Түрмесі — «азап», белсендісі — «шектеулі» Қазақстан
29-рет жарияланған құжатқа 2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың қарашасы аралығындағы оқиғалар енген.
HRW ұйымы жылдық есебінің Қазақстанға қатысты бөлімі осы елдегі «нашарлап кеткен адам құқықтары саласында 2018 жылы анық өзгеріс болған жоқ» деп басталады.
Ұйымның есебінде Қазақстан жайлы айтылған негізгі деректер:
- Қазақстан билігі елде бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермей келеді. Бір адамдық пикетке шыққандарды ұстау жалғасты. Митингіге шықпақ болғандарды, ұйымдастырушыларды жаппай ұстады.
- Бірнеше белсенді түрмеден шыққанымен, саяси қудалау жалғасты.
- Ел билігін сынаған тіркелмеген ҚДТ қозғалысын сот «экстремистік» деп танып, оның қолдаушыларын қудалады.
- Түрмелерде сотталушыларды азаптау мен қысым жалғасты.
- Сөз бостандығының жағдайы жақсарған жоқ. Тәуелсіз журналистер қудаланып, кейбірі жұмысы үшін жауапқа тартылды.
- Ел билігі сайттар мен әлеуметтік желілерді бұғаттады.
- Елде мүмкіндігі шектеулі балалардың басым бөлігі орта мектепте оқи алмайды. Көбі арнайы мектептерде немесе үйде оқиды. Үйдегі білім сапасы нашар.
Ұйымның пайымдауынша, Қазақстан билігі «араздық қоздыру» бабын сылтауратып, елдегі белсенділерді жазалап жатыр.
«Қазақстан прокуратурасы 2018 жылдың алғашқы жартысында «араздық қоздыру» бабы бойынша 57 адам жауапқа тартылғанын хабарлады. Әлеуметтік желіде сыни посттар жазған шымкенттік белсенді Ардақ Әшімді сот мәжбүрлеп амбулаториялық ауруханаға жатқызу туралы шешім шығарды. Кейін сот Ардақ Әшімді босатты» деп жазды ұйым.
HRW жылдық есебінде павлодарлық белсенді Елена Семенованың «көпе-көрнеу жалған ақпарат таратты» деп үйқамаққа алынғанын, Страсбургке Еуропарламентке барарда елден шығарылмағанын да атап өткен.
Ұйым Қазақстандағы ұстаулар мен қамаулардың көбейгеніне алаңдайды. HRW есебінше, 2018 жылы наурыз бен қараша арасында елде экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын қолдады деп айыпталған 12 адам жазаланған.
Қазақстан билігі экс-банкир Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын «елдің конституциялық құрылымын күштеп өзгертуді насихаттайды” деп санайды. Ел прокуратурасы қозғалысты «экстремистік ұйым» деп таныған.
Human Rights Watch ұйымының мәлімдеуінше, 2018 жылы Қазақстандағы баспасөз еркіндігі тарыла түскен. Тәуелсіз журналистер қудаланып, кейбірі жұмысы үшін жауапқа тартылған.
«Алматы қалалық прокуратурасы Forbes және Ratel.kz басылымдарын «жалған ақпарат таратты» деп сотқа шағымданды. Қалалық сот арызды қанағаттандырып, Ratel.kz сайтын бұғаттады» дейді ұйым өз есебінде.
Ал Қазақстан соты Ratel.kz сайты тіркеу заңын бұзған деп есептейді.
HRW ұйымның жазуынша, Қазақстан билігі түрмедегі қысымды қолдамайтынын жиі айтады, бірақ «сотталушыларды азаптау елде қалыпты жағдайға айналған».
Құжатта: «Қазақстанда жұмысшылар құқығын қорғайтын кәсіподақтар жеке құрылымдарын өз бетінше анықтай алмайды. Кәсіподақтарда еркіндік жоқ. Кәсіподақ белсенділері Нұрбек Құшақбаев пен Әмин Елеусінов бостандыққа шыққанымен, кәсіподақ жұмысымен айналысуға тыйым салынды. Тәуелсіз кәсіподақтар ұйымын басқарған Лариса Харкова да кәсіподақ саласындағы қызметпен айналыса алмайды. Қазақстан билігі 2014 жылы кәсіподақтар туралы заңды өзгертуге уәде берген, бірақ заң өзгерген жоқ» деп көрсетілген.
Қазақстан елдегі және халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдардың сындарын жоққа шығарып келеді. Билік елде саяси тұтқындардың жоқтығын, рұқсат етілмеген митингілерде полицияның заңға сай жұмыс істегенін, адам құқығына қатысты халықаралық ережелерді сақтап отырғанын жиі айтады.
Халықаралық ұйым қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өтті деп айыпталған Сайрагүл Сауытбайдың ісін атап өткен.
«Қытайдағы саяси тәрбиелеу орталықтары туралы ашық айтқан Сайрагүл Сауытбайды Қазақстан соты елде қалдырғанымен, оған босқын мәртебесін бермеді» деп мәлімдеді ұйым.
HRW биылғы есебінде Қытайдың Шыңжаң аймағында аз ұлттарға, соның ішінде қазақ, ұйғырларға қысымның күшейгенін жазған.
Бас кеңсесі Нью-Йоркте орналасқан Human Rights Watch коммерциялық емес ұйымының дүние жүзі бойынша 400-дей тұрақты қызметкері бар. 1978 жылы құрылған адам құқықтарының ахуалын сараптау ұйымының жыл сайын жариялайтын есебін әзірлеуге құқық қорғаушылар, сарапшылар, заңгерлер журналистер мен академиялық зерттеушілер қатысады.
Дереккөз: Азаттық