінезі шәлкестеу, адуынды әйел болатын. Қазақтың халық өлеңдерін айтатын дауысы да бар еді. Өзіне таңдана қараған үйде отырғандарға амандасты да Хамзеге бұрылды:
— Директор жолдас, арыз әкелдім, — деді.
— Не жайында? — деді Хамзе, әйелдің мәжіліс болғалы жатқанда, рұқсат сұрамай кіріп келгеніне ренжісе де, сыр бермей.
Жалтанова арызын берді де, жанындағы кіп-кішкентай баланы көрсетіп:
— Мына бала анау отырған Хамит Тобықовтың баласы, — деді.
Абайдың 25 жылдығы
Ілияс Есенберлин, Мұқамеджан Қаратаев,
Хамза Есенжанов жазушылар бас қосуында
— Айнымайды-ей, — деді Әбілқайыр. — Мөрлері де, түрлері де бір, тек бірі — үлкен, бірі — кіші.
Бала шынында да Тобықовтың аузынан түскендей еді.
— Иә, сонда бізден не тілемексіз? — деді Хамзе тосын айтылған әйел сөзіне не дерін білмей.
— Тобықов мені алсын, не мына баласына алимент төлеп тұратын болсын.
Тобықовта үн жоқ. Ұзын мұрны бұрынғысынан да ұзарып салбырап кеткен, көзін жерден алмайды.
— Жарайды, арызыңызды қалдырыңыз, — деді Хамзе, — мына мәжілісті өткізген соң қарармыз.
Әйел шығып кеткен.
Соңынан тексерілгенде мәселе былай боп шыққан. Жалтанова бала таппаған, күйеуден шыққан әйел екен. Осыдан үш жыл бұрын Тобықов осы әйелмен кездеседі. Жалтанова бала таппайтын болған соң бұдан өзіме зиян келе қоймас деп ойлайды Тобықов. Бірақ құдай қырына алса, қырқында да таз боласың дегендей, Жалтанова жүкті болып, іс насырға шабады. «Екеумізге бұл арада бірге жұмыс істеу ыңғайсыз, біреу болмаса біреу біліп қалар, екеумізді де жұмыстан қуып жіберулері мүмкін. Сен әзірге облыстың біреуіне бара тұр. Соңынан бір шарасын істермін. Не сенімен қосылармын. Не баламды өсіріп тұруыңа жәрдемдесермін» дейді Тобықов әйелге. Әйел бұған көнеді. Облысқа кетеді. Тобықовтың хабарын екі жыл күтеді. Бірақ Тобықов баланы «менікі» деп қалай дәлелдейді? Жабыса қалса, «облыста жүріп тапқан баласы, маған құр жала жаппақ» деп тойтарыс берермін деп ойлайды да, әйелмен тіпті хабарласпай қояды. Жазған хаттарына да жауап бермейді. Енді Тобықовтың қулығын түсінген адуынды Жалтанова баланы алады да, салып ұрып Алматыға жетіп келеді. Содан директорға арыз жазып, оның кабинетіне кірген беті осы. Және құр ғана баласының Тобықовқа ұқсастығын ғана дәлел етіп келіп отырған жоқ. Бұрын өзі тұрған үйдің кемпір, шалынан бұл екеуінің арасын білетін куәлік қағаздарын қосып әкеп отыр. Қысқасы, Тобықовты тырп еткізбейтін дәлелдері мол.
Ал Жалтанова директорға келместен бұрын қағазын сотқа да апарып берген. Сот Тобықовқа алимент төлететін етіп шешті. Бірақ ол коллективтен тек алимент төлеп қана құтыла алмайтынын білді. Және жұрттың моральдық тазалығын сақтаймын деп күресіп жүріп, өзінің мынандай болып шыққанынан, қанша арсыз болса да ұялды. Әсіресе Әбілқайырдың удай тілінің нысанасы болатынына шек келтірмеді. Осыны ұққан Тобықов енді өзі директорға арызын беріп, жұмыстан біржолата шығып, қағаз, концерт мекемесінен мүлдем кетті.
Сенім!
Бұл бір ұлы күш! Әсіресе жаны таза адамға өзгенің көрсеткен сенімі бойына қайрат, қиялына қанат береді. Сол сенімді ақтаймын деп қандай қиындық болса да қарсы тұра алады, ақтап шығуға жанын аямайды. Сырым, маскүнем болса да, жаны таза жігіт еді. Күннен-күнге өзінің құрып бара жатқанын өзі де білетін. Ең алдыменен бұған себеп -уқалауға көне беретін, шала тоңазыған қарағайдың шайыры секілді жұмсақ мінезі еді. Бірақ өзінде театр сахнасынан ән шырқап, шарықтаймын деген сенімінің жоғалғандығы еді. Қалған өмірім осылай қор болып өтеді деп, ол жанын ауыртқан, бірақ, өзі тапқан сол дертке тек ішуді ғана ем көрген. Арақсыз өмір сүру — оған шын азапқа айналған.
Сырым міне осындай күйге жеткен кезде қазақтың әйгілі композиторы мен керемет әнші әйелі өзіне орасан сенім көрсетті. Ол енді осы бір өзіне созылған қолға жармаса кетті. Бұл ең ақырғы мүмкіншілік екенін Сырым жақсы түсінді. Ержан мен Бірләннің сенімін ақтау өзінің ажалдан, қорлықтан құтылу жолы екенін ұқты.
Сырымды тағы бір күтпеген жомарт жанның қылығы өте тебірентті. Ол — кеше Сырымнан ауру бала тауып, өте қиын жағдайда кездескен кезінде өзі тастап кеткен Бірләннің бұның ең сәулесіз жаман күнінде жаны ашып іздеп келуі еді. Және жай ғана іздеп келген жоқ Сырымды мәңгі жоғалып кетуден құтқармақ боп достық, адамгершілік қолын соза келді. Бұл не? Әлі сеніп бітпеген махаббаттың қалдығы ма? Әлде Сырымның көркемөнерге керек адам екенін есіне алып, тағы да өздерінің қатарына келтіруге жомарт жанның жәрдемдесуі ме? Жоқ, бұл осы екеуі де, және сол екеуі де емес… Сонда бұл пе?
Бұл адамның адамға жаны ашуы. Адамның адамға деген кең пейілділігі, адалдығы, достығы. Осындай достықты, осындай көп пейілділікті, қалай араққа айырбастауға болады? Болмайды! Ал Ханшайымның қылығын қалай түсіну керек? Тек жар борышына, өзін жақсы көргендікке ғана жатқызуға тиісті ме? Әрине, тиісті Бірақ Сырым сынды өлік үшін Ханшайым сынды сұлу және өнерлі адамға бұл да аз. Ханшайымға дәл қазір Сырымнан денсаулығы да, көркі де кем емес, бір кездегі даусының кереметтігі болмаса (дүниеде тек дауыс қана ма адамға керегі?) өнері де тең түсетін кісі табылады. Бірақ соған қарамай Ханшайым Сырым деп басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген жоқ па? Неге? Неге?
Сайып келгенде, бұның да қылығы адамгершіліктен, жарға деген борышын ең ақырғы минутіне дейін сақтаудан туған ерлік еді.
Ал осындай қасиетті үш адам, төсектен тұрмай арақ ішіп сандырақтап жатқан Сырымға сонша жандары ашығанда, Сырымның өз жанына өзінің жаны неге ашымайды? Жоқ, жоқ, ашуы керек, ашуы керек!
Осыны түсінген Сырымның мінез-құлқы кілт өзгерген. Енді ол арақ-шарап дегенді шын қойды. Ден саулығы да жөнделе бастады. Бір айдан кейін қарт профессор дәрігерге барды. Ол әрі-бері қарап:
— Міне, енді сені емдеуге болады, — деді, — Алты айдан кейін операда князь Игорьдің да ариясын айтуға жарап қаласың!
Күйеуінің шын жөнделуге айналғанын көріп, Ханшайым да есін жинай бастады. Көзінде нұр, езуінде күлкі пайда болды.
Ал бүгін Алмагүлдің Алматыдағы үлкен заводтардың бірінде жеке концерті еді. Осыдан үш жыл бұрын ол осы заводта болған. Жұмысшы жұрт үлкен қошаметпен қарсы алған. Соңынан республикалық үлкен газеттің бірі: «Әйгілі әнші жұмысшылар арасында» деген атпен жарты бетке жуық мақтаған мақаламен, завод мәдениет сарайының сахнасында өлең айтып тұрған Алмагүлдің суретін берген. Содан бері, завод коллективі бірнеше рет шақырса да бұл біресе шетелге, не болмаса Совет Одағының бір алыс қаласында гастрольде болып, әнші әйел заводқа бармай қойған. Соңғы жылдары Алмагүлдің репертуарының нашарлап кетуімен байланысты үлкен клуб, мәдениет сарайларында, театрларда бұның концерттері сиреп қалғандықтан, ол «завод коллективі тақа ықыласты тыңдаушылар емес, сөйтсе де барсам барайын» деген. Әйтседе бұрын концертін жақсы қабылдаған коллектив бұл жолы да сондай қабылдар деп ойлаған.
Завод мәдениет сарайы кісіге лық толды. Көпшілігі жастар. Әдетте Алмагүлдің концертін соңғы кездерде біркелкі дұрыс қабылдайтын дискоклуб, кафе, ресторанда көбірек болатын қала жастары еді. Алмагүл бұларды жұмысшы жастар, қала жастары, оқушы жастар деп бөле қоймайтын. Залда отырғандардың көбі жастар болған соң, концертім оңды өтеді екен деп сенген.
Бірінші нөмірінде ол соңғы үлгілерге еліктеп қазақ композиторларының бірі өзіне арнап шығарған толып жатқан жыртылып-айырылып кететін жері бар бір әнін айтты. Даусы бұрынғыдай дәуірлей шықса да, жұрт самарқаулау қабылдады. Екінші айтқаны поп-музыка тектес грузин композиторының әні болатын, бұны да тыңдаушылар сирек қол шапалақтаумен қарсы алды. Мұндай клубтарда бұрын ылғи да қол шапалақтауға үйренген Алмагүлдің қабағы енді кіржің тарта бастады. Үшінші айтары «Дос қыздар» деп аталатын Москваның композиторы бір кезде фокстрот ритміне салып жөндеген орыстың белгілі халық әні еді. Жалпы алғанда Алмагүлдің төмен қарай құлдырауы осы әннен басталған. Бірақ Алмагүл бұл әнді, даусын сан түрлі құбылта, біресе ерні ерніне тимей жылдамдата, біресе тамағы ангина болған адамдай қырылдай, кенет біреу ұрып жатқандай шыңғырып шебер айтатын. Мұндай жастары көп залда бұл ән әрқашан да ұзақ қол шапалақтатып, Алмагүлді әлсін-әлсін шақыратын.
Алғашқы екі өлеңін жұрт самарқау қабылдағанына өкпелі әнші әйел, бұл әнді ерекше тырыса, бар өнерін салып айтып бітті де, жұртқа қарап, қол шапалақтау күтіп, басын иді. Басын қайта көтергенде, жайшылықтағы ду қол шапалақтың орнына, тым-тырыс отырған тыңдаушыларын көрді. Ештеңеге түсінбеген адамдай, жұртқа таңдана сәл қарап тұрды да, әнін жұрттың қабылдамағанын сезіп, кенет ашулана қалып аяғын тық-тық басып, сахнадан шыға жөнелді.
Концерт ұйымдастырған ансамбль директоры — қартаңдау келген қазақ, артистердің киінетін бөлмесіне келгенде, ызадан солқылдап жылап отырған Алмагүлді көрді.
Қазір Алмагүлдің орнына, қазақ биін билейтін жас қыз бен жігітті шығаруды конферансьеге айтты да, өзі жылап отырған әнші әйелдің қасына келді.
— Қалқам, бала болып кеттің бе, жылама, — деді әкелік ілтипатпен, — Одан да концерттің қалған жағын қалай өткіземіз, соны ақылдасайық. Өзің көріп отырсың ғой, сенің батысқа еліктеген әндеріңді жұрт тіпті қабылдар емес.
— Оны маған несіне айтып тұрсыз,- деді жасына булыға. — Тыңдаушыларды ұйымдастыра алмаған өзіңізден көріңіз.
— Оларды ұйымдастырғанда мен не істеуім керек? Билеттің бәрі сатылған. Біздің бар айыбымыз, бүгінгі залдағы адамдардың кім екенін еске алмағанымыз. Концерт программасын солардың талғамына қарай құру керек еді. Ал бүгінгі залдағы жұмысшы жұрт. Олар кәкүр-шүкір әнді тыңдай бергісі келмейді.
Жасын тыйған Алмагүл шаңқ етті.
— Сонда мен кәкүр-шүкір ән айтып жүрмін бе?
— Бұл арада таласудың қажеті жоқ, қалқам. Одан да бұдан әрі қандай өлең айтасың соны ойласайық.
— Мен еш өлең айтпаймын! Сахнаға шықпаймын!
— Неге?
— Менің өлеңдерімді қабылдамайды екен, мен де шықпаймын. Өздеріне сол керек.
— Баланың сөзін айтпа, қалқам. Концертті аяқтамасаң, қаншама шығынға қалатынымызды білесің бе? Билеттердің бағасын қайтарып беру керек. Клубтың бір кештік құнын, жұмыс істеген адамдардың еңбек ақысын, шыққан электр күшінің ақшасын төлеуге мәжбүр боламыз. Оның үстіне концертін қабылдамаған соң жұртқа өкпелеп Алмагүл Жақанова концерт ортасына жетпей тоқтап қалыпты деген аттың өзі қандай жаман! Дереу газеттерде мақалалар пайда болады. Қайткенмен де концертті аяқтау жөн.
Алмагүл тағы солқ-солқ жылады.
Осы тұста сахнаның дүрліге қол шапалақтағаны естілді.
— Естіп тұрсың ба, ана жас бишілерді жұрт қалай қабылдап жатқанын! — деді әкімші қайтадан сөйлеп. — Жұмысшы тап қой, шын көркемөнерді түсіне біледі. — Тағы Алмагүлдің шымбайына тиіп кеттім бе деп сескене қалған әкімші, әнші әйелдің әлі өксігін баса алмай отырғанын көріп, сөзін қайтадан жалғады, − мүмкін, қалқам, «Айтқан тәтті сөзіңнен» әнін айтарсың, Ержанның осы бір өлеңін өзіңдей ешкім де айта алмайды.
Әкімші Алмагүлмен тек осылай сөйлесетін. Тез ренжіп, тез қайтатын жас әнші әйелдің тілін білетін.
Алмагүл көзінің жасын сүрте бастады.
— Жарайды.
Ержанның бір кезде халық әндеріне еліктеп жазған бұл өлеңін Алмагүл өте жақсы айтатын.
Бұл әнді алғашқы қосылған кезде Ержан сөзін де, әнін де Алмагүлге арнап жазған. Алмагүл де бұл өлеңді сүйіп айтатын.
Өлең біткенде жұрт ду қол шапалақтады. Залда отырғандардың көбі орыс жұртшылығы болғанмен, осы бір жастықтың отын үрлеп жүректі балқытқан ән бұларды да толқытты. Егер жақсы болса, бір ұлтқа ұнаған көркемөнер туындысы, барлық ұлтқа ұнайды. Көркемөнердің көп ұлттық қауқар-күші де, бауырмалдық маңызы да осында.
Алмагүл ескі репертуарынан бірнеше өлең айтты. Бәрін де жұмысшы табы жақсы қабылдады.
Алмагүл концерттен қайтып бара жатып, өз қатесін түсінгендей болды. Алмагүлдің ең үлкен қатесі басына кенет түскен үлкен даңқты көтере алмай қалуында еді. Ал оны қалай жоймақ?
X
Бүгін Сырым мен Ханшайым «Травиата» операсын тыңдауға келген. Әнші жігіттің осы театрдан кеткелі бірінші рет келуі еді. Осы жолы герцог Альфредтің рөлін театр институтында өзімен бірге оқыған, бірақ ол кезде бұдан дауысы да, музыкалық қабілеті де төмен, ақырғы екі-үш жылда өзінің еңбегінің арқасында орталық қалалардың біреуінің опера театрының бас солист-әншісі дәрежесіне жеткен, қазіргі күнде аты шығып жүрген бір таныс жолдасы ойнауға тиісті еді. Ол Алматыға он бес спектакльге арнайы шақырылған-ды. Ал операның екінші бас рөлін — құлаған әйел Виолеттаның рөлін Бірлән орындайды деп естіген.
Сырым ескі достарын сахнада көруге, олардың даусын естуге ынтыға түскен. Әсіресе, Бірләннің әндерін, бұрын бас қосқан той-думанында Бірлән айтатын, осы операдағы «Высоко поднимаем мы кубки веселья…» деп басталатын Альфред пен Виолеттаның вальс-ариясын тағы бір естігісі келіп кеткен. Бірлән бұл вальсті керемет орындайтын.
Опера театрының есігін ашқан шақтан-ақ Сырымды бір орасан сезім билеп кетті. Бұл қуаныш сезімі еді. Театрдың іші де сәнді-салтанатты. Фойе төбелерінен жарқыраған сәуле түсіп тұр. Жұрттың бәрі өзіне қуана қарағандай. Расында да көп жұрт Ханшайым мен Сырымды танитын-ды. Қос аққудай сәнді, бір өздері опера театрының фойесін жарыққа толтырып жібергендей болған Сырым мен Ханшайымды көргендеріне, операға келген көрермендер шынында да қуанышты еді.
Бұлар көрермендер залына кірсе, алдыңғы қатардың орта шенінде Ержан мен Алмагүл отыр екен. Есік алдында жұртқа қарай тұрып қалған Сырым мен Ханшайымды көріп, Ержан қолын былғап қастарына шақырды.
Бұлар хал-жайларын сұрасып та үлгерген жоқ, кенет шам сөнді. Аздан кейін опера увертюрасы басталды. Зал Вердидің ой толқытып, жан тебірентер құдіретті музыкасының үндеріне толды.
Увертюра бітер-бітпес перде жоғары көтерілді.
Оркестрдің алғашқы үні шыққаннан-ақ Сырым тына қалған. Ал перде көтерілген кезден бастап ол сахнадан көзін алмады. Бәрі өзіне таныс дүние. Бәрі кешегі өз өмірі. Кенет, ат дүбірін естіген белдеудегі жүйріктей, Сырым тыпырши қалды. Сахнаға герцог Альфред шықты. Сырымның жүрегі ойнай жөнелді. Институт бітірген салтанатты кеште, студенттер қойған «Травиатада» өзі осы герцог Альфред рөлін ойнаған. Спектакль біткеннен кейін, диплом комиссиясының төрағасы қарт профессор, бұны шақырып алып, бетінен сүйіп: «Құдай саған ешкімге бермеген дауыс берген екен. Сен бақытты әншісің. Тек даусыңды қорғай біл!» деген… Сөйткен даусын Сырым сақтай алды ма? Қабағы қарс жабылып кетті. Ол енді сахнадағы Альфредті тыңдай бастады. «Жаман емес, жаман емес» деді ол Альфредтің алғашқы ариясын естіп. Бірақ кенет жүдей қалды. Бұл роль өзінікі емес пе еді?
Күйеуінің жағдайын түсінгендей Ханшайым Сырымның құлағына ақырын сыбырлады.
— Альфредтің даусы күшті екен, бірақ бояуы нашарлау ма, қалай?
— Бояуы дейсің бе? О да мүмкін. Меніңше, әнге жаны жетпей жатыр.
Ал Альфредтің «қуаныш-шаттық көтерейік шарабын…» деп басталатын атақты вальсты қалай айтқанын естігенде Сырым шын жүдеп қалды. Жоқ, жоқ, бұл арияны Сырым шынында да өте жақсы айтатын. Ал қазір сондай керемет әнді жолдасы оған қорлап тұрғандай көрінді.
Опера сюжеті өрби түсті. Бірінші актыда ең алғашқы Виолетта-Бірләннің даусын естігенде өн бойы балқып, жүрегі шымырлап кеткен. Енді ол осы актыдағы Виолеттаның «Сен емес пе ең тыныш түнде маған…» деп басталатын ариясын аңсап күткен. Бұл арияны Бірләндей ешкім айта алмаса керек-ті. Және осы арияны Бірләннің орындауында тыңдауды өзі өте жақсы көретін, Міне оркестр сол арияның кіріспесін ойнай бастады. Кенет Бірләннің Альфредті сүйіп қалған, күн күлгендей шаттыққа толы, адамның жанын сиқырлап жатқандай, сұлу даусы шықты. Осы ариядан бастап Сырымға сахнада тек Бірлән-Виолетта ғана қалды. Альфредті көзі көріп отырса да оның сахнада өлең айтып тұрғанын, кіріп-шығып жүргенін бәрін ұмытты Соңынан Бірлән-Виолеттаның екінші актыдағы «Тәуелсіз болу, қайғы-ойсыз болу…» деп басталатын, содан кейін төртінші актыдағы махаббат биігінен құлаған сол бақытсыз әйелдің «Мәңгілік қош болыңдар, бақыт туралы қиялдар…» деп басталатын атақты ариясын естігенде Сырым Бірләннің бұрынғы Бірлән емес, өзінен айырылғаннан бері қаншалық өскенін түсінген. Сырымға жоғары нотаны Бірләннің қалай болса солай, жеңіл алғаны, шын таң қалдырды. Және Виолетта арияларын Сырым бұрын да атақты, үлкен әнші әйелдердің тамаша орындағандарын сан көрген, сан естіген. Бірақ өзіне жақын болғандықтан ба бұл арияларды Бірләннің орындауы өзіне ерекше әсер етті. Шынында сахнадағы Бірләннің даусы кейде айдын көлдің тұңғиығына бойлаған күн сәулесіндей нұрлана жоғалып, біресе аспанға атылған жебедей көз ұшында бұлдырап, тыңдаушылардың жан сезімдерін жүрек түбінен суырып алып жатқандай, бір орасан бақыт дүниесіне бөленген.
Ал төртінші актыда Виолетта Альфредтің қолында өлер алдында басталатын атақты дуэтті Виолетта мен Альфред айтқанда (бұл жолы Альфред те өзінің атақты әнші екенін ақтады), Сырымға, жоқ, жалғыз Сырымға емес, бүкіл тыңдаушыларға Бірләннің даусының кеңдігі, сұлулығы, шеберлігі ұнағандығы соншалық, Сырым шыдай алмады.
— Керемет! — деді ол көзіне келіп қалған жасты сүртіп.
— Рас, керемет! — деді оны қоштап Ханшайым мен Алмагүл.
— Опера әншісі дәл осы Бірләндай болуы керек! — деді Ержан залдан шығып бара жатып. Сөйдеді де Сырымға қарады. — Менің операмдағы дуэтті Бірлән екеуің дәл осындай етіп орындасаңдар өмірімде сендерді ұмытпас едім,- деді.
— Бұдан артық етіп орындаймыз! — деді толқып кеткен Сырым. — Тек дуэтіңіз осындай болсын!
Сырым өзін емдеп жүрген қарт дәрігерге өте риза еді. Және оған ертең тағы бармақшы болатын. Бүгінгі көрген операсы Сырымды қайтадан туғандай еткен. Оның жүрегінде, қайтсем де Сырым болуым керек деген арман-тілек енді мықтап орын алған.
Ақын Жапарбек жазған «Арман» атты опера либреттосы Ержанға қатты ұнаған. Либреттоның негізгі айтайын деген тақырыбы моральдық, адамның ішкі сезімімен байланысты еді. Композитордың көкейкесті тілегі осындай тақырып болатын.
Жаның сүйген нәрсені жазу әрқашанда оңай, Ержан да солай ойлаған. Әсіресе оны тартқан, либреттода дәл өз басынан алынғандай, Ержанның жан сезімін қорғайтын бір желіс те бар еді. Болашақ операның бас хикаясы мынадай болатын. Хафиза мен Нұржан атты үш жасар егіз қыз балалары бар ерлі-зайыпты жас адамдар ауылдан қалаға келеді. Хафиза әнші екен. Опера театрына кететін болғандықтан екі баланың тәлім-тәрбиесін өз мойнына алады. Арада бірнеше жыл өтеді. Кешегі ауылдан келген жас әйел Хафиза өзінің дарынының арқасында үлкен опера әншісіне айналады. Хафизаның рухани өміріне, тілегіне, өнеріне сәйкес келетін опера әншісі Ерденге көңілі қатты кетеді. Екеуі қосылмақшы болады. Махаббат қуанышына бөленеді. Нұржан бір кішкентай шаруашылық орынға бастық болады. Және өзімен теңдес Жібек деген жесір әйелге үйленеді. Өзін сыйлайтын қарапайым жұмсақ мінезді әйел алғанына Нұржан мәз. Бірақ кішкентайларынан өзі бауырына салып өсірген екі қызын сағынады. Көңілі құса болады. Либретто авторы бұл жерде «Дүниенің бір қызығы бала» деген тақырыпты терең қозғайды. Ерғазысы мен Нұрғазысынан айырылып, оларды оқта-текте көрмесе жүре алмайтын күйдегі Ержан өзін Нұржан секілді сезінеді. Композитордың Нұржан партиясының музыкасын терең және күшті шығаруына бұл себеп болады. Ал Нұржанынан айырылған Хафиза Ерденмен қосыла алмайды. Әнші Ерден бұл кезде бой жетіп қалған Хафизаның үлкен қызы Бақытпен жақындасып қалады. Бұрын өмір көрмеген албырт Бақыт әккі Ерденнің алдауына түседі, ақырында соған қосылады.
Өзінің жақсы көрген жігітінің опасыздығының арқасында осындай үлкен трагедияға ұшыраған Хафиза сахнада жылап тұрып, «Адамның бір қызығы өзіне опалы жарды табуда» деген ариясын айтады. Қаймығады, өкінеді. Қайтадан бұрынғы күйеуін іздейді. Бірақ ол бұған қосылғысы келмейді. Бір сынған шыны қайтадан бүтінделмейді дейді. Сөйтіп даңқы, дәрежесі өсуімен байланысты, жастай сүйіп қосылған күйеуін менсінбей, опасыздық жолға түскен әнші Хафизаның өзі, ақыры сол опасыздықтың құрбаны болады. «Адамды атақ, бақ емес, шын махаббат қана арманына жеткізеді» дейді композитор. Сол үшін Хафизаға жылатып тұрып, жас кездерінде Нұржан екеуінің қандай қуанышты шат өмір сүргенін үлкен ария еткізіп айтқызады. Операның жалпы мазмұны, желісі осы болатын. Либретто композиторға өте ұнаған. Өйткені, мұнда адамның ішкі сезімін, қайғы-мұңын, қуанышы-шаттығын музыкамен айта алатын оқиғалар бар. Ал Бірлән: «Хафизаның қызының шешесі ұнатқан адамға шығуы қазақта болмайтын іс. Хафиза рөлін ойнайтын адам мұндай жалған оқиғамен өзінің жүрек пернесін қозғалта алмайды. Шындығы жоқ оқиғаны ойнау оған қиын тиеді. Сондықтан Хафизаның бейнесі шықпауы мүмкін» деген. Оған либретто авторы: «Бұл көркемдік шындық, либретто коллизиясы» деп көнбеген. Хафиза рөлін ойнайтын Бірлән репетиция үстінде операның осы жеріне келгенде көзінен жас емес, жалын шашып, қайғылы музыканы ашулы музыкаға айналдырып айтқан. Өзі де қанша жыланмын десе де көзінен жас шығара алмаған. Өйткені өзі сенбеген оқиғаны, ол шын жүректен беріліп ойнай алмаған. Ержанды да операсының осы жері қатты қиналтқан. Хафизаның соңғы ариясын бірнеше рет қайта жазған. Ақырында өзінің ойлағанына жеткен. Хафизаның соңғы ариясы тыңдаушыларды толқытатын, шын мағынасында қайғылы, өкінішті болып шыққан. Сонда да Хафиза рөлін ойнайтын Бірлән бұл арияны жұрт сенетін етіп, зарлай тұрып, жылай тұрып айтып бере алмаған. Ал бұл арияның шықпауы — шынын айтсақ операның шықпауымен пара-пар еді. Тек соңынан, бірнеше репетициядан кейін Бірлән өзінің шеберлігі мен көркем даусының арқасында, бұл арияны композитор қанағаттанатындай етіп айтып берген. Бірақ сонда да тыңдаушыларды толқытатындай күйге жете алмаған.
Өткен күз Махмұттың әйелі дүние салған. Балалары жоқ Махмұт енді жалғыз қалған. Тек Бірлән оны жалғызсыратпаған. Көктем шыға бұлар қосылуды да сөз ете бастаған. Әйтседе екеуі де тез үйлене қояйық деп асығыстық көрсетпеген. Сол екі арада маусымы бітіп, театр жабылысымен Бірлән бір топ артистермен Шығыс Қазақстанға гастрольге жүріп кеткен. Міне, Бірлән сол сапарынан жақында ғана келген.
Алматы сол баяғы сәнді Алматы. Жаздың соңғы айлары жетіп қалса да, биыл жаз жаңбырлы болып, әлі бір сарғылт жапырағы жоқ, ағаш біткен бойжеткен қалпында жайқалып тұр. Бір жаққа барып қайтқандықтан ба, тау басынан соққан салқын самал қала тұрғындарының кеудесін кеңітіп, жанын сая тапқызғандай. Ал адамдары, кісіні тек жақсылық жағынан ғана танитын Бірләнға, бұрынғыларынан да ақ пейілдене, әсемдене түскендей. Бірлән, әсіресе өзінің үлкен қызы Бибіштің кілт сымбаттана, сұлулана қалғанына таң болды. Бибіш өзіне тартқан кіші қызы Күләйімдей сабырлы, ұяң емес-ті. Аққұба, сұңғақ бойлы еді, ал мінезіне келсек өте ашық, сәл күлегештеу, мәз көңіл қыз болатын. Және кішкентайынан адамды тым аяғыш, өзгелерге сенгіш, баладай, алдауға тез түсіп қалатын аңғырттау келген. Қолындағысын бірге оқып жүрген дос, әріптес жолдастарына бөліп бергісі келіп тұратын жомарт-ақ. Биыл Бибіш оныншы класта оқитын жылы. Бірлән өзі гастрольге кетер алдында, Бибіші тоғызыншы, Күләйімі сегізіншіні бітірген-ді. Шешесі өзі гастрольге кетер алдында оларды орта мектептердің жоғары класс оқушыларына деген екі жетілік туристік сапарға арнаулы поезбен жүргізіп жіберген.
Ал Бірлән гастрольден қайтып келген күні-ақ жайшылықта мәз көңіл, күлегештеу Бибіш салмақтана түскенін көрді. Бұрынғысындай емес, қимылында да сәл ұстамдылық бар, көзінде де тұна қалған бір қуаныш қиялы пайда болған. Көңілін басқа бір қызық дүние билеп кеткендей, кейде өзінен-өзі отырып әлденеге күлімсірейді, жан-жағындағы болып жатқан өмірдің басқа тіршіліктеріне сәл самарқаулау ғана қарайтындай ма, қалай?..
Қыздарын аман-есен көргені бар, Алматыға келгені бар, әлі қуанышын баса алмаған Бірлән, алғашқы күндері бұған мән бермеді. Және мән беретіндей Бибіштің бұл өзгерістерін бәлендей шын көңіліне алмады…
Бірлән Махмұтқа үш күннен кейін ғана телефон соқты. Бұрын өзі осындай бір жақтан қайтқанда, Махмұт сол күні-ақ, жоқ, сол сағатында-ақ жететін. Ал бұл жолы… Махмұт тіпті телефон да соқпады. Бірлән оның бұл қылығына таң қалды. Мүмкін қызмет жайында бір кемістік болып, мазасы кетіп жүр ме деп ойлап, әркімнен Махмұт жайын ептеп сұрап көріп еді, жоқ олай болмай шықты. Өзі де осында екен, ісі де жақсы екен және бір ғажабы, бұлардың келгенін де біледі екен.
Енді амал жоқ, Бірләннің өзіне телефон соғуға тура келді. «Кімсің? Қандай шаруаң бар еді?» деп телефон соғып тұрған адамның егжей-тегжейін білмей, бастығымен қоса қоймайтын хатшысы Бірлән екенін біліп тез қосты.
— Бірләнсіз бе? Иә, аман-есен келгендеріңізді естідім, — деді Махмұт амандасып болғаннан кейін, бірден Бірләнға «сіз» деп. Бұрын-соңды өзіне «сен» деп келген Махмұттың кенет бұлай сыпайылық қылғанына Бірлән таңдана, сөзінің аяғын күтті. Махмұт жалғай түсті,- өзім де бүгін үйіңізге телефон соқпақшы едім,- жоқ, ол «бүгін сенің үйіңе барайын» демеді,- телефонды жақсы соқтыңыз. Егер қарсы болмасаңыз, біз Панфилов паркінде кездессек қайтер еді?
Махмұттың мұнша ресми, құрғақ сөйлескеніне не дерін білмей Бірлән:
— Қай жерінде? Қай сағатта? — деді шамасы келгенше өзін-өзі басып, бұ да ресми түрге көшіп.
— Күншығыс жағындағы кіре берісте, бұл тұсы оңашалау ғой. Және сағат жеті десек дұрыс болар. Қара көлеңкелене бастайды…
— Жақсы.
Бірлән Махмұтқа келерде бекер қобалжымаған екен. Бағана телефонмен сөйлескеніңде, жайшылықтағысындай бұнымен өзімсініп, бірдеме деуге, біреу-міреу тыңдап тұр ма деп қорыққан шығар деп ол өзін-өзі басқан. Бұлар уәделескен жерлерінде кездесті. Парктің бұл тұсында тірі жан көзге түспеді. Және қаракөлеңкелене бастаған кез еді. Бірақ Махмұт бұрынғысындай, оңаша кездескен шақтарындағысындай аймалаған жоқ. Бірләнға сәл иіле қолын алып:
— Амансыз ба? — деп сәлемдесті де, қатарласа жүрді.
Махмұттың сызыла ілтифат көрсеткеніне әнші әйел енді бұрынғысынан да таңдана түсті. Бірақ сырын әзі ашар деп үндемеді. Ананы-мынаны әңгіме етіп біраз жүргеннен кейін, Махмұт бір кезде өткен күндеріне кешірім сұрағандай:
— Ойнадық, күлдік, аз ба, көп пе, бес жылдай бір-бірімізді ренжітіп көрген жоқпыз,-деді. — Екеуміздің бір-бірімізге өкпеміз жоқ болуы керек.
Ешкім көре алмастай ымырттың қоюланып кеткеніне қарамай Бірлән басын изеп:
— Иә, — деді үні әзер шығып.
— Бірақ мен де, бұрынғыдай жас емеспін, —деді Махмұт Бірләнға ең бір көкейкесті сырын ашқанына қатты қиналып келе жатқандай болып. — Өмір шіркін өтіп барады… Ал, мен жасым келген сайын нәресте иіскеп, жаңадан семья құрғым келеді.
Бірлән тағы да басын изеп:
— Дұрыс қой, — деді ол.
Махмұт қайтадан сөйледі.
— Осылай болды, үйленбекшімін,- деді ол. Бірлән «кімге» деп сұраған жоқ, біреу иығынан қара таспен басып жібергендей аяғын ілби басты. «Мен бар емеспін бе, бала көргің келсе, әлі қартайып отырған жоқпын ғой, қосыламыз деген уәдең қайда?» деуге аузы бармады.
— Әрине, менің кімге үйленгенім сізге бәрібір ғой. Бірақ көрмей кететін адамдар емеспіз, өкпелемеңіз. Бір-бірімізді құрметтеп, сыйласып өтейік. Бастан кешкен күндерімізді, енді мәңгі ұмытайық. — Ол Бірләнға бұрылып қолын берді. — Әзірге қош болыңыз.
— Қош бол.
Бірлән кілт бұрылды да жүре берді. Тек парктен шығып, қараңғы бір көшеге жеткенінде ғана, ол өксіп-өксіп жылап қоя берді.
— Құдай маған осылай өмір бойы жылап өтуге жазған ба? — деді Бірлән өксігін баса алмай.
