Сақтағанның жұмыртқалары лайкқа зәру емес
Осыны жақсы білетін қостанайлық Сақтаған бөдене асырауды хоббиіне айналдырыпты.
Қаладағы балабақшалардың бірінде жұмыс істейтін Сақтаған Бақбасов бүгінде 400-ге жуық бөдене асырап отыр. Мұндай кәсіппен айналысуына теледидардан көрген бір бағдарлама әсер еткен екен. Оның айтуынша, осыдан 4 жыл бұрын Ресейдің Қорған қаласына барып, 15-ке тарта балапан сатып алған. Оларға арнап қора тұрғызып, еденін газбен жылытылатын етіп жасаған. Ауа температурасы да бір қалыпты. Желдеткіші және бар. Құстарды тордан жасалған арнайы үйшіктерге бөліп қойған.
– Су автоматты түрде келіп тұр. Бөденелерім де бұған әбден үйреніп алған. Арнайы жасалған шүмекті тұмсығымен шоқып қойып, су іше береді (күледі). Алдарындағы жемсалғышты да өзім қолдан жасадым. Таңертең және кешке бір реттен жем беремін. Бөдене күтімі көп уақыт алмайды. Бір құс тәулігіне бір жұмыртқа береді, – дейді Сақтаған.
Жаз айларында бөденелінің саны 1000-ға жуықтайды екен. Бүгінде тапсырыс арқылы ет, жұмыртқа сатып алатындар да көбейген. Сондықтан алдағы уақытта кәсіпкерлікті қолдау мекемелері арқылы шағын несие алып, бөдене шаруашылығын нығайту ойында бар көрінеді.
P.S. Күні кеше Instagram желісінде жарияланған жұмыртқаның суреті әлеуметтік желіде лайк жинаудан рекорд орнатқаны белгілі. Бұл суретке 30 миллионға жуық адам лайк қойған. Алайда…
Бүгінгі кейіпкеріміз Сақтаған Бақбасов әлеуметтік желіде мұндай фотолар жүктемейді, лайкқа да мұқтаж емес екені анық.
Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,
суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Дереккөз: http://egemen.kz/