Полемика клубы «Жеке басты жетілдіру тренингі…» фильмін талқыға салды

0

16 қаңтарда “Шындықты айтамыз” полемика клубы “Жеке басты жетілдіру тренингі…” фильмін тамашалап, талқыға салды.

“Жеке басты жетілдіру тренингі…” фильмі Данияр Сүгірәлиновтің “Кірпіштер 2.0” романының желісімен түсірілген. Фильм режиссеры – Фархат Шәріпов. Ол бұған дейін “Қызғылт қоян туралы ертегі”, “Жол”, “Өзгепланеталықтардың қатысы жоқ” фильмдерін түсірген.

Басты рольдерде Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов, Гүлжамал Қазақбаева, Филипп Волошин, Әсел Қалиева және Шәріп Серік ойнайды.

Бас кейіпкер Қанат – банк қызметкері. Ол ауру анасымен бірге тұрады, әйелі мен қызы одан бөлек  тұрады. Қанат қызықсыз жұмыс пен күнделікті тіршіліктен жалығып, “Жеке басты жетілдіру тренингіне” жазылады. Тренингке қатысып жүргенінде банкке оның Данияр есімді курстасы келеді. Екеуі бірге саунаға барып, көңіл көтереді. Көп ұзамай Қанат жаңалықтардан саунадағы қыздардың бірінің жоғалып кеткенін естиді. Әрі қарай ол қандай қадам жасайды? Режиссер бас кейіпкер арқылы бірнеше проблеманы көрсеткен.

Фархат Шәріпов
Фархат Шәріпов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Режиссер бұл фильмге жастардың аса қызыға қоймайтынын, сондықтан үлкен кассадан үмітті емес екенін айтты:

Мен үшін фильмнің нақты қандай тақырыпты қозғайтынын айту қиын. Мұны жай ғана адамдарды шабыттандыратын фильмдердің бірі ретінде қарауға болатын шығар. Мен үшін фильмнің қорытындысы, идеясы көрерменді ойландырғаны маңызды. Фильмнің атауындағы көп нүкте жай қойылған жоқ, өзінің атқарар белгілі бір функциясы бар. Алғашында фильмді “Дикра” деп атадық. Шынымен де Бірікен Араб Әмірліктерінде Dhikra деген әтір сатылады. Кейіпкерлердің бірі әтір атауын өзіне лақап ат ретінде таңдап алған. Қазақшаға аударғанда “Жад” деген мағына береді. Адамның есте сақтау қабілетінің өзгеріп отыратыны туралы айтқымыз келген. Кейін “Көшбасшы құпиясы” дегенге тоқтап едік, бірақ дәл сол уақытта “Көшбасшы жолы” фильмі шығып жатты. Сонымен қазіргі атауына келіп тоқтадық. Көп нүкте біздің белгілі бір мағына бергіміз келгеннен емес, бұл тақырыптың аясы кеңдігін білдіру үшін қойылды. Фильмді екінші рет тағы көрген дұрыс деп есептеймін. Сонда бүкіл элементті нақты бір картинаға тоғыстыруға болады, – деді режиссер.

Режиссерды жақсы танитын, бірге жұмыс істеген әріптестері фильмнен оның қолтаңбасын көргенін айтты. Сонымен бірге туындының фестиваль киносына қаншалықты жататынын сұрады:

Фильнің кинофестивальдердегі жетістіктері жаман емес. Былтыр XIV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестиваліне қатысып, қазылар алқасының арнайы марапатын және Netpaс жүлдесін жеңіп алдық. Сонымен бірге XXIII Халықаралық Пусан кинофестиваліне қатыстық. Біз “Жеке басты жетілдіру тренингі…” фестивальге арналған немесе тек прокатқа шығатын фильм деп қарамаймыз, – дейді Фархат Шәріпов.

Фото: Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Көрермен арасында фильмде уайымдап, жақтасып отыратын жағымды кейіпкердің жоғын айтып, пікір білдіргендер болды. “Туындының соңы да адамды тартпайды, ештеңеге үміттендірмейді”, – дейді олар. Бірақ кино саласында жүрген мамандарға “Жеке басты жетілдіру тренингі…” фильмі ұнады.

Диалогтар тура өмірдегідей. Біздің фильмдердегі актерлардың сөзіне сену қиын, кей фильмдерді қарап отырып, өмірде адамдар бұлай сөйлеспейді ғой деп ойлайсың. Актерлық құрам да өте жақсы. Маған фильм ұнады, – деді актриса Салтанат Наурыз.

“Жеке басты жетілдіру тренингі…” фильмін “Қазақфильм” киностудиясы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірген.

Еске сала кетейік, “Шындықты айтамыз” полемика клубы осыған дейін “Финансист”, Qarakoz, “Бизнесмендер” және “Балкон” фильмдерін талқылаған еді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz