Жанармай бекетіне шабуыл: Уақытша ұстау изоляторының бұрынғы басшысы 5 жылға сотталды — Қылмыс
Ақмола облысы Шортанды аудандық соты Ақмола облыстық ІІД Шортанды ауданы ІІБ уақытша ұстау изоляторының бұрынғы басшысы, полиция капитаны қарақшылық шабуыл жасап, бөтеннің мүлкін тартып алу мақсатында күш қолдану қауіпін төндіргені үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Сот айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 2-бөлігі 3-тармағы («Қарақшылық, қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып») бойынша кінәлі деп тауып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орта деңгейлі мекемеде өтейтін болады», — деді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі.
Ол мемлекеттік қызметте және соған теңдестірілген ұйымдарда бес жылға дейін жұмыс істей алмайды және полиция капитаны шенінен айырылады.
Айта кетейік, 5 қазанда Ақмола облысы Шортанды аудандық уақытша ұстау изоляторының бұрынғы басшысы карабинмен Астана — Көкшетау тасжолындағы жанармай бекетіне шабуыл жасап, кассадан ақша алып кеткен. Шабуылдаушы бетін тұмшалаған. Кассирге қару тақап, 1 184 230 теңге алып кеткен.
Сотталушы К. Аманжоловтың кәмелетке толмаған үш баласы бар.
Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz