Балдырғандарды Маша мен Нюша тәрбиелей ме?
Гаджет тәрбиелеп жатқан кішкентайлар да оны тіптен жатсынбайды, еңбектемес бұрын планшетке елітіп, сондағы мультфильмдерге алданып уілдейді. Бірақ бара-бара сол уілдің де үні өзгеретін түрі бар тәрізді. Біздер оны аңдап, лайықты мультфильмдерді түсіріп, оларға ұсынғанымызша көрші елдер бала қиялына қажеттіні әлдеқашан сайлап, әлеумет қолданатын желілерге салып та қойған.
You Tube желісінде «Малышарики» атты ең кішкентайлар үшін деп басталатын әрқайсысы 150 серия шамасында және үсті-үстіне қосылып жаңаланып тұратын, содан бірте-бірте жас ерекшелігіне байланысты өзгеріп отыратын тұтастай мультфильмдер сериясы бар екен. Бұлардағы кейіпкерлер кім дейсіз ғой? Құйтақандай бес домалақ, бес дос. Ішіндегі ең ғажабы Нюша атты торайқыз, оған жарбақтап, айтқанын екі еткізбей орындап жүретін Көжек пен Қошақан, қолынан көп нәрсе келетін, кейде басқалардың бойы жетпей қалған жерге өрмелеп шығып кететін Пандақыз және қай-қайсысына көбіне ұнай бермейтін Кірпі баласы бар.
Байқап отырғандай Нюшенькаға шық жуымайды, қолдарынан жетелеп, жөн көрсетіп, бес дос ойын ойнаса да әрқайсысына рөлін бөліп беріп, қамқор болып жүрген Нюша, әрине сүйкімді. Көріп отырған кішкентай тілі шықпай жатып торайға елтиді. Ал кейде өз дегенімен қырсығып қалса да Нюшаны тастамайтын, әрдайым Нюшенька деп жүретін Көжек пен Қошақанның кімдер екенін пайымдап отырған боларсыз? Панданы да табу қиынға соқпайды, қажет болса медицинасын алға тосатын Еренқабырғаның ар жағындағы көршіні көзге елестетеді. Айтқандай мультфильмде Пандақыз дәрігер рөліне тез түсе қалады. Кірпіні де оңай тануға болады. Көбіне Қошақанға бүйрегі бұрып, Пандақызға алаңдап, сонымен үндес шығып қалып жататын Нюшаға қырын қарайтын кім екені де белгілі. Кішкентайларға арналған қарапайым мультфильмнің өзінде қаншама саясат жатыр десеңізші?!
Мақтауға тұрарлық дүние емес пе? Сана жауланса алынбайтын қамал бар ма, әрине еңбектемей жатып жөргегінен сондай ой сіңіп, Нюшаны әспеттеп өскен балаң мен немерең ертең өзге тілде сөйлеп, өзгенің жыртысын жыртып, намысын қорғаса оған кім кінәлі? Сүйкімді Нюшаны жақсы көріп өскен бала әсте одан бой тартар ма? Сондықтан еліміздің ертеңі – балдырғандарға дұрыс мультфильм түсіріп бере алмай жатқан өзімізді кінәламасақ кімге өкпе артамыз?
Рас, біздің елімізде де талпыныс бар, жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге келмес. Бірақ ол бірізді емес және бесіктегі баланы елітіп әкететіндей әр жастағы баланың психологиясы ескеріліп түсіріле бермейді. Сондықтан ата-ана лажсыздан Нюшаның көмегіне жүгініп, баласын сонымен тәрбиелеп жатыр.
Өткенде үйдегі кішкентайлар бірнеше мультфильмге барып келді. Алғашқысы «Ральф интернетке қарсы» мультфильмін көріп сондай қуанып қайтты. Ертіп барған ата-анасы: «Аудармасының тілі өте жатық, әрі қазаққа өте етене екен. «Ebau» аяқ- астынан Ойбайға айналып шыға келгенде күлкіден өлдік деп» үлкендерге дейін риза болды. Ал «Күлтегін» кішкентайларға арналмаған, сәл ересектерге бағытталған тәрізді, сосын әу дегендегі музыкасының өзі бала қиялына лайықталған деп айта алмайсың. Ауырлау, кішкентайларды еліктіретін мультфильмдерді әлі түсіре алмай жатырмыз. Өткендегі Ральфтің музыкасы да, динамикасы да, бояу, түстері де қандай? Баланы еш жалықтырмайды, негізі осы мультфильм біздің ақсап жатқан тұсымыз-ау», деп келді.
Кинотеатрға бармасам да оларға уәж айтпаққа You Tube желісінен мен де кіріп көргенмін. Балалар айтса айтқандай «Күлтегін» негізінен мектеп жасындағы балалар түсінігіне лайықталған туынды екен. Ал сонда кішкентайларды қандай мультфильмдер тәрбиелемек?
Мектеп жасына дейінгілер үшін сәтті шыққан отандық мультфильмнің бірін «Қошқар мен теке» деп есептеймін, алайда ол да дәл кішкентайлар үшін емес және оның өзі бас-аяғы 10 серияға жетпей, жалғасын таппастан үзіліп қалды. Есесіне тілі енді-енді шығып келе жатқандарды үлкеннің ығырын шығаратын, тілазар Маша қыз тәрбиелеп жатыр. Ана Машаның істегенін көрген бала ата-әжесіне соны қайталаса не болдық? Баламен бірге көріп, Машаның жаман қылығын айтып отырмасаң, көз жұмып Маша иелігіне балдырғанды беріп қою нағыз өзің отырған ағаштың бұтағын кескенмен бірдей-ау.
Ертеңгі күні Маша мен Нюша тәрбиелеген бала қазақ емес, басқа болып шықса өз обалымыз өзімізге болып шықпақ?!.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/