Бірлән Махмұтқа шын ғашық болмаса да, бес жылдан бері оған үйреніп, оны өзінің күйеуіндей көріп қалған еді. Және бір үйде тұрып етене болмай, анда-санда кездесудің өзі де, бұлардың арасындағы ләззатты қымбаттатып, сағынышты сезімге айналдырған. Сондықтан да Бірлән қатты қайғырды. Біраз күн не істерін білмей, сең соққан балықтай есеңгіреп үн-түнсіз жүрді. Бірақ мұндайда, қандай қайғыға душар болмасын, дүниенің тіршілігінің бәрінен жоғары қоятын оның әні, көркемөнерге деген махаббаты бар-ды.
Ержан «Арман» операсына барын салды. Әсіресе мұны Хафизаның бұрынғы күйеуі Нұржан образы қатты қинады. Хафизаға қарсы шығуды білмейтін жай бір жігерсіз адам болып шықты бұның Нұржаны. Кімге керек мұндай бейне? Ол Нұржан партиясы музыкасын бірнеше рет қайта жазды. Бірақ либретто желісінен тыс ештеңе шығара алмады. Әбден қиналды. Ал либреттоны қабылдағанда бір толқытқан осы, өзіне ұқсас кейпі еді. Ол соңынан операны жазғанда әйелдері мен балаларына деген махаббаттың екі ортасында іштей жан таласып жүрген, кейде қуанышты, кейде қайғылы, кейде от жүректі қиқар, күрескер, сан бояулы музыкалық бейне тудырмақ болған. Бірақ жұмыс үстінде Ержан өмір шындығынан, либретто шындығынан аса алмаған.
Осындай Нұржанның музыкалық бейнесін шеше алмай жүргенінде Ержан бір күні өзінің ескі үйіне келді. Міне, осында көрген бір кішкентай оқиға оның жүрегінде үлкен із қалдырды. Жоқ, тек қана Нұржанның музыкалық бейнесін шешу үшін ғана емес, бұл оқиға балаларының келешегін, олардың қандай адам болып шығуын қатты ойландырды. Көргені Ержанды қатты толқытты, біресе ашуландырды, біресе күйіндірді, өзінің балаларының алдында жауапты екенін есіне салды.
Жаздың самал желді бір әдемі күні еді. Шаңқай түс әлі бола қоймаған. Ержан келгенде Жәмила әдеттегісіндей университетіне кетіп қалған екен. Сыртқы ашық, есіктен кіріп, бұл жабық тұрған үйінің электр қоңырауын басты. Ешкім жауап бермеді. Қораның арғы жағындағы шағын баудан балаларының даусын естіді. Ағаштарды тасалай дауыс шыққан жаққа қарай жүрді. Кенет тоқтай қалды. Теріс қарап, қолындағы рогаткасымен алма ағаштың басына қонып отырған кішкентай бозторғайды көздеп, тапжылмай қалған Нұрғазысын керді. «Тоқта! Тиме торғайға!» деп Ержан дауыстағанша баласы резинканы тартып жіберді. Торғай тоя етіп жерге түсті. Әлі өсіп жетпеген биылғы балапан екен. Құлаған жерінен тұра алмай, сынған қанатын сүйрете, балапан шыр көбелек айналды да қалды. Нұрғазы еңкейіп балапанды ұстай алды да, алақанына сап қарай бастады. Нұрғазы кенет құлаштай, балапанды пәрменінше кеп жерге ұрды. Жанындай жақсы көретін Нұрғазысының мұндай орынсыз қатыгездігін көріп, бойы шымырлап, жүрегі су ете қалды. Дәл осы кезде ар жағынан, қасында өзіндей екі жолдасы бар Ерғазы жүгіріп келді. Ол мылжа-мылжасы шығып өліп жатқан балапанды жерден көтеріп алды да, Нұрғазыға түйіле қарады.
— Мынаны сен өлтірдің бе?— деді.
— Мен.
— Неге өлтірдің?
— Бұл менің торғайым. Өзім атып түсірдім, өзім өлтірдім!
— Мә саған «менің торғайым!» — Ерғазы інісінің жағынан шапалақпен тартып-тартып жіберді. — Бұл бәріміздің торғайымыз!
Нұрғазы ағасына тұра ұмтылды. Бірақ қастарында тұрған екі бала оны ұстай алды. Жібермеді. Осы кезде бұларға Ержан таяды.
— Торғайды неге өлтірдің? Обал емес пе?! — деді ол баласына ренжи, ұрыспақ боп.
Ағасына кіжініп тұрған Нұрғазы жалт бұрылды. Әкесін таныды да кенет оған мысқылдай қарады.
— Обал? Обалды сен қайдан білесің? — деді, сөйдеді де әкесінен бұрылып кетті. — Өзінің бізді осы балапандай кезімізде тастап кеткені есіңде жоқ. Енді ақыл үйретпекші!
Ержан не дерін білмей тұрып қалды.
«Бәсе, бұларға ақыл үйрететін қандай қақым бар? Бұларды аямай, кіп-кішкентай кездерінде тастап кеткенім рас қой… Сөйтіп тұрып… Енді міне өз кінәмді өзіме бетіме салық етіп, басып тұр мына күшік! Өзіме де сол керек!»
Ол кілт бұрылып жүре берген.
Осы оқиға Ержанды қатты толқытқан. Өткен іс өтті ғой. Ал қазір Нұрғазысының қаттылығы қандай ренжітсе, Ерғазысының жұмсақтығы сондай қуантқан. Балаларының алдында өзінің жауапкер екенін бірінші рет есіне түсірген.
Ертеңіне осы оқиғаны Жапарбекке айтып, либреттоға кіргіздірген. Енді Нұржанның арияларында балаларының болашағы туралы қобалжу, ренжу, қызыну тәрізді сезімдер көбірек орын алған. Осыдан барып Нұржанның музыкалық бейнесі композитордың ойлағанындай шыққан.
Операның Ержанға өте қиын түскен жері — көзінің ағы мен қарасындай көрген екі қызының бірі Бақыттың Ерденге шыққанын естіген жердегі Хафизаның ариясы еді. Қазақ өмірінде ашық кездеспейтін, бірақ көркемдік шындыққа жататын бұл оқиғаны, Бірлән сөзінен кейін Ержан да шын қабылдай алмаған. Сол себептен бұл ария да ойдағыдай табиғаты терең шешілмей, тек зарлауға, жоқтауға тән бір бояулы болып шыға берген.
Осындай күйде жүрген Ержанға бұл арияны дұрыс шығару үшін Бірләннің өзі жәрдемдескен. Гастрольден қайтқаннан кейін ол бір күні репетицияға кешірек келді. Түрі жүдеу, қабағы кіртиіп, түнімен ұйықтамағаны көрініп тұрған. Бүгін Бірлән осы арияның репетициясын өткізуі керек еді. Репетицияны ол әдеттегідей оркестрге қосылып жарты даусымен айтып шықты да, композиторға қарады.
— Жоқ, бұл ария тіпті шықпаған. Кісісі өліп түңілген адамның жоқтауы тәрізді, үмітсіз қайғы. Ал бірақ Хафизаның алдында әлі де өмір бар ғой. Оның ариясында махаббатың жоқтау, зарлану ғана емес, өмірге деген үміт, қызы бақытын ұрласа да оған деген әлі де болса да аналық мейір, қатыгездік емес, жұмсақтық, ал махаббатын өлтірген Ерденге құр ғана ашуы емес, жүрегін өртеген өкініші бар ария болуы керек. Былайша айтқанда, махаббат, опасыздық, махаббаты ұрланған зардың үні үмітпен қабысып келіп, музыкалық гармониядан туған сан бояулы ария болуға тиісті. Сонда ғана бұдан тыңдаушылардың көңілі толқиды, олар қызғаншақтықтан ада Хафизаның үлкен жүректі ана екеніне сенеді. Және егер ол арияны актриса, осы трагедия өз басынан өткендей болған оқиғаға өзі нанып, шын жүректен айта алса, операңызды шықты дей беріңіз.
— Бәрі дұрыс, — деген Ержан сәл көңілсіздеу сөйлеп, — ондай ария жазу үшін, соның бәріне өзім сенуім керек.
— Мен сізді түсінемін,- Бірлән кенет Ержанға ойлана қарады. — Есіңізде бар ма Зәуреш әнінің сөзі, сөзіне сәйкес әуені? Зәуреш әні әкенің отыз ұлдан қалған жалғыз қызынан мәңгі айрылған құр зарлауы, жоқтауы емес, Зәуреші өлгенімен, өмірдің әлі де жалғасы барын әке жақсы түсінеді. Сондықтан оның әнінде зармен бірге үміт, өкініш бар. Мұхит осының бәрін ұға алған. Нанбасаңыз тыңдаңызшы, қазір мен сізге сол Зәурешті айтып берейін.
— Айтшы, айтшы, — деді Ержан жалынғандай, сан естіген Зәурешін Бірләннің айтуында тағы бір тыңдағысы келіп кетіп.
Бірлән сахнаның шет жақ түбінде тұрған күйсандықтың қасына барып отырды да, бір-екі аккорд алды. Содан кейін күйсандық үніне өзі қосылып кетті.
Бірләннің орындауында бұл Ержанға бір үлкен дастандай естілді. Шумақ соңынан келген шумақта, алғашқы шумақтан өзге, басқа бір ой, тілек туып жатқандай. Осынау бір қасиетті әнде өмір мен өлім таласып кеп, Ержанға адамның бітпес арманын үмітке табындыратындай бір орасан күшті пәлсапаның сазы жетті.
Ержан өзінің сан естіп жүрген өлеңінің мұндай үлкен пәлсапалы, өмір көші тәрізді, бітпейтін тілекке, үмітке айналғанын естіп, таң қалды. «Иә, иә, — деді ол ішінен,-Хафизаның соңғы ариясы осы «Зәуреш» өлеңі секілді махаббатын сақтау мен сүйген жігітінің опасыздығынан тұтанған ашу ғана емес, әлі де өмір барын, сол өмірден үмітін әлі де үзгісі келмейтін Хафизада сенім барын және сол өмірге деген ұлы махаббатын аша түсу керек».
Үш күннен кейін Жапарбек арияның жаңа тексін алып келді. Сол күйі Ержан музыкасын қайта жазуға кірісті. Бірақ музыкасы оңайға түспеді. Әлсін-әлсін өңдеп көп қиындықпен бітірді.
Арияны тыңдап болғаннан кейін Бірлән:
— Ендігі кезек менікі, — деді. — Егер осы арияны Хафизаның қайғысы дәл өз басыма туып тұрғандай тыңдаушыларға жеткізе айта алсам, операңды шықты дей бер, ұлы композитор…
Ержан бірінші рет өзінің атымен байланысты «ұлы» деген сөзді естіп, іштей тебірене қалды.
XI
Сырым кеселінен әбден айығып, қарт профессордың рұхсатымен Ержанның «Арман» операсының репетициясына қатынаса бастаған. Ерденнің рөлін Жақыпжан ойнайтын. Ал Сырым әзірге спектакльдің екінші құрамында болатын. Соңғы кезде композитордың өтініші бойынша театр көркемдік жағын басқарушылар бұған да негізгі құрамда, Ерден рөлінде репетиция жүргізуге рұқсат берген. Бүгін сахнада Бақыт рөлін ойнайтын Ақмарал атты қызбен кездеспекші еді. Ханшайым кеше де келген, бүгін де келді.
Ақмарал қыз. Бұл май айының аяғында шыққан қызғалдақтай, жап-жас құлпырған әп-әдемі қыз. Өзі рөлін ойнайтын Бақыт тәрізді, әлі өмірден ештеңе көрмеген, дүниеге ұяла қараған, кірсіз таза балдырған қыз бала болатын. Биыл ғана музыкалық он жылдықты бітірген. «Арман» операсында бар болғаны екі-үш рет қана көрінуге тиісті. Операны қоюшы режиссер, оның жастығына және Бақыт рөліне лайықты әп-әдемі даусына қызығып, өзгелердің «тым жас, тәжірибелі актриса емес» дегеніне қарамай, әдейі алған. Бірінші репетициядан-ақ қыздың музыкалық сауаттылығы, Бақыт әндерін еркін айта алатыны байқалған. Ал артистігі қалай, ең алғашқы рет махаббаттың не екенін түсінген, өзінен көп үлкен адамды жақсы көрген бейкүнә қыз бала Бақыттың рөлін қалай ойнайды, бұнысы белгісіз еді. Бұл қасиеттері ең алғашқы репетиция − Сырыммен бүгінгі кездесуінде анықталуға тиісті болатын.
Ханшайым кеше Бірлән мен Сырымның репетициясында болғанда, бір нәрсені ұққан. Көп жылдан кейін Татьяна мен Евгений Онегиннің махаббаттарының сырын ашатын жеріндегідей, Ерден-Сырыммен кездескенінде Хафиза-Бірлән:
Махаббат шіркін қартаймас,
Қартайғанмен бәрі де…
Жүрегім саған әлі жас
Сүйемін сені әлі де… —
деген шумағын керемет бір адамның жүрегін елжірететін мұңлы дауыспен айтқан. Өлеңді адам қандай сезіммен қалай айтатынын, өзі әнші болғандықтан жақсы білетін Ханшайым Бірләннің әлі де Сырымды жақсы көретінін түсінген. «Бұған Сырым қандай жауап береді? Көңіл сырын қандай үнмен ашады?» − Ханшайым сәл мұңая күткен. Бақытты жақсы көріп қалған Ерден операда Хафизаға өзінің опасыздығын бірден білдіреді. Әрине, Сырым, сол сөздерді айтуға тиіс. Бірақ әнші бұны қалай айтады? Жақсы көретін адамына жаман сөзді айтудың да жүректен шығатын астары, үні бар.
Міне Ханшайымның күткені осы астарлы сезімдер еді. Сырым репетицияда өлеңдерін жарты даусымен айтты. Бірақ Ханшайым арияның әр сөзін түгелдей естіді. Ал Сырым әсіресе:
Шығар күндей жас едің,
Бар ма сол бір кез есіңде?
Жастығыңа мен мас едім,
Тұрсың ғой қазір бесінде.
Билеп ләззат — құдірет,
Оттай жанып, күйген ем.
Өтті мезгіл, ғафу ет,
Басқа жанды сүйдім мен! —
деген жеріне келгенде бұрын жақсы көргенмен қазір бөтен адамды сүйетінін айтып, Бірләннан ғафу сұрағандай Сырым қиыла қалған.
Ханшайым Сырымның енді Бірләнға деген бұрынғы сезімінің мүлдем жоқ екенін түсінген. Бірақ сол «қазір сүйген жаны» кім? Өзі ме? Ханшайымға бұл артқы жолдары жұмбақ еді. Өйткені махаббат деген жүректің бір ыстығы ғой, оны қандай шапан жамылсаң да жасыра алмайсың. Ал Сырым… Жоқ, жоқ, Ханшайым ондай қорытындыға келуге әлі асықпаған.
Әйтседе, Ханшайым Сырым мен Ақмаралдың репетициясына кешірек келген. Бұл кезде Сырым Ақмаралға махаббатын, жақсы көретінін айтатын кезі жаңа басталған еді. Сырымның даусын естігенде Ханшайымның жүрегі кенет дір ете қалды. Жоқ, бұл кешегі Сырым емес, әнді бүгін бар даусымен айтып тұр. Дәл баяғысындай. Және сонау бір сұлу даусыңда жүрегін толқытып, тебірентіп жіберген керемет бір қуаныштың сазы бар. Ханшайым залға кіріп, аяғын сахнаға қарай бірер басып тұра қалды. Сырымның алдында көгілдір көлдің үстінде көкпеңбек аспаннан түсіп, қанатымен суды сабап, қағынып ойнауға қорқып ақырын ғана көк толқынмен тербелген аққу құстың жас балапаны -көгілдірі тәрізді, екі беті дуылдап, жанып, төмен қарап жас Бақыт — Ақмарал тұр. Сырымның екі көзі бірдей Ақмаралда. Оны ішіп-жеп барады. Ханшайымның жүрегі тағы ойнап кетті, бір кезде Сырым өзіне де дәл осылай қараған. Әнші әйел енді Сырым әніне құлағын тосты. Сырым, сахнада артистка емес, шын сүйгені тұрғандай өліп-өшіп барады.
Сырым ақырғы шумақтарын айтып ариясын бітіргенде Ханшайым Бақытқа ғашық болған опера кейіпкері Ерден ғана емес, сол рольдегі Сырымның өзі де, алдында тұрған бүлдіршіндей жас қызды жақсы көріп қалғанын түсінді. Ал бұған Бақыт — Ақмарал не дейді? Енді Ханшайым қызға қарады. Сырымның сөзі әсер етті ме, әлде бөтен бір сезім билеп кетті ме, қыз екі беті балбырап, ариясын қайта-қайта жаңылып, екі-үш рет жаңадан бастады.
Жоқ, бұл әншінің сахнаға алғашқы шығуындағы ұялуы, сасуы емес еді, адамның адамға деген кенет пайда болған сезімдері жатқан. Ханшайым енді бәрін түсінді. Түсініп еді, ол қуанарын да, ренжірін де білмеді. Жоқ, Ханшайым қуанды. Сырымның қайтадан сахнаға келгеніне қуанды. Даусының бұрынғыдай шыққанына қуанды. Және, және соңғы жылдары өзіне мүлдем жоғалтқан Сырымның сонау тек жүректен туатын сезімінің жас Ақмарал үшін қайта туғанына қуанды. Ақмаралға әншінің әлгіндей шабыттана, насаттана өлең айтуы, оның махаббат дүниесін әлі ұмытпағанының белгісі еді. Ал махаббат бар жерде өмір бар. Ханшайым Сырымның сол өмірге қайта оралғанына қуанды. Шын жүректен қуанды.
Үш күннен кейін филармонияда Ханшайымның өзінің концерті болды. Концерт орташа өтті. Ханшайым, бір түрлі көңілсіз боп, әдеттегісінен өлеңдерін көп төмен айтты. Концертті жүргізген Әбілқайыр да бүгін Нина Багрянцева бір әскери адамға күйеуге шығып, сонымен бөтен қалаға көшіп кеткенін естіген. Содан ба, концертті тіпті көңілсіз жүргізді. Әдеттегісіндей жұртты күлдіретін, не біреудің шымбайына тиетін, шымшитын қуақы-сықақ сөздерінің бірін де айтпады.
Әбілқайырдың неге бүйтіп жүргенін білетін Ханшайым, оған ештеңе деген жоқ. Нина біржолата кеткені бұған да батқан-ды. Бүгін бұның да көңілсіз болуы бір жағынан осыдан да еді. Ханшайым сахнаның сыртындағы артистер бөлмесіне кіріп, киініп, енді шығайын деп тұрғанында, біреу кеп есікті қақты.
— Кіріңіз! — деді Ханшайым самарқау, қол айнасын редикуліне салып жатып.
Хамзе екен. Әнші әйелдің концерттерінен қалмайтын. Оның әндерін де, ән айту мәнерін де жақсы көретін. Бүгін де келген екен. Жайшылықтағыдай түрінің жарқын еместігіне қарағанда, концерт бұған да ұнамаған тәрізді.
— Машинам бар, үйіңе қайтсаң, апарып салайын, — деді ол.
— Жақсы, — деді Ханшайым жүдеу үнмен. — Бірақ машинаңды қоя бер. Жаяу апарып сал, Хаке.
Хамзе іштей қуанып кетті.
— Өте жақсы. — Ол шоферін қоя беруге тұра жөнелді.
Ертеңінде Хамзені басшылары шақырды.
Ұзын бойлы, ақсары кісі, жылы шыраймен Хамземен амандасып болғаннан кейін, оны столдың алдындағы жұмсақ креслоға отырғызды да, бірден сөзін бастады.
— Махмұт Есенжоловты өзінің өтініші бойынша Қарағанды облысына қызметке жібермек болдық, — деді ол, — соның орнына сені жоғарылатсақ па деген ойымыз бар. Партияның сенімін ақтадың, көптеген жұмыс істедің және барғаныңа да көп жыл болып қалды. Адам бір орнында отыра берсе, етене боп міндетіне салқындап кету қаупі бар ғой.
— Ондай қауіпті әзірге өзім байқаған жоқпын,- деді Хамзе, салқын үнмен,- дегенмен сіздер солай ұйғарсаңыздар, қарсылығым жоқ.
— Өзім де біздің ұсынысымызды қабылдар деп едім, бұл мәселені енді бітті деп саналық.
Ал енді екінші мәселеге келейік. Сенің орныңа кімді қоямыз? Өзің кімді лайық көресің? Жұрттың бәрі Хамзе емес қой, мұндай творчестволық мекемеге, әрине, маман кісіні қойған дұрыс шығар. Біздің ойымызша коллективі жақсы білетін, өз араларыңнан ондай адам табылса, жаман болмас еді. Әрине, алдын аңғара алатын, кемшілікті көре білетін кісі болуы керек.
— Пікірімді сұрағаныңызға рахмет, — деді Хамзе, содан кейін сәл ойланып, — Евгений Петровичтің өзі лайық па деймін.
— Лайық, сөз жоқ лайық,- деді төрде отырған адам, — қазақ көркемөнеріне істеген қызметіне қарағанда оны қандай орынға қойсаң да келісті. Бірақ Евгений Петрович сендердің мекемелеріңнің көркемдік жағын басқарғаны дұрыс тәрізді. Ол жерге де Евгений Петрович тәрізді білгір, көркемөнерге жаны ашитын адам керек қой. Және директорлық секілді әкімшілік қызметке о кісінің ыңғайы келер ме екен, мінезі тым жұмсақ қой…
— Онда тағы бір адам бар…
— Ол кім?
— Партком секретары Қайырғали Жоламановты айтар едім. Бірақ ол маман емес. Менің айтайын дегенім, — Хамзе сәл ойланып қалды да, қайтадан сөйледі. — Әнші Ханшайым. Консерваторияны бітірген. Коллективте абыройы бар. Көп жыл комсомол комитетінің секретары болған. Қазақ көркемөнерінің нағыз жанашыры және, — неге екені белгісіз Хамзе төмен қарады,- мінезі де қатты.
— Міне, бұл табылған кандидатура! — деді стол басындағы адам. — Бірақ біз оны директор етеміз деп жүріп, әншілігін жоғалтып алмаймыз ба?
— О да мүмкін. Бірақ Ханшайым Алмагүл, не Бірлән емес қой. Жақсы әнші керек пе, әлде жақсы директор керек пе, оны өздеріңіз ойланыңыздар. Бұл арада, менімше біреудің әншілігін, не домбырашылығын құрбан етпей болмайды.
— Иә, ақылдасқан дұрыс болар. Дегенмен, Ханшайымның өзін бізге жібер сөйлесіп көрейік. Әрине, сондай білімді, маман жастан директор қойған жақсы болар еді.
Көп қорқытады, терең батырады. Алмагүл қанша менменсігенмен, соңғы концерттеріне адам аз келе бастағанын көрген соң амалсыздан өзінің программасын қайтадан қарауға мәжбүр болған. Бірақ Алмагүлді бұған көндіру оңайға түспеген. Тамаша әнші қызды енді көркемөнерден жоғалтып алу қаупі туған соң Хамзе Қайырғалимен ақылдасып, Алмагүлді көркемдік совет пен парткомның біріккен мәжілісіне шақырттырған.
Бұл жолы мәжілісті басқару Қайырғалиға тапсырылған. Жұрттың бәрі дер кезінде жиналған. Тек Алмагүл ғана әлі келмеген-ді. Біраз күтіп, енді атақты әнші бұл мәжіліске бас көрсетпейтін шығар деп, жұрт тарағалы отырғанда Алмагүл де жеткен.
— Қалқам, мәжіліс сағат онға белгіленген еді ғой, қазір он бес минуты кем он бір, — деген Қайырғали өзінің байсалды дауысыменен,- неге кешіктің?
— Мәжілістерін менсіз өтпейтін бе еді, — Алмагүлдің ашулы көзі жарқ ете қалған. — Бастай бермедіңіздер ме?
— Мәжіліс сенің творчестваң мен мінез-құлқың жайында ғой, қалай бастайтын едік?-деді Қайырғали даусын көтермей.
Алмагүл мысқылдай күлді.
— Ә, мен керек болып қалған екенмін ғой. Бәсе, солай шығар. Алмагүлдің керек емес жері жоқ болар!
— Керексің ғой, қалқам, өте керексің! — деді Қайырғали шын жылы шыраймен, — сол үшін жиналып отырған жоқпыз ба?
