Дуал дауы саяси текетіреске ұласты

0

Шатдаун тығырыққа тіреді

Даудың басы президент До­на­льд Трамптың сайлауалды бағ­дарламасында АҚШ пен Мексика арасында дуал салуға байланысты берген уәдесінде жатыр. Биыл осыдан екі жыл бұрынғы жаһанға жар салған уәдесі мазалаған Д.Трамп өз жоспарын жүзеге асыру мақсатында аталған құрылысқа Конгрестен 5 млрд доллардан аса қаражат талап етті. Бұл ұсынысқа демократтар өре түрегеліп, АҚШ президентінің сөзі өтпей қалды. Есесіне, оларға ерегіскен Дональд Трамп жаңа бюджетке қол қоймай, елдегі бюджеттік дағдарысқа жол ашты. Соның салдарынан, қатарында Мемлекеттік департамент, Ішкі қауіпсіздік министрлігі, Әділет министрлігі және Ақ үй ап­па­ратының бір бөлігін құ­райтын бірқатар құрылымдар қаржыдан қағылып, 800 мыңдай мемлекеттік қызметкер ақысыз жұмыс істеуге немесе ақысы төленбейтін демалысқа кетуге мәжбүр болды. Демократтар дуал үшін Трамп сұраған 5,6 млрд доллардың орнына әрі кеткенде 1,3 млрд доллар бөлуге ың­­ғай білдіргенімен, қос тарап мәмі­­леге келер емес. Твиттерде Д.Трамптың соңғы мәлімдемелері негі­зінен бюджет, дуал және демо­­краттардың қарсылығына арна­лып отыр. Ең бастысы, бюджет­ке қол қойылмаған күнде елд­е төтенше жағдай жариялауға құзы­реті бар АҚШ президенті әліп­тің артын бағып, демократ­тар қар­сылығының тоңы жібитін­ді­гіне сенімін жоғалтпаған сы­ңайлы. 

Соның өзінде CNBC телеарна­сына сұхбат берген S&P компа­ниясының бас экономисі Бет Бо­вино бұл шатдаун Американың ішкі жалпы өніміне аптасына 1,2 млрд доллар көлемінде залал келтіріп отырғанын мәлімдеді. 

Осыған қарамастан, дегенінен қайт­қысы келмеген тараптар елде төтенше жағ­дайдың жа­рия­лануына дейін шарпысуы мүм­кін. Он­дай күн туған сәтте Д.Трамп дуал құрылысына қажетті қара­жатты Конгрестің келі­сімінсіз-ақ бөл­діре алады. Алайда демократтар ондай шешімді сотқа беруге әзір. Ал 2020 жылы Америка Құрама Штаттарында кезекті президент сайлауы өтетіндігін ескерсек, екінші мерзімнен үмітті Трамп алған бетінен қайтпасы анық. 

Қарсылық үдеп барады

Дональд Трамп АҚШ пен Мек­сика арасында ұшқан құстан басқаны бей-берекет өткізбеуге бе­кініп, дуал салу туралы 2016 жылдың соңындағы, яғни президент сайлауы алдындағы бастамасын былтыр қайта көтерді. Ол осы биік қабырға арқылы есірт­кі тасымалы мен заңсыз көші-қонға тосқауыл қоймақ. Кәні­гі кәсіпкерге тән өжет мінезі бар Д.Трамптың дуалға байланыс­ты есебі де түгел. Елдегі шатдаунға байланысты халыққа бейне­мәлімдеме жасаған АҚШ прези­денті дуал шығыны тез ақтала­тыны жөнінде дәлелдерін ұсынды.

– Шекарадағы дуалдың шы­ғыны тез қайтады. Заңсыз есірткі тасымалының құны (АҚШ-қа әке­лінетін) жылына 500 млрд доллардан асады, бұл біз Конгрестен сұрап отырған 5,6 млрд доллардан әлдеқайда көп. Сондай-ақ дуалдың шы­ғыны біздің Мек­сикамен арада қол қойған жаңа сау­да келісімдеріміздің есебінен де өтеледі, – деді АҚШ президенті. 

Әуелгіде АҚШ пен Мексика ара­сын­дағы дуалдың адам құқық­та­рын шектей­тін­дігін алға тарт­қан демократтар, қазір жағдай ушық­қан сайын Д.Трамптың ұсы­­ныс­тарын көзге ілер емес. Оның ішін­де, АҚШ саясатының кә­нігі сұң­­ғыласы, 78 жас­тағы Нэн­си Пе­лоси тізгін алған бой­да Д.Трам­пқа салмақты қарсыласқа ай­налды. 

Саясаткер телеарналардың бі­ріне берген сұхбатында «Дуалға көк тиын да жоқ» деп, кесімді сөзін қысқа қайырды. 

– Ол (президент Трамп) біз­ді он жерден үгіттесе де, мил­лиард­таған доллар рә­суа болатын жобаны қолдамаймыз, – деді Н.Пелоси. Сонымен қатар Д.Трамп­тың сайлауалды үгіт-наси­хат жұмыстары кезінде дуал құ­рылысын Мексика тарапы қар­жы­ландырады деген сөздерін еске салды. 

Ал Пелосидің әріптесі, сенатор-демократ Чак Шумер АҚШ Конгресінің шекараны бе­кі­туді қаржыландыру жобасы­на дуал тұрғызу мәселесі енгі­зіл­мегендігін көлденең тартты. Дуал құрылысына Құрама штат­тардың экологтары да қарсы шық­ты. Олардың пікірінше, шека­радағы қамал қоршаған орта­ға залал келтіріп, өсімдіктер дү­ниесін жойып жібереді және жан-жануарлардың табиғи қозға­лысына кері әсерін тигізбек. 

Бұл ахуалға байланысты тал­дау жасап, әлеуметтік сұрау сал­ған Washington Post басылымы мен ABC News телекомпаниясы халықтың басым көпшілігі үкімет жұмысының тоқтап қалғандығына президент Дональд Трамп пен конгрестегі Республикалық пар­тия өкілдерін айыптайтыны­на көз жеткізген. Сонымен қа­тар бұл зерттеулер әлеуметтік сауал­на­маға қатысушылардың 42 пайы­зы АҚШ пен Мек­сика арасында дуал салуды қол­дай­ты­нын, ал 54 пайызы қарсы екенін көр­сеткен. 

Өз кезегінде Мексика пре­зи­­денті Ан­дрес Мануэль Лопес Об­ра­дор шекарадағы құ­ры­лыс АҚШ-тың ішкі ісі екенін мәлім­деді.

Осынау қайшылықтарға қарамастан, құ­рылысы басталып кеткен болат қабыр­ға­ның жобасын бекітіп, дуалдың берікті­гіне сүй­сініп, тіпті шекараға арнайы бар­ған Д.Трамп та алған бетінен қайтар емес. 

Сөзден іске көшудің амалы

АҚШ президентінің жоспары бойын­ша шекарада дуал тұрғызуға шама­мен 10 мыңдай құрылысшы жұмыл­ды­рылуы тиіс. Бастапқыда, Д.Трамп бұл жобаға Мексика тарапы да қар­жы бөледі дегенімен, кейін бұл әңгі­ме сиыр­құйым­шақтанып кет­ті. Сондықтан бар салмақ Аме­­рика салық төлеушілерінің мойнына артылатын түрі бар. Өз кезегінде USA Today басылы­мы Пентагонға сіл­теме жасай отырып, министрлік шека­рада­ғы кедергілерге қолұшын созу­дан қашпайтынын жазды. Осы­ған орай, дуал құрылысына са­пын­да 37 мың әскери мен азамат­тық мамандық иелері бар АҚШ инже­нерлік әскері (United States Army Corps of Engineers) кірі­суі мүм­кін. Олар негізінен әске­ри нысандар, бөгендер мен гидро­тех­никалық құрыл­ғылар құры­лысы мен қоршаған ортаны қорғауға маманданған. 

Трамптың пайымдауынша, қор­ға­нысқа лайықталған дуалдың ұзындығы 1000 миль (1609 км) болуы тиіс. Ол бұл жоспарын жүзеге асыра алмаған күнде 2020 жылға белгіленген сайлауда жақтастарының өзі теріс айналуы мүмкін. Жалпы, АҚШ пен Мексика арасында дуал тұрғызу тек құрылыспен ғана шектелмейді. Кешенді жұмыстардың аясына геодезия, жер телімдерін сатып алу, жол өткелдері мен өзге де ин­фра­­құ­рылымдар енгізілген. Соны­мен қатар дуалға заманауи сенсорлық құрылғылар мен ба­қылау жабдықтары орнатылады. 

Бір қызығы, NBC теле­ар­насының хабарлауынша, шекарада орнатыла бастаған дуалдың беріктігін тексеріп көрген АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің өкілдері қоршауды қарапайым арамен кесіп тастауға болатынын мәлімдеген. Алғашқыда дуалдың сегіз үлгісі жасалып, оның болат темірден құйылған түріне президенттің өзі таңдау жасаған. Бірақ ішкі қауіпсіздік министрлігі оның да беріктігіне күмән келтіруде. 

Жалпы, АҚШ пен Мексика ара­сын­дағы мемлекеттік шека­раның ұзындығы 3200 шақырымды құрайды. Бұл – әлемдегі жолау­шылар ағыны көп өткелдердің бірі. Жылына заңды түрде 350 млн адам мен 5 млн жеңіл және жүк көліктері өтеді. Бұл аумақты 20 мыңдай шекарашы кірпік қақпай күзетеді. Сонымен қатар кейбір есептеулер бойынша аталған шекараны жылына 1 миллионнан аса адам заңсыз кесіп өтеді екен. Оған ресми өткелдерді айналып өтетін мыңдаған тонна есірткіні қоссақ, Трамп пен оның жақтастарының алаңдайтын жөні бар. 

Шекарадан заңсыз өтетін­дер­дің дені – мексикалықтар. Оларға Латын Аме­ри­касының тұрғындары да қосыла­ды. Осының салдарынан АҚШ шекара­лық әскері қаржыландыру мен жарақ­тан­дырудың кемшіндігіне ұдайы назар аударуда. Шекараның ұзын­дығына байланысты АҚШ тара­пының әрбір метр сайын күзет қоюға шамасы жетпейді. Тіпті шекара сызығы өтетін шөл және шөлейт, таулы аймақтардағы ше­каралық бақылау мүлдем әлсіз. 

Алайда, мұндай келең­сіз­діктерге Мек­сика тарапы көз жұма қарап, тіпті эми­гра­цияға тоқтау салуға да құлықсыздық танытып келеді. Өйткені эмигранттар ота­нына жыл сайын миллиардтаған доллар жөнелтуде, оған қоса эмиграция елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң әсерін тигізуде. 

Әрине, мұндай жағдайда дабыл қаға­тын органдарға қоғамдық ұйымдар да қо­сылып кетті. Адам құқығы мен еркін­дігін даулап, саудалап жүргендер де осы маңнан табылады. Оларға Амери­каның ауыл шаруашылығы компания­лары да үн қосуда – арзан жұмыс күші­нен айырылып қалу қаупі бар. Себе­бі ауыл шаруашылығындағы қара жұмыс­шы­лардың 45 пайызы елге заңсыз келгендер екен. 

Міне, мұндай цифрлармен қатар, сайлаушылардың қаһа­рынан сескенген До­нальд Трамп өткен аптада ғана дуал са­лу­ға қар­жы бөлінбеген күнде елдің оң­түс­тік шекарасын мүлдем жауып тас­тай­тын­дығын жазып, Твиттерді тағы шу­латты. 

Жалпы, шекарада қазірдің өзінде салы­на бастаған биіктігі 4-5 метр болатын темір дуал бастамашылардың үмітін қан­шалықты ақтайтындығы белгісіз. Бір анығы – сайлаудан сайлауға дейін­гі уә­делерді америкалықтар президент­тері­нен талап етуге толық құқылы және өз мүм­кін­діктерін құр жібермейтіндігі айдан аян. 

Қалай десек те, осыдан азған­тай уақыт бұрын заңсыз көші-қон дағдарысын тек Еуропаның іш­кі ісі деп бағалап келген АҚШ та­рапының өзіне де сын сағаты жетті.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/