Ғарыш милитаризациясы адамзатқа қауіп пе?
ІІ дүниежүзілік соғыс барысында Германия қарудың бір түрін ғарышқа шығарғысы келді деген ақпарат бар. Бұл идея сол кезде жүзеге аспаса да, қырғи-қабақ соғыс барысында қолға алынды. АҚШ пен КСРО ғарышқа зымыран ұшыра бастаған кезден бастап сол жаққа қару шығару мәселесін де ойластырды. Алайда бұл адамзат үшін қауіпті бағыт екенін қос тарап түсінді ме, 1967 жылы Ғарыш туралы келісім жасалды. Құжат ғарышқа, Айға ядролық және басқа да жаппай қырып жоятын қаруды орнатуға тыйым салады. Дегенмен уақыт өткен сайын бұл құжаттың талаптарын орындағысы келетін елдер саны азайып келеді.
ХХ ғасыр. Жалпы сөз болған екі ел де Ғарыш туралы келісімнің талаптарын толық орындады деуге болмайды. Мәселен, КСРО-дағы «Алмаз» орбиталық әскери стансасы. Ол ғарыштан әскери құрылымдарды басқаруға, радиотехникалық барлау жүргізуге арналды. Оған қоса, өзге спутниктерден қорғану үшін стансаға НР-25 автоматты зеңбірегі, кейін Щит-2 атып түсіруші зымырандары орнатылды. «Скиф» әскери лазерлік орбиталды платформасы да осы санаттағы қару. Ол өзге спутниктерді жоюға арналды. Яғни, ғарыш кеңістігіне 1980жж кеңестік қару ұшырылғанын жоққа шығарылмайды. АҚШ та президент Рейган уақытында Strategic Defense Initiative (Стратегиялық қорғаныс бастамасы) атты бағдарламасын іске қосты. Оны басқаша атақты фильмге ұқсатып «Жұлдызды соғыстар» деп те атайтын. Бағдарламаның мақсаты – ғарышта толық басымдыққа ие болу, химиялық және ядролық лазер қаруларды ғарышқа шығару, қарсыластың зымырандарын ғарыштан атып түсіру еді. Алайда ғылым деңгейі бұл тапсырмаларды іске асыруға жеткіліксіз болғандықтан бағдарлама 1990 жылдары тоқтатылады, қаржыландыру күрт азайды. Сол кезде жаңадан сайланған президент Билл Клинтон ғарышқа бөлінетін ақшаны әуе қорғанысына жұмсады.
ХХІ ғасыр. Ғарышқа қару шығару деген жоспарлар жаңа ғасырда да тоқтамады. Бүгінде арнайы ғарыш әскері 5 мемлекетте бар деп есептеледі: АҚШ, Ресей, Қытай, Франция және Ұлыбритания. Көпшілігінде осыған дейін ғарыш әскері әуе қорғанысының бір бөлшегі болып келген. Алайда Ресей 2001 жылы ғарыш әскерін ресми түрде еншісін бөліп, бөлек шығарды. Әскери мақсаттағы спутниктерді ғарышқа шығарып, ғарыштан төнетін қауіптердің алдын алу үшін 2015 жылы оның дәрежесін көтеріп, Әуе-ғарыш әскері болып өзгерді. Яғни, Ресей әуе қорғанысы деген түсінікті кеңейткені, қатерді енді тым жоғарыдан іздегені көрініп тұр.
«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, ғарыш саласына бұрынғыдай тек Ресей мен АҚШ қана емес, өзге елдер де көз тіге бастады. Соның бірі – Қытай. 2007 жылы-ақ Қытай 865 шақырым жоғарыда жүрген өзінің ескі метереологиялық спутнигін атып түсірді. Бұл тек ескі спутникті істен шығарудың жолы ғана емес, сондай-ақ, әлемге өзінің әскери мүмкіндіктерін паш ету еді. Басқаша айтқанда, шет елдік барлаушы спутниктерді дәл осылай жоя аламыз деген месседж болатын. Бұл спутникті жоюдың қауіпті әдісі, оның қалдықтары ғарышта қалқып жүрген өзге де спутниктерге зақым келтіруі мүмкін. Мәселен, жұмыртқадай деталь ғарышта секундына 8-10 шақырым жылдамдықпен қозғалғанда, сағатына 50 шақырым жылдамдықпен жүк тиеп келе жатқан КамАЗ-дың энергиясымен бірдей болады екен.
Жалпы, Қытай жасанды интеллектіні өз армиясында кеңінен қолданатынын жасырмайды. Оған қоса, былтыр Қытай офицерлері 2020 жылы жаңа типтегі Әскери әуе күштері құрылатынын мәлімдеді. Оның құрамына әуе және ғарыш күштері кірмек. Бұл ел қазірдің өзінде тым ұзақ қашықтыққа ұшып, ядролық заряд жеткізе алатын зымырандарды жасап шығарды. Мәселен, Дунфэн-41 (DF-41) зымыраны 12 мың шақырымға дейін жете алады. Яғни, ғарыш кеңістігіне кіру мүмкіндігі бар.