Алмагүл бұл мәжіліске өзін неге шақырғандарын жақсы білетін. Тағы ұрсады екен деп, барынша қарсыласпақ болған. Бірақ Қайырғалидың мына бір жылы сөздері, сыпайы үні, шапшаң келетін Алмагүлдің көңілін кенет босаңсытып жіберді.
Ол сәл жіби түсті.
— Жақсы, — деді Алмагүл төмен қарап, — сонда менен не тілейсіздер?
— Қазір, — деді Қайырғали сол сабырлы қалпында,- тек бір нәрсеге күні бұрын келісіп алайық, — ол Алмагүлге күлімсірей қарады. — Осы отырған жұрттың ішінде, қалқам, саған қастық ойлайтын бір де бір адам жоқ. Бәрі де біздің атақты әншіміз табысқа жете берсе екен дейді. Сондықтан қатты айтылған сөз болса шыдайық, ақылға салайық, кеңесіп пішкен тон келте болмас деген, ой тұжырып шешелік, — содан кейін ол Әбілқайырға қарады. — Кәне, Әбеке, сөйле! Бірақ тоқ етерін айт!
Әбілқайыр орнынан тұрды.
— Бізге, бірнеше адамға, Алмагүл ансамблінің бүгінгі күнгі творчестволық жағдайы туралы тексеріп, осы мәжіліске баяндауға тапсырылған еді, — деді ол. — Біз шамамыз келгенше егжей-тегжейіне дейін барғымыз келді. Ансамбль адамдарымен сөйлестік. Сөйтіп біз ансамбльдің творчестволық жұмысы нашар деген қорытындыға келдік. Ең алдыменен Алмагүлдің өзі жайында, — Әбілқайыр сәл кідірді, — жалпы алғанда Алмагүлді мақтау қорқынышты. Мақтауды көтеретін адам да бар, көтере алмайтын да адам бар. Алмагүл көтере алмайды.
Алмагүл шыдай алмады.
— Көтере алмай, немене, мен түйе боп шөгіп қалыппын ба? — деді тостағандай көзі от шашып кенет ашулана.
— Сабыр! Сабыр! — деді күліп, Қайырғали. — Жаңа ғана уәделестік қой ашу шығармаймыз деп.
— Жоқ, өйткен жоқсың. Бірақ, Әбілқайыр сәл тоқтап, қайта сөйледі. — Өзіңе-өзің істеп жүрсің. Бәрінен бізге сол батады. Демек, менің ойымды бөлмеулеріңді сұраймын. Жаңа неге тоқтап едім? Ә, Алмагүлдің мақтауды көтере алмайтынын айтқан екенмін ғой. Иә, Алмагүл мақтауды көтере алмайды. Бірақ бұл жерде мен Алмагүлді мақтауға мәжбүрмін. Шынын айту керек Алмагүл керемет әнші. Бірақ сол дарынды Алмагүлдің өзі құртқалы жүр. Алмагүлдің жұмыс істеу тәртібімен таныстық. Ән дайындауда тек өзінің табиғи алғырлығына сенген әнші. Күнделікті жұмыс істеу деген жоқ. Көркемөнер туралы лекциялар тыңдау, өзі сықылды әншілердің творчестволық лабораторияларымен танысу дегендер оған жат дүние. Ал осы арада айтып кететін Алмагүлдің бас кемшілігі — ол бұдан бес жыл бұрынғы репертуарын әлі жаңартпауы. Жоқ, тіпті жаңартпайды емес, жаңартады. Бірақ ол өлеңдері кафе-ресторандарда айтылатын бізге жат дүниелер. Совет композиторларының патриоттық, еңбекті мадақтайтын өлеңдерін білмейді. Қысқасы, Алмагүл басына қонған атақты көтере алмай қалған, өзінің мамандығын өркендету үшін жұмыс істемейтін, бір кездегі атақ-даңқының буымен жүрген әнші. Егер, Алмагүл өз қатесін түсініп, бұдан әрі де ойланбаса, біз қазақ көркемөнерінің бір кезде көркі болған, әлі де көркі болар, тамаша әншімізді жоғалтқалы тұрмыз.
— Алмагүлдің мұндай күйге жетуі біздің де қатеміз, — деді Евгений Петрович. — Онымен жұмыс істеспедік.
— Жұмыс істеспейік дедік пе, бірақ оған ол көнді ме, — деді Зада.
Евгений Петрович Алмагүлге қарады.
— Көндіру керек еді. Бүгінгі мәжілісті ең кем дегенде осыдан бес жыл бұрын өткізу керек еді.
— Әлі де кеш емес, — деді Хамзе.
Осыдан кейін өзгелер сөйлеген. Алмагүлдің қателерін, жұрттың бұрын жақсы көргенін, басқа түскен атағын көтере алмай қалғанын бетіне айтты. Біреулер оның мамандығын шынықтыра түсу үшін тіпті жұмыс істемейтінін, жеңіл музыкаға тым таңсық екенін сынады. Қатты, жан аши айтылған сындар Алмагүлдің еті түгіл, сүйегінен етті. Ол жұмған аузын аша алмай, құр төмен қарап, бір қызарып, бір бозарып отыра берді.
Көп талқысы қоя ма, Алмагүл қателерін мойындаған. Мәжілісті Хамзе қортқан. Ол енді Алмагүлге арнап жаңа репертуар жаздыру керек екенін айтқан. Сол репертуарды жаздыруды және Алмагүлге творчестволық жәрдем беруді мәжіліс Михайлов пен Ханшайымға тапсырған.
Жаңа репертуар да жасалған. Алмагүл де күрт өзгерген. Күні-түні жұмыс істеген.
Міне, алты айдан кейін, сол жаңа репертуардан құрылған бүгін оның алғашқы концерті болмақ-ты.
Көптен бері Алмагүлдің концертіне жұрт мұндай жиналып көрген емес. Көше біткенді қаптап кеткен «Алмагүл Жақанова жана өлеңдер кешін өткізеді» деген сан түрлі бояулы афишалардың — жарнамалардың әсері болды ма, әлде жақсы көретін әйгілі әнші көптен бері жақсы ән естіртпей, жұртты әбден сағындырғанынан ба, әйтеуір концерт мекемесінің шағын залы көрермендерге аузы-мұрнына дейін лық толды. Билет жетпей тіпті көшеде қалған адамның өзі бір қыруар. Тағы да осындай бір зал болса да, бос орын қалмас еді. Рас Алмагүл бұл концертін алдын ала жариялауда филармонияның әкімшілік қызметкерлері ерекше жұмыс істеді. Афиша, реклама дегендерді былай қойғанда, «Алмагүл Жақанова жаңа өлеңдерімен концерт бермекші» деп радио, телевидение күнде жар салғандай болды. Әйгілі әншінің бұл концерті өздеріне бір үлкен сындай Хамзе, Михайлов, Қайырғали, Ханшайым, Зада, Әбілқайыр филармонияның басқа да басшы кісілері, елеулі артистері міне бүгін, концерт болатын күні бір сағат бұрын келді.
Көптен бері өзіне мұндай ықылас көрмей жүрген Алмагүл, көзінен жасы шығып толқып, бірге жұмыс істеп жүрген жолдастары мен көрермендеріне риза болып қалды. Төбесі көкке жеткендей қуанды. Қайткенмен концертті өте жақсы өткізуге енді өзі құмартты. Оны көптен бері өзі сезіне алмай жүрген, үлкен бір шабыт биледі.
Алмагүл шынында да үлкен әнші еді. Табиғатының өзі оны ерекше әнші етіп жаратқан. Ол өзінің дүниеге екі рет келмес, шын әнші екенін бірінші өлеңінен-ақ танытты. Бұл жолы да Алмагүл концертін халық әнімен ашты. Және жұрттың бәрі білетін, екінің бірі күнде айтып жүрген «Баянауыл» әнімен бастады. Бұл әннің орындауы Алмагүлдей әншіге бәлендей қиын тимесе керек-ті. Бірақ оның қиындығы басқада еді. Бұл ән де айтыла-айтыла жұрттың құлағына сіңген, әбден жауыр болған ән. Ал әнші, суретші, жазушы өздерінің өнерімен адамға ең алдымен жаңа дүние ашуы керек. Тыңдаушының, көрушінің не оқушының көңілін бұрын естілмеген, көрінбеген, оқылмаған жаңа дүниемен селт еткізе алса, сонда ғана оны жұрт бағалайды. Ал жұртқа етене болған, күнде айтылып жүрген «Баянауылмен» Алмагүл қандай жаңалық келтірмек? Жұрттың көңілін қалай селт еттірмек, толқытпақ? Құр дауыстың әдемілігі мұндай жауыр болған әнді орындауда әлі жеткіліксіз қасиет.
Алмагүлдің орындауында расында да бұл ән тыңдаушылардың күнде естіп жүрген «Баянаулынан» тіпті өзгеше естілді. Жұрт басынан бұлт кетпеген қазақтың Баян тауындай биік, сары даласындай кең, қиядағы түлкіге құсы жетпеген жігіттей, үні арманға толған, осы бір керемет әнді Алмагүл, сол Баянауыл құзының басында тұрып, сары белді сары даланың самалындай жұмсақ, сол даланың желмен ойнаған бозындай құлпырған сазды дауыспен шырқағанда, ән шынында, дәл қазір көз көрмесе де, қиял көрсеткен сол Баян тауының басында осы бір арманды қыз тұрғандай елестеді. Әнші өзінің барқыттай жанға жайлы, ақырын теңселген толқындай бір көтеріліп, бір тыныштала түскен даусыменен тыңдаушылардың ой, қиялын апа әлдиіндей бір тәтті сезімге бөлей алды. Сахнадан жұрт кеудесі ашық декольте, шұбатылған қара панбарқыт көйлек киген әнші Алмагүлді емес, сонау Баянауыл басында, сүйген жігітін «қош, ағатай» деп шығарып салып тұрған үкілі кәмшат бөрікті, көгілдір барқыт камзолының белін күміс белбеумен қынаған, ақ батсайы қос етекті көйлекті Арқаның әнші қызын көрді.
Әндегі сұлу бейнені тыңдаушылардың көз алдына елестету бұл әншінің құдіреттілігі еді.
Келесі шыққанында ол «Қазақ әйелі» деген жаңа өлеңді айтты. Бұны Ержан жазған-ды. Оған бұл өлеңді жазуға Алмагүл емес Жәмила себеп болған. Өзі «Арман» операсына кірісер алдында Бірләнді шақырып, Жәмиланың күйеуге шығады деген сөздің өсек екенін естіген күні, ол түнімен көз іліктіре алмаған. Ұзақ жылдан бері Жәмила туралы ең көп ойлаған түні еді.
Жоқ, ол Жәмиланың шын қымбат қасиеттері арқылы есіне түсірген. Оның шыдамдылығы, сабырлылығы, күйеуінен мүлдем айырыла тұрып (ал Ержан Жәмиланың өзін сүйетінін жақсы білетін), қайғысына шыдай білуі, жеңілдік істеп, «сен сөйтсең, мен бүйтемін» деп, балаларына өгей әке іздемеуі, күйеуге шықпай қоюы, тіпті, жалпы, махаббат мәселесінде соңынан өсек ертпеуі, ұстамдылығы, рухани тазалығы, осындай қасиеттерінің бәрі келіп, Ержанға өзінің бұрынғы әйелін тағы есіне түсірген. Оған Жәмила қазақ әйелдерінің ең бір жақсы тұлғасы болып елестеген. Осыдан барып, Ержанның қиялында Жәмиланың бейнесінен алынған «Қазақ әйелі» деген осы өлеңі туған. Өлеңнің сөзін де өзі жазған. Көпке дейін орындауға бұл әнін ешкімге бермей келген. Ержан ешкімге бөлмесе де бұл әнін ұмытпаған еді. Соңғы айларда Алмагүл жаңа репертуар бастағанда, бір күні «осы бір әнді айтып көрші, ұнаса репертуарыңа аларсың» деген. Алмагүл айтып көрген. Ән өте ұнаған. Және бұл әнді Ержанның Жәмилаға арнағанын да түсінген.
— Осы уақытқа дейін бұл әнді маған неге бермей келдің?
— Қайдан білейін, сенің бұл әнге қалай қарайтыныңды?
