Намысшыл, арлы азамат
Ким Серікбайұлы Серікбаев қазақ халқы сан алуан зобалаңдарды бастан өткеріп, оңды-солын енді-енді тани бастаған аумалы-төкпелі заманда – 1934 жылдың қақаған қаңтарында қасиетті Ақтөбе топырағында, Хромтау ауданының Көптоғай ауылында дүниеге келген. Он төрт жасында – әкеден, он бесінде шешеден айырылып, тұл жетім болып қалады. Балалар үйінде, интернатта тәрбиеленіп өскен. 1952 жылы Ақтөбедегі жалғыз қазақ орта мектебін ойдағыдай тәмамдап, білім қуып Алматыға келіп, Заң институтына оқуға түседі. Қысқа жіп күрмеуге келмей, тұрмыс тауқыметін тартып, бірінші курсты аяқтаған соң, институттағы оқуды тастауға мәжбүр болады. Алайда, асыл пышақ қын түбінде жатпайды, арман қуған бозбала Уфа қаласындағы әскери училищеге оқуға түсіп, 1956 жылы оны үздік бітіреді, тырнақалды әскери атағы – лейтенант шенін иеленеді. Осы орайда Кимнің өз аузынан естіген бір оқиға еске түседі. Адам албырт шағында еліктегіш келеді ғой. Соғыста бір аяғынан айырылып жарымжан болып келген Темір есімді ауылдас ағасы мектепте әскери даярлық денешынықтыру сабағын жүргізеді. Ұстаздың әсерлі әңгімелері, сымға тартқандай тіп-тік тұлғасы сезімтал бала Кимге ой салып, ол түбінде әскери қызметкер болуды армандайды, ұстаз жолын қууға бекем бел байлайды.
Балаң офицер «атың барда ел таны желіп жүріп» деген қағиданы ту ғып ұстап, өз еркімен қияндағы солтүстікке – Чукоткаға аттанады. Құдай қосқан қосағы Раиса Сәрсенбайқызы Игілікова екеуі жердің түбі саналатын Магадан облысында жалғыз қазақ отбасы болады. Взвод командирі Ким Серікбаев ұлтымның намысына кір келтірмейін деген ниетпен күн-түн демей жан-тәнімен беріле жұмыс істейді. Темірдей тәртібімен, біліктілігімен көзге түскен офицерді сол кезде шыныққан әскери кадрға өте зәру Прикарпатье әскери округіне жаңа қызметке ауыстырады. Мұнда он жылға жуық жемісті жұмыс істеп, әскери қызметтің қыр-сырын толық меңгереді, взвод командирінен мотоатқыштар батальонының штаб бастығына, одан полк командирінің міндетін атқарушы дәрежесіне, аға лейтенанттан подполковник шеніне дейін жоғарылайды. Дивизияның құрамында 12 мың сарбаз бен сардар болады. Олардың екі мыңы сардарлар (офицерлер).
Закарпатье әскери округінде он жыл мінсіз қызмет атқарған подполковник К.Серікбаев 1970 жылы Мәскеудегі М.В.Фрунзе атындағы әскери академияны сырттай оқып тәмамдап, қамал бұзатын 40 жасында әскери ғылымдар кандидаты атағын алу үшін диссертацияны ойдағыдай қорғап шығады. Талапкердің терең біліміне, мәселені зерделі зерттегеніне, нақты дәлелдермен мүлтіксіз баяндағанына разы болған комиссия мүшесі, танк әскерлерінің генерал-полковнигі профессор А.И.Радзиевский ғылыми еңбекке зор баға беріп, бұл жалғыз Серікбаевтың табысы емес, жауынгер қазақ халқының жетістігі деп ағынан жарылып, шындықты бүкпесіз айтқанда Кимнің төбесі көкке екі-ақ елі жетпей шаттанады.
Көп жыл бойы қажымай-талмай ізденудің арқасында 2000 жылы әскери ғылымдар докторы атағы үшін диссертация қорғайды, кейіннен профессор атағын алып, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Әскери ғылымдар академияларының толық мүшесі болып сайланады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда Ким Серікбайұлының таланты әр қырынан жарқырап ашылды. Қазақтан шыққан тұңғыш әскери ғылымдар докторы ретінде ол тәуелсіз мемлекетіміздің әскери докторинасын жасау бақытына ие болды.
Тоқсаныншы жылдардың басында Президент аппараты мен Министрлер Кабинеті қорғаныс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарғанда әскери істе әккі болған талай шенділермен қоян-қолтық жұмыс істеуге тура келді. Ол кезде қазақ сардарлары саусақпен санағандай аз болатын. Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын дегендей, уәжге мойын ұсынбай, бүйректен сирақ шығаруға тырысып бұра тартушы жат ұлт өкілдері де болмай қалған жоқ. Қатаң тәртіп ежелден бойына сіңген, ұлтының мүддесі үшін тау қопаруға да сақадай сай полковник Ким Серікбайұлы бұратартқандарды тәубесіне түсірді: Тура бидің туғанына да жақпайтыны сияқты, сондай тұстарда оның бағзы біреулерге ұнамай қалуы да сөзсіз. Олар өзінен іскер кісіні қайткенде аяғынан шалуға, тобықтан қағуға әлекедей жаланып дайын тұрады. Міне сондай көреалмаушылар Ким Серікбаевтың да жолын талай рет кескен сыңайлы. Бірақ табиғатынан діні мығым, анау-мынауға мойымайтын, жасымайтын К.С.Серікбаев өзінің білімі мен қайратының, намысқойлығының арқасында алған бетінен таймады, адалдықтан, адамдықтан айнымады. Ол шен қуған жоқ, мансапқа, марапатқа бой ұрған жоқ. Қанағатшыл, тәубешіл болды. Ең жоғары атақ – халықтың құрмет-қошеметі, әділ бағасы деп ұқты, әлі де осылайша ақжарылқап өмір сүріп келеді.
Ким Серікбайұлы Кеңес Одағының Маршалы И.С.Конев атындағы жоғары жалпы әскери-командалық училищенің кафедра меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебінің әскери кафедрасының бастығы, Ұлттық қорғаныс университетінің бас ғылыми қызметкері, Министрлер Кабинетінің жанындағы әскери мәселелер бойынша Жоғары аттестациялық комиссияның Бас ғылыми маманы сияқты ірі-ірі лауазымдардың тұтқасын ұстады. Сол кездегі Білім министрі, айтулы азамат Шайсұлтан Шаяхметовтің:
– Аға, жоғары лауазымдардың біраз қызық-шыжығын көрдіңіз ғой, енді төменгі буынға ойысуға қалай қарайсыз? – деген бірауыз сөзін сыйлап, үш жыл бойы республикалық әскери мектептің тізгінін қолға алды. Қиюы қашып, әбден тұралап қалған оқу орнын аяғынан тік тұрғызды. Мектепке іскер, білікті, ынталы оқытушылар тартты, ғимаратын адам танымастай етіп күрделі жөндетті, оқу-әдістемелік құралдармен, жаңа жиһаздармен жабдықтады. Сөйтіп әскери мектеп түрленіп, гүлденіп жаңа сапаға ие болды. Ең бастысы – оқушылардың тәртібін жөнге салды, олардың білім алуға деген ынта-жігерін жаныды, шәкірттер бойкүйездіктен, немқұрайлықтан арылып, мінез – құлықтары түбегейлі өзгерді. Жоғары орындарға бірнеше мәрте ұсыныс хат жазып, тегеурінді талап қойып, әскери мектепке Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілуіне қол жеткізді. Осы идеяның бастаушысы да, оны орындаушы да Ким Серікбаев, бұл тарихи шындық.
Ким Серікбаевты тұңғыш бауыржантанушы деп атауға әбден болады. Ол – аты аңызға айналған батыр, ағасының лайықты ізбасары, теледидардан, газет-журналдардан кіші полковниктің үлкен полковник туралы мақалаларын жиі ұшыратуға болады. Талай алқалы жиындарда, әсіресе студенттер мен мектеп оқушылары, жұмысшы жастар алдында Баукең туралы тебірене толғап, тыңдаушыларын ұйытқаны көпшілікке мәлім. Айтушысы ақылды болса, тыңдаушысы дана болады деген міне осы. Ким Серікбайұлы тек Бауыржан Момышұлы ғана емес, Кеңес Одағының екі мәрте батыры сайыпқыран Талғат Бигелдиновтің, Кеңес Одағының Батыры тұңғыш дивизия қолбасшысы генерал Сабыр Рахимовтың, аты аңызға айналған партизан Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің ерліктерін және өзімен бір мектепте оқыған тетелес ағасы генерал-лейтенант Жансен Кереевтің өмірін жас ұрпаққа насихаттаушы.
Ағаларға адалдық, жасы үлкенге құрмет – К.Серікбаевтың бойына сіңген қасиет. Күні кеше ғана 98 жасында дүниеден озған көрнекті мемлекет қайраткері, майдангер Сұлтан Жиенбаевқа, Министрлер Кеңесі Төрағасының бұрынғы орынбасары, Республикалық Ардагерлер ұйымының тұңғыш жетекшісі, Ұлы Отан соғысының ардагері Шәңгерей Жәнібековке, қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовке, он сегізінде от кешкен жауынгер Сағындық Кенжебаевқа, аудан бойынша жақындығы әрі ақындығы бар майдангер Леонид Гиршке, ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым Серік Қирабаевқа інілік ізеттен әсте жаңылған емес.
Ким Серікбайұлының тағы бір қасиеті – ол ежелгі аңыздағы Антей сияқты туған жерден күш алып, жақұттай жайнап шыға келеді. Ақтөбесі ауызға алынса ішер асын жерге қояды. Қал-қадерінше жиі-жиі ат басын тіреуге ұмтылады. Былтыр ғана ұшқан ұясы – Ақтөбедегі №6 орта мектептің 90 жылдық мерейтойына қатысып, ұжымға әдістемелік құрал-жабдықтар, кітаптар, компьютер сыйлады, ұлағатты ұстаздар мен жасөспірім оқушылардың алғысына бөленді. Сүйем жері сүйкімді, қарыс жері қасиетті туған топырақтың әсері ме екен, Серікбаев серіліктен де құралақан жан емес. Мұнтаздай таза киімі жіптіктей тұлғасына өте жарасымды. Сексен бес белеске шығып, сақал-мұртын ақ қырау шалса да жаратылған сәйгүліктей, тал бойында бір міні жоқ осынау адамның делебесі дуда қозатын жүйріктей шаршы топта қазақша, орысша ән шырқап тыңдаушысын тамсандыратын да өнері бар. Әсем дауысы құлақ құрышын қандырады.
Ким Серікбайұлы 2007 жылдың қыркүйек айында Медеу аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағалығына келгеннен бері тонның ішкі бауындай болып қоян-қолтық араласып кеттік. Бұрын алыстан естіп, сырттай ғана білетін болсақ, енді егіздің сыңарындай әріптестік дәрежеге жеттік. Төрге шықсаң, есік жақтағыларға қарай отыр, деген тәмсіл бар. Ким Серікбаев Медеу ауданындағы 25 мыңға тарта зейнеткердің әрқайсысының мұң-мұқтажына зер салып, қолынан келетін көмегін аямайды. Кейбірінің үйлеріне барып, көбіне телефонмен хабарласып, бастауыш ұйымдар арқылы жай-күйін біліп отырады. Жақсыға ісің түссе үзігіңді жалғайды, жаманға ісің түссе бүтініңді жалмайды деген осы.
Хамит БІРЖАНОВ,
Бостандық аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы
АЛМАТЫ
Дереккөз: http://egemen.kz/