Қазақстанға Ресей мен Беларусьтан сапасыз өнімдер келіп жатыр
Жалпы, сапасыз өнімнің 66 пайызын импорттық, ал 34 пайызын отандық өндірушілердің тауары құрайды.
Ресей мен Беларусьтың 18 өндірушісінен Қазақстанға сапасыз азық-түлік өнімдері жеткізілген. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, өнім қауіпсіздігінің ай сайынғы мониторингі аясында 2018 жылы өнімнің 70 мыңға жуық сынамасы сатып алынған. Зертханалық сараптама қорытындысына сәйкес аталған өнімдердің 9,7 мыңында техникалық регламенттер талабы сақталмаған.
«Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті қауіпті өнімдерді ғана емес, сонымен қатар сапасыз өнімдерді анықтау бойынша шараларды қабылдайды. Мысалы, өсімдік майының құрамы бойынша сүт өнімдерінің 99 сынамасында және шошқа ДНҚ құрамы бойынша шұжық өнімдерінің 143 сынамасында өнімнің жалған екендігін анықтады», — деді министр.
Жалпы, сапасыз өнімнің 66 пайызын импорттық, ал 34 пайызын отандық өндірушілердің тауары құрайды. Сонымен қатар жосықсыз кәсіпкерлерге қолданылатын шаралардың артуы байқалады. Мысалы, қозғалған әкімшілік іс 2 есеге, шығарылған сот шешімі 1,7 есеге артты. Жалпы сомасы 70 млн астам теңгеге айыппұл салынды. 22 тоннадан астам қауіпті өнім сатылымнан алынып тасталды және жойылды.
«Министрліктің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ҚР АШМ-ге Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы өнімдерінің 18 өндірушісіне қатысты материалдар жіберді. Олар бойынша ветеринариялық-санитариялық шаралар, оның ішінде күшейтілген зертханалық бақылау қабылданды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына анықталған сәйкес келмейтін өнімдерге қатысты тиісті шаралар қабылдаулары үшін 30-ға жуық хабарлама жіберілді»,- деді Елжан Біртанов.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/