Бағалы металдар нарығы: Инвестиция салғандар өкінбейді

0

Алтын қымбаттайды

Сарапшылар бағалы металдарға қатысты болжамдарының оптимизмге толы екенін айтады. Түрлі-түсті металдар нарығы өткен жылы макроэкономикалық дауылдың соқ­қысына тап болғаны бағаға біраз өзгеріс енгізді. Былтыр күзге дейін доллар бағамы мен Федералдық резервтік жүйе мөлшерлемесі тұрақты түрде көтеріліп, әлем елдеріндегі орталық банктерден алтын сатып алу қарқыны айтарлықтай төмендеген. Бұған қоса инфляция, сұраныстың әлсіреуі және өзге де қаржы саласының күрмеуі қиын мәселелері бағалы металл құнының арзандауына әсер еткен еді. Соған қарамастан биыл бұл салаға экономикасы басыбайлы тәуелді елдер үшін тиімді болатын түрі бар. Атап айтқанда, жаһандық геосая­си жағдай мен түрлі тәуекелдердің ба­сым­дығы макроэкономикалық ак­тивтердің тұрақталуына, оның ішінде алтын бағасының қалыпты деңгейде сақталуына мүмкіндік беруге тиіс. Біртіндеп доллар бағамы төмендеп, есесіне бағалы металл құнына белгі­ленген меже көтеріле түседі. Тек бір­қатар дамушы елдер тарапынан сұра­ныс төмендеуі мүмкін.

Биыл күмістің 1 унциясының құны 16 доллар шамасында болмақ. Яғни, бұған дейінгі болжамнан 2 пайызға төмен меже бекітіліп отыр. Бір айта кетерлігі, күмістің әлемдік нарықтағы бағасы өткен жылдың соңында бірден 13 пайызға арзандаған еді. 

Бағалы металдар нарығының сарапшысы Оксана Лукичева да 2019 жылы палладий 28%-ға, ал алтын 3%-ға дейін қымбаттауы мүмкін екендігін айтады. Керісінше, күміс пен платина құны төмендейді деп күтілуде. Оның айтуынша, 1 унцияға бағасы – 1252 АҚШ доллары, күміс 14,80 доллар шамасында болады.

− Бағалы металдар нарығына әсер ететін негізгі фактор – АҚШ Федерал­д­ық резерв жүйесінің саясаты. Егер биыл пайыздық мөлшерлеме мен баға­ларды жылдың соңына қарай көтеруді қарастырса, бұл бағалы металдар нарығы үшін мықты қолдау болады, – деді сарапшы. 

Күміс күшеюі мүмкін

О.Лукичева алтынға инвестицияны унциясына 1200 доллар болған кезде салған тиімді деп санайды, ондай жағдайда оның құны 1300 долларға дейін көтеріледі деуге негіз бар. Ал күміс­ке инвестиция құймаған жөн, се­бебі өнеркәсіптік қолданыстың үлесі өте жоғары. Сонымен қатар сарап­­шы алтынға деген сұраныс инф­ля­цияға ұшыраған экономикада, сон­дай-ақ санкция немесе геосаясат қысы­мына тап болған аймақтарда жоға­ры болатыны байқалатынын айтып отыр. 

Десе де, еншісіндегі күміске қатыс­ты жағымды болжамдар да бар. Blue Line Futures Президенті Билл Баурч: 

– Былтырғы сәтсіздікке қарамас­тан, күміс өзінің өндірістік әсерінен құтылып, 2019 жылы оның бағасының өсім көрсеткіші алтыннан асып, моне­тарлық металға айналады деп кү­тілуде. Өйткені АҚШ доллары Феде­ралдық резервтің жұмысына байланыс­ты әлсі­реуі мүмкін. Алтынның жағ­дайы жақ­сарса, ол күміске де оң ық­пал етуі керек, – дейді. 

Францияның Natixis банкі таратқан ақпарат бойынша күмістің бағасы әрі кеткенде 18 долларға жетеді, орташа есеппен 16 АҚШ доллары шамасында сақталады. Дәл осындай межелі болжамды белгілеп отырған голландиялық банк ABN AMRO келтірген ақпаратқа сүйенсек, орташа есеппен алғанда күміс құны унциясына 16,60 доллар болмақ. 

Бағалы металдар сарапшысы Бернард Дахданың пайымдауынша, күміске деген сұраныс өндірістік сипаттан бөлек, жекелей сұраныс тұрғысынан да артуы бек мүмкін. Сарапшы соған сай баға да көтерілуге тиіс екенін жеткізді. Оның айтуынша, биыл алтынмен қоса күмістің де жағдайы жақсаруы әбден мүмкін.

Инвесторлар үшін айтылған әрбір болжам мен пайымның маңызды екені түсінікті. Осы ретте голландиялық банк­­тің валюта және бағалы метал­дар на­рығының үйлестірушісі Джорд­жет Боле инвесторлар бағалы метал­ға қар­жы құйғаннан ұтпаса, ұтыл­май­тынын жеткізеді. Ол облигациялар бойынша кірістің төмендеуі мен АҚШ дол­ларының әлсіреуі күміс баға­­сы үшін оң фактор екенін мысалға келтірді. 

Қаржы саласының белсенділері бұл ақпараттарды тиімді пайдаланып, келер жылы салынған инвестициялар нәтижесінде бағалы металдар құны көтеріледі деген болжам бар.

Платинаға сұраныс артады

Таяуда дүниежүзілік инвес­ти­циялық кеңес автокөлік өндірушілер тарапынан сұраныстың төмендеуі салдарынан платина бағасы арзандауы мүмкін деген болжам жасаған-ды. Өткен жылы платинаның 1 унциясы 505 мың доллар болса, биыл 455 мың шамасында болмақ. 

Аталған кеңес жүргізген сарап­тамаға сәйкес, негізінен дизельді қозғалтқыштар үшін автокатализаторларда пайдаланылатын платина қазір қолданыстан шығарыла бастаған. Оның негізгі себебі бензинді қозғалтқышы бар автомобильдердің нарықтағы үлесі кемігенімен байланысты. Оның үстіне мұндай көлік құралдарын өндірушілер бағасы жағы­нан арзанға түскендіктен палладийді көбірек қолдана бастаған көрінеді.

Есесіне, өнеркәсіптік сектор биыл платинаға деген сұранысты арттыруы ықтимал. Атап айтқанда, мұнай өңдеу және шыны өндіру саласында айтарлықтай өсім болмақ. Сәйкесінше, бұл бағалы металды Қытай мен Солтүстік Америка ел­дерінің нарығы көбірек сатып алуға ниетті. Аталған елдерде өндірістік саладан бөлек, химия секторында да платинаға сұраныс артады.

Қазіргі таңда платинаға деген и­н­вес­тициялық сұраныс көлемі 250 мың унция мөлшерінде. Егер биржалық қорлар ұлғайса, баға да шарықтауы мүмкін. Әзірге бұл бағалы металл бағасының өсім көрсеткіші алтынмен және палладиймен салыс­тырғанда төменірек болады деген болжам жасалып отыр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/