— Бекер олай дейсің! Мен не ойласам да мұндай тамаша әнді тығып қоюға бола ма? Ән бәрімізге де ортақ асыл дүние. Одан да халық тыңдап тебіренсін, қуансын, Жәмиладан айырылып кетсең де, сенің оны қандай құрметтейтініңді, бағалайтыныңды бәрі де білсін. Сенің екі балаңды өсіріп отырған асыл әйелге құрмет көрсетіп, өлең бағыштағаныңды ешкім де сөкет көрмейді. Ал мен бұл әнді айтамын! Және айтқанда қандай, қара да тұр, бұл ән жұрттың сүйікті әнінің бірі болады.
Міне қазір Алмагүл осы әнді айтып тұр. Ән шынында да Ақ Жайық, Көк Есілдердің мөлдір сулы тыныш толқынындай, ақырын теңселіп келіп, кенет өзен бетінен сыңқылдай көкке ұшқан қоңыр қаздай, біртіндеп көтеріліп, бір сәт көктің бетін сүйіп, ұзақ қалықтап, адамның көңілін сан әсерге, сан түрлі сезімге бөлейді. Негізгі ән әуеніне тек қайырмасы қосылып, қысқа аяқталатын өзге әндеріндей емес. «Шәпибай-ау» тәрізді бірнеше ән шумақтарынан тұратын, біркелкі ұзақ айтылатын әннен гөрі, арияға ұқсас, адамның көңіл күйін қуанта да, тебіренте де, жігерге де бөлей білетін сұлу туынды еді.
Тыңдаушылар әлсін-әлсін ұзақ қол шапалақтап, сахнадан жібермей қойды. Жоқ, бұл осыдан алты ай бұрын ғана осы отырған тыңдаушыларының құлағына жат, ырғағы да, желісі де жеңіл әндерді айтып, залға жұрт жинай алмай жүрген Алмагүл емес, қазақтың шексіз даласындай кең, самал желіндей жанға жайлы халық әндері мен сол әндер тектес совет композиторының туындыларына көшкен басқа Алмагүл еді.
Алмагүлдің концерті тыңдаушылардың қуанышымен бітті.
Концерттің аяғында бір топ артистермен Алмагүлді құттықтауға барған Евгений Петрович:
— Біздің көптен бері сенен күткеніміз осындай әндер еді, — деді әнші әйелді өз қызындай бетінен сүйіп,- ойымызды ақтадың, құтты болсын, тек енді осы бетіңнен тайма!
XII
Бүгін «Арман» операсының ең алғашқы қойылатын күні — премьерасы еді. Мыңнан аса адам сыятын зал лық толды. Осыдан бір жеті бұрын Есенжолов облысқа қызметке ауысып, оның орнына Хамзе Сырнаев, ал Сырнаевтың орнына Ханшайым Әсенова директор боп бекітілген. Бүгін премьераға Ханшайым да жаңа қызметтерін орындаушылар ретінде келген. Сондықтан екеуіне де алдыңғы қатарлардан орын берілген. Тек Хамзе, шырайлы келген, толыға бастаған әйелімен бірінші қатарда, ал Ханшайым мен Зада үшінші қатардың орта тұсында отырған.
Жаңа опера, жаңа концерт, Алматы көрермендері үшін бір жаңа мейрам. Оның үстіне театрдың іші жаңа маусымға арналып, бұрынғысынан да әдеміленіп, сырланып, боялған екен. Барынша сұлуланып киінген қыз, келіншектердің, әйелдердің жүздерінде қуаныш ойнайды. Үстерінде қырын сындырмай өтектеген костюмді еркектер де көңілді. Бірінші қоңырау болмай-ақ жұрт залға кіріп жатыр.
Дирижер жұртқа қарап, сәлем беріп, басын иді де, оркестрге бұрылды. Қолына кішкентай шыбығын алды да, сәл тұрды. Сосын шыбығын сілтеп қалды. Кенет оркестрдің ең алғашқы үні шықты. Енді театрдың залы салтанатты музыкаға толды. Осы минуттан бастап, дауылды күнгі тулаған теңіздей адамның жүрек қуанышының, жан жүйесінің бірде тыныш, бірде арпалысқан сезім таласына құрылған құдіретті музыка опера біткенше тыңдаушыларын құшағынан бір босатпады.
«Арман» операсы композитор Ержан творчествосының ең биік шыңы еді. Осындай опера жазуды ол өмір бойы арман еткен. Сол арманына енді міне жеткен тәрізді. Бірінші қатардың шеттеу жағында Алмагүлмен қатар отырған Ержан бұл операны өзі жазса да, үш айдан бері күнде естіп жүрсе де, музыкасының әр нотасы, әр жолы мәңгілік ықыласы сахна мен музыкада.
Өмірінде өзінің жаны сүйген рөлін ойнай алмай кеткен артист, ол ғашығына қосыла алмай өткен адаммен бірдей. Ал Бірлән бұдан бұрын, жаны сүйген бірнеше рольдерді ойнаған. Бірақ ол рольдердің бәрі де Бірләннан бұрын талай адам ойнаған, талай адамды атақ-даңққа жеткізген рольдер еді. Ал Ержанның мына операсындағы Хафизаның рөлі -бұл Бірләннің өзінің рөлі, бұл Хафизаны сахнада қандай етіп жасай алады, содан тек Хафизаның ғана бейнесі емес, өзінің де қандай артист, әнші екені айқындалады. Мүмкін бұл роль оны атақ-даңққа жеткізер? Мүмкін, Бірлән жасаған Хафиза, Күләштің жасаған Қыз Жібегіндей, тек өзінің ғана Хафизасы болып қалар. Әлде… Жоқ, Бірләннің бұл рольді жаман ойнауға хақы жоқ. Оған себеп — операдағы Хафиза көп жағдайда өмірдегі Бірләнға ұқсас.
Онда осындай сында тұрған Бірлән өзін дәл қазіргісіндей бос қайғыға, ренжуге жеңгіздірмеуі керек.
Бірләннің көңілінен күдік, жүзінен қайғы кетпесе, Сырым Имановты бір керемет қуаныш билеген. Көп мезгілден бері кездеспеген Хафиза-Бірлән мен Ерден-Сырым қандай көңілсіз болса, Бақыт-Ақмаралды көрген сәттен-ақ жүзінде орасан шаттық пайда болып, ол кілт өзгерген.
Ерден-Сырымның Бақыт-Ақмаралмен ең алғашқы кездескенінде айтылатын:
Неге көрдім! Көрдім сені қайдан, сәулем,
Енді маған өзгергендей жер мен көк,
Басталғандай бітпес мәңгі жаңа дәурен,
Жүрегімді жібердің ғой сен өртеп, —
деп басталатын шумақтан, екеуінің үшінші актыда қол ұстасып сахнадан шығып кететін көрінісіне дейін Сырым бұл рольді үлкен шабытпен орындады. Даусы да сонау сахнада алғашқы ойнаған Риголеттодағы герцог Мантуанскийдің рөліндегідей әдемі, жан тербетер таза, сұлу шыққан.
Жұрт сахнадағы Сырымның Бірләннан қандай алыс болса, Ақмаралға сондай жақын екенін түсінді.
Расында да, егер Сырым осы сахнадағы жас қызды, жалпы, жайшылықта да шын жүректен осылай сүймейтін болса, онда былай ойнау тек данышпан ұлы артистің қолынан ғана келе алатын еді.
Сырым не ұлы артист, не Ақмаралды жан-тәніменен сүйген жігіт. Екеуінің бірі. Ал Сырым шынында екеуі де еді.
Ол тек сахна үшін жаралған жан болатын. Оның өмірге деген, махаббатқа деген көз қарасы, сезімі бәрі сахнадағы өміріменен, сахнадағы сезімінен қабысып жататын. Сондықтан оның сахнада Бақытты сүюі, өмірдегі Ақмаралға ғашық болуы, жүректің бір құбылысы, бір дүниесі еді. Сырымның бүгін Ерден рөлін сәтті ойнауы да осыдан. Осы екі сезім оған қуаныш берген, шабыт берген. Өйткені ол Бақытқа сахнадағы Ерден қандай ғашық болса, өмірдегі Сырым Ақмаралға сондай ғашық болып қалған. Сол себептен де Сырым, қуаныштың қос қанатына мініп көкті кезеді, алтын таңдай, күміс көмейінен ғашық болған адамның жүрек отына толған әнін төгеді.
Он сегізінде ғашық болған қыз бала алдағы күнінің қандай болатынын қашан ойлаған. Ақмарал да ойлаған жоқ. Оған махаббат бір ғажайып тасқын тәрізді көрінді. Ақылға сап қанша қарсы тұрамын десе де толқыны жан шыдатпас сол бір ұлы күш Ақмаралды да өзінің асау қарқыныменен үйіріп ала жөнелді. Тіпті ес жиып, ой қорытуға да мүмкіндік бермеді. Сахнаға шығып Ерден-Сырымды көрген сағатынан өзін билеп кеткен тәтті және асау сезіміне еркі жетпей, ол ең алғашқы:
Жібергендей ішіме,
Біреу сөнбес шоқ салып.
Өңім бе бұл, түсім бе,
Барады өрт бойды алып. —
дейтін ариясынан бастап, операның өзі қатынасатын жеріне дейін Ақмарал бойын билеп кеткен тәтті сезімнің тұтқынында өткізді. Ақмарал да Сырым тәрізді, тек сахнада Бақыт рөлін ойнап жүрген жоқ-ты, бұ да өзінің сұлу даусыменен, кенет тыпырши қалған жүрегінің әлсін-әлсін соққан ғашықтық дыбысын Сырымға естіртпек еді. Бұл Ақмаралдың өзі ғана білетін сыры еді. Ал залда тынысын алмай, өзіне қарап самсаған көзді көргенде, менің құпиямды бұлар да біліп қалды ма, деп Ақмарал айтып тұрған ариясынан да кенет жаңылып қала жаздайтын. Шынында Ақмаралға қиын еді. Ол сахнада Бақыттың рөлін ойнап жүргенін ұмытып кететін. Сырымды шын жақсы көріп қалғандықтан, композитордың музыкасын да, ақынның либреттодағы сөзі де өзінің ойына дәл келіп, Ақмарал осы арияларымен өзінің терең сырын жұртқа жариялағандай көрінді. Міне сондықтан Ақмарал кенет қысылады, сасады. Ал жұрт болса Ақмаралдың бұл қылығын оның артистік шеберлігіне балап, ғашық болған жас қыздың кейпіне қалай тамаша кіріп алды деп алақандарын қызғанша ұрып мәз-мейрам болып қалады.
Көрермендер Ақмаралдың бұлай ойнауын табиғи шеберлігінен деп түсінсе, тек Бірлән ғана жас қыздың жағдайын дұрыс ұққан. Ол бұрын да Сырымды Ақмаралдың жақсы көріп қалғанын аңғарған. Ал бүгін оның Сырымға мүлдем ғашық екеніне әбден көзі жетті. Енді Ақмарал мен Сырымның арасында басталған махаббат дастанын ұғып, көңілі бұрынғысынан да жүдей түсті.
Ал өмірдегі Бірлән қазір сахнадағы Хафизамен бірлесіп кеткен, сол себептен де Бірләннің ариялары көрермендердің жүрегін өзінің удай қасіретімен тырнап жатқандай еді.
Бірлән жаңа ғана бүгін өзінің ерекше ойнап жүргенін түсінді. Тек Хафизаның ең ақырғы ариясын композитор ойлағандай етіп орындауға шеберлігі жетсе болғаны, онда ол дүниеге өзінің Хафизасын келтіреді.
Міне, енді операның ең ақырғы көріністері. Сахнада бірін-бірі сүйген, қуанышқа бөленген, бақытты Ерден мен Бақыт! Олар ең ақырғы махаббат дуэтін айтып тұр. Қуанышқа кенелген, қазір сахнада құшақтасып тұрған Ерден мен Бақыттай, олардың біріне бірі жараса қалған дауыстары, көрермендердің жүрегін түбінен суырып жатқандай, жан жүйелерін босатып, бүкіл залды шаттыққа толтыра түскен.
Осы дуэттің ендігі шумағы, бірін-бірі сүйіп қосылған екі жүректің ұлы мейрамына айналуға тиісті еді. Солай болып та шықты.
Шаттықта бүкіл әлем жатыр шалқып,
Қос жүрек қуанышпен кеткен балқып.
