Басым бағыттардың бірі
Шеберханаға арнайы келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары мекеме ұжымымен кездесті. Өз сөзінде М.Әшімбаев әлеуметтік бастамалардың маңызы мен олардың ел дамуына тигізер әсері жөнінде сөз етті.
– Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарға жүйелі қолдау көрсету және олар үшін кедергісіз орта қалыптастыру туралы алдымызға нақты міндеттер қойды. Соған байланысты партиямыз белсенді әрекет етіп, нақты жұмыстарды қолға алды. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында да бірнеше бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, инклюзивті білім беру ісіне, кедергісіз орта қалыптастыруға, мүмкіндігі шектеулі жандардың саяси-әлеуметтік өмірге белсене қатысуын қамтамасыз етуге және оларды жұмыспен қамтуға басымдық беріп отырмыз, – деді ол.
Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту – қоғамымыздағы ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені өкінішке қарай мұндай аза-
маттарды барлық кәсіпорын бірдей жұмысқа қабылдай бермейді. Сол себепті «Нұр Отан» партиясы осы мәселені шешудің озық үлгілерін қарастырып, ұтымды жолдарын қолға алмақ.
– Әрине, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мемлекеттен тиісті жәрдемақы алады. Дегенмен олардың арасында жұмысқа қабілетті және еңбекке араласқысы келетіндері бар. Сондықтан олардың қосымша табыс тауып, өмір сүру сапасын арттыруына лайықты жағдай жасалуы тиіс, – деген М.Әшімбаев осы істе әлеуметтік кәсіпкерліктің берері мол екенін айтты.
Сонымен қатар ол «Нұр Отан» партиясының елімізде аталған кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл істе «GreenTAL» сияқты компаниялардың тәжірибелеріне ерекше назар аударып, оны Қазақстанның өзге өңірлерінде де іске асыруға жағдай жасалуы тиіс.
Әлеуметтік мекеменің жұмысымен танысу барысында М. Әшімбаев әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстарға да назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, бұл істе мемлекеттік органдар мен әлеуметтік кәсіпкерлердің арасындағы өзара іс-әрекетті жандандыру керек. Сондықтан партия тарапынан осы бағытта тиісті жұмыстар қолға алынбақ.
– Аталған істе әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың нақты ережесін қалыптастыруға және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге көңіл бөлу керек. Ол әлеуметтік кәсіпкерлер мен жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғап қана қоймай, мемлекеттік органдардың саясатына да сай болуы тиіс. Сондықтан осындай мәселелерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына қойып, тиісті жұмыстардың қолға алынуына ықпал ететін боламыз, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Айта кетейік, «GreenTAL» әлеуметтік шеберханасы жас кәсіпкер Эмин Аскеровтің бастамасымен осыдан төрт жыл бұрын ашылған. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытып, жұмысқа орналастыруға қажетті жағдай жасалған.
– Әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысқысы келген жан алдымен бұл істің қоғамға қандай пайдасы бар екенін анықтап алуы керек. Кәсібің мен ішкі жан дүниеңде де үйлесім болуы тиіс. Мен қандай кәсіппен айналыссам да байлыққа белшемнен батуды көздеген жоқпын. Қайта бизнесім арқылы халыққа қандай да бір көмегімді тигізуді мақсат тұттым. Осылайша, әлеуметтік кәсіпкерлікке бет бұрдым, – дейді Э.Аскеров.
Бүгінде аталған әлеуметтік шеберханада темір, ағаш, дәнекерлеу, тігін және безендіру цехтары, көркемөнер студиясы, сондай-ақ типография жұмыс істейді. Осы жерде дайындалған өнімдер Астана нарығында жоғары сұранысқа ие. Сондай-ақ таяуда мұнда тренниг-кафеге арналған бөлім де ашылған. Ол жерде даяшылар, бармендер және ас үй қызметкерлерін даярлайтын курстар жұмыс істейді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/