Былтыр жазда арнайы ғарыш әскері не үшін қажет дегенде, Ресей мен Қытай бұл салада алға шығып, алдымызды орап кетті деп Дональд Трамп жауап берген. Жеке өзіме бұл шынайы жағдайды сипаттаудан көрі АҚШ Конгресінен жаңа әскер түріне ақша сұраудың амалы секілді көрінді. Себебі қазір Жер орбитасында жүрген барлық 1957 спутниктің 849 АҚШ-тың меншігі. Оның 160-ы әскери мақсатта қолданылады (Ресейде барлығы 152, Қытайда 252 спутник бар). Осы санның өзі ғарыш шартарабында қай елдің доминант екенін көрсетеді. Ол бекер емес. АҚШ 1982 жылдан бастап Әскери әуе күштерінің құрамында ғарыш әскерін де ұстады. Міне, енді Дональд Трамптың жоспарынша аталған әскер әуе қорғанысы жүйесінен бөлек шығуы тиіс. Процесс басталды. Енді осы әскердің құрамында түрлі салада істейтін 60 мекеме болмақ. Бюджеті әзірге 8 млрд доллар.
Америка ғарышқа қару шығарғанын ешқашан мойындаған емес, бірақ Ресей, Қытай, тіпті, БҰҰ мамандары мұндай фактілердің болғанын жоққа шығармайды. Соның бірі – 2010 жылы көкке аттанған Х-37b ғарыш кемесі. Оның қандай миссиямен ұшқаны әлі күнге жарияланбады. Бірақ ғарышта 7 ай бойы қалқыған кеме қару тасыды деген күдік бар. Яғни, осы ғарыш объектісі Жердің кез-келген нүктесіндегі нысанды атып түсіре алатын еді. Көріп отырғаныңыздай ХХ ғасырда жасалған Ғарыш туралы келісімді қазіргі державалар арасында толық ұстанатыны көп емес.
Ғарыш қарулары. Жалпы ғарышқа арналған қару қандай болуы мүмкін? Барлаушы спутниктерді атып түсіретін зымырандар. Олар бірнеше мың шақырым ұша алады. Мұндай зымыран түрлері біраз мемлекеттің армиясында тұр. 2018 жылы Дональд Трамп АҚШ пен КСРО арасында орта және қысқа қашықтыққа ұшатын ядролық зымырандарды жою туралы 1987 жылғы келісімнен шығуы мүмкін екенін хабарлады. Егер бұл құжат өз күшін жойса, онда АҚШ пен Ресей жоғарыда аталған зымырандарды еркін қолданады, яғни құқықтық шектеу болмайды. Қазірдің өзінде Ресей спутникті атып түсіруші ПЛ-19 «Нудоль» зымырандарын жасап, 5 рет сынақтан өткізді деген ақпарат бар. Қытай да қарап қалмас, жоғарыда айтқандай, ұшып жүрген спутникті алғаш рет 2007 жылы зымыранмен құлатты. Содан бері осыған ұқсас 8 сынақ өткізген.
Ғарышқа шығарылуы мүмкін деген келесі қару – инспектор-спутниктер. Ресми міндеті ғарыштағы бейбіт, коммерциялық мақсатта істейтін өзге спутниктерді жөндеу немесе ғарыштағы күл-қоқыстарды жою. Алайда құпия миссиясы қарсы елдердің спутниктерін істен шығару болуы мүмкін. КСРО мұндай әдісті 1968 жылы алғаш рет қолданған екен.
Келесі қару түрі – лазер. КСРО кезінде «Терра», «Омега» атты лазер қаруларын Сарышаған полигонында сынақтан өткізген екен. Бүгінде Ресей «Сокол-Эшелон» бағдарламасы аясында лазерлі басқа қару түрін жасақтап жатыр. Ал 2018 жылы желтоқсанда Ресей армиясына «Пересвет» лазер қаруы келіп түсті. АҚШ та осы типтес LaWS, HEL MD, Наутилус секілді қаруларын сынақта сәтті қолданып көрген. Лазер сәулесі жарық жылдағымен қозғалғандықтан нысананың орын ауыстыру мүмкіндігі аса маңызды емес. Яғни, оны лазермен әп-сәтте атып түсіруге болады. Егер мұндай қару ғарышқа шықса, онда Жер бетінде одан жасырына алатын нысана табу қиын. Оған қоса, Жер гравитациясы лазер үшін кедергі емес. Мұндай қаруды ғарышқа шығарған мемлекетте қандай басымдық болатынын айтпаса да түсінікті, бірақ жерде орналасқан дәл сондай басқа лазерлі қарумен оның ғарыштағы аналогын да жою қиын бола қоймас. Бір сөзбен айтқанда, ғарыштың «лазерленуі» үлкен қауіп.
