Ахмет Байтұрсынұлы, адамдық диханшысы эссе
Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ — қорға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың.
Ахмет Байтұрсынұлы
Рухани кеселден кім емдейді?
Отаршылдық. Қазақы ұғымы — «құлдық», «құл болу». Қазақ тарихындағы ең ауыр кезең; сүйекке таңба, көңілге дақ түсірген қасіретті кезең. Қазақ мемлекеттігінің жаңа тарихындағы Алаш орда үкіметінің рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлын ашындырып, қолына қалам алдырған басты себептердің бірі де бірегейі — туған халқының адам төзгісіз ауыр халі, отаршылдық кеп. Қазақ халқы өзінің тарихында ешкімге отар болып көрмеген екен, 150 жыл орыс отаршылдығының масқара қамытын киді. Оның зардаптары шексіз, тигізген зияны өлшеусіз. Қазақ халқы отаршылдық кезеңде малынан, жанынан айырылды. «Орнында бар оңалар»: мал да өседі, жан да өсер, бірақ бәрінен қиыны — ұлт санасына түскен құлдықтың ауыр қамыты. Құлдық сана! Қазақ «Ауру батпандап кіреді, мысқалдап шығады» дейді. Денеге кірген кеселден айығудың ұзаққа созылатынын айтып отыр. Ал рухани кеселдің ауыртпашылығын кім өлшепті; кім кесіп — пішіп айта алады? Ешкім айта алмаса керек: рухани кеселдің зардабы дене кеселінен мыңдаған есе ауыр! Дана қазақ «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» дейді. Отарлау ең алдымен басына ноқта түспеген бұла халықтың ең алдымен миына, санасына, ақыл — ойына жасалады. Миы, санасы, ақыл — ойы отарланбаған халық ешқашан, ешкімге құл болмайды. Отаршылдықты жан — дүниесімен сезінген Абайдың «бастағы ми, қолдағы малға талас қылған» деуі де сондықтан.
Міне, осындай ел басына күн туған, елдің рухы езіліп, намысы тапталған кезеңде елдің қамын ойлап, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылған ерлер тарих сахнасына шығады. Ол ерлер тағы сол талайы ауыр халық ананың құрсағынан жаралады. Осы ауырлықты жан — тәнімен сезінген, «ұйқы беріп, қайғы алған» Ахмет Байтұрсынұлы өзіне — өзі «Адамдық диқаншысы» деп ат қояды. «Көлі жоқ, көгалы жоқ — қор жер» — елдігінен, бүкіл сән — салтанатынан жұрдай болған басыбайлы қоғам, отар ел — Қазақ елі. Бұл ел кезінде айдынды болғаны да, айбарлы болғаны да рас; бірақ қазір бәрін ұмытқан, дұрысы — ұмыттырған. Сол тәубесінен жаңылған, жадынан айырылған қор қоғамға өзінің кезінде кім болғанын есіне түсіру үшін көп еңбек ету керек; оның бойындағы өліп қалған адамшылықтың жасыл дарағын тірілту үшін де «адамдықтың тұқымын шашып, егу» керек. Алайда бұл азапты іске кім шыдайды, қу тандырдай кеуіп қалған топырақты қайта ылғалдандырып, оны тыңайтып, құмнан, тастан, арам шөптен тазартып, ерінбей — жалықпай егіп, суарып өнім алу үшін қаншама төзім, не деген сабыр керек?! Осы міндетін айқын сезінгендіктен де Ахмет Байтұрсынұлы өзін «Адамдық диқаншысы» деп атайды. Ал 1966 жылдың 19 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында Қамзабек ақсақалдың көп балалы отбасында тағы бір ұл дүниеге келді. Оның атын әке — шешесі ырымдап «Дихан» деп қойды. Оңтүстік — ежелден егіншілікті кәсіп еткен, жері құнарлы, шыбық шаншысаң, өзінен — өзі тал болып шығатын абат мекен. Дихан ата — қазақ мифологиясында «егіннің, егіншілердің пірі, иесі» («Жалын» журналы, 1974, № 3, 147 — б.). Шылаулы есім деген осы болса керек: кім қойса да бұл есім баланың азамат болып қалыптасуына, өмірлік жолын дұрыс таңдауына әсерін тигізгені сөзсіз. Бұл есім қойылғанда баланың болашақта барлық күш — қайратын «халықтың көңілін көгертуге» жұмсайтын «адамдық диқаншысына» айналарын әке — шешесі білді ме, білмеді ме — о жағын тап басып айта алмаймыз, алайда сәби дүние есігін шыр етіп ашқан кезде айтылатын көл — көсір елдің дұғасының қабыл болғаны анық. Дихан Қамзабекұлы өзі құрастырып, алғысөзін жазған «Омбының Алаш дәптері» атты кітапта Жұманұлы Әбділда былай деп жазады:
Шығады асыл — тастан, өнер — жастан,
Тәрбиең тәуір болса әуел бастан.
