Тегіңді қазақшалау қиын ба
Заңгердің «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 2 сәуірдегі № 2923 Жарлығына сәйкес, ұлты қазақ адамдар тегі мен әкесінің атының жазылуын өзгерту туралы өтінішхатпен уәкілетті мемлекеттік органға жүгінген кезде қалаған тегін, әкесінің атын мемлекеттік немесе орыс тілінде көрсете отырып, еркін нысанда өтініш бере алатындығы «Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен босқын куәлігін ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы №852 қаулысының 33-тармағында айтылған.
Демек, осыған сәйкес, текті қазақшалағанда азаматтың тегі мен әкесінің атының түбір негіздері сақтала отырып, қазақ тіліне тән емес аффикстер алынып тасталады, онымен бір мезгілде әкесінің атын жазу кезінде қазақ тіліне тән емес аффикстердің орнына әкесінің есіміне адамның жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» деген жалғау жалғанады. Өтінішке мына құжаттардың бірі қосымша беріледі: туу туралы куәлік (жеке басты куәландыратын құжаттарды алғаш рет алған кезде) және ауыстыруға жататын жеке куәлік, паспорт.
Тектері мен әкесінің атының жазылуы қазақ халқының қалыптасқан дәстүрлеріне сәйкес өзгертілген ұлты қазақ адамдар өтініш білдірген жағдайда, паспорттар мен жеке куәліктерді олардың бұрынғы тектері мен әкелерінің аттарын ұсынылған туу туралы куәліктерге сәйкес бұрынғыдай жаза отырып ресімдеуге болады. Сонда байқасаңыз, тегіңізді ауыстырар кезде, сізге керек болатын құжаттар, ол жеке куәлігіңіз бен паспортыңыз ғана. Ал қалған құжаттарыңызды, яғни туу туралы куәлігіңіз, диплом, неке куәлігіңізді, т.б. ауыстырудың қажеті жоқ. Себебі компьютерде тегіңізді ескіше теріп қараса да, жаңаша жеке куәлік бойынша қараса да бір ЖСН (ИИН) шығып тұрады. Сол ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) арқылы оның қай жерде де бір адам екені дәлелденіп тұрады. Ал мерзімі аяқталған құжаттарыңыз болса (жүргізуші куәлігі, т.б.), оларды сол мерзімі біткенде ауыстырған жөн.
Кәмелет жасына толмаған балалардың құжаттарына келетін болсақ, оның туу туралы куәлігінде, баланың тегі, мәселен, сіздің ескіше тегіңізбен тіркелген болса, оны ауыстыруыңызға да еш қиыншылық жоқ. Заң бойынша, «Неке (ерлі-зайыпты) және отбасы туралы» кодекстің 64-бабына сәйкес ата-ана екеуі де тегін өзгерткен кезде кәмелетке толмаған балалардың да тегі өзгереді. Бала он алты жасқа толғанға дейін ата-аналарының бірлескен өтініші бойынша тіркеуші орган баланың мүдделерін негізге ала отырып, баланың атын, сондай-ақ оған берілген текті ата-анасының екіншісінің тегіне өзгертуге рұқсат береді.
Ал дайын құжаттардың берілу мерзіміне келсек, жоғарыда аталған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 852 қаулысының 5-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі ресімделген күннен бастап жеделдетілген тәртіппен Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында – бір жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында – үш жұмыс күніне дейін, облыстардың аудандары мен қалаларында – жеті жұмыс күніне дейін беріледі.
Дайындаған Александр ТАСБОЛАТ,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/