Электромагниттік қару да тек жерде емес, ғарышта да қолданылуы әбден мүмкін. Спутниктерден келетін сигналдарды өшіру, радиоэлектронды күрес, спутниктермен байланысты үзу секілді әдістер де бүгінде фантастика жанры емес, ғарыш әскерлерінің міндеті, айналысатын саласына айналып барады. Бұл тек мәлімдері ғана, ал әлем бойынша әскери немесе жеке компаниялардың зертханаларында жасалынып жатқан қаншама басқа да ғарыш қарулары болуы ғажап емес. Себебі жалпы ғарыш саласы кез-келген мемлекет үшін ақпараттың құпиялығымен және үлкен қаражаттың қажеттігімен байланысты.
Коммерциялық ғарыш. Ғарыш милитаризациясы қашанда оны бейбіт мақсатта қолдану, коммерциализациямен қатар жүріп отырады. Себебі жоғары технология мен инвестиция ғарыш саласының негізгі екі құрамдас бөлігі. Бүгінде әлемдік ғарыш нарығы (спутник, байланыс, навигация, зымырандар, технология) 360 млрд долларға бағаланып отыр. 2026 жылға қарай 558 млрд долларға өсуі мүмкін. Уақыт өткен сайын бұл нарықта мемлекеттік мекемелерден көрі (NASA, Роскосмос) жеке меншік компаниялар маңызды рөл атқарып келеді (SpaceX, Arianespace, ULA, Mitsubish Heavy Industries, Orbital ATK, Blue Origin, Rocket Lab, т.б.). Бұл компаниялардың әрбірі ғарыш технологиясында біршама жетістікке жеткендер: зымырандарын ұшырды, спутниктер жеткізді немесе осы жолда еңбек етуде. Илон Масктың SpaceX компаниясы зымыранды ғарыштан қайтарып, оны бірнеше рет қолдану мүмкіндігіне қол жеткізген соң ғарышқа жүк жеткізу қызметі арзандап кетті. Яғни, жоғары технологияның дамуы ғарышты «жақындатты». Тек осы компания былтыр 20 рет зымыранды ұшырды. Яғни, бір жеке компания Ресейдің көрсеткішінен асып түсті. АҚШ-тың әскерилері де жеке компаниялардың қызметін кеңінен пайдалана бастады. Мәселен, сол Илон Масктың компаниясы АҚШ-тың Қорғаныс министрлігімен 2017 жылы 96 млн долларға, ал 2018 жылы енді 290 млн долларға келісім-шарт жасасты. Былтыр қыркүйекте осы компанияның президенті Гвинн Шотвелл «егер қорғану мақсатында болса, онда ғарышқа қару да жеткізе аламыз» деп мәлімдеді. Айтпақшы, арзан дүниеден біз де шет қалмадық. Былтыр Қазақстан дәл осы SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыранындарымен KazSaySat және KazistiSat атты қос спутнигін 1,3 млн долларға ұшырды.
Бұл нені көрсетеді? Жоғары технологиялар дамып, ғарышқа сапар шегу, жүк тасу, зымыран ұшыру бағасы төмендеген сайын онда түрлі мақсаттағы спутниктерді де жеткізу жиілемек. Мәселен, былтыр Үндістан бір зымыранмен 104 спутник ұшырып, рекорд орнатты. Оның барлығы бейбіт не коммерциялық мақсатта болмауы мүмкін. Қытай 2018 жылы 39 рет зымыранды сәтті ұшырып, бұл салада әлемнің алдына шықты. Сәйкесінше, ғарыш «арзандаған» сайын оның милитаризациясы да жылдам жүруі бек мүмкін.
Антарктида туралы келісім (1961ж) онда ядролық жарылыс жасауға тыйым салады. Ғарыш туралы келісім де осыған ұқсас. Бірақ биіктік кез-келген ұрыста басымдық береді. Ал ғарыш Жер планетасы үшін жоғары «нүкте» екенін, ол жаққа қару шығару абсолютті басымдық екенін ХХ ғасырда әскерилер түсінді. Осы түсінік енді ХХІ ғасырда адамзат үшін қауіпке айналып барады. Қырғи-қабақ соғысы кезінде АҚШ пен КСРО-ның қару-жарақ сайысы әлемді ядролық қатерге тіреді. Енді қару додасы ғарышқа көшсе, оның соңы неге әкелері белгісіз. Оған қоса, өткен ғасырдағыдай бұр жарысқа тек екі ел ғана емес, енді бірнешеуі қатыспақ, бәрі де «тәтті күлшеден» өз үлесін алғысы келеді. Былтыр АҚШ-тың Әскери әуе күштері штабының басшысы Дэвид Голдфейн «ғарыштағы соғыс бірнеше жылдың мәселесі, меніңше, сол кезде біз ғарыштан соққы жасай аламыз» деп болжамын айтты. Егер бұл болжам орындалса, онда әлемдегі бейбітшілік, ғарыш милитаризациясын тежеп келген 1967 жылғы Ғарыш туралы келісімды ұмыта беруге болады.
Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ
Дереккөз: http://egemen.kz/