Нөмір сатудан 4 миллиард теңге табыс түсті

0

2018 жылдың екінші тоқсанынан бастап, мемлекеттік нөмірлерге G, I, J, Q әріптері жаңадан енгізіліп, ақылы негізде сатыла бастағаны белгілі. Жыл қорытындысы бойынша нөмір сатудан түскен қаржы көлемі 4 миллиард теңгені құраған. 

Айта кетерлігі, өткен жылдың басында елімізде адам атының алғашқы әріптері жазылған көлік нөмірлері де са­тылымға шыққан болатын. Онда әркім әріптерді өзі қалаған күйінде жаз­­дыра алады. Бірақ оның өзіндік құ­ны да бар. Мәселен, 010, 020, 030 деген нөмірлер шамамен 138 мың теңге тұ­ра­ды. Ал оған қала­ған әріптерді қос­са­ңыз, 276 мың теңгеден асып жығылады. 

Қазақстандық автобизнес қауым­дас­тығы таратқан ақпаратқа сәйкес, былтыр әкімшілік полиция органдарында барлық үлгідегі, оның ішінде қайта ресімдеуден өткен, автомобиль ауыс­тырған 1,2 млн көлік құралын тір­кеді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жыл­мен салыстырғанда 14,8 пайызға жоғары.

2018 жылдың басынан бері тіркеу­ге тұрған көлік саны ай са­йын 7,5 па­йыз­ға артып отырған. Тір­келген көлік санының көлемі бо­йынша өңірлер мен ірі қалаларға тоқталар болсақ, Түр­кі­стан облысы бойынша – 173 925 автокөлік, Ал­маты облысында – 173 453, Ал­маты қаласын­­да – 151 030, Астана қа­ла­сында – 101 431, Қара­ғанды об­лы­сында – 81 967, Шығыс Қазақ­стан об­лысында 73 130 автокөлік тіркеліпті. 

Аталған қауымдастық жүргізген сараптама нәтижелері бойынша елі­міз­дегі автопарктердің «қартайғаны» анықталып отыр. 2018 жылдың бас кезіндегі жағдай бойынша жаңадан тіркелген көліктердің 790 171-інің зауыттан шыққанына 10 жылдан асқан. 20 жылдан артық жүрген машиналар саны − 464 236. 10-20 жыл аралығында жүрген көліктер саны – 325 935 бірлік. Ал 3-10 жыл аралы­ғындағы техника саны – 290 205, 3 жыл толмаған көліктердің қатары – 112 833.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/