Қырғызстан Қазақстанмен шекараны демаркациялау келісімін бекітті

0

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қазақстанмен шекараны демаркациялау туралы келісімді бекітті. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Демаркация туралы келісімге 2017 жылы 25 желтоқсанда Жээнбековтің Астанаға сапары кезінде қол қойылған. Былтыр 6 желтоқсанда келісімді Қырғызстан парламенті мақұлдаған.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі енді Қазақстанға келісімнің бекігенін хабарлауы керек.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанмен шекараны демаркациялау туралы келісімді бекіту жөніндегі заңға 2018 жылы 5 қарашада қол қойған. Бұл келісіммен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекараны айқындаудың құқықтық процедурасы аяқталады.

Демаркацияланған шекара сызығы 1257,07 километрді құрайды. Екі ел шекарасында 683 шекара белгісі мен 1055 шекара бағаны орнатылған.

Келісім бойынша, екі ел бірлесіп шекара сызығын 10 жылда бір тексеріп тұрады. Әр ел шекара белгілерін қорғауға алып, олардың бүлінбеуін, орнынан қозғалмауын және бұзылмауын қадағалайды.

Дереккөз: Азаттық