Ғ дыбысы және әрпі, ғ дыбысының айтылу артикуляциясы

0
Тақырыбы: Ғ дыбысы және әрпі
Сабақтың мақсаты
Білімділігі: Ғ дыбысы және оның әріп таңбасымен таныстыра отырып, «Ғ» дыбысының айтылу артикуляциясын меңгерту.
Дамытушылығы: Берілген сөздерге дыбыстық талдау жасату, буындап оқуға жаттықтыру, жаттығуларды орындату арқылы қол моторикасын дамыту.
Тәрбиелілігі: Ойлау, еске сақтау қабілеттерін дамыта отырып шығармашылыққа тәрбиелеу.
Әдіс — тәсілдер: Түсіндіру, әңгімелеу, сұрақ — жауап. СТО технологиясының стратегиялары.
Көрнекіліктер: Үлестірмелі суреттер, плакат т. б

Психологиялық ахуалды қалыптастыру
«Бүгінгі күнге ізгі тілек» (Күн бейнесі)
Табиғатқа жан бітіріп, жерге сәуле төгіп, айналаға шуақты нұрын шашатын не? (Күн.) Олай болса «Тіршілік нәрі, өмір мәні, көңіл сәні, табиғат жаны, бар бала әні» күнмен сәлемдесіп алайық.
Жарқырап күнде ашылды,
Айналаға нұр шашылды.
Қайырлы күн! Біз көңілді баламыз!
Қайырлы күн! Біз сүйкімді баламыз.

Ұйымдастыру іздестіру
Жаңа сабақ
«Күн тапсырмасы»
Күн бейнесі қалташаларына өтілген дыбыстардың және Ғ дыбысының әріп таңбалары салынған. Балалар өтілген әріптерді танып атайды.
Тәрбиеші: Әріптердің ішінде бізге таныс емес бір әріп бар екен. Бұл біздің бүгінгі өтетін жаңа дыбысымыз Ғ дыбысының әріп таңбасы.
Ғ дыбысы туралы білгілерің келе ме?.. Олай болса, орнымызға отырайық.

ІІ. Мағынаны тану.
1. Ғ дыбысының айтылу артикуляциясын меңгерту.
Мынау не балалар. (Компьютер)
Ал, осы компьютер деген кезде сендердің естеріңе қандай сөз түседі. (Интернет)
Интернет арқылы біз бүкіл жер шарындағы жаңалықтармен хабардар боламыз, сондықтанда интернеттің қазақша атауы «ғаламтор» деп аталады.
Кәне, ғаламтор деп айтайық.
Бірінші қандай дыбыс естіліп тұр.
Ғ дыбысын дыбыстату.
Ғ дыбысы кедергімен айтылып тұр. Бұл Ғ дыбысы қандай дыбыс деп ойлайсыңдар. (Дауыссыз дыбыс)
Қандай түсті текшемен белгілейміз. (Көк)
Берілген ұғым: Ғ дыбысы дауыссыз дыбыс, көк текшемен белгілейміз.

2.«Ғажайып түс» ертегісі арқылы «Ғ» дыбысы бар сөздермен таныстыру. (Ертегі желісі бойынша тақтаға Ғани, балға, таға, шалғы, торғай, қарға, ғарышкер, ғарыш, ағаш, сағат суреттері ілінеді)
Ертегі мазмұны: Ерте, ерте, ертеде бір атай мен әжей өмір сүріпті. Олардың Ғани деген баласы болыпты. Атай шебер ұста екен. Ол темірден балға, таға, шалғы жасаумен айналысыпты. Ғани үнемі атасына көмектеседі екен. Күзде орақпен шөп шабысады. Бірде шөп шауып жүріп Ғани шаршап аспанға қарап жатыпты. Сол кезде көкте ұшып жүрген торғай, қарғаларды көріп, меніңде қанатым болып көкке самғасам ғой деп армандап, ойланып жатып ұйықтап кетіпті. Түсінде ғарышкер болып, ғарышта самғап жүр екен. Өте қуанышты сезімде жатқанда ағаштардың желмен ырғалған дыбысынан оянып кетеді. Сағатына қараса кеш бола бастаған. Ғани өзінің ғарышқа ұшқанын жақсылыққа жорып, атасына түсін айтуға үйіне қарай қуана жүгіре жөнелді.

3. «Ұқсас затты тап» ойыны. Ғ дыбысы бар сөздер суреттерімен жұмыс «Ғ» дыбысының сөздегі орнын анықтау.
Ертегі ұнады ма? Баланың аты кім еді? (Ғани)
Ғани дегенде бірінші қандай дыбыс естіліп тұр? Ғ дыбысы.
Олай болса, Күн тапсырмасындағы жаңа әріп Ғ дыбысының әріп таңбасы екен. (Тақтаға Ғ. ғ әріптері қойылады)
Тақтадағы суреттерге қараңдаршы Ғ әрпі неге ұқсайды. (Тақтадағы суреттерді Ғ әрпімен салыстырып, шалғыға ұқсайтынын табады)
Берілетін ұғым: Ғ әрпінің таңбасымен танысады,

4. «Буынға буын қос» ойыны: Тақтадағы ертегі желісі бойынша берілген сурет аттарын буынға бөліп айтқызу арқылы Ғ дыбысының сөздегі орнына талдау жасалады. Ға — ни, ға — рыш — кер, ға — рыш сөздерінде Ғ дыбысы сөздің бірінші буынында, бал — ға, та — ға, шал — ғы, тор — ғай, қар — ға, а — ғаш, са — ғат сөздерінде сөздің екінші буынында естіліп тұрғанын, яғни Ғ дыбысы сөздің басында, ортасында келетіні туралы түсінік беріліп, өздеріне ұнаған сурет атын текшемен жазғызу.
Берілетін ұғым: Ғ дыбысы келетін сөздермен танысады, буынға буын қосу арқылы ғ дыбысы сөздің басында, ортасында келетінін үйренеді, дыбыстардың дауысты, дауыссыз екенін ажыратады.
Ғ дыбысы және әрпі жүктеу

Дереккөз: http://bilimdiler.kz/