Қазақстанда ауыр тікұшақтар құрастырылатын болды
Жоба бюджеттік инвестиция тартпай-ақ іске қосылды.
Қазақстанда алғаш рет Ми-8АМТ/Ми-171 ауыр тікұшақтарын құрастыру технологиясы енгізілуде, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Капитал.кз сайтына сілтеме жасай отырып.
Бұл туралы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеген. Ірі тораптық құрастыруды ұйымдастыруға арналған келісімшартқа «Қазақстан инжиниринг» АҚ, «№405 авиажөндеу зауыты» АҚ және «Ростех» мемлекеттік корпорациясының «Ресей тікұшақтары» АҚ қол қойды.
Жоба бюджеттік инвестиция тартпай-ақ іске қосылды. Ми-8АМТ/Ми-171 тікұшақтарына еліміздегі мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық авиакомпаниялар тапсырыс береді.
– Тікұшақ құрастыру өндірісін іске қосу отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін, азаматтық тікұшақ индустриясын, оқу-жаттығу базасын айтарлықтай дамытуды қамтамасыз етеді. Тікұшақтарды құрастыру және оларды тапсырыс берушінің талаптарына бейімдеу «№ 405 авиажөндеу зауытының» өндірістік алаңдарында жүретін болады. Аталмыш кәсіпорын Қазақстанда осы үлгідегі тікұшақтарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мәселесінде үлкен құзыретке ие, – деп мәлімдеді Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.
Олардың айтуынша, «405 авиажөндеу зауыты» Ми-8/17/171 типті тікұшақтарды жөндеу, жаңғырту және техникалық қызмет көрсету үшін қазақстандық және халықаралық органдармен сертификатталған.
Айта кетейік, Ми-8АМТ/Ми-171 тікұшақтары жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін пайдаланылатын болады.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/