2018 жылы әлемде автократияға қарсылық күшейді

0

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Кеннет Рот 2018 жылы әлемнің көптеген елінде демократия қағидалары мен адам құқығын бұзуға қарсылық күшейгенін мәлімдеді. Бұл туралы ұйымның 17 қаңтарда жарияланған жыл сайынғы әлемдегі адам құқығының жай-күйі туралы есебінде айтылады.

HRW басшысының сөзінше, әлемде автократия шегіне жеткен сайын оған деген қарсылық та күшейіп барады.

«Әлемдегі автократтарға қарсылық күшейіп келеді» деген баяндамасында Кеннет Рот әлемде адам құқығын қорғаудың жүйелене бастағанын айтады. Оның сөзінше, бұл халықаралық деңгейде адам құқығын қорғау саласында жеткен табыстан және түрлі деңгейдегі азаматтық топтардың белсенділігі артқанынан байқалады.

Ол бұған мысал ретінде былтыр БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Мьянма, Сауд Арабиясы мен Венесэулаға «бұрын-соңды болмаған» қысым жасағанын және Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымның химиялық қару қолданғандарды анықтау мандатына ие болғанын келтіреді.

Ұйым басшысы бұған қоса Арменияны мысалға келтіріп, былтыр қоғамдық қысым мен сайлаудың автократиялық басқаруға тегеурін болғанын да айтады. Дегенмен, Рот Кеннет автократияға қарсылықтың барлық елде бірдей жеңіске жете бермейді деген пікір білдіреді. Ол Түркия мен Египет басшыларының «еркін ойлайтындар мен азаматтық белсенділердің үнін өшіруге талпынып, мыңдаған адамды саяси көзқарасы үшін» түрмеге жапқанын айтады. Адам құқығы жиі бұзылады деген Ресейде президент Владимир Путин «саяси оппозиция мен өзгеше ойлайтындарды басып-жаншуды» былтыр да жалғастырған.

Дереккөз: Азаттық