Сенат бірқатар үкіметаралық келісімді ратификациялады

0

Сенаторлар Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы көші-қон саласындағы үкіметаралық келісімді ратификациялады.

2018 жылғы 14 наурызда Астанада қол қойылған Келісім көші-қон саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін жасауға бағытталған. Құжат көші-қон үдерістерін, пана және азаматтық ұсыну тәртібін, заңсыз көші-қонмен күресуді ұйымдастыруды реттейтін болады. Келісімдегі бір тарап азаматтарының екінші тараптың азаматтығын қабылдау туралы ақпарат пен мәліметтерді өзара алмасу қарастырылады. Келісімге қатысушылар еңбек ресурстарын тарту саласындағы мемлекеттік органдар мен шаруашылық субъектілері арасындағы ынтымақтастық бойынша міндеттемелерді өздеріне қабылдайды.

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісім және осы келісімді іске асыру тәртібі туралы Атқару хаттамасы ратификацияланды.

Келісім және Атқару хаттамасы мемлекеттердің аумағына ұлттық заңнаманы бұза отырып кірген немесе онда жүрген адамдарды мемлекеттердің құзыретті органдарының беруі және қабылдауы мәселелері бойынша үкіметтер арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін жасауға бағытталған. Мемлекеттерінің аумағына келу, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан адамдарды анықтау және оларды қауіпсіз, реттеп қайтару үшін тиімді рәсімдерді айқындайды, сондай-ақ осындай адамдардың транзитіне ықпал етеді.

Отырыста Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Тәжікстан Республикасының аумағында және Тәжікстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы үкіметаралық келісім де ратификацияланды.

Құжат екі ел азаматтарының басқа тараптың аумағында 30 күнге дейінгі мерзімде міндетті тіркеусіз болу, сондай-ақ мемлекеттік шекарадан өткеннен кейін міндетті тіркеумен 90 күнге дейін болу мүмкіндігін қарастырады.

Сенаторлар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартпен қолданыстағы кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерінің мерзімін 2018 жылғы 12 тамызға дейін деп айқындаған болатын.

Осы Хаттамада қолданыстағы кедендік әкелу баждарының сомаларын (Армения Республикасы – 1,220 %, Беларусь Республикасы – 4,560 %, Қазақстан Республикасы – 7,055 %, Қырғыз Республикасы – 1,900 %, Ресей Федерациясы – 85,265 %) бөлу нормативтерін 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту көзделіп отыр.

Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді. Динар Нөкетаева қант диабетімен ауыратын балаларды қолдау қажеттігі; Әли Бектаев аграрлық сала мамандарын даярлау мәселелеріне қатысты; Сәуле Айтпаева саламатты өмір салтын насихаттау туралы; Еділ Мамытбеков қара және түсті металдарды жинауды ретке келтіру туралы мәселе көтерді.

Дереккөз: http://egemen.kz/