Мисалы ғылым таппақ сол секілді,
Бұлақтың бітіп жатқан көзін ашқан.
Жігітке талаптанған сол мысалды,
Пайдасын ғылымының жұртқа шашқан.
Жаны ашып, нашарларға қызмет етіп,
Салса егер түзу жолға болса азысқан.
Халық үшін жанын қиып шыққан болса,
Қайырлы әр қадамы болсын басқан.
Көрсетіп тар орында таудай талап,
Құтқарса мұқтажлықтан болса сасқан.
Қазақ қор болар ма еді көп болса егер,
Шаһбазлар осы айтқандай өнері асқан.
Бұл өлең артық — кемі жоқ Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент — мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлына арналғандай.
Алаш үшін жан берген
Біздің танысуымыз да қызық. С. Торайғырұлы атындағы Павлодар мемлекеттік университетін танымал қоғам қайраткері, ғалым Е. М. Арын басқарған жылдары тұрақты түрде «Мәшһүр Жүсіп оқуларын» (конференция) өткізетін. Оған Алматы мен Астанадан, облыс орталықтарынан ғалымдар келетін. Ұмытпасам, 2003 жылы Керекуде Жүсекеңнің кезекті оқуы өтті. Сонда мен баяндама жасадым, ара — тұра үлкен ғалымдарға сұрақ қойдым. Ғылыми жиынның үзілісінде бір азамат жаныма жақындап, «сөзің мағыналы шықты» деп бағасын берді де, өзін таныстырды. Астанадан келген ғылым докторы, әдебиетші Дихан Қамзабекұлы екен. Ол кісінің бірінші қойған сұрағы «Қандай тақырыпта докторлық диссертация жазып жүрсің?» болды. Қапелімде не айтарымды білмей, «мен әлі ғылым кандидаты да емеспін…» дедім.
2008 жылы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінен Астанаға келіп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасына аға оқытушы болып жұмысқа қабылдандым. Бірде досым әрі жерлесім, Еуразия университетіне Қарағандыдан менен гөрі сәл ертерек ауысып келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Мақсат Алпысбес: «Дихан Қамзабекұлына сәлем беріп шығайық», — деді. Қош, сонымен проректордың алдында отырмыз. Қарапайым, орынтағына мастанбайтын жан екен. Бірден баяғы Керекудегі әңгімені есімізге салды. Көбіне ол кісі емес, біз көсіліп сөйлеп отырмыз. Бір кезде Дәкең неге қорғамай жүргенімді сұрады. Тақырыбым Абайдан екенін, қорғау жолындағы қиындықтарды, жолым ашылмай қойғанын әлім келгенше түсіндіріп жатырмын.
— Осы тұлғаны Алашпен жалғастырып, әдебиет проблемасы тұрғысынан қорғасаң қалай болады? — деп сұрады. Мен қуана — қуана келісімімді бердім. Проректор — профессор зерттеуге ұсынатын тақырыпты нақтылайтынын айтты.
Ғылым, адами байланысымыз осылай басталды. Осы елордадағы ұшырасу ол кісінің маған жетекші болуымен, менің ол кісіге шәкірт болуыммен аяқталды. Қазақта «жақсының алдында жазыларсың, жаманның алдында тарыларсың» деген қанатты сөз бар. Ол кісінің жақсылығы сол емес пе, көрген адамын жатырқамай, «ерді кебенек ішінен таны» дегендей, мені танып, ғылым жолының шытырман асуларын бағындыруға жетелей жөнелді. Ол кісі жәй ғана ғалым емес, өте іскер ұйымдастырушы да болып шықты. Тарпаң жылқыдай, шет қонып, қиыр жайлап, «қорғамасам қорғамайын, менің білетінімді ешкім тартып ала алмайды», «қорғаған адамның бәрі ақылды болып кетпейді» деп астам ойлағансып, өз мінімді өзім жасырып, бойымды билей алмай жүрген мені айналдырған бір — екі жылдың ішінде жөнге келтіріп, қорғатып шығарды. Осының бәрін мен не үшін жазып отырмын? Ол кісіні көпе — көрнеу мақтау үшін бе? Жоқ, олай емес. Бүгінде елдің азаматы, алаштың азаматы болып үлгерген Дихан Қамзабекұлы біздің мақтауымызға еш мұқтаж емес. Қазақта «Жақсының (элита — О. Ж.) жақсылығын айт, нұры тасысын; жаманның (көп, тобыр — О. Ж.) жамандығын айт, құты қашсын» деген керемет қағида бар. Бірақ біз жақсының жақсылығын айту мен мақтаудың ара — жігін ажырата алмай қалған сыңайлымыз. Жақсының жақсылығын айту, сол кісінің саған жасаған қамқорлығын, тигізген пайдасын айту, нақты айтқанда, жақсының жақсылығын (неге жақсы екендігін), жақсы қасиеттерінің көрініс беруін атап айтуымыз керек.
Міне, сол ұстазымыз, ғылыми жетекшіміз, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы ердің жасы — елуге толғалы отыр. Ердің жасы — адамның рухының кемеліне келіп, ақылы толысатын жасы. Дихан Қамзабекұлына қуат беріп, оны тура жолдан тайдырмай, ақ жолдан айнытпай келе жатқан нендей күш деп ойландық. Ақыры барлық мәселе адамның жүріп өткен жолы, ұстанған қағидалары, үйренген ұстаздарында екеніне көзіміз жетті. Дихан Қамзабекұлының өмірдегі ұстазы, ғылыми жетекшісі, қазақ әдебиеттану ғылымының ақсақалы, академик Серік Қирабаев екендігі мәлім. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, Дәкеңнің бойындағы білгірлік, кәсібилік (профессионализм), салқын сабыр мен ұстамдылық сынды қасиеттер ұстаздың алдын көргенінен деп топшылаймыз. Ал қу дүниенің иір — шиыр соқпақтарында адасып қалмай, опа — жырасына сүрінбей, асыл мұратына адалдық танытып келе жатқандығы таңдап алған ғылыми тақырыбына байланысты ма деп ойлаймыз.
«Білім — ауыс, ырыс — жұғыс» дегендей, Дихан Қамзабекұлының мәртебесін өсіріп, абыройын асырған бірінші Жаратушы Алла тағала болса, екінші — Алаш арыстары. Ғылым жолындағы талапкер таңдап алған тақырыбына адал болса, өзі де осы тақырыпқа айналып, бүкіл болмысымен, жан — дүниесімен тақырып хасил болатындығына көзіміз жетіп отыр. Алаштың мұраты, алаштың арманы мен мұңы, қайғысы мен қапасы Дихан Қамзабекұлының ішкі өзегіне түскен. Сол асыл мұрат жанына жай таптырмай, Омбы мен Тәшкеннің, Мәскеу мен Орынбордың мұрағаттарында шаң басқан тарих беттерін аударып, көкірегіне нық сенім мен мақсат ұялатты. Әсіресе жас талапкерді он бес жасында мұғалім, жиырма бес жасында Қазақ автономиясының оқу — ағарту министрі дәрежесінде қызмет атқарған Смағұл Садуақасұлының тағдыры қызықтырды. Смағұлдың ізімен ол туып — өскен Омбы өңіріне де барып қайтты. Смағұлды өсірген ортаны, Смағұлдың қайраткерлік ғұмырына арқау болған қалаларды аралады. Небәрі 33 жасында Мәскеуде белгісіз себептермен қайтыс болған, өртелген мәйіті жат жерде қалған қайраткердің еңбегін тірнектеп жинап, алғаш екі том, кейін үш том қылып жариялады. Талай белгісіз рухани дүниесін ғылыми айналымға енгізді. Ендігі мақсат — елі үшін аянбай еңбек еткен, елден жырақта жаны қиылған тұлғаның мәйітін туған жердің топырағына табыстау еді. Ол арманы да орындалды. 2011 жылдың 20 қаңтарында Мәскеудің Дон зиратханасында сақталып келген мәйітін Астанаға жеткізу шарасын ұйымдастырды. Алаштан қалған жалғыз сүйек күлін елордадағы Кенесары сарбаздары жерленген ескі қорымға арулап қоюды, басына лайықты ескерткіш орнатуды үйлестірді.
Дихан Қамзабекұлының қайраткерлік қырлары туралы мақаламызды, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін, Мағжанның мына жырымен аяқтағымыз келеді:
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп,
тынбай жортқан,
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан.
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!
Омар Жәлелұлы,
Л. Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының
кандидаты
Дереккөз: http://bilimdiler.kz/