113 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты
Қ. Өскенбаев атап өткендей, 2018 жыл тұрғын үй құрылысы бойынша табысты болды.
«2018 жылдың қорытындысы бойынша 12,5 млн м² тұрғын үй іске қосылды, ол өткен жылдың деңгейінен 12,1% жоғары. 113 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты», деп атап өтті вице-министр.
2018 жылы тұрғын үй құрылысына 1,2 трлн теңге инвестицияланды. Бұл 2017 жылдан 8,1%-ға артық. Инвестициялардың негізгі үлесін — 86% — жеке құрылыс салушылар мен халықтың инвестициялары құрайды. 1 теңгеге мемлекеттік қаражатқа 6 теңге жеке инвестициялар тартылды.
2018 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 12,1%-ға артты. Жеке тұрғын үй құрылысына инвестиция 459 млрд теңгені, көппәтерлі тұрғын үй құрылысына — 702 млрд теңгені құрады. Жеке инвестициялар есебінен 5,7 млн м² немесе 39 мыңнан астам жеке тұрғын үй, сондай-ақ 6,8 млн м² немесе 74 мыңнан астам көп пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйді пайдалануға берудің арту деңгейі республиканың барлық өңірлерінде байқалады.
2018 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру қорытындылары туралы айта келе, вице-министр бағдарламаның тұрғын үй құрылысына қайта инвестиция салу және қайтару тетіктерін қарастыратынын еске салды. Бұл бағдарламаны іске асыруға салынған ақша қайтарымды негізде елдің тұрғын үй құрылысына тұрақты түрде инвестицияланатынын білдіреді.
«7-20-25» бағдарламасының қабылдануына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бастап құрылыс алаңдарын инженерлік коммуникациялармен жабдықтауды қаржыландыру сомасы 80 млрд теңгеден 100 млрд теңгеге дейін артты.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйлерді қаржыландыру қарастырылған.
Қ. Өскенбаевтың айтуынша, «Сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысы» бағыты бойынша жыл сайын 25 млрд теңгеге дейін бөлінген. 2019 жылдан бастап қаржыландыру 35 млрд теңгеге дейін артты.
Әкімдіктер «Кредиттік тұрғын үй құрылысы» бағыты бойынша жобаларды қаржыландырады (револьверлік негізде). Жыл сайын тұрғын үй құрылысына 200 млрд теңге бөлінеді. Оның айтуынша, аталған бағыт аясында тұрғын үй құрылысы бұдан былай тек қана өсе береді.
«Нұрлы жер» бағдарламасының тағы бір бағыты аясында — «Жеке құрылыс салушылардың тұрғын үй салуын ынталандыру» — «Даму» банкі арқылы құрылыс компанияларының тұрғын үй құрылысына несиелерін субсидиялау қарастырылған. Сыйақы ставкасының 7% субсидияланады. Ал банктер болса 152 млрд теңгеге дейін қарыз берді.
««7-20-25» ипотекалық бағдарламасы мен «Нұрлы жер» бағдарламасы бір-бірін тамаша толықтыруда. Егер «7-20-25» бағдарламасы тұрғын үйді сатып алу үшін адамдарға қаражатқа қол жетімділік берсе, «Нұрлы жер» тұрғындарымызды қолжетімді бағамен пәтерлермен қамтамасыз етуге бағытталған», деді Қ. Өскенбаев.
Оның айтуынша, «7-20-25» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына түзетулер енгізілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша әкімдіктер салған тұрғын үйлерді «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына бір мезгілде іске асыру жүйесі қарастырылған.
«Егер 2017 жылы Қазақстанда 11 млн м² тұрғын үй салынса, 2018 жылы – 12 млн м² тұрғын үй салыды, ал 2019 жылы біз 13 млн м² тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін барлық алғышарттар бар. Олар жақсы сараптамаға негізделген. Менің ойымша, біз алға қойылған міндетті орындап шығамыз», деді Қ. Өскенбаев.
Дереккөз: http://egemen.kz/