«Курсив» газеті халықаралық қаржы басылымымен іскерлік байланыс орнатты

0

Отандық іскерлік БАҚ нарығында 17 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан «Курсив» газеті қаржы, экономика тақырыбындағы сауатты сараптамалық мақалаларымен көрініп жүрген іргелі ұжым деп айтуға болады. Жүргізілген зерттеу бойынша, басылымның сайтын бүгінде айына 1,3 миллионнан астам адам оқитыны анықталған. Бұдан былай Отандық оқырмандар үшін  іскерлік журналистикадағы әлемнің үздік басылымында  басылған бизнес пен қаржы саласындағы үздік  мақалаларды оқуға мүмкіндік туып отыр. Бұлай дейтініміз, «Курсив» газетінің құрылтайшысы Alteco Partners ЖШС-і  әлемдік медианарықтағы экономика тақырыбының сардары саналатын The Wall Street Journal газетімен коммерциялық негіздегі серіктестік-байланысын бастағанын мәлімдеді.

Серіктестік аясында «Курсив» газетінде және kursiv.kz сайтында апта сайын The Wall Street Journal басылымынан іріктеп алынған мақалалар орыс тілінде ұсынылады. Осылайша The Wall Street Journal жергілікті оқырмандар үшін өзінің мақалаларын аударуға және жариялауға да жол ашып отыр. Қазақстандық газет беделді корпорациямен іскерлік серіктестік аясында The Wall Street Journal басылымының электрондық нұсқасының санаулы жылдық жазылуын тарату құқығына да ие болды.  «Бұл біздің газетіміздің тарихындағы маңызды кезең ғана емес, ол барлық қазақстандық іскерлік журналистикадағы маңызды сәттің бірі. Біз дәл The Wall Street Journal басылымымен шығармашылық тығыз байланыс орнататынымызды мақтан тұтамыз», – дейді Alteco Partners ЖШС-нің бас директоры Марат Қайырбеков.           

 «Курсив» газетінің бас редакторы Динара Шумаеваның сөзінше, екі жақты байланыс газеттің  дамуына тың серпін бермек. «Алдағы уақытта оқырмандарымызға американдық және әлемдік экономиканың жаңалықтарын нақты дерек көздерінен білуге мүмкіндік беретін жоғары дәрежелі контент ұсынатын боламыз» — дейді ол.          

Оқырмандарға ақпарат бере кетсек,  The Wall Street Journal– жаңалықтарды, ақпаратты, түсініктемелерді және сараптауды тарататын ғаламдық жаңалық корпорациясы. Беделді корпорация оқырмандарға баспасөз басылымдарын, интернет сайттарды, мобильді контентті, әлеуметтік желілердегі мақалаларды және түрлі видеоларды ұсынады. Әлемдік іскерлік пен қаржы жаңалықтарының бастауыш дереккөзі ретіндегі тәжірибесін ескере отырып, басылым АҚШ пен әлемдегі  жаңалықтарға қолжеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, The Wall Street Journal саясатта болатын оқиғаларды, өнер, мәдениет, спорт, денсаулық және lifestyle жайында да жазады. Журналистика саласында үздік жетістіктері үшін 37 Пулитцер сыйлығының иегері атанған.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/