Кезінде тұрғындарын жаппай ұйқы басқан Калачи ауылының қазіргі жағдайы қалай?

0
Калачи
Калачи ауылы. Фото: Тoday.kz

Ақмола облысындағы Калачи ауылы тұрғындарының бәрі бірдей қоныс аудара қойған жоқ. Тұрғындардың бірқатары баспана мәселесінің түбегейлі шешілмеуіне байланысты ауылдан ешқайда көшпей қойды. Бұл туралы Есіл ауданының әкімі Талғат Ерсейітов BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Калачиде 360-қа жуық адам тұрып жатыр. Бәрі бірдей көшкісі келген жоқ, жартысы қалды. Денсаулық сақтау басқармасының мамандары ауылға жылына екі рет барып тұрады. Дәрігерлер бригадасы тұрғындарды түгел тексереді. Әзірше бәрі қалыпты, – деді Талғат Ерсейітов.

Әкімнің айтуынша, Калачиде қазір ауылдық округ әкімдігі, бастауыш мектеп пен фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Кезінде тұрғындары жиі “ұйықтап қалған” тағы бір ауыл – көрші Красногорда қазір 16 отбасы тұрып жатыр.

Тұрғындарды көшіру керек, бізге олармен жұмыс жүргізу керек. 16 отбасының екеуі қоныс аударудан үзілді-кесілді бас тартып отыр, қалғаны көшуге дайын. Бұл жерде олар көбіне қоныс аударған кезде қандай жағдай жасалады деген мәселені көтереді. Біреулер өтемақы жасалғанын қалайды, енді біреулері жаңа жерден бірден жекеменшікке өткізуге болатын баспана берілгенін талап етеді. Осы құқықтық жайттар қарастырылып жатыр, – деді Талғат Ерсейітов.

Есіл ауданының әкімі бұл мәселе облыс басшылығы деңгейінде талқыланып жатқанын айтты. Ол Калачиде тұрғындарды жаппай ұйқы баса бастаған кезде құрылысы қолға алынған төрт үйдің тағдыры не болғаны туралы да сұраққа жауап берді.

Калачиде құрылысы аяқталмаған екі пәтерлі төрт үй болды. Шынын айтқанда, бюджет қаражатының желге ұшқаны дұрыс емес. Сондықтан облыс басшылығы шешім қабылдап, біз оны іске асырдық. Шаруашылық жүргізу құқығына ие субъектілер есебінен төрт үй толық қалпына келтірілді. Бұл сегіз пәтерге тұрмыс жағдайын жақсарту үшін басқа тұрғындар қоныстанды, – деді аудан әкімі.

Еске салайық, 2013 жылдың наурызынан 2015 жылдың сәуірі аралығында Ақмола облысының Есіл ауданындағы Калачи ауылында тұрғындар жиі ұйықтап қала беретінін айтып, дәрігерлерге жаппай көріне бастаған еді. 60-қа жуық тұрғынның арасында 6-7 тәулік бойы ұйықтап қалғандар болған. Жағдайға өңірдегі атмосфералық ауа құрамында радон мен тұншықтырғыш газдың көбеюі себеп болуы мүмкін деген жорамал жасалды. 2016 жылы мамандар ауылда тұрғындардың ұйқышылдығы тыйылғанын және ауа құрамында радон концентрациясының 15 есе азайғанын мәлімдеді. Сол жылы Калачи мен Красногор ауылдарынан 140 отбасының, яғни 313 адамның (73-і бала) басқа ауылдарға көшірілгені белгілі болды.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz