Павлодарлық кардиохирургтар Екібастұз қаласы тұрғынының жүрегіне «жамау» салды

0

61 жастағы тұрғын кардиоорталыққа миокард инфарктісі бойынша шұғыл жағдаймен түскен.

Облыстық кардиоорталықта Екібастұз қаласы тұрғынының өмірін сақтау бойынша сирек кездесетін ота жасалды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы агенттікке берген сұхбатында клиниканың жүректің ишемиялық ауруы бөлімінің жетекшісі Алмас Антикеев айтты.

61 жастағы тұрғын кардиоорталыққа миокард инфарктісі бойынша шұғыл жағдаймен түскен. Ер адам емдеуден өтсе де, жағдайы ауыр күйде сақталған.

«Миокард инфарктісі көп кездеседі. Кейбір кезде миокардтың (жүрек бұлшықеті) үзілуімен аяқталып жатады. Екібастұздық пациенттің миокарды стационарға түскеннен соң 4 күннен кейін үзілді. Қосымша зерттеулер үзілу қарынша аралық қалқада болғанын және жүрек қарыншасының артқы қабырғасы үзілгенін көрсетті. Әдетте мұндай өзгерістер өлімге әкеп соқтырады. Алайда, диагноздың дәл қойылуы мен дәрігерлердің шапшаңдығының арқасында аман қалды», — деді Алмас Антикеев.

Кардиоорталықтың мәлімдеуінше, қарынша аралық қалқаның 2х2 сантиметр көлемдегі ақауына ксеноперикардамен (биологиялық материалдан жасалған пластина) «жамау» салған. Клиниканың жеті маманы 5 сағаттан астам уақыт науқастың өмірі үшін күресті.

Кардиохирургтың айтуынша, бұл пациентте ілескен аурулар көп. Оған қоса, ол қант диабетінен инсульт алған. Егер ол адам стационарда болмағанда, аман алып қалу мүмкін емес еді.

«Мұндай хирургиялық жағдайлар сирек орын алады. Мысалы, өткен жылы осындай ота кардиоорталықта бір рет қана болған», — деді бөлім жетекшісі.

Жүректің ишемиялық ауруы бөлімінде ашық жүрекке жылына барлығы 340-қа дейін ота жасалады.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/