Шын сүйген бірін-бірі мәңгі бақи
Дүниеде бақытты жоқ бізден артық! —
деп дуэт аяқталғанда зал бір сәт тына қалды да, кенет дүрліге қол шапалақтады. Операның ең қиын жері енді келген. Осындай Ерден мен Бақыт қуанышта тұрғандарында сахнаға Хафиза шығуы керек. Осы арада жаңа қосылған екі жүрек, өздерінің қуаныштарын естіртеді. Сонда барып Хафиза өзінің бір жағынан қайғы-қасіретке бөленген, екінші жағынан жалғыз қызының бақытты болуын тілеген және өзінің әлі де өмірі барын, сол өмір үшін әлі де өмір сүру керек екенін толғайтын, қайғылы, қуанышты және жігерлі, атақты ариясын айтуы керек еді. Хафизаның осындай адамның ұлылығын дәріптеген ариясымен опера бітуге тиісті еді. Бірақ Хафиза-Бірлән сахнаға шықпады. Амал жоқ, Сырым мен Ақмаралға өздерінің дуэтін екінші рет бастауға тура келді.
Ал бұл кезде киінетін бөлмесінде үн-түнсіз, сұп-сұр боп кеткен, тостағандай көзінде аға жөнелуге дайын, мөп-мөлдір ыстық жасы тұнып тұрған Бірлән отыр еді. Сахна сыртындағы у-шуға, талып жетіп жатқан әнге көңілі селт етер емес. Қасында тұрған «қалқам-ау, өзіңді-өзің қолыңа ал, ең ақырғы арияң ғой, айтып шық халықтың жазығы жоқ…» деп жалынған ақ шашты, кәрі сахна режиссеріне де көңіл бөлуден алыс. Дәл бір тілінен, ақылынан айырылған адамдай. Тек оқта-текте қолындағы бір жапырақ қағазға қарап қояды. Бірнеше рет оқыса да қағаз сөзін түсінбегендей. Бірақ қағаз сөзі тіпті түсінікті еді. Және адамның басына таяқпен салып қалғандай қатты болатын… Бұл хат жанындай жақсы көретін Махмұттың хаты еді. Хат кенет Бірләннің қолынан жерге түсіп кетті. Сахна режиссері оны жерден көтеріп, қайтадан стол үстіне қойды.
— Қалқам, мықты едің ғой.
Бірақ хат сөзі қандай мықты адамды есенгіретіп жіберер, адам шошырлықтай суық еді. Осы бір жапырақ қағазға бүкіл дүниенің жамандығы сыйғандай жексұрын болатын. Махмұт хатында өзінің жас қыз алып, сонымен бірге Қарағандыға жүріп кеткенін айтқан.
Міне осындай хатты оқыған Бірлән қазір сахнаға шыға алатын ба еді? Ал алда-жалда шыға қалса, мұндай күйінде өлең айта алар ма! Айта алмаса керек-ті! Бірақ отыз ұлдан қалған жалғыз Зәурештің қабірінің үстінде қарт әке өлеңмен қайғысын айтуға күші жетті емес пе? Ал ақылды, сабырлы Бірлән, көркемөнерді жанындай жақсы көрген Бірлән дәл осындай жүрегін у жалағандай қайғылы кезінде, сол күйін әніменен, жүректен шыққан зарыменен басуға бара алмай ма? Баруға тиісті ғой! Қайғысын әнімен азайта алмаса, несіне ол әнші болды? Несіне осы уақытқа дейін ән деп өмір сүріп келді?
Еңбек адамдарымен кездесу сәті
Ілияс Есенберлин және Ғабит Мүсірепов
Сахна режиссері сырттағы үндерге құлағын тосты. Аздан кейін ол:
— Қалқам, дуэт үшінші рет айтылып жатыр.
Бірлән кенет орнынан түрегелді. Айнаға қарап сәл тұрды, стол үстінде жатқан қағазды төрт бүктеп, ілулі тұрған костюмінің қалтасына салды. Сөйтті де:
— Жақсы, мен сахнаға шығайын, —деді.
Ол енді көп алдында әйел қайғысын, ана қуанышын, адам жігерін паш еткен ариясын айтпақ боп, сахнаға қарай асыға басып жүре берді.
Хафиза-Бірлән сахнаға кіріп келгенде, залда лық толып отырған жұрт дір ете қалғандай болды. Осыдан біраз бұрын өзінің мұңлы әнін шырқап сахнадан шығып кеткен жүдеу өңді Бірлән сахнаға кірген мына Бірләннің қазіргі түрі грим жағушының оқиғаға байланысты кейіпкердің түрін өзгерткелі істеген әрекетінен өзгерген емес еді, Бірлән қазір, тостағандай көзінен нұры кетіп, екі ұрты суалып, жүзі боп-боз болып, сәл бүкірейе түскен, кенет кемпірге ұқсай қалған Бірлән еді. Бұл өзгеріс кенет оны бір орасан қайғыға душар болғанын көрсететін өзгеріс еді.
Тек Бірлән-Хафизаның қайғысын Сырым мен Ақмарал байқаған жоқ. Өздерінің қуанышты дуэттерін бітірді де, қол шапалақтау таусылмай жатып Сырым шығып кетті. Оркестр шешесіне Бақыттың Ерденге қосылмақшы болғанын естіртетін шатты ариясының кіріспесін ойнай жөнелді.
Хафиза-Бірләннің қасіретінен хабары жоқ Бақыт-Ақмарал, бойын балқытып алып бара жатқан бақытына шыдай алмай, керемет бір қошеметті, салтанатты дауыспен өзінің ең соңғы ариясын бастады.
Кешегі балапаның аққу болды,
Көңілім міне, бүгін шалқар көлдей,
Құшағым ләззат атты нұрға толды,
Мамажан, қуанышы енді сен де мендей.
Аққу боп ақ айдынға қанат қақтым,
Өмірдің құшамын деп алтын таңып,
Дүниеден ең қымбатты бақыт таптым,
Махаббат аты оның, ана жаным!
Аққуың енді өзіңнен ұшпақ бөлек.
Таптым мен серігімді қыруар елден.
Тапты ғой, таба білді ғашық жүрек,
Болашақ серігімнің аты Ерден!
Ақмарал әнін Бірлән естіді ме, естімеді ме, айыру қиын еді. Жоқ ол естіген жоқ. Бар ойы, бар тілегі өз басының қайғысының тұңғиығына батып кеткен. Ақмарал әні бітісіменен Бірлән өз ариясын бастады. Бұл Хафизаның ариясы емес, енді Бірләннің ариясы болатын. Бұл Хафизаның қайғысы емес, енді Бірләннің қайғысы болатын. Бұрын әндерімен ұлы әншілер өмір шындығын туғызса, енді өмір өзінің шындығыменен ұлы әншіні тудырды. Бірлән екі көзінен жасы моншақтап ағып жүріп, өзінің ең соңғы ариясын айтты:
Жаныма қиянатың қатты батты,
О, тағдыр, болдың маған неге қатты?
Келесің жастан қинап сонша неге,
Жіберіп азабыңды ләззат атты?
Жанымдай жақсы көрген жалғыз қызым,
Жарқырап өтсін мәңгі алтын жүзің
Қайғыны мен жылаған, сен көрмегей,
Жоғары тұрсын мәңгі бақ жұлдызың!
Тыярмын мен де аққан көздің жасын,
Тастармын мен де қайғы ауыр тасын.
Жаярмын құшағымды қуанышқа,
Шаттықтың желбіретіп алтын шашын!
Көзінен жасы парлап тұрып бастаған ариясын, Бірлән кенет бір насаттанған шабытпен бітіргенде, жұрт оның бүкіл залды толтырып кеткен, асқақтаған, бір биіктен бір биікке жоғары шарықтап көтерілген қыран құстың екпініндей жоғарылап барып, сорғалай түскен: сұлу дауысы әбден бітпей, ду, ұзақ қол шапалақтаумен қарсы алды. Көрермендер бүгін қазақтың ұлы операсы «Арман» ғана емес, Күләш Бәйсейітовадан кейін қазақтың Бірлән атты ұлы артискасы туғанын білді.
Жарты сағаттан кейін біраз кісі, операның орындаушылары мен қоюшылары, дәстүр бойынша опера авторы композитордың өтінішімен, театрдың үлкендеу бөлмесінде жайылған дастарқанға жиналады. Шақырылған адамдардан Сырым мен Ақмарал және Жәмила ғана болмады.
Жәмила киініп жатқанда «қалмайсың ба» деп жанына келген Ержанға:
— Шын жүрегіммен құттықтаймын, операң шын жақсы шыққан екен, — деді. — Балаларыңды бір күні өзің әкеп көрсет. Ал мені дастарқаныңа қалмады деп өкпелеме, балалардың ертең емтиханы, дер кезінде жатқызып, дер кезінде тұрғызбасаң болмайды.
Ал банкет бөлмесіне көтеріліп бара жатқан Ханшайымды Сырымның өзі іздеп тапты.
— Банкетке бара жатырсың ба? — деді ол Ханшайымға.
— Иә, өзің бармайсың ба?
— Жоқ. Ішпейтін болған соң… — Сырым бірдемені айтқысы келіп кідіріп қалды.
— Бірдеме айтқың келіп тұр ғой. Тағы не демексің?..
— Сенің маған істеген жақсылығыңды тірі жүрсем ұмытпаспын,- деді Сырым төмен қарап өзінен өзі қысылып,- енді мен сенің үйіне бармаймын. Кеше, мейманханадан жеке бөлме алдым. Бағана киім-кешектерімді апарып тастағанмын… Сен мені түсінесің ғой деймін…
Ханшайым, төменде, фойеде шыдамсыздана Сырымды күтіп тұрған Ақмаралды көрді. Өзінің де осылай бір кезде Сырымды күткені есіне түсіп кетті. Жүрегі ойнай жөнелді, бірақ тез басылды.
— Неге түсінбейін, түсінемін, — деді Ханшайым күліп, бір ретте ол екеуінің осылай кездейсоқ оңай түсініскендерін жақсы да көріп қалған. — Тек енді арақ ішпе, Ақмаралды күте біл, сен де, Ақмарал да көркемөнерге өте керек адамсыңдар, бақытты болыңдар!
Ханшайым Сырымға қолын беріп қоштасып, кілт бұрылып, банкет болатын бөлмеге, екінші қабатқа қарай көтеріле берген.
— Сырым мен Ақмарал да келмей ме? — деп соңынан қуып жетіп сұраған Ержанға ол:
— Олардың өз қуанышы бар, — деп күлді.
Банкетті өзінің жаңадан болған қызметіне байланысты Хамзе ашты. Ол бірінші тосты, осындай тамаша опера жазған Ержанның және сол операны жазуға шабыттандырған оның жұбайы — атақты әнші Алмагүлдің денсаулықтары үшін көтеруді сұрады. Екінші тосқа келгенде ол өз рюмкасын толтыра құйды да:
— Ержанның бүгінгі операсы қазақтың көркемөнерін, оның ішінде опера музыкасын жаңа сатыға көтеріп қойған жоқ, — деді, — алыпты алып тудырады дегендей, бүгін бұл опера біздің көркемөнерімізге екі керемет әнші берді. Бірі — жоғалып кетіп, сахнамызда қайта туған мына Сырым, — ол көзімен Сырымды іздей бастады, — немене, өзі жоқ па? Жарайды, Сырым туралы өзі келген соң айтармыз. Ал екіншісі — мына Бірлән, — Хамзе өзінен сәл төмендеу сол жақта отырған Бірләнға бұрылды, — жаңа мен айттым ғой, осы опера екі керемет әншіні тудырды деп, — деді сөзін Хамзе қайтадан жалғап. — Ал сол операның тууына себеп болған және бүгінгі халық қабылдаған сатысына жеткізген Ержаннан кейін, мына отырған Бірлән. Және Бірлән қажымас еңбегіменен, ізденуменен, шеберлігін тынбай өсіруімен, осы бүгінгі операда өзінің ұлы артистка екенін көрсетті. Мен мына тосты, осы ұлы артисткамыз Бірлән үшін көтерсек деймін.
Жұрт ду қол шапалақтады. Бірлән, жүдеу өңді Бірлән, «рақмет» дегендей жұртқа ақырын ғана басын иді.
Тост тосқа жалғасты. Дастарқан мерекесі таң атқан кезде ғана бітті.