Фрунзе атындағы академияны тәмамдаған алғашқы қазақ 85 жасқа толды — Ел жаңалықтары
2019 жылы 14 қаңтарда Құрлық әскерлерінің әскери институтында қазақтың каһарман ұлдарының бірі, әскери ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері полковник Ким Серікбаевтің 85 жасқа толу мерей тойына арналған құрметтеу салтанаты өтті, — деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі институтының баспасөз қызметінің өкілі Аида Бектұроваға сілтеме жасап.
Ким Серікбайұлы Серікбаев 1934 жылы 14 қаңтарда Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Көптоғай ауылында дүниеге келген. 1952-1956 жылдары қазіргі ҚазМУ-де, Уфа әскери училищесінде оқыды. 1970 жылы Мәскеудегі әскери академияны бітірген. Әскери қайраткер, полковник, әскери ғылымның кандидаты (1974), профессор (2000).
Ким Серікбаев Кеңес Одағының Қарулы күштері қатарында взвод командирінен бастап полк командиріне дейінгі жауынгерлік қызмет сатысынан өтіп, әскери салада 35 жыл өмірін арнаған адам. Фрунзе атындағы академияны тәмамдаған алғашқы қазақ. Қазақстан тәуелсіздігін алған шақта Қазақстанның тұңғыш әскери құжатын Әскери доктринасын жазып, Алматы қаласындағы әскери мектеп-интернатына 1991 жылы Бауржан Момышұлының есімін алып берген нагыз патриот, ал казіргі шақта Алматы қаласы Медеу ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет етіп жүр.
Ресей Федерациясы Әскери ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ким Серікбаев Қазақстанға ғана емес, ТМД-ға мүше елдердің де жұртшылығына кеңінен танымал тұлға. Ким ақсақал бүгінде Бауржан Момышұлының өмірін зерртеумен айналысы жүр. Ол 180 кітап пен ғылыми жұмыстардың авторы.
Құрлық әскерлерінің Әскери институтында өткен салтанатты іс-шарада ҚР қорғаныс министірінің бірінші орынбасары ҚР Қарулы Күштерінің Бас штаб басшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев, Қарулы Күштерінің ардагерлері, Алматы гарнизонының құрылымдары мен әскери бөлім командирлері, әскери оқу орындарының профессорлық оқытушылық құрамы, курсанттары және тәрбиеленушілері қатысып тәрбиесі мол іс-шараның куәгері болды.
1956-1966 жылдары Қиыр, Шығыс, Прикарпатье, Мәскеу, Орта Азия әскери округтерінде взвод, рота, батальон командирі, мотоатқыштар полкында штаб бастығы, полк командирі болды. 1970-1973 жылдары Мәскеудегі әскери академияда Кубадан, Моңғолиядан келген офицерлерге жалпы тактикадан сабақ берді. 1973-1975 жылдары Алматы жоғары әскери командалық училищесінде кафедра бастығы, 1975-1988 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде кафедра басшысы қызметін атқарды.
1988-1991 жылдары Б.Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернаттың бастығы, 1992-1993 жылдары Мемлекеттік қорғаныс комитеті төрағасының кеңесшісі, ҚР Президенті аппараты мен Минстрлігі Кабинеті жанынан құрылған Қорғаныс бөлімінің жетекшісі, 1994-1996 жылдары Минстрлігі Кабинеті жанындағы мемлекеттік аттестация комитетінде арнаулы мәселелер жөніндегі бас сарапшы, 1996-1999 жылдары ҚР Парламентінің Мәжіліс аппаратында қорғаныс және қауіпсіздік мәселелер жөніндегі кеңесші қызметтерін атқарды. 2000 жылдан ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-ғылыми орталығында бас ғылыми қызметкері болды.
Суреттер Құрлық әскерлерінің әскери институтының баспасөз қызметінен
Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz