Астанада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетушілер саны ұлғаяды
Осы бағытта алға қойған міндеттердің бірі – емдеу мекемелеріндегі медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғындарға уақытылы сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл, әсіресе, қызмет бабы немесе оқу, т.б. түрлі себептермен Қазақстанның көптеген аймағынан келушілері көп Астана қаласы үшін маңызды. Мәселен, 2018 жылдың соңғы айларындағы көрсеткішті алып қарасақ, емханалардағы жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесі өте көп, 1 учаскеге 2000-нан аса адам тіркелген. Осы және өзге де мәселелерді реттеу мақсатында, алдағы уақытта, яғни 2019 жылы елордамызда алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында қосымша учаскелер ашу, сондай-ақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қосымша орталықтар құру жоспарланып жатыр. Сәйкесінше, учаскелік дәрігерлер мен педиатрлар, мамандар бекітілген кестеге сай ауруларды басқару бағдарламалары мен біліктіліктерін жетілдіреді.
«Бұл шаралар жоспары Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 772 Жарлығымен бекітілген, Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы жалпыұлттық жоспарының 42-тармағына сәйкес шығарылған ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың «Өңірлер бөлінісінде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар кешенін іске асыру» туралы 2018 жылғы 14 желтоқсандағы № 716 бұйрығы негізінде бекітіледі. Астана қаласында 2019 жылдың соңына дейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 47 қосымша учаске ашу және 11 қосымша орталық құру жоспарлануда. Нәтижесінде 1 жалпы практика дәрігеріне тіркелген тұрғындар саны 1600 шамасында болады. Ал дәрігерлер, яғни дәрігер жүктемесі азайып, медициналық қызмет сапасы артады деп күтілуде. Қор тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтердің ақысын төлейтін қаржы операторы міндетін атқаруды жалғастыра отырып, елорда емханалары мен ауруханаларының қызмет сапасын назардан тыс қалдырмайды», — дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Сонымен бірге, тұрғындар да емдеу мекелерінің қызметін бағалай алады. Ол үшін «Халықтық бақылау» қосымшасын Android платформасына негізделген смартфондарға Playmarket арқылы, ал iOS платформасы үшін AppStore арқылы жүктеп алуға болады. Осы қосымшаның көмегімен пациенттер емханалар мен ауруханаларды көрсетілген қызмет деңгейін, қабылдауға кеткен уақыт, т.б. өлшемдер бойынша бағалап, өз пікірін еркін жазып қалдыра алады. Өз кезегінде Қор пациенттер пікірін міндетті түрде ескереді және тұрғын халықты да өз денсаулықтарын күтуге шақырады. Өйткені, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмысының алғышарты – дені сау мықты ұлт қалыптастыру.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлем жүйесі енгізіледі. Ол өзін өзі жұмыспен қамтушыларға бағытталған төрт түрлі төлемді – жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, медициналық және әлеуметтік сақтандыру қорына жасалатын жарналарды біріктіреді. Осылайша, азаматтар уақыты мен қаржысын үнемдеп қана қоймай, болашақта жеке басына қажетті төлемдерден қол үзбейді.
Жанаргүл ҮМБЕТОВА,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ
Астана қаласы бойынша филиалының
Халықты ақпараттандыру және олардың өтініштерін
Қарау бөлімінің бас сарапшысы
Дереккөз: http://egemen.kz/