Аралас мектеп мәселесі алаңдатады
Аралас мектеп мүддесі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін «Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы», деп атап көрсеткені мәлім. Кейбір ұлт зиялыларының пікірінше, ана тіліміздің тынысы ашылып, өрісінің кеңеюіне кедергі келтіріп тұрған бір тосқауыл – осы аралас мектептер. Аралас мектептердегі тілдік ахуал осы сөзімізге дәлел бола алады. Ең алғашқы аралас мектеп ХІХ ғасырда Перовскіде ашылған. Сырдария губернаторы орыс-түзем мектебіндегі орыс тілін меңгеріп жатқан қазақ балаларын бақылауға келгенде тапсырманың орындалып жатқанына қанығады. Ал сыныптан шыға сала бір-бірімен қазақша шүйіркелесіп жүрген балаларды көргенде көңілі көншімепті. Кейін қарадомалақтарға орыс балаларды қосады, отаршыл губернатор ойын осылай іске асырыпты. Бұл тарихтың түп-төркініне М.Мырзахметұлы «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген сауалға жауап іздегенде және осы атпен шыққан кітабын жазғанда жолыққан. Аталған тақырыпты көп көтерген ғалымға хабарласқанымызда «Аралас мектеп – отарлық саясаттың классикалық түрі», деп түйіндеді.
Оңтүстікте маман, солтүстікте орын жоқ
Көкшетау қаласындағы аралас мектептің ақиқаты туралы оқығанда таңғалғанымызды жасырмаймыз, тәуелсіз мемлекет болғанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, Көкшетауда жаңадан бірде-бір қазақ мектебі салынбаған көрінеді. Балаларын қазақ тілінде оқытқысы келетін ата-аналар аралас мектепті қанағат тұтқан. Тек былтыр ғана жаңадан қазақ мектебі салынып, осыны қосқанда мемлекеттік тілде білім беретін мектеп саны 4-ке жетті. Онда 4105 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал қаладағы 20728 оқушыға білім беріп жатқан аралас мектептің саны – 21. Ондағы оқушылар үшін қазақ тілі тек 45 минуттық тіл екенін бұдан бұрын да сөз еткенбіз. Балалардың қазақ сыныбына барса да қазақшаға шорқақ екенін көзіміз көрді. Сонда мұндағы таза қазақ тілді балалар саны бес есеге аз болып шығады.
Мәселеге тереңдеу мақсатында Көкшетаудағы №1 мектеп гимназиясына хабарластық. Аралас мектеп өкілінің мәліметінше, 67 сыныптың 20-сы қазақ тілінде білім береді, қалғаны орысша. 1883 баланың 483-і қазақ сыныптарында, 1400-і орыс сыныптарында екен. Енді қараңыз, мектеп 836 орындық, ал қалған 1047 бала қалай оқып жатыр? Сөйтсек, екінші бір мәселенің тиегі ағытылды: үш ауысыммен оқиды екен. Міне, аралас мектептегі сыныптарды оқыту тіліне қарай екіге бөліп, таза орыс не қазақ мектебі етуге тағы бір себеп бар.
Айтпақшы, осы өңірдегі білім басқармасының ақпаратына сенсек, Көкшетауда бірде-бір орыс мектебі жоқ екен. Бұл қуантарлық па? Асықпаңыз, оның орнын аралас мектеп басқан ғой, бұл – екі ғасыр бұрынғы отарлаудан кейін отарсыздандыру саясатының орындалмағанына дәлел.
Енді 99 пайыз қазақы ортаға ойысайық. «Корейлер мен немістері де қазақша сайрайтын Қызылордаға аралас тілді мектептің қажеті қанша?» деген қисынды сұрақ ойға келеді. Облыстағы 293 мектептің 262-сі таза қазақ тілінде білім береді. Көңіл қуантады. Ал 4 орыс тілді, 27 аралас мектеп бар екен. Қалалықтарда ғана сұраныс бар болар десек, қателесіппіз. Шиелі ауданындағы №127 мектеп-лицей директорымен сөйлестік. Аралас мектептегі 77 сыныптың 12-сі орыс тілді. 906 оқушының ішіндегі 691 қарадомалақпен бірге корей, тәжік, татар, украин, чуваш, армян, әзербайжан, осетин балалары да бар. «Қазақтар балаларын неге орыс сыныбына береді?» деген сұраққа білім ордасының басшысы Гүлшара Бердалықызы: «Ата-аналар мектепті де, тілді де, сыныпты да емес, мұғалімді таңдайды. Қайда үздік ұстаз бар, сонда береді. Қалғаны екінші орында», деп жауап берді. Оның айтуынша, орыс сыныптарына сабақ беретін маман жоқтың қасы. Осы мәселені шешу үшін зейнеттегі мұғалімдерді шақыртып немесе екінші бір білім мекемесінен алдыртып оқытады екен. Және бір назар аударатын нәрсе, орыс сыныптарында оқушылар саны аз, 6-сыныпта 7 бала болса, 8-сыныпта 4 бала ғана. Мінекей, аралас мектептегі сыныптардың ара-жігін ажыратуға екінші себеп.
Аралас мектеп мәселесінде тағы бір түйткіл бар. Астанадағы бір мектептің ата-анасы былтыр 5-сыныптар арасында екі жақ боп төбелескенін айтты. Мектеп директоры бұл жайтты жоққа шығарып отыр. «Жалған ақпар құлағыңызға жеткен», дейді. Алайда, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Олардың нені бөлісе алмағаны белгісіз, бірақ бір анығы – орыс сыныптары мен қазақ сыныптары болып бөлінуі. Бірінен-бірі артықпын деуі немесе кемсітуі, екінші тараптың намыспен тартысуы осындай ушыққан оқиғаға алып келген. Ата-аналар араласып жүріп әзер басылған. Бұл не? Этносаралық кикілжіңнің мектепішілік түрі ме? Олай дейін десең, орыс сыныптарында қазақ балалары да бар емес пе? Демек қазақ балалары бір-бірімен өзгенің тілі үшін төбелесіп жүр деген сөз ғой. Сонда ұлт ішінен ұлт жасап жүрміз бе?.. Меніңше, осы себептің өзі екі ғасыр бұрынғы солақай саясаттың ұлт болашағына зияны тигізетінін бағамдап, түбегейлі шешім шығаруға жетіп жатыр.
Не кедергі?
Әлбетте, әр адамның қай тілде білім алуын шешу өз еркінде, оны шектеуге болмайды. Сондықтан өзге тілді мектептерге мүмкіндік те бар. Мәселе, аралас мектептердегі қазақ және орыс сыныптарын ажыратып, бірыңғай орыс не қазақ тілді мектепке айналдыруда болып тұр. Бұл мәселе қанша жылдан бері көтеріліп келе жатса да шешімі табылмауына не кедергі?
Осы сұрақпен Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің атына хат жаздық. Министрліктің мәліметінше, республикадағы мектеп оқушыларының 66 пайызы қазақ тілінде оқиды. Ал аралас мектептер желісінің сақталуына үлкен қалаларда қазақ тіліндегі оқушылар санының үздіксіз көбейіп, сәйкесінше орыс тілінде білім алушылар санының кемуі себеп екен. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқушы орны жеткіліксіз болғандықтан, орыс тілді мектептерде қазақ тілінде білім беретін сыныптар ашылуда деп түсіндірді.
«Соңғы бес жылда қанша аралас мектеп біртілді мектепке айналды?» деген сауалымызға министрліктің тиісті мамандарында жауап жоқ. Аралас мектептен біртілді мектепке айналдырудың критерийлері қандай екенін де тап басып айта алмады. Тек, тілге тиек ететіні – 2014 жылы 2100 аралас мектеп болған, оның саны бүгінде 54-ке азайғаны. Онда қазақ мектептерінің саны көбеюі керек қой? Бес жыл бұрынғы ақпаратты ақтардық. Ақпараттық-талдау орталығының зерттеуінше, 2014 жылы 3794 қазақтілді мектеп болған, бұл бүгінгімен салыстырғанда 45-ке аз. Сонда қалай?..
Бұдан бөлек, жауап хатта «Тіл туралы» заңды алға тартқан, ондағы 16-бапта: «Қазақстан Республикасы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бiлiмдi мемлекеттiк тiлде, орыс тiлiнде, ал қажетiне қарай және мүмкiндiгi болған жағдайда басқа да тiлдерде алуды қамтамасыз етедi», делінген.
Ал осы мәселеде талай есіктің табалдырығын тоздырған ғалым М.Мырзахметұлының айтуынша, аралас мектеп мәселесін түбегейлі шешуге еш кедергі жоқ. «Бұл биліктегі атқамінерлердің батылсыздығы ғана. Әйтпесе тәуелсіз ел болғанымызға қанша уақыт өтті? Дәл қазір бұған қарсы келетін ешкім жоқ», дейді ол.
Солтүстік аймақтардың аралас мектептерінде орыс сыныптары, соған сәйкес оңтүстік өңірлердегі аралас мектептерде қазақ сыныптары көп екені мәлім. Осыны ескеріп, еліміздегі барлық аралас мектептердің жартысы орыстілді деп есептесек, таза орыс тілінде оқытатын мектептердегі 378 735 балаға аралас мектептегі барлық 1 324 074-тің жартысы, яғни 622 037 оқушыны және басқа тілде оқытатын мектептердегі 15 216 білім алушыны қосайық, сонда еліміздегі шамамен 1 млн 55 мың 988 бала мемлекеттік емес тілде білім алады. Ал осы балалар ертең өзге тілді орта қалыптастырмайтынына күмән қайсы?
Елбасы 2012 жылғы Жолдауында: «2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады», деген еді. Белгіленген уақыт болса, ендігі 11 айда келе қояйын деп тұр. Ал біз аралаған аралас мектептердегі оқушылардың «орысшалануымен» Президент тапсырмасын орындаудың ауылы алыс секілді.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/