Некенің бұзылуына не себеп?
Бұрын соңғы он жылда «әрбір үшінші неке бұзылды» деп байбалам салып келсек, кейінгі бірнеше жылдың көлемінде әр екінші ерлі-зайыпты бір-бірінен ат құйрығын кесісіп жатқанын көріп отырмыз. Егер 2007 жылы ажырасулар саны 36 мың болса, 2017 жылы 54 мыңға жеткен. Мәселен, неке ісімен айналысатын заңгерлер өз тәжірибелерінде 2 ай ғана тұрып ажырасып отырғандардың мысалын алға тартуда.
Осыншама отаудың шаңырағы неге шайқалды деген сұраққа отбасылық мәселемен айналыспайтын жандар да жобалап жауап бере алар-ау. Дегенмен ғалымдар соңы міндетті түрде ажырасуға апаратын 13 түрлі себепті атайды. Осы тақырыпты шама-шарқымызға қаузап жүрген біздің білгеніміз, шындап келгенде ажырасудың 100 түрлі және жалғыз себебі бар дер едік. Сонымен…
Шаңырақтың шайқалуынан бала зардап шегеді
Статистикаға сүйенсек, көбінесе ажырасуға 5-10 жыл бірге тұрған, 30-34 жас аралығындағы ерлі-зайыптылар барады. Он шақты жыл бірге тұрғандардың арасында әрине, бала болатыны белгілі. Алайда, осы аралықта олардың бір-бірінен көңілдері қалып, бірге құрған қиялдарының кемесі күйрейді. Психологтардың айтуынша, әр 10 жыл сайын туындайтын мұндай отбасылық дағдарыстарды жеңуге бүгінгі адамдардың жігері жетпей жатыр. Бірақ өмірдің қиын-қысталаң кездерінде, қайран біздің арды ойлаған әке-шешелеріміз, бір-біріне сүйеу болып, жұбайлық өмірдің барлық тауқыметін жеңген жоқ па еді?!
Осы мәселеде Статистика комитеті ұсынған кестелерге көз салсақ, ауылдық жерлерге қарағанда, қала тұрғындары арасында ажырасулар екі есе көптігін байқаймыз. Сонда ауылдағылардың өмірі қаладағылардың тұрмысынан жақсарып кеткені ме?! Бұл жерде мамандар қалалықтардың ішкі еркіндігі әлдеқайда жоғары екендігін алға тартады. Ажырасуға бел байлаған қалалықтар миллион халқы бар мегаполиске сіңіп, жеке өмір сүрудің жүз түрлі айласын біледі. Ал әлі де «Ел не дейді? Ағайын-туыстан ұят болады» дейтін ауылдың жайы белгілі.
Бірақ не десек те, шаңырақтың шайқалуынан алдымен зардап шегетін бала. Мәселен, 2018 жылы жеті айда 32 мың адам ажырасса, оның 19 мыңында бала бар. Сирек жағдайда ерлі-зайыптылар бір перзент үшін ажырасуға мәжбүр болып жатса, көп жағдайда кетісетін жұптарды бірнеше баласы да ұстап қала алмай отыр.
Дегенмен мына бір дерекке көз салайықшы, заңгерлер соңғы жылдары ажырасып кеткеннен кейін балаларын өзі бағуға тырысатын әкелердің саны ұлғайғанын алға тартады. 2000-2010 жылдары бұл көрсеткіш 30-40% болса, қазір − 70%.
Мамандар айтпаса да, әке-шешесінің ортасында әрі-сәрі болып қалған бала өмір бойы әкесін немесе шешесін сағынумен, іздеумен, өкпелеумен өтетінін, өмірлік психологиялық зардап шегетінін әркім біледі. Және жартылай жетімдіктің синдромы бала өскенде де қыр ізінен қалмайтынына сеніңіз.
Әрине ажырасулардың түрлі себептері болғанымен қатып қалған бір сценариі жоқ. Мына бір жағдайға қараңызшы. Біраз жыл бұрын күйеуінен кетіп қалған бір танысымыз, араға алты жыл салып қайта қосылды. Бұл оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай. Баласы тілі шығып, құлдыраңдап жүгіре бастағаннан-ақ, әкесін сағынып, ауладан әрі-бері өткен ер-азаматтарға қарап отырады екен. Түсі жылы, жақсы киінген, жібі түзу бір адам көріп, ол жылышырай қабақ танытса болды: «Сіз менің әкемсіз бе?» деп сұрайды…
Баласының мұндай қылықтарын үнемі сыртынан бақылап отырған анасы ақыры жүрегі шыдамаған болу керек, ұлы үшін бұрынғы күйеуінің барлық кемшіліктері мен қылықтарын кешіруге мәжбүр. Дәл осы оқиға біздің әрқайсысымызды ойлантуы тиіс.
Дегенмен бала бір ғана жағдайда ата-анасы ажырасқанда бақытты бола алады. Бұл әке әйел мен бала-шағасына зәбір көрсетіп, қорғаудың орнына қорлап отырса. Үйден ішкілікке салынған, жатыпішер жаман еркек кеткенде отбасының бүкіл қасіреті де қоса кететіндігін жоққа шығаруға болмайды.
Түсінісу теоремасы
Қарап отырсақ, Батыс Қазақстанға қарағанда, Қарағанды облысында ажырасу жиі кездесіп отыр. Қазағы қалың Түркістан облысында да салыстырмалы түрде неке бұзып отырғандар көрсеткіші төмен болғанымен, салт-дәстүрге берік деген өңірлердің өзінде де ажырасу тыйылмай тұр.
Осы арада ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырған әке-шеше бір кемшілікті мойындағаны жөн болар. Жүз жерден өмір өзгерсе де, бірінші кезекте ер балаларды жұбайлық өмірдің жауапкершілігіне тәрбиелеу жетіспей тұрғаны білінуде. Ер-азаматта иман, жауапкершілік, отбасын өзі сүйреуге деген құлшыныс болмай, оның беделі де, сыйы да болмайды. Керісінше әлі де таптаурын түсініктерден арылмаған қоғамның адамы қызы бойжеткеннен күйеуге шығу керектігін, ұл есейсе үйлену қажеттігін құлаққа құйып отырудан шаршамайды. Ал өмірлік жар таңдау мамандық таңдаудан да маңыздырақ екендігін бірінші рет айтып отырған жоқпыз. Ал мінез-құлықтың сәйкессіздігі, әлеуметтік теңсіздіктер уақыт өте келе өз дегенін жасатпай қоймайды.
Қулық-сұмдықтан ада, адам танып үйренбеген жас адам өзіне бірінші кездескен, көңілін бөліп, жылы сөздерін аямаған жанды махаббат деп біледі. Шын сезім мен сол адамға бауыр басып қалудың арасын ажырата алмайды. Осындай жағдайда «қашан күйеуге тиесің», «қашан үйленесің» деп құлақтың етін жейтін айналаға өзінің де біреуге керек екенін дәлелдеу үшін үйлене салып, үй бола алмай жатқандардың үлесі аз емес.
Мәселен, өткен жылы ер-азаматтар арасында неке құрғандардың орта жасы – 29 болса, әйелдер арасында – 26 жас болды. Еліміздегі былтыр неке құрғандардың ең жасы 16, ең ересегі 90 жастағы қария 87-ге келген апамызбен неке қиды.
Ең бастысы, біреуді біреуге күштеп қосып отырған қоғам жоқ. Қазір әлемде ажырасу жағынан Португалия алдына ешкімді салмай тұр. Бұл елде ажырасу көрсеткіші 67 пайызға жеткен. Олардан венгрлер мен испандар да қалыспайды. Бұл статистиканы АҚШ, Аустралия мен Канада елдері жалғастырады. Жаһан болып жүргізіп отырған көптеген сауалдамалар ажырасуға түрткі болған ең басты үш себепті атап отыр. Бұл: қаржылық қиыншылықтар, зина жасау мен жыныстық қарым-қатынас мәселелері. Ал ТМД елдерінде ажырасу жөнінен Ресей, Украина мен Қазақстан көш бастап тұр.
Бірақ қазақстандық психологтар бірінші кезекте ажырасуға бел байлаған жұптардың жиі кездесетін мәселесі түсініспеушілік, бірінің сөзіне бірі құлақ аспауы, қателіктерін мойындамау, кешіріммен қарау жоқтың қасы екендігін алға тартады. Қысқасы, қалайда жеңілмеймін дейтін жалған көкірек.
Әйтпесе «коммуналкада» тұратын көршілер сияқты татулығы таусылған жұптар да жетеді. Мысалы, отбасылық психологтар айғайласып, бір-біріне өкпе-ренішін ақтарып тұратын жұптарға қарағанда, айлап-жылдап бір біріне тіл қатпай теріс айналып жататындар түбінде ажырасып тынатындығын айтады.
Не десек те, бүкіл тіршіліктің тұтқасын отбасы татулығы мен ұрпақ жалғастығы ұстап тұрғанын санасы ояу жандардың бәрі де сезеді. Өмірдің түпкілікті қазығы да шаңырақтың шаттығына екеуара түсіністікке байланған.
Сөз соңында айтарымыз, ажырасу мәселесі – мәңгілік тақырып. Жоғарыдағы жанымызға бататын статистиканың бір бөлігін мүлік жасыру үшін, жеңілдікпен пәтер алу мәселесіне қатысты жалған ажырасулар құрайды. Оның да өз кілтипандары бар. Бұл тақырыпқа арнайы ораламыз. Сол сияқты бір-бірінен ат құйрығын үзіскен жұптардың 30 пайызы 18+ дейтін «жабық тақырыптың» айналасындағы әңгімелерге өзек бола алады.
Жалпы, ажырасып кеткендердің қуанатындарына қарағанда, кейін өкінетіндері әлдеқайда көп екен. Қысқасы, ажырасуға асықпайық. Шын мәнінде ажырасу қажет болса, қай кезде де үлгеруге болар. Ал үй болу қиын…
Сарапшы сөзі
Сергей ЖҰМАБЕКОВ, адвокат:
Ажырасуға шешім қабылдағандардың көпшілігі тұрмыс қиыншылығына шыдамағандар. Жастар үйленген соң үйлі-күйлі болудан, бақытты өмірден үміттенеді. Содан кейін табыстың аздығы, несие, қарыз қажыта бастайды. Ұрыс-керіс, бір-біріне деген көңіл толмаушылық, айыптаулар басталады. Сосын ерлі-зайыптылар сырттан «жақсы әйел» немесе «жақсы еркек» іздей бастайды. Осының бәрі жинақтала келе некенің бұзылуына дейін жеткізіп отыр.
Екінші басты себеп, ішімдікке салыну, құмар ойындары мен есірткі тұтыну ажырасуға алып барады. Өз тәжірибемде осы екі мәселе бұзылған некелердің 90 пайызын құрайды.
Нұрбол БАТЫРБАЙ, заңгер:
Неке бұзу үдерістеріне қатысты тәжірибелерден түйгенім, бастапқыда бәрі ұсақ-түйектен басталады. Ерлі-зайыптылардың салт-дәстүрге түсініктерінің бөлектігі мен жаңадан қосылған жастардың өміріне ата-аналарының килігуі сынды болып келеді.
Көп жағдайда ер адам әйелінің, әйел ерінің алдындағы міндеттерін дұрыс атқармайды. Бірақ ажырасудың басты себебі жұмыссыздыққа барып тіреледі. Одан кейінгі орында тәрбие мәселесі тұр.
Жұмыссыздықтан туындайтын жатыпішер жалқаулық, маскүнемдік кез келген әйелдің ығырын шығарып, бала-шағасының төзімін тауысады. Бірақ қазір маскүнемдікке жиіркене қарайтындай кезеңге жеттік қой.
Ажырасу жағынан үшінші орында мінез-құлықтың үйлеспеуі тұр. Ерлі-зайыптылардың төсекте жараспауын біз осылайша мәдениетті түрде жеткіземіз. Мұндай жағдайда заңгерлерге емес, психолог, сексопотологтардың көмегіне жүгінген жөн.
Айгүл АЛТАЙҚЫЗЫ, психолог:
Көбінесе психологтардың қызметіне әйел адамдар жүгінеді. Ажырасу үшін де бірінші арыз беретіндер – әйелдер.
Әйел деген ер-азаматы қолдаса, жылулығын аямаса кез келген қиыншылықты жеңе алады. Керісінше көп жағдайда ер-азаматтарымыз дөрекілікке, зәбір көрсетуге бейім. Әйел – өте сезімтал, нәзік. Онсыз да мойнында тұрмыстың ауыртпалықтары бар. Мұндай жағдайда ер-азаматы қолдап, жылы сөзімен аялап отырмаса, әйелдер түрлі күйзеліске ұшырайды.
Мәселен, менің алдыма ажырасудың алдында тұрған адамдар келеді. Көбінесе әйелдер босанғаннан кейін жыныстық гормондарында үлкен өзгерістер жүріп, өте ашушаң болып кетеді. Ұйқысы қанбайды. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Осындай психологиялық күйзелістер кезінде ер-азаматтар жұбайының жағдайына түсіністікпен қарап, осы кезеңнен алып шығудың орнына ұрыс-керісті ұластырып, қол көтеруге дейін барып, аралары суып кетеді. Бақуатты ерлі-зайыптылардың ішінде де ажырасып отырғандар бар.
Қандай қиындық болса да некелерді құтқаратын жылы сөз бен түсіністік.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ
Дереккөз: http://egemen.kz/