6 миллион қазақстандықтың ипотекамен баспана алуына не кедергі? Жаңалықтарға шолу
Доллар екі теңгеге арзандады
Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сессиясында АҚШ валютасы 376,03 теңгеге бағаланды. Еліміздің валюта айырбастау бекеттерінде долларды сатып алу 375,5-376,5 теңге болса, 377-378 теңгеге сатылып жатыр.
Эксимбанк салымшылары қаражаттарын Қазпошта арқылы алады
«Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ны мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енді. Банктің 361 салымшысына Қазпошта «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының» қаражатынан 248,9 млн теңге қайтарылады. Өтініш қабылдау және өтемақы төлеу алты ай ішінде – 2019 жылдың 4-ші ақпанынан бастап 4-ші тамыз аралығында жүргізіледі.
6 миллион қазақстандыққа ипотекамен баспана алуға бұрын алған тұтынушы несиесі кедергі
Олардың бәрі айфон, тұрмыстық техника сияқты қажеттіліктеріне екінші деңгейлі банктерден кепілзатсыз қарыз алған. «Қазақстанның тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ Басқарма төрағасы Л.Ибрагимова ипотекаға өтініш бермес бұрын басқа банктерден алған несиелердің бәрін жауып тастау керек деп кеңес береді.
«Бірқатар ипотекалық бағдарламаларға қатысу үшін олар әуелі осы қарыздардың бәрін өтеуі керек. Өйткені олардың бәрі азаматтардың кіріс көздерінен шегеріледі, сәйкесінше ипотека алуға мүмкіндігін азайтады», – дейді ол.
«Күнделік» қосымшасына кіру –ақылы
Ата-аналарға мектептегі баласының оқу үлгерімін тексеру үшін айына 299 теңге немесе жылына 2690 теңге төлеу керек. «Күнделіктің» құрылтайшысы М.Ілиясовтың айтуынша, қызметке компьютерден кіру тегін. Ақы мобильдік қосымша үшін ғана төленеді.
Білім және ғылым министрлігіндегілер әу баста барлық ата-ана электронды күнделікті тегін пайдаланады деп мәлімдеген.
Қызылша ауруы Атырау облысында да өршіп тұр
Қазірге дейін 40 адамның ауырғаны белгілі болды. Олардың басым бөлігі — ауруға қарсы екпе алмаған балалар. Қазір ауырғандардың 4-уі жан сақтау бөлімінде жатыр. Сала мамандарының айтуынша, соңғы екі жылда өңірде қызылша ауруымен ауырған бірде бір адам тіркелмеген.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Еліміздегі ең жас көпбалалы ана Шымкентте тұрады. 26 жастағы Ж.Тұрғынованың 7 перзенті бар. Ол 2007 жылы 17 жасында тұрмысқа шыққан. Күйеуі өзінен екі жас үлкен. Қазір 4 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптының тұңғыштары 9 жасқа толып отыр. Ал, сүт кенжелері сегіз айлық. Жас аралықтары 1 жас бір айдан басталады.
Baq.kz: Мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар тегін психологиялық көмекке онлайн жүгіне алады. «Азаматтарға арналған үкіметтің» әлеуметтік сала бойынша кеңес беретін 1411 тегін нөміріне қоңырау шалу арқылы психологиялық көмек алу кезегін брондайды. Хабарласқандар онлайн көмек алу уақытын белгілеп, кезекке тұрады. Медицина университетінің мамандарымен байланыс «Skype» бағдарламасы арқылы жүзеге асады, ол үшін белгіленген уақытта krmu1411 аккаунтына онлайн қоңырау шалу қажет.
Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:
Facebook | Instagram | Telegram
Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter
Дереккөз: https://informburo.kz