Аптаның үздік жеті хикаясы
Күнделікті қарбалас шаруамен жүріп Азаттықтың маңызды мақалаларын, видеорепортаждарын, фотогалереяларын көрмей қалуыңыз мүмкін. Осы аптада сайтымызда шыққан жеті үздік хикаяны тағы бір мәрте қаперлеріңізге саламыз.
Қаңтардың 12-сі Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 107 жыл толды. Советтік Қазақстанды ширек ғасыр басқарған Қонаев Совет одағының басшыларын сайлауға қатысты. Қызметінің соңғы жылы сол кездегі министрлер кеңесін басқарған Нұрсұлтан Назарбаевпен арасы суыды. Назарбаев кітаптарында Қонаев қайтыс болардан бір ай бұрын әңгімелесіп түсініскенін айтады. Кейін Қонаев пен Назарбаевты қатар қойып, ұлықтайтын хикаялар пайда болды. Толығырақ Асылхан Мамашұлының мақаласынан оқып біліңіздер.
Соңғы уақытта әлем назары ауған Шыңжаң өлкесінің тарихына үңіліп көрдік. Шыңжаң қалай автономиялық аймаққа айналды? Ондағы қазақтар мен ұйғырлардың саны қанша? Шыңжаңда қанша теракті болды? Бұл сұрақтарға жауапты мына видеодан таба аласыз.
Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы «World Report 2019» есебін жариялады. Құжатта 90-нан астам елдегі адам құқықтары ахуалы сарапталған. HRW Қазақстандағы азаматтық қоғамның, сөз бостандығы мен кәсіподақтардың шектеуге ұшырағанын жазған.
Қаңтардың 17-сі Қарағанды облысы Нұра ауданы Баршын ауылында қорықшы Ерлан Нұрғалиевті жерледі. Ол киіктер мен сирек кездесетін жануарларды қорғау рейді кезінде браконьерлер қолынан ауыр жараланып, есін жимаған күйі ауруханада қайтыс болған. Билік «дәрежесіне қарамастан» кінәлілердің бәрін жазалауға уәде берді. Толығырақ Елена Вебердің мақаласынан оқыңыздар.
«Қалия» деген лақап атпен танылған Ақмаржан Көшербаева – Қазақстандағы ерте жүктілік, әйелдер құқығы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ашық айтатын аз әншінің бірі. Азаттық тілшісі әншімен сұхбаттасып, әлеуметтік белсенділікке қалай араласқанын және «16 жастан жасанды түсік жасауға рұқсат беруді» ұсынған билік бастамасын неге қолдағанын сұрады.
Соңғы кездері Орал билігі қаланы Қазақстандағы Еуропаның бір бөлігі ретінде көрсеткісі келеді, сәулет өнерінің көне үлгілері мен бай тарихының арқасында аймақтың туристік әлеуеті зор екенін айтады. Алайда жергілікті өлкетанушылар, сәулетшілер мен тарихшылар біраз уақыттан соң мұнда туристерге көрсететін ештеңе қалмайтын шығар, өйткені қаладағы көне ғимараттар қирап барады, оларды қалпына келтіріп, жөндеу керек дейді. Мақаланы оқу үшін мына сілтемені басыңыз.
Қазақстанда сот азаматтық белсенділер мен оппозиция жетекшілеріне үкім шығарғанда көбіне негізгі мерзімге қосымша жаза ретінде қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салады. Сот өкілдері мұндай шара заңға сәйкес қолданылатынын айтады. Құқық қорғаушылар бұл халықаралық құқыққа қайшы деп санайды.
Дереккөз